Дойыр қамшы – ұрыс-қағыста ұстайтын қысқа сапты жуан ермелі қамшы. "Рысқұл қолындағы дойыр қамшының тобылғы сабын саусағы ауырғанша қысып ұстап:
-Ақымақ жануар, енді мен жоқпын саған! Несіне тұрсың? Жоғал, айда!– деп ыршып барып, аттың сауырынан осып кеп жіберді."– деген үзіндіден дойыр қамшының өткір қару екенін аңғарамыз [1, 108].
Осы тұста "қамшы" сөзі қайдан, қалай шықты деген сұрақ туындайды. Қазақ әрқашанда бір затты атарда шығу тегіне байланыстырып қойған. Қамшы да солай. "Қамшы" сөзіндегі "қам" түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам- шикі, шылғи, шала; қам- қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал; қам- уайым, қайғы, қамығу; қам- қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар- қама, қамар, қамшат; қымбат маталар- қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі[2, 467-468].
Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам-шикі ‒ қамшы, қам-шылғи ‒ қамшы түрінде «қамшы» сөзі қалыптасты деген тұжырым бар.
Қамшы ұстаудың бірнеше қызметі, мақсаты бар: құрал-сайман ретінде, қару ретінде, ең алдымен, қамшыны атты жүргізу үшін пайдаланған. Қазақ ат мініп, көкпар шапқанда қолынан қамшысын тастамаған. Тіпті астындағы аты қамшы салдырмас жүйрік болса да, оны сипау үшін қамшыны пайдаланған. Қамшы ғасырлар бойы қазақтың қаруы болды. 1940 жылы Баян Өлгей ұлттық аймағын құруға мұрындық болған Чойбалсанның мынадай сөздері бүкіл қазаққа айтылған мінездеме сияқты: «... Қазақтың астында аты, қолында қамшысы тұрғанда бұл халыққа ешнәрсе істей алмайсың. Үріккен аң сияқты, жөңкіліп жүріп басып кетеді...». «Қойшыға құрық ұстатып нең бар, таяқ та жетеді,
Құлға қару жұмсап нең бар, қамшы да жетеді» – деген Жәке би Қоңтайұлының сөзінен қамшының өткір қару екенін аңғару қиын емес.
Әдет-ғұрпымызға, дәстүрімізге, тәрбиемізге сіңгені соншалық, қамшы ұстаудың өзіндік ережелері бар. Қамшыны, әдетте, оң қолға екі бүктеп ұстайды. Өрімін салбыратып ұстау әдепсіздіктің, жамандықтың белгісі ретінде бейнеленген. Сонымен қатар, ата-бабаларымыз қамшы арқылы өз ниетін, көзқарасын, қарым-қатынасын білдірген. Егер үйге кісі келіп, төрге шығып, қамшысын бүгіп аяғының астына қойса – «дауға келдім» дегенді білдірген. Ал, кісі бүгулі қамшысын ортаға тастаса – «алқа билердің шешіміне көндім» дегенді білдіреді. Бозбала, жас жігіттер қолынан қамшы тастамаған. Құда түскісі келген қыздың үйінің босағасына іліп кетіп, жақын уақытта қайта келетін ниетін білдіреді. Ал, қызға жігіт ұнамаса жаршы арқылы қамшысын қайтарып жіберген. Оны «қамшы қайтару» деп атайды. Үйге кіргенде отбасында қанша адам, қанша ұл мен қыз барын біле алған, өйткені қамшыны ер де, әйел де ұстаған.
Қай жағынан алып қарасақ та қазақ өмірінің бір ажырамас бөлігі- қамшы, ата-бабамыз атсыз өмір сүрмеген, атқа мінгендер қамшысыз болмаған. Қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухани күш-қуат, қамшы – сый-сыяпат, қамшы – жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, қамшы – азамат айбыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра. Демек, қамшымыз тек ат айдайтын құрал ғана емес, айта алсақ, сөйлете білсек, мақтанарлық қасиетті әрі қастерлі қазына, әмбебап дүние. Қамшы ‒ қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі болды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді.
Пайдаланылған әдебиетттер тізімі:
1.Ш.Мұртаза. Қызыл Жебе, -Алматы, 1980, 108-б.
2.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, -Алматы, 2008, 467-468-б.