Алаштың Ахметі- ғұламасы
Кезде сол ғасыр беті жаңа ашылған,
Бұл қазақ кемдік көрген жанашырдан.
“Алашым, ұйқыңды аш” деп ұран салды
Бір арыс ел бағы үшін жаратылған.
Жат
пиғыл таптамасын, жасқамасын,
Алаштың оқытсам деп жас баласын
Қайрат
қып қаруымен, қаламымен
Қайыспай соқты тауға, тасқа басын.
Ахаң боп түн түнегін
жара көктеп,
Сөйледі “Қазақ”, “Алқап”, “Жаңа мектеп”:
“Ей, болашақ, қалдырма өз көшіңнен,
Менің момын халқымды ала кет” деп.
Көз жасы бодандықтан жиі ағатын,
Күнді
аңсап қазақ есін жыя алатын
Кетті әке ақ патшаның тепкісінде,
Бұл көрді қызыл қоғам қиянатын.
Ауыр сын тағдыры оған қылды несіп,
Мұқалмас
өр рухы бірге ілесіп
Қалды алыс қайран Аққұм, ару Ақкөл,
Мұз- қарын Ақ Теңіздің жүрді кешіп.
Осылай
өтсе де Ахаң қам көңілмен,
Күн жетті көкжиектен таң көрінген.
Оқ тескен от жүректің бір ғұмыры
Оралды ортамызға мәңгі өмірмен.
Бұғауын сұм заманның үзіп қашып,
Бұл күнмен әні астасып,
жыры ұштасып,
Алаштың Ахметі- ғұламасы
Барады ғасырлармен иықтасып.
Шағыр Қайырбек