Дәрістің қысқаша мазмұны: Редоксиметрия әдісі тотығу-тотықсыздану реакциясына негізделген әдіс. Тотығу-тотықсыздану титрлеу әдісінде стандартты титрленген (жұмысшы) ерітінді ретінде әртүрлі тотықтырғыштардың және тотықсыздандырғыштардың ерітінділері қолданылады. Титрленген тотықтырғыштардың ерітінділерімен тотықсыздандырғыштардың мөлшерін анықтайды немесе керісінше титрленген тотықсызданғыштардың көмегімен тотықтырғыштарды анықтайды.
Редоксиметрия әдісінің қолдануы
Редоксиметрия әдісін өндіріс орындары мен ғылыми-зерттеу зертханаларында, сонымен қатар көптеген клиникалық және санитарлы-гигиеналық анализдерде қолданады. Минералды тыңайтқыштарды, дәрілік заттардың құрамын, биологиялық және тағамдық өнімдердің құрамдарын анықтай алады. М: Перманганатометрия әдісінің көмегімен қандағы кальцийдің мөлшерін анықтайды. Сонымен қатар бұл әдіспен ақаба судағы органикалық заттарды мөлшерін анықтайды. Иодометрия әдісімен қандағы қанттың мөлшерін анықтайды, судағы бос хлордың мөлшерін анықтайды.
Редоксиметрия әдісінің артықшылығы:
Бізге белгілі басқа әдістермен салыстырғанда редоксиметрия әдісінің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де бар:
• қарапайымдылығы және гравиметриялық анализ әдісі сияқты әдістермен салыстырғанда тездігімен сипатталады;
• редокс титрлеуді индикатор көмегімен де, инкаторсыз да және инструменталды әдістермен де жүргізуге болады;
• редокс әдісін қышқылдық-негіздік әдіспен де, комплексонометрия әдісімен бірге де жасауға болады, сондықтан да оны пайдалау мүмкіндігі артады.
Кемшілігі:
• химиялық реакциялардың барлық түрін пайдалануға болмайды.
• редокс – индикаторларды таңдау мүмкіндіктерінің аздығы.
Көбінесе әдістің атауы қолданылатын жұмысшы титрант ерітіндісінің атына байланысты аталады.
1. Перманганатометрия– яғни мұнда титрант KMnO4 (жұмысшы ерітіндіcі ретінде қолданады) ерітіндісі. Титрлеу индикаторсыз жүреді.
2. Иодометрия – жұмысшы ерітінді ретінде КІ ерітіндісіндегі бос күйіндегі иод J2 қолданады. Бұл әдіспен тотықтырғыштарды да және тотықсыздандырғыштарды да анықтауға болады. Тотықсыздандырғыштарды анықтау үшін жұмысшы ерітінді ретінде натрий тиосульфатын пайдаланады Na2S2O3 · 5H2O және көмекші ерітінді ретінде КІ қолданады. Индикатор ретінде крахмалды қолданады.
3. Хроматометрия – жұмысшы тирленген ерітінді ретінде калий дихроматын K2Cr2O7 пайдаланады. Бұл әдісті тікелей және жанама анықтау үшін де қолдануға болады.
4. Броматометрия – тотықтырғыш ретінде калий броматын қол-ы KBrO3.
5. Иодатометрия – жұмысшы ерітінді ретінде – калий иодатын КІО3қолданады.
6. Ванадатометрия – аммоний ванадатының NH4VO3–тың тотықтырғыш қасиетін қолданады.
7.Цериметрия – титрант Се(SO4)2 ерітіндісін қолданады және т.б.
Редоксиметрия әдісі тотығу-тотықсыздану реакцияларына негізделген дедік. Ал тотығу-тотықсыздану реакциялары ионалмасу реакцияларына қарағанда өзгеше жүреді. Соған орай тотығу-тотықсыздану реакцияларының негізгі ерекшеліктерін атап өтсек:
көптеген реакцияларға тотықтырғыштар мен тотықсыздандырғыштардан басқа да заттар қатысады, мысалы, қышқылдар мен сілтілер қатысады;
кейде реакция бірнеше сатыда жүруі мүмкін және де әр сатысының жылдамдығы да әртүрлі болуы мүмкін;
тотығу-тотықсыздану реакциясының жылдамдығы ионалмасу реакциясының жылдамдығынан төмен болады, сондықтан да процесті соңына дейін жеткізу үшін, тездету үшін белгілі бір жағдайды қажет етеді; температураны арттыру, ерітінділердің концентрацияларын өзгерту, ерітінді ортасын рН-ы өзгерту арқылы немесе катализатор пайдалану арқылы реакцияның өтуін жылдамдатуға болады.
Реакцияға қатысушы бастапқы зат бірдей болса да реакция бағыты өзгеріп кетуі мүмкін. Сонымен қатар реакция барысында түзілген кейбір заттар негізгі реакцияның бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін.
Белгілі мыңдаған тотығу – тотықсыздану реакцияларының барлығы бірдей бұл әдіске жарамды бола бермейді. Редоксиметрия әдісін де басқа әдістер сияқты тотығу-тотықсыздану реакцияларына қойылатын талаптар бар.
Редоксиметрия әдісінің реакцияларына қойылатын талаптар:
реакциялар белгіленген бағытта аяғына дейін толық жүруі тиіс;
титрлеу барысында қосымша реакциялар жүрмеуі керек және ерітіндідегі қоспалар негізгі реакцияның жүруіне және эквиваленттік нүктені анықтауға кедергі келтірмеуі тиіс;
эквиваленттік нүкте, яғни реакцияның аяқталу моменті анық болуы керек.
реакция стехиометриялы жүруі тиіс және құрамы белгілі қосылыстар түзетін реакциялар болуы тиіс;