Мидың талдау және жинақтау қызметі. ЖДНҚ жайлы ілімнің негізін орыстың ұлы ғалымы И.П.Павлов салған. Ол үлкен ми жарты шарларының шартты рефлекстік әрекетінің негізінде мидың талдау (анализдеу) және жинақтау (синтездеу) процесінің жататынын анықтаған.
Организмге қалыпты жағдайда бір мезгілде бірнеше тітіркендіргіш қатар әсер етеді. Ми қыртысында осы тітіркендіргіштер жіктеліп, талданып, олардың негізгі элементтері, құрамалары анықталады. Талдаудың нәтижесінде заттардың түрлі қасиеттері – түсі, пішіні, көлемі, иісі, температурасы т.с.с. ажыратылады. Талдаудан кейін жинақтау процесі жүреді де, тітіркендіргіштің жеке элементтері белгілі кешенге топтастырылады, жинақталады. Осыдан заттың жеке қасиеттерінің түйсіктері сол заттың тұтас бейнесіне айналады.
Құстарда жоғарғы талдау және жинақтау процестері қыртыс асты құрылымдарда, атап айтқанда жолақ денеде жүреді.
Талдауды шеткей және орталық деп жіктейді. Шеткей талдау рецепторлар деңгейінде, ал орталық талдау – нерв орталығында жүреді. Рецепторлар нақтылы бір әсерді қабылдауға маманданған. Бір рецептор дыбысты қабылдаса, екіншісі – сәулені, үшіншісі – химиялық заттар әсерін, төртіншісі – механикалық, бесіншісі – термиялық әсерлерді қабылдауға машықтанған. Рецепторлардың осы қасиетінің нәтижесінде организм өзіне әсер еткен факторлардың қасиеттерін оны қабылдау кезеңінде талдайды, шеткей талдау процесін жүргізеді.
Осыдан кейін организмге келген ақпараттар мидың төменгі және жоғары бөлімдерінде талдаудан өтеді. Мидың төменгі бөлімдерінде талдау шартсыз рефлекс негізінде жүреді. Мысалы, жас балапан алғашқыда қорекке жарамды да, жарамсыз да заттарды шоқиды, бірақ ас қорыту орталығының ауыз қуысынан келген импульстерді талдауы нәтижесінде қорекке жарамды заттар жұтылады да, жарамсыз заттар – жұтылмайды. Бұл төменгі талдау. Мидың жоғары бөлімдерінде талдау шартты рефлекстер негізінді жүргізілдеді. Мысалы, бір рет қорекке жарамайтын затты шоқыған балапан оны қайта шоқымайтын болады. Бұл жоғары талдау.
Мидың төменгі бөлімдерінде жүрген жинақтау процесінің нәтижесінде шартсыз рефлекстер, ал жоғары бөлімдерінде жүрген жинақтау нәтижесінде – шартты рефлекстер қалыптасады. Мысалы, балапандарда ас қорыту орталығы татымдық, жанасу т.б. әсерлерді жинақтау нәтижесінде шартсыз қоректік рефлекс қалыптастырады. Бұл төменгі жинақтау. Мидың жоғары бөлімдерінде азықпен байланысты туындайтын дыбыстық, бейнелік, татымдық әсерлер шартсыз рефлекстік қозумен бірлесіп, шартты рефлекс туындайды. Бұл жоғары жинақтау.
Достарыңызбен бөлісу: |