Анықтамалар



бет5/13
Дата19.02.2023
өлшемі234,22 Kb.
#69261
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ЖАҢА ДӘУІР ПРОЗАСЫНЫҢ: КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕРІ МЕН ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ ПАРАДИГМА

    1. Қазақ прозасындағы жалпы адамдық құндылықтардың көрініс беруі

Сөз өнерінің қазақтың құндылықтар жүйесінің қалыптануына тигізген ықпалы орасан. Қазіргі Қазақстан территориясында еуропалық- университеттік, классикалық философия болмағанымен, өзгеге ұқсамайтын әрі сөздің күші мен киесіне сүйенген дара далалық философия үстем болғаны тарихтан белгілі.. Әдебиеттің, сөз өнерінің қазақ даласындағы құндылықтар жүйесін қалыптастырушы әрі қоғамдық қатынастарды реттеуші басты фактор болғанын осыдан-ақ аңғара аламыз. Сонымен бірге, аксиология ғылымында элита, зиялы қауым құндылықтардың бет-бейнесін танытушы, қайта жасаушы әрі оның жақсаруына серпін беруші басты топ ретінде сипатталады. Қазақ әдебиетінің тарихына көз салсақ, қауым елдің рухани-мәдени болмысын бүтіндейтін зиялылар сөз ұстаған шеберлер болғанына куә боламыз. Сондықтан да, қазақ халқының құндылықтар жүйесін зерделегенде оның әдебиетіне зер салмай шынайы байлам жасау қиынға соғады.


Қазақ әдебиетінің тарихы тереңде десек, оның поэзиясы ғана емес, прозасы да терең тарихи сабақтастыққа ие деген сөз. Ол ғасырлар бойы халықтың танымдық, тәрбиелік, утилитарлық һәм эстетикалық сұранысын қанағаттандырып келді. Сондай-ақ, әдебиеттің өткеніне үңілгенде, біз діни- нанымдық, құқықтық, моральдық-этикалық т.б. құндылықтар төңірегінде де тұщымды тұжырым жасауға мүмкіндік аламыз.
Әдебиеттің арғы атасы – фольклор. Әдебиет өзінің түп бастауын фольклордан алады. Біз жалпыадамдық құндылықтардың қазақ әдебиетіндегі, қазақ прозасындағы бастауларын анықтау үшін ең алдымен қазақтың бай фольклорына, ауыз әдебиетінің үлгілеріне көз салуға тиіспіз. Фольклордың утилитарлық сипаты басым дегенімізбен, оның да бойында белгілі бір деңгейде әдебиеттің функциясын атқаратын қасиет-нышандар көп кездесті. Ауыз әдебиеті үлгілерінің поэзиялық және прозалық жанрда ел арасына таралғаны белгілі. Қазақ прозасының алғашқы үлгілері оның байырғы халық прозасына барып тіреледі. Ғалым С.Қасқабасов өзінің
«Қазақтың халық прозасы» деп аталатын еңбегінде халық прозасын екіге – аңыздық және ертегілік проза деп бөліп, осы екі жанрдың өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. «Олар бір-бірінен өзіндік қасиеттерімен дараланады. Біріншіден, аңыздық проза тыңдаушы мен айтушыларында еш күдік туғызбайды, оған ел сенеді, ал ертегілік прозада ойдан шығарылған қиялдан туған жайттар көп екенін халық жақсы түсінеді; екіншіден, дүниеге ең алдымен аңыздық прозаның сюжеттері мен жанрлары келеді, одан соң бұл сюжеттер мен жанрлар ел арасында ауызша айтылуының арқасында бірте-бірте толығып, өсіп, ертегілік проза түріне ауысады. Басқаша айтқанда, аңыздық проза дәуір (стадия) жағынан ертегілерге қарағанда
көнелеу; үшіншіден, композициясы мен тіл кестесі, яғни жалпы көркемдігі жағынан аңыздық проза ертегілерден гөрі төмендеу болады; төртіншіден, аңыздық прозаның негізгі қызметі танымдық, табиғаттың тылсым сырларын түсіндіру және халық тарихынан мағлұмат беру, ал ертегілік прозаның басты функциясы – эстетикалық және тәрбиелік қызмет», – деп ой қорытады [1, 58]. Аңыздық прозаның (миф, хикая, әңгіме, аңыз, әпсана-хикаят) «Қазығұрт тауы», «Жайық пен Еділ», «Қара мерген», Жетіқарақшы, Жезтырнақ, Албасты, жалғыз көзді дәу жайындағы хикаялар т.б. әртүрлі үлгілері мен ертегілік прозаның («Мүшел», «Хайуандардың жыл басына таласуы», «Үркер», «Алтын айдар», «Үш қыз», «Ер Төстік»,
«Аяз би» т.б.) үлгілері қазақтың ауызша фольклорында маңызды орынға ие. Өйткені, «қара сөз түріндегі фольклор өзінің көнелігі, ұшқырлығы, ғажайып сипаты жағынан поэзиялық үлгілерден кем емес, қайта көп жағдайда басым түсіп жатады» [2, 3].
Ертедегі аңыз-әңгімелер мен мифтер адамзаттың балаң санасының жемісі екенін айқын. Бүгінгі дәуір адамы үшін оның бәрі шындыққа жанаспайтын қиялдың жемісі боп есептелгенімен, ертедегі қазақ даласында үстем болған құндылықтар жүйесін танып білуде халықтық проза үлгілерінің таптырмас құрал бола алатынын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, сол дәуірдің адамдары оған қалтқысыз сенгені де жасырын емес. Себебі, аңыздық проза мен ертегілік проза үлгілері жалпыадамдық құндылық болып саналатын игіліктерді аңсаудан туындағаны белгілі. Әсіре бейнелеулер мен литоталық детальдардың көптеп ұшырасуы және үнемі жақсылық пен батырлықтың биік қойылуы осыны аңғартса керек. Мысалы,
«Жануарлардың жыл басына таласуы» атты ертегіде ең кішкентай жануар
– тышқанның бәрінен оқ бойы оза шығып, жыл басы атануы әсерлі баяндалады. Мұны халықтың әлсізге деген мейірімінің, тілектестігінің көрінісіне балауға әбден болады. Халықтың арман-аңсарынан туындаған осы секілді сюжеттік желілерді біз қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінен жиі кездестіреміз. Мәселен, «Аяз би» ертегісін алайық. Аталған ертегінің идеялық жүгі ауыр. Адамзаттық құндылық болып есептелетін қарапайымдылықты ту еткен. Бас кейіпкердің әлеуметтік сатының ең төменгі деңгейінен ең жоғарғы дәрежесіне көтерілуі де тегін емес. Бас кейіпкер атының Жаман болуы және ертегінің ә дегеннен дүниедегі ең жаман үш нәрсені (шөп, құс, адам) іздеп жолға шығуы оқырманды елтіп әкетеді. Ақылымен елден асқан тұлға болуы ақыл құндылығын одан әрі биіктете түседі. Жаманның өз жарына: «Атамыз Адам бейіштен қуылып, шығып бара жатқанда, тәңірі: «Е, Адам, бейіш сенің үшін жаратылып еді, шайтанның азғыруымен шығып барасың, енді бейіштен қалағаныңды алып кет», – деген еді. Сонда Адам: «Тәңірі! Сенің қандай затыңның қадірлі екенін қайдан білейін?» – деген соң: «Адамзатқа пайдалы үш затым бар, біреуі – қыдыр, біреуі – бақыт, біреуі – ақыл, осының бірін ал», – деген екен тәңірі. Сонда адам ақылды алыпты. «Ақыл тұрмаған жерде біз де тұра
алмаймыз», – деп, қыдыр да, бақыт та ақылға табынған екен», – деп айтуында мән бар [2,17]. «Аяз би» новеллалық ертегісінде тек қана қарапайымдылық пен ақыл, қанағат пен шүкіршілік мадақталып қоймайды, сонымен бірге адамзаттың жауы болып саналатын күншілдік, қызғаншақтық, надандық, тәкаппарлық пен ашкөздік сынды кесірлі ғадеттер сынға алынып, кішіпейілділік, парасаттылық пен қайырымдылыққа үлкен мән беріледі. Ертегінің соңғы түйінінде Жаманның баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына іліп қойып, кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, ілулі тұрған жаман тымағы мен тонына қарап: «Әй, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп көңіл басуында ізгі жолдан тайқымау идеясы айқын аңғарылады. Ертегі басындағы Жаманның хан сайланып, елдің басы болған кезде де «Жақсы» айдарын иемденбеуі атақ пен мансаптың адам қасиетінің көрсеткіші бола алмайтынының айғағы болса керек [2, 22]. Қазақ ертегілерінің, жалпы, халықтық прозаның қай үлгісі болсын, адамзатты ұшпаққа шығарған құндылықтарды ұлықтап, адамның дәрежесін хайуаннан да төменге түсіретін зиянды, кесапатты қылықтар мен ғадеттерден аулақ болуға үндейтіні жасырын емес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қазақтың халық прозасында халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі, құндылықтар жүйесінің тұтасқан көрінісі анық аңғарылады. Біздің ауызша тараған халық прозасын қазақ әдебиетінің классикалық проза жанрының арғы атасы, бастау көзі деп айтуға толық құқымыз бар. Бұл бір жағынан, көшпелі дала мәдениетінің талабы болатын. Әдебиеттанушы С.Асылбекұлы өзінің «Қазақ повесі» деп аталатын зерттеу монографиясында қазақ прозасының архетиптеріне шолу жасай отырып мынадай пікір білдіреді: «...бұрынғы заманғы ертегішілер, әңгімешілер ең алғашқы халық прозашылары еді, олардың қазіргі әріптестерінен басты айырмашылықтары өз туындыларын ауызша шығаратындықтарында және сол туындылардың ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізілетіндігінде болатын» [2,30]. Көшпенділік мен отырықшылықтың екеуін де өмірінің өрнегіне айналдыра білген біртұтас қазақ этносының аталмыш ауызша әдеби мұралары ұлтты ұйыстырып, рухани бағдар ғана беріп қойған жоқ. Ауызша мұралар халықтың құқықтық, этикалық, әлеуметтік және эстетикалық, тіпті діни құндылықтарының да қалыптасуына негіз болды. Бұл өз кезегінде халықтың ойлау жүйесіне де айтарлықтай ықпал етті деуге негіз бар.
Қазақ халқының ойлау жүйесі поэтикалық сипатта. Бұл – ғылыми негізді байлам. В.В.Радлов сынды ХІХ ғасырда қазақ даласына келген миссионер-ғалымдардың қазақтармен тілдескен сәтінде бейне бір ән тыңдағандай елтігені осыдан болса керек. Академик Ә.Нысанбаев бұл туралы: «Қазақ халқының жоғары кісілік және тұлғалық философиялық мәдениетіне мән беріп, назар аударған ғалымдардың көбісі халықтың дәстүрлі дүниетанымында «көркем образдар» әлемі үстемдік ететінін
байқайды. Шынымен де, қазақтар әлемді ұғымдық мағынада шегелеп көрсетуден гөрі, көркем бейнелермен астарлап өрнектегенді қалап келген халықтардың қатарына жатады», – деп ой өрбітеді [2]. Поэтикалық ойлау үлгісінің бастаулары түркі даласында кеңінен қолданылған руникалық жазба дәстүрінен айқын көрінеді. Оны біз ең әуелі Орхон және Енисей жазба ескерткіштерінің синтаксистік сөйлем жүйелерінен аңғарамыз. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі тасқа қашалып жазылған руникалық жазбалардың жанрына қатысты ғалымдар арасында әртүрлі даулы пікірлер бар. И.В.Стеблева бастаған шетелдік және отандық ғалымдардың көбісі тасқа қашалған ескерткіштерді поэзия жанрына тиесілі десе, М.Мырзахметов т.б. зерттеушілер ол дәуірдің адамдарының қарапайым сөйлеу стилі, жазба стилистикасының өзі поэтикалық сипатта болды деген пікірді айтып, оның прозалық жанрға тиесілі екенін өздерінің дәйекті мысалдары арқылы дәлелдейді. «Асыл арналар» деп аталатын еңбегінде М.Жолдасбеков руникалық жазулардың жанрына қатысты мынадай пікір айтады: «Сонымен қатар, дәл Стеблеваның ұғымындағыдай, ескерткіштегі сөз біткеннің бәрін бірдей ағыл-тегіл өлең деуге болмайды. Қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді әйгілі жырларында кездесетін өлең арасындағы әлқисса-түсіндірме көркем қара сөздер мұнда да кездесіп, араласып отырады. Көне түркі авторлары, өзімізге әбден қанық қазақтың батырлар жырларындағыдай, болашақ жорықтарды немесе өткен оқиғаны ақындық тәсілмен, үлкен пафоспен баяндай отырып, өздеріне елеусіз деп есептеген сәттерді жыр арасында қара сөзбен жеткізіп те отырған. Әдетте мұндай прозалық жолдардың көркем болуы шарт емес, керісінше түсінікті болу жағына баса мән берілген» [3,41]. Біздің ойымызша, Орхон ескерткіштерінің дені прозалық жанрда жазылған деп ойлаймыз. Өйткені, көшпелі қоғам өкілдерінің, тұрмыс тынысы кең далада өткен халықтар поэтикалық сөйлеу ерекшелігіне ие болатыны ғылымда дәлелденген. Түрік текті халықтардың мәдениетін зерттеуші ғалымдардың пікірі бұл ойымызды қуаттай түседі. «Тоныкөк» ескерткішінде: «Қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында пәтуасыз (жалқау, оңбаған) табылса, ол халықтың қанша соры бар десеңізші», – деп келетін тұсы бар [3, 56]. Ал «Күлтегін» жазуында: «Өлімші халықты тірілттім, жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қалдым. Аз халықты көп қылдым, Тату елге жақсылық қылдым. Төрт бұрыштағы халықты бәрін бейбіт қылдым, бәрі маған бағынды», – делінеді [3, 39]. Жоғарыда келтірілген мысалдардан түркі қағанатының дәуіріндегі құндылықтардың бейнесін тануға болады.
«Ескерткіштерге тән ерекшеліктер деп мынадай ортақ жайларды айтар едік. Ең алдымен, түркі ұлыстарының өмірінің әртүрлі кезеңдері ұқсас сипатталады. Оларға: ата жолына берік болу, бабалары жасаған ерлік жорықтарды мақтан ету, әрбір келесі жорыққа сәт сапар тілеу тән. Екіншіден, қолбасы батырлар немесе ел билеген қағандар тұлғасын жасауда ұқсас тәсілдер қолданылады. Олардың дүниеге келгеннен бастап қаған
немесе қолбасы болғанға дейінгі өмірі тәңірі тарапынан қолдау тауып отырады. Жауға қарсы соғыстарда ерекше ерлігімен, ақылымен көзге түседі», – дейді ежелгі әдеби мұраларды зерттеуші Х.Сүйіншәлиев [3, 108].
Орта ғасырларда әсіресе этикалық-моральдық құндылықтар ерекше әспеттелді. Сол дәуірдің ең көрнекті туындысы – «Құтты білікте» құндылықтар жүйесі кешенді түрде көрінеді. Негізгі төрт кейіпкер төрт құндылықты танытады әрі олардың аттары да символдық мән арқалап тұр. Күнтуды патша – әділдіктің, оның уәзірі Айтолды – бақыттың, Ұғдүлміш – парасаттың, ал дәруіш Өдғүрміш – қанағаттың орнына алынған. Олардың есімдері, бір жағынан, өзі танытатын құндылықтың табиғатынан хабардар етеді. Мысалы, күннің әлемдегі бар жаратылыс атаулыға бірдей сәуле шашқаны секілді патшалардың да бәріне бірдей әділ болуы мәселесі көтерілсе, бақ пен бақыт құндылықтары толған аймен теңестіріледі. Бақ та Ай секілді құбылмалы. Әділдік, парасат, қанағат құндылықтары болмаса, оның қолдан шығуы оңай деген емеурін бар. Әрине, аталмыш туынды поэзия жанрында, оның ішінде бәйіттермен жазылған. Алайда, кітаптың бастапқы, кіріспе бөлімінде прозаға тән кейбір нышандар ұшыраспай тұрмайды. Бір байқағанымыз, ежелгі миф, аңыздарда болсын, қиял- ғажайып ертегілер мен бертінгі дәуірлерде пайда болған тұрмыс-салт ертегілерінде болсын, қаһармандық, ерлік үнемі алғы шептен көрініп отырады. Өйткені, бір ғана батыр бір қауым елдің жарылқаушысы, құтқарушысы ретінде танылады. Батырды мадақтау да жиі кездеседі. Алайда, Қазақ даласына Ислам дінінің келуімен, діни салт-жоралғылардың түркі сахарасына таралуымен аталмыш құндылықтың мәні азайып кетпесе де, формасы өзгерді. Енді қандай да бір жазба не ауызша мұралардың алдында батырдың, қауым басшысының мәртебе-мерейі көтеріңкі лебізде сипатталмай, оның орнына құдіретті Жаратушы мадақталатын үрдіс пайда болды. Өйткені, тап осы кезеңде діни ассимиляция үдерісі қарқынды түрде жүрді де, қазіргі Қазақстан территориясында салтанат құрған Қарахан патшалығының мемлекеттік діні Ислам боп жарияланды. Бұл өз кезегінде сол дәуірде дүниеге келген әдеби, тарихи, мәдени ескерткіштерде өз ізін қалдырып отырды. Біз Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінен» де, М.Қашқаридің «Түрік сөздігінен» де дәл осы дәстүрдің болғанына куә болдық. Бұл деген сөз, әрине, елдің батырға деген ықылас-құрметінің төмендеп кеткендігін білдірмесе керек-ті. Қайта Ислам діні ту еткен жалпыадамдық құндылықтар мен түркі даласындағы, ежелгі түркі өркениетіндегі құндылықтар жүйесі қабысып, жаңа тұрпатта, жаңа жүйеде өмір сүруін жалғастыра берді. Оның үстіне, әлемдік діндердің қай-қайсысы болса да, жалпыадамдық құндылықтарды таратуға бейіл екені жасырын емес. Ежелгі және орта ғасырлар дәуіріндегі әдеби мұраларды зерттеуші А.Егеубай қазіргі әдеби туындылар мен сол дәуірдегі шығармаларды салыстырып, қазіргі әдебиетте ой да, қиял да, әсірелеу мен тарихи
шындыққа жанаса бермейтін детальдар да көптен кезігетінін, ал ежелгі әдеби мұраларда көбіне-көп тарихи шындық шеңберінен аса бермейтін детальдардың орын алуын айта келе, ол кездегі құндылықтар жүйесіне былайша классификация жасайды: «1) Жалпы халық эстетикасы мен талғамына тән белгілері: көркемдік, сүйкімділік, мәрттік, жарқын жүзділік, инабаттылық, жайсаңдық, қаһармандық т.б .2)Мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық, қанағатшылдық, адалдық, кісілік т.б. 3) Жауынгерлік, жауға қаталдық, досқа жанашырлық, қайсарлық, ерлік, өрлік, тәкаппарлық т.б. Түйіндеп айтсақ, 1. Жан сымбаты; 2. Кісілік сымбаты; 3. Азаматтық сымбат» [3, 16].
Қазақ прозасының қайнаркөздерінің бірі ретінде біз адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің мұраларын қарастырамыз. Өйткені, ол тек ойшыл-философ қана емес, сонымен бірге көркем сөздің шебері, белгілі ақын әрі әдебиеттанушы болғаны мәлім. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» деп аталатын философиялық-ғылыми трактатында көркем прозаның кейбір нышандары көрініс табады. Оның үстіне, бұл еңбегінде ғалым жалпыадамдық құндылықтар жүйесіне сараптама жасап, мәдениет пен өркениет туралы ойларын ортаға салады. «Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет – тамаша әрекет, – дейді әл-Фараби аталмыш еңбегінде, – Мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз

  • оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық. Бақытқа жетуге бөгет жасайтын әрекет жаман әрекет немесе сұмпайы әрекет болмақ. Бұл әрекетті туғызатын әдет-ғұрып – кемшілік, кесепат, пасықтық» [3,38]. Әл-Фараби бұл ойын дамыта келіп: «...бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады», – дейді де, адамзат қоғамдарын толық мәніндегі қоғамдар және толық емес мәндегі қоғамдар деп жіктейді [3, 44]. Әл-Фараби сонымен бірге кемелдікке ең алдымен қалалық мәдениет өкілдерінің жететінін жазады [3, 45]. «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам

  • қайырымды қоғам» [3, 45]. Әл-Фараби мұраларындағы басты құндылық

  • мейірімділік десек, осы құндылықтың негізінде көрініс табатын қайырымдылық, өзгеге қол ұшын созу, достық сынды жалпыадамдық құндылықтар орта ғасырдағы әл-Фараби өмір сүрген кезеңнің басты құндылықтары болды деуге негіз бар. Дегенмен, оның кемелдік қала халқына тән деген пікірімен толық келісе кету қиын. Себебі қалалық құндылықтар жүйесінде материалдық-экономикалық және эстетикалық құндылықтар басым болады дегенімізбен, далалық құндылықтар жүйесіндегідей моральдық-этикалық құндылықтар айрықша үстем бола қоймайды.

Ал Қорқыт Атаның – түркі әлемінің ортақ тұлғасының құндылықтар жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Оның шығармаларының басты діңгегі – өмір. Мұны өмір философиясының Ұлы Дала төсіндегі алғашқы үлгісі деуге негіз бар. Қорқыт атымен байланыстырылып айтылатын аңыздарда оптимистік мағына басым екенін алғаш рет академик-жазушы М.Әуезов айтқан болатын [4,4]. «Қорқыт кітабының» кіріспесінде оның нақыл сөздері беріледі. Олардың кейбірін мысал ретінде келтірейік:
«Тәкаппарлықты Тәңірі сүймес», «Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық» т.б. Сонымен бірге, әйел адамның төрт түрін айтады. «Қорқыт ата кітабы» жалпы он екі жырдан тұрады. Нақыл сөздерді қоспағанда, аталмыш он екі жырды жыр деуге келмес. Бұл – прозалық жанрдағы көркем жүйе. Арасында поэзиялық шумақтар кездескенімен, негізінен проза үлгісінде баяндалады.
Қазақ прозасындағы жалпыадамдық құндылықтардың генетикалық бастауларына үңілгенімізде, орта ғасырларда дүниеге келген Заһираддин Бабырдың «Бабырнама», Қадырғали Жалайыридің «Шежірелер жинағы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбектерін де тілге тиек етуге тиіспіз. Біз жоғарыда аталған тарихи-шежірелік еңбектерді мысалға келтіруіміздегі басты себеп – олардың бойында прозаға тән қасиет- белгілер ұшырасатынында. Алайда, шежіренің жанрлық ерекшелігіне сай онда көркемдік жүйеден гөрі нақтыланған тарихи шындық аясындағы деректер мол кездесетіні белгілі. Сол себепті біз бұл шығармаларға көп тоқталуды жөн көрмедік.
Батырлық, қаһармандық құндылығы қазақ қоғамында ХІХ ғасырға дейін культке айналғанға ұқсайды. Өйткені, сол кезде дүниеге келген көркем мұраларымыздың бәрінде де батырлық, ерлік әспеттеледі. Бұл, әсіресе, поэзиялық туындыларда көп көрініс табады. Ал оның өзі бостандыққа, теңдікке, тәуелсіздікке ұмтылудан туындаған құбылыс, әлеуметтік-саяси жағдайлардан туған қажеттілік еді. Өйткені, қазақ халқы сол дәуірде ата жау – қалмақпен шайқасып, ұлттық идеологияның өзегінде ел мен жерді сақтау идеясы тұрды. Содан болар, ол кездің әдебиетіне тән басты құндылықтар санатында ерлік пен еркіндік ұғымы алға шыққанын көру қиын емес. Жалпы, «...қазақ халқының өмір сүруі мен жойылып кетуінің алдында тұрған неғайбіл шақтарында ұлттың айбынды да асқақ жоғары рухының арқасында еркіндікке деген құштарлық бәрін де жеңіп шықты» [4, 13]. Көркем мұраларды шығарушы жыраулардың өзі ол кезде тек сөз шебері статусында ғана емес, сонымен бірге батыр, ел ағасы, хан ақылшысы, қолбасшы сынды бірнеше әлеуметтік статустың тұтасқан қызметінде көрінді.
ХV–XIX ғасырлар аралығында батырлық, ерлік, қаһармандық құндылығы айрықша жырланғанымен, Ресей патшалығының қазақ даласына жасаған қысымының салдарынан ХІХ ғасырда әдебиетте зарлы сарын үстем бола бастады. Бұл қазақтың байырғы заманнан бергі келе
жатқан дәстүрлі басқару, билік айту, өмір сүру жүйесінің өзгеруінен туындаған шарасыздықтың зарлы үні еді. Зар заман әдебиетінің өкілдерінің қоғамға көңілі толмауы өз алдына, олардың жалпыадамдық құндылықтарды – иман, әділет, ар, еркіндік, ел мен жер т.б. – көтергенін де баса айтуға тиіспіз. Бір қоғамдық формациядан басқа қоғамдық формацияға ауысу үдерісінде мұндай мотивтердің бой көтеруі заңды құбылыс. Оның үстіне, ол зорлық пен зомбылықты құрал еткен жабайы отарлау тәсілі арқылы жүзеге асты. Қазақ даласында ғасырлар бойы үстем болған сауда- экономикалық, әлеуметтік-басқару жүйесінің көбесі сөгіліп, енді отырықшылық мәдениеттің құндылықтары ене бастады. Содан да болар, аталмыш дәуірдің сөз шеберлері қалалық мәдениеттің құндылықтарын елдіктен айырылудың төте жолы ретінде қабылдады. Оны біз бекініс, қала, ақша т.б. туралы жазылған көркем туындылардын айқын аңғарамыз. ХІХ ғасырда қазақтың құндылықтар жүйесінде айтулы өзгерістер болды. Ал құндылықтардың өзгеруіне ықпал ететін басты факторлардың бірі – саяси- әлеуметтік фактор. Қазақ даласындағы осындай өзгерістер халықтың санасында да үлкен трансформацияның жүзеге асуына әсер етпей қоймады. Жүсіпбек Аймауытұлы осындай кезеңдегі шығармашылық өкілдерінің психологиясы туралы: «Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшпелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны болады. Ақын ескі тұрмыспен тәрбиеленіп қалады да, жаңаның жақсы екенін білсе де, сол өмірге тосаңсып, түсіне алмай, жаңа заманның адамы бола алмай, көп тайқалақтайды», – дейді [4,70]. Сыншы, әдебиеттанушы ғалымның аталмыш пікірі жалпы әдеби-көркемдік құбылыстардың қоғамдық формациялар түйісіндегі өзгерісіне қатысты дегенімізбен, бұған агрессивті отарлау саясатының да әсер еткені шындық. Отаршылдықтың қамытынан тек қана мәдени-рухани эрозиядан шығу арқылы – дін мен дәстүрді қайта жаңғырту арқылы ғана қол жеткіземіз деген идея осы кезеңдегі әдебиетке тән. Елдегі күрделі өзгерістер ағартушылықтың күшеюіне сеп болды. «Зар- заман ақындары уақыт тығырығын дұрыс түсініп, оны әділ бағалағанымен, тығырықтан шығатын жолды, жаңа арна мен бағытты көрсете алған жоқ. Егер зар-заман өкілдері дәстүршілдікке бой ұрса, ағартушылық идеялық ағымымен біріктірілетін қазақ рухани мәдениетінің келесі өкілдері (Шоқан, Абай, Ыбырай) батыстық бағдар ұстап, білім мен ғылымды бақытқа жеткізетін күш ретінде жоғары қойды.
Алайда, қазақ ағартушылығы элитарлық бағытта жүрді, олар өмірдің дәстүрлік формаларынан гөрі батыстың қоғамдық институттары мен құндылықтарын игеруге шақырды», – дейді мәдениеттанушы Б.Сатершинов [4,19].
Көптеген әдебиеттанушы ғалымдардың қазақтың классикалық прозасын Ыбырай Алтынсариннен бастауы тегін емес. Өйткені, тек Ы.Алтынсарин шығармаларында ғана проза жанрының түрлі талап-
шарттарына сай келетін көркем туынды көрініс тапты. Оның қай шығармасы болсын, тағылымдық мәні бар, көркемдігі мен тәрбиелік сипаты ұштасқан шығармалар еді. Жас ұрпақты оқыту барысында көптеген әдеби үлгілерді аударып, әрі өзі де көптеген көркем туындылар жазған автордың әңгімелерінен жалпыадамдық құндылықтардың көп түрін кезіктіреміз. Әсіресе, М.Рокич жіктеген құралдық құндылықтар – моральдық және біліктілік құндылықтары ағартушы мұрасының өзегі болды десек қателеспейміз. Ол өзінің «Қазақ хрестоматиясына» енген прозалық туындылары мен аудармалары арқылы өскелең ұрпақтың бойына жалпыадамдық құндылықтарды – ізгілік пен білім нәрін сіңіруге тырысты. Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы» сынды кең таралған әңгімелерінің құндылықтарды жаюдағы орны орасан зор болды. «Бай баласы мен жарлы баласы» атты әңгімесіне қатысты советтік дәуірде әртүрлі интерпретациялар жасалынып, оны барынша социологизм заңдылықтарына бағындыруға, қасаң социалистік реализм шындығының шеңберіне салуға ұмтылыстар жасалғаны тарихтан белгілі. Ол өзінің «Шариғат тұтқасы» атты еңбегінде қазақтың дәстүрлі құндылықтары мен асыл дініміздің құндылықтар жүйесін қабыстырып, ұштастыра отырып жатық тіл, көркем образды түрде жазып шығады. Бұл еңбектің бойынан қазақтың өзіне ғана тән әңгімешілдікті, проза жанрының белгілі бір нышандарын байқау қиын емес. Осылайша, Ы.Алтынсарин шығармашылығында білім, еңбек құндылықтары айрықша көрініс табады.
Кезекті кезең Абай мұрасымен тікелей байланысты. Үш түрлі бастаудан сусындаған Абайдың адамзаттық құндылықтарды сөз етпеуі мүмкін емес еді. Өйткені, ол адам баласының барлық рухани мұрасын игерді, Батыс пен Шығыстың жауһарларын ой елегінен өткізді. Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – осы үш қасиет адамның адамшылығын анықтайды деген пікір айтқан Абай «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деп басталатын өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек», – дейді [4,77]. Ол ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау арқылы толық адам болу концепциясын ұсынды. Этикалық мәселелерді қозғаған Абайдың «толық, жетілген адамы – арлы, адамгершілік қасиеті жоғары, еңбекқор, білімді, сабырлы, иманды, қанағат пен ұятты білетін, танымды, игі жүректі» адам [5, 5]. Абайдың философиялық идеясы – қайрат, ақыл, жүрек – үштігінде жүрек негізгі орынды алады. Ол өзінің он жетінші қарасөзінде ақыл, қайрат, жүрек – үшеуін сарапқа салады да, ең соңында жүрекке басымдық береді. «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де Жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты Ғылым екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен Жүректі таңдадым.
Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңды әрдайым қарайды деп Кітаптың айтқаны осы, – депті» [5, 21]. Жүрек – құндылықтардың бастау көзі. Қазақтың бас ақынының жүрекке айрықша мән беруі тегін емес. «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде Абайдың адам болу қағидасын бекітіп, бес асыл іс пен бес кесірлі ғадеттен қашық болуға шақыратыны бар. Ал енді поэзиясы арқылы жеткізе алмаған кейбір ойларын қарасөздерінде таратып жазды. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің», – дейді отыз сегізінші қара сөзінде [5, 184]. Жоғарыда келтірілген ойлары арқылы ұлы ақын мұрасының өзегінде жалпыадамдық құндылықтардың жатқанын байқау қиын емес. Абайдың бұл ойлары тек өз дәуірінің ғана жемісі емес. Бұл тұжырымдар – түркі даласында ғасырлар бойы жалғасын тапқан құндылықтар жүйесінің тұтасқан көрінісі еді. Оның бастауы сонау әл-Фарабиде жатыр десек, қателескендік емес. Өйткені, әл-Фараби, Ж.Баласағұндардың идеялары белгілі бір деңгейде Абай шығармаларында да көрініс тапты. Әл-Фараби мен Абайдың интеллект, ақыл-ойдың толысуы, қайрат, ақыл, жүрек жөніндегі тұжырымдары өзара ұштасып жатса, Абай мен Жүсіп Баласағұнның педагогикалық ой-пікірлері, шығармашылық әлеміндегі поэтикалық сабақтастық пен орта ғасырларда негізі қаланған жәуәнмәртлік ілімінің үйлесім тауып, арада тоғыз ғасырға жуық уақыт өтсе де, дәстүр жалғастығының үзілмегенін көреміз. Орта ғасырларда өмір сүрген түрік ойшылдарының еңбектерінің Абайдың кітапханасында болғанын және идеялық қатынасының күшті екенін Абайтанушы ғалымдар – М.Мырзахметов, Ө.Күмісбаев, М.Әліпхан т.б. өз зерттеулерінде терең ашып көрсеткен болатын [5]. Ақыл, қайрат, жүрек, әділет, шапқат, қанағат құндылықтары Абай мұрасының өзегіне айналған. Жәуәнмәртлік (жомарттық. – Н.Қ.), имани гүл, хауас, кемел адам – толық адам концепті арқылы біз Абай шығармашылығындағы құндылықтар жүйесінің басты арналарын танимыз.
«Ал енді Абайдың ойы қазақ даласында өз заманында кең тарамаса да, оған ұқсас өмір туралы ойға шомуы, оның мәні мен онтологиялық негіздерін іздеуі, аксиологиялық иерархиясын анықтауы ағартушылық жолында жүрген зерделі жандар үшін ХХ ғасырдың басында үлгі боларлық сипатты іске айнала бастайды. Бұл да қазақ қоғамының интеллектуалдық, философиялық құрылымдарды өз қоғамдық санасында гүлдендіре бастауының белгісі болатын» [5,23]. Абай айтқан, Абай тілге тиек еткен құндылықтар жүйесі ХХ ғасырда да өз маңызын жойған жоқ. Қайта жаңғырып, түлеп, түрлене түсті. Бұл кезеңді ағартушылықтың жаңа кезеңіне балай аламыз. Білім ең үлкен құндылық ретінде алғы шепке шықты. Алаш арыстары төл құндылықтарды сақтай отырып батыстық үлгідегі даму жолын таңдады. Оған тек білім арқылы ғана жетуге болатынын алға тартқан сөз шеберлері өз шығармашылығында білім құндылығын аспандатты. Бұл туралы тарихшы М.Қойгелдиев мынадай пікір білдіреді: «Жаңа тарихи кезеңде заман талабына лайық қазақ азаттық қозғалысының басына мүлдем жаңа әлеуметтік саяси күш – ұлттық
интеллигенция келді. Ол өзіне ту етіп кезінде ұлы француз буржуазиялық революциясы көтерген бостандық, теңдік, туысқандық ұрандарын алды, ал ол мақсатқа жеткізетін жол – халықты ағарту, біріктіру деп түсінді. Сондықтан да ұлттық интеллигенцияның бұл буыны қоғамдық-саяси жұмыс пен ағартушылық қызметті тең алып жүрді; бұлардың екеуі де ең негізгі мақсат ұлттық дамуға, өркендеуге жұмсалуға тиіс болды» [6, 38]. Ал қазақ ағартушылығының негізгі құралы әдебиет болғанын, ағартушылардың дені әдебиетшілер болғанын ескерсек, прозалық туындылардың орны айрықша болғанын білу қиынға соқпайды. «Жалпы алғанда, ағартушылық – ХІХ ғ.аяғы мен ХХ ғ. Басында отаршылдық езгідегі Шығыс елдерінің әлеуметтік-саяси және рухани дамуын реформалау түрінде көрінген саяси және мәдени модернизация үшін болған күрестің идеялық бастамасы болып табылатын маңызды фактор», – дейді С.Нұрмұратов [6,15]. Француз революциясы ту қып көтерген бостандық, теңдік, туысқандық құндылықтарын үлгі ретінде алғанымен, Алаш арыстарының шығармашылығындағы құндылықтар жүйесінің аталған құндылықтар шеңберінен шыға алмады деуден аулақпыз. ХХ ғасыр басындағы ағартушылық идеясының өзегінде қазақ ұлтының замана ағымына сай қайта жаңғыруының барлық тетіктері қарастырылды. Ал ол өз кезегінде сөз шеберлері биік қойған ар ілімі тұжырымы аясында көрініс тапты. Алаштықтар көтерген ар ілімі жалпыадамдық құндылықтарды арқау етіп алған-ды.
«Өрнекпенен, еңбекпенен Өнер ойға тоқылса, Жайнар өмір, қайнар көңіл,
Ар ілімі оқылса!» – деп жырлаған Шәкәрім өзінің ар іліміне қатысты идеяларын проза жанрында жазылған «Үш анық» философиялық жазбаларында және «Әділ Мария» атты өзі қайғылы роман деп атаған туындысында дамытты. «Үш анығының» кіріспесінде: «Адам ақиқатты бас көзімен емес, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң біртүрлі тіршілік бар. Екі өмірде де керегі – ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім», – деп, ар-ұжданның анықтамасын таратып береді [7]. Шәкәрім Құдайбердіұлының ар ілімі жөніндегі ойларын ізбасары С.Торайғыров қайталайды. Ол Еуропадағы ғылымды екіге – дене азығы және ар азығы деп бөледі де: «Ар азығы дегеніміз – әділдік. Осы соңғы ар азығы – әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауыраймаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола
алмағаны секілді, келешекте қазақ та бақытты бола алмайды. Ілгері кеткен жұрттардың тарихының қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре-біле отқа түскендік болады», – дейді [7,59]. Жоғарыда келтірілген Алаш арыстарының ой-пікірлерінен ХХ ғасырдағы қазақ
прозасының, қазақ сөз сөнерінің басты арналары жалпыадамдық құндылықтар аясында дамығанына көз жеткіземіз.
ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының көтерген мәселелерінің дені әйел теңсіздігі, оның еркіндігі мәселесіне арналды. Қазақтың кәсіби прозасының ең алғашқы үлгілері болып саналатын М.Дулатовтың
«Бақытсыз Жамал» (1910), С.Көбеевтің «Қалың мал» (1913), С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» (1914), Ә.Ғалымовтың «Бейшара қыз» (1912), Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» (1912), Мұхаметсәлім Кәшімовтің «Мұңлы Мәриям» (1914), Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» (1916) т.б. шығармаларының бәрі дерлік қазақ қоғамындағы әйелдің еркіндігі мәселесін алға қойды. Еркіндік – қазақ халқының тарихындағы ең басты құндылықтардың бірі. Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік ұғымын біз қай дәуірде де айқын көре аламыз. Дегенмен, бұл әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты оның түрі ауысып отырды деуге негіз бар. Қазақтың ел болып, етек жинаған ХV ғасырдан бастап Тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың соңына дейінгі ұзына бойы созылып жатқан басты құндылық – еркіндік пен намыс құндылығы. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ прозасы баспасөзге қарыздар. Қазақтың журналистикасы әдебиеттің өрге басуына сеп болды. Алайда, қазақ баспасөзін дамытушылардың бәрі дерлік көркем сөздің төңірегінде жүрген қаламгерлер еді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы баспасөзде – «Қазақ», «Айқап», «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Садақ» т.б. сынды әдеби, қоғамдық газеттерде өз дәуірінің көкейкесті мәселелері ғана емес, сонымен бірге әдеби өмірдің маңызды жайттары да сөз болып отырды. Оның ішінде, әрине, қазақ прозасының әр алуан үлгілері жарияға шықты. Жарық көрген көркем шығармалардың бәрі бірдей кәсіби деңгейдегі мінсіз туындылар болмағанымен, классикалық прозаға қарай жасалған алғашқы сәтті қадамдар болатын. Әдебиетте тырнақалды туындылардың бірден үлгілі түр тауып кетпейтіні белгілі.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасының өзіндік ерекшеліктері аз емес. Бұл, бір жағынан, қазақ прозасының қанат жайып, дамып жатқан кезі болатын. Ал енді тұтастай әдеби даму заңдылығының аясында қарастыратын болсақ, бұл жалпы көркемдік сананың даму сатысы бойынша дәстүршіл поэтикадан – дара авторлық поэтикаға, басқаша айтсақ, жанр мен стиль үстемдік еткен поэтикадан авторлық поэтиканың үстем түсіп жатқан кезіне сай келеді. Осы кездегі қазақтың прозалық туындылары бұған дейінгі қалыптасып қалған дәстүршіл поэтика сүрлеуінен толық шығып кете алмай, байырғы әңгімешілік және өлеңшілік жүйесінің ықпалымен жазылды. Жоғарыда аталған роман-повестердің формалық-мазмұндық тұрғыдан тым жақын болуының бір сыры осыдан болар деп топшылаймыз. Дегенмен, дәстүрлі поэтикадан авторлық поэтикаға ауысу шағында қайталанбас стильдік мәнерімен көзге түскен туындылар да болды. Жалпы, өткен ғасырдың басы рухани-мәдени кеңістікте айтулы күрделі өзгерістердің
орын алып жатқан тұсы еді. Батыс әлемінде қанат жайған әртүрлі әдеби ағымдар мен бағыттардың қазақ қаламгерлеріне де әсер ете бастаған кезі. ХХ ғасыр басындағы жанр мен стиль поэтикасының орнына авторлық қолтаңба, авторлық поэтиканың үстем бола бастауы құндылықтар жүйесінің де бет-бейнесі өзгергенін көрсетеді. «Соған сәйкес, жанрлардың дәстүрлі жүйесі бұзылды, басқашаланды; стиль дегеніңіз нормативтік тонын шешіп тастап, индивидуалдық кейіпке көшті» [8,19]. Ғасыр басындағы қазақ прозасының жетістігі ретінде біз Бейімбет Майлиннің
«Шұғаның белгісі» (1916) повесін айта аламыз. Автор аталмыш шығармасы арқылы қазақ прозасын кәсіби биігіне көтерді. Аталмыш диссертациялық жұмыстың авторы Н.Худайбергенов былай дейді: «Әбдірахман мен Шұға образы арқылы өз дәуірінің шындығын ашып берген Б.Майлиннің бұл повесінде махаббат пен ғадауат, теңсіздік пен еркіндік құндылықтары айрықша көрініс табады. Тақырыбы мен идеясы тұрғысынан өз дәуірінің басқа туындыларымен үйлес аталмыш шығарма оқырманға берер эстетикалық әсері арқылы ерекшеленеді» [9, 40]. Пейзажға мән беріп, адамның көңіл күйі мен табиғаттың күйін салғастыра суреттеу, аз сөзге көп мән сыйғыза білу т.б. сынды артықшылықтары бұған дейінгі қара сөз бен өлең сөз араласып келетін әрі көбіне-көп кәсіби көркемдік суреттеуден гөрі әңгімешілдік дәстүрі аясындағы баяндау стиліне жақын прозалық шығармалардан дараланып тұрады. Қазақ прозасының өткеніне үңілген кезде жалпыадамдық құндылықтар желісінің бір сәтке үзілмегеніне, қайта әр кезеңде әртүрлі қырымен танылып отырғанына куә боламыз.
Алаштықтар әдебиет арқылы қоғамды модернизациялауға ұмтылыс жасады. Әлеуметтану ғылымында қоғамдық сананы жаңғыртудың қалыптасқан үш жолы бар делінеді: авангардтық, архаикалық және модерндік. Өзінікін мансұқтап, өзгенікін үлгі ететін авангардтық немесе тек өзінікін аспандатып, өзгенікін көзге ілмейтін архаикалық жолмен емес, алаштықтардың таңдауы өзінің төл құндылықтарына берік бола отырып өзгенің озығын алуды мақсат еткен модерндік жолы, шынында да, бас-аяғы жиырма жылдың ішінде айтулы жетістікке жетті. Рухани жаңғырудың басты құралы болған әдебиеттің эстетикалық мұратынан гөрі ағартушылық мұратты алға шығаруын оның кемшілігі емес, қайта өз дәуірінің мәселелерін шешудегі орасан зор күші деп білген абзал. «Бұл кездегі қалам қайраткерлері шығармаларында жиі ұшырасатын дін, ұлт, мектеп-медресе, жәдитшілдік мәселесі – күнделікті тақырыптан гөрі, өмірлік (бар, я жоқ болу) тақырыпқа айналғаны ақиқат» [9, 23]. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» мен Ахмет Байтұрсынұлының «Масасымен» мазмұндас А.Жандыбаевтың «Жастық ғұмырым, яки жастықтағы ғәфләт» деп аталатын повесі өз дәуірінің құндылықтар жүйесінен хабардар ететін, білім мен тәрбиені ту етіп, үздік ел болуға баулыған маңызды туынды болып саналады. ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстары бастаған қазақ сөз өнеріндегі құндылықтар жүйесі хақында алаштанушы, әдебиеттанушы
Д.Қамзабекұлы былай деп пікір білдіреді: «Кез келген сауаты бар адам тарихты бүгіннің шындығымен байыптап түсінеді. Сондықтан, мың сөзді бірер ұғымға сыйдырып бергенді қалап тұрады. Міне, осы тұста «Алаш құндылықтары» деген ұғым аузымызға түседі. Оны жүйелесек, былайша айқындалады:
1.Ұлт тарихындағы сапалы, жарқын, мемлекетшіл істердің жиынтығы;
2.Ұлт пен қоғамды, мемлекет пен елдікті дамытқан жеке және дара
тұлғалардың еңбегі мен мұрасы;
3.Тарихқа және қоғамның қазіргі жағдайына принципті көзқарас ұстану;

  1. Елшілдікке суарылған білімді, ғылымды, мәдениетті қоғам мен оны үйлестіретін саясаттың тетігіне, құралына айналдыру» [10,17-18]. Дамыған батыстық және жапондық үлгі аясында біртұтас ұлттық мемлекетті құруды көздеген алаш қайраткерлерінің көбі проза жанрында қалам тербеді әрі жоғарыда тізбектелген басты-басты құндылықтарды қалыптастыру жолында еңбек етті. Олардың шығармашылық әлеміне көз салған кез келген оқырман осы ерекшелікті қапысыз таниды.

Қазақ прозасының советтік кезеңі өте күрделі де күрмеулі саяси- мәдени оқиғалардың көптеп орын алуымен және құндылықтар жүйесінің саяси жүйенің қысымымен күштеп өзгеріске ұшырауымен ерекшеленеді. Отызыншы жылдардың ішінде ұлттық идея төңірегіне топтасқан «Алаш Орда» партиясының мүшелері жаппай қуғындалып, шығармалары тәркіленді. Оның орнына тек советтік саясаттың сойылын соғуға бағытталған «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» әдебиеттің іргесі бекіді. Қазақтың тұрмысы өзгеріп, санасына бөтен түсініктер тықпаланды. Мың жылдықтар бойына қалыптасқан көшпелілік мәдениетінің орнын бірер жылда отырықшылық мәдениеті басты. Бұл ұлт болмысына үлкен соққы болды. Екіншіден, жеке меншіктің орнына, қоғамдық меншік ұғымы орнады. Елде болып жатқан әртүрлі әлеуметтік-саяси ірі оқиғалар өз кезегінде ұлттық проза жанрына да айтарлықтай кері ықпалын тигізді. Диалектикалық және тарихи материализмнің ықпалы орасан болды. Ұлттың өзіне ғана тән ойлау жүйесіне шектеу қойылып, дәстүрлі құндылықтардың орнына интернационализм желеуімен социалистік сана қалыптастыруға күш салынды. «Кейіпкер таза адам күйінде емес, маман түрінде суреттелді. Әдебиет: өндіріс, ауыл шаруашылығы тақырыптарына бөлінді» [11, 46]. Әдебиет ендігі жолда ұлттың әсемдікке деген құштарлығы мен рухын биіктетіп, қазақ тұрмысының шынайы бейнесін танытар айнасы болудың орнына, қатаң талаптар шеңберінен шыға алмайтын, интернационализм мен еңбекшілер тұлғасын әсіре әспеттейтін жолмен дамуға мәжбүр болды. «Осы дәуірдегі бүкіл рухани күйзелістің негізгі сарыны әлі де халықтық тұтастыққа жете алмаған елдің зиялыларының осы ахуалдан шығу жолдарын іздеп шарқ ұруы болып табылады», - дейді
мәдениеттанушы Б.Сатершинов [12, 76]. Ғалымның бұл пікірімен келіспеуге болмайды. Айрықша айтуға тиіс мәселе, советтік кезеңде зиялы қауым өкілдерінің көбі айта алмаған ақиқат жазушылардың қаламы арқылы жұртқа жетті. Бұл, әсіресе, тарихи жадыны жаңғырту жайына қатысты дер едік. Өйткені, ұлттық тарихты тарихшы қауымы ашық айта алмаған тұстарында тарихи жанрды құрал еткен кейбір жазушыларымыз астарлы мәнде қазақтың ұлт болып ұйысуы мәселесін үнемі қаузап отырды. Әдебиетте совет заманында символизм ағымының қарыштап дамуының бір сыры содан болса керек. Өйткені, ақиқат шындықды символмен, астарлы мәнмен бермесе, цензураның қатаң сүзгісіне оп-оңай түсіп қалуға болатын еді. Осындай қиын жағдайда да қазақ әдебиеті өзінің ұлттық мүддені ту ету қызметін адал атқара алды деуге толық негіз бар. Осы дәуірде қазақ әдебиетінің ең озық үлгілері дүниеге келді. Әлемдік проза мен поэзиямен бой таластыра алатын көркем туындылардың жазылуы – соның айғағы. Әдебиеттанушы-ғалым Р.Нұрғали ХХ ғасыр әдебиетін қазақ сөз өнерінің алтын ғасырына балауы тегін емес. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Сланов, З.Шашкин, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы, Ә.Әлімжанов т.б. қаламгерлер өз шығармаларында шындыққа социалистік тұрғыдан баға берсе де, жалпыадамдық құндылықтарды шебер үйлестіріп, қоғамның шынайы тұрмыс-тынысын көркем бейнеледі. Әсіресе, «жылымық жылдар» деп айдар тағылған алпысыншы-жетпісінші жылдардағы қазақ прозасы ұлттық құндылықтарды ту ету арқылы жалпы адамзатқа тән құндылықтарды айрықша көрсете алды. Осы кезде жарық көрген тарихи романдар мен повестер жалпыадамдық құндылықтардың ұлттық сипатын, қазақ халқының даралық болмысын танытуда көп жетістікке жетті. Т.Әлімқұлов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Тарази, Д.Досжан, Б.Тоғысбаев, Қ.Жұмаділов, А.Сүлейменов т.б. сынды жазушылардың шығармашылық әлемі осы ойымызды бекіте түседі.
Әрине, советтік кезеңде жалпыадамдық құндылықтар шетін қалды дей алмаймыз. Ынтымақ, бірлік, халықтар достығы, теңдік, еңбек құндылықтарына басымдық берілді. Алайда, ұлттардың дәстүр-салты, төл құндылықтары мансұқ етіліп, еркіндік берілмеді. Себебі, дәстүр де жалпыадамдық құндылықтар санатына кіреді. Ал жоғарыда аталған жалпыадамдық құндылықтар дәріптелді дегенімізбен, оның ар жағында тек қана орыс ұлтының үстемдігін көксеген шовинистік саясат бұғып жатты.
Қорытындылай келе, қазақ прозасының қайнар көздеріне шолу жасау арқылы мынадай өзіндік ерекшеліктеріне көз жеткіздік. Қазақтың құндылықтар жүйесі сөз арқылы қалыптанған. Қазіргі қазақ прозасының бастаулары ежелгі дәуірдегі халықтық проза үлгілеріне, ауызша әдеби мұраларға барып тіреледі. Ұлы Далада еуропалық үлгідегі философиялық- аксиологиялық мектептер болмағанымен, әлемді табиғатпен етене байланыста қарастыратын бірегей аксиологиялық-поэтикалық жүйе
орнықты. Қазақ халқының ежелден жалғасып келе жатқан құндылықтар жүйесі негізінен ауызша әдеби мұралар арқылы бүгінге жетті. Ауызша мұралар халықтың құқықтық, этикалық, әлеуметтік және эстетикалық, тіпті діни құндылықтарының да қалыптасуына негіз болды. Құндылықтарды қалыптастыруда, оларды таратуда айрықша қызмет ететін элитаның рөлін сөз ұстаған шешендер мен ділмарлар атқарды.
Қазақ прозасындағы құндылықтардың бастауларына шолу жасаған кезде біз проза жанрының эволюциялық даму жолын ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының ойлау жүйесінің, менталды табиғатының өзіндік ерекшелігін де тани аламыз. Жоғарыда аталған ерекшеліктер өз кезегінде халықтың ойлау жүйесіне де әсер етпей қоймады. Қазақ халқы әлемді ұғымдық тұрғыдан нақты қабылдаудан гөрі әр затты не құбылысты көркем образдармен қабылдауға бейім. Бұл қазақ халқының ойлау жүйесін поэтикалық сипатта деуге жол ашады.
Жалпыадамдық құндылықтарды шығарманың идеялық өзегі ету үрдісі қазақ әдебиеті тарихының қай кезеңінде де бір сәтке толастамағанын айтуға тиіспіз. Әсіресе, ар аясындағы асыл сөз үлгілерінің ғана қағазға қонуын ұлттық сөз өнерінің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі деуге негіз бар.
Сонымен бірге, құндылықтардың динамикасы біркелкі емес әрі олар, негізінен, белгілі бір концепциялар түрінде өмір сүріп, тұрақ тауып отырды. Халықтың ежелгі ауыз әдебиетінің үлгілерінен бастап тәуелсіздік тұсына дейінгі кезеңдерді шолып шыққанда мынадай рухани-мәдени тенденцияны байқадық. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде – елдік пен ерлік, әл- Фараби заманында – қайырымдылық, Қорқыт ата өмір сүрген шақта – өмірге сүйіспеншілік, Абай мұрасында – «толық адам», Алаш арыстары өмір сүрген кезеңде – «ар ілімі», советтік дәуірде – «достық» концепциялары айрықша әспеттелді. Моральдық реттеушілік қызметі аса жоғары мұндай құндылықтардың өзгеріске ұшырауына тарихи-әлеуметтік, қоғамдық факторлардың әсер-ықпалы орасан күшті болғанына көз жеткіздік. Жекелеген авторлардың шығармаларында кездескенімен, біз оны сол дәуірдің ең басты құндылықтары деп айта аламыз. Өйткені, «Дүниеге бір сызат түсетін болса, ол ең алдымен ақын жүрегі арқылы өтеді» (Гете) демекші, қоғамдағы қандайда бір бетбұрыстың ең әуелі сөз ұстаған тұлғалар шығармашылығынан айқын көрінетіні жасырын емес.
Ал енді кейбір құндылықтардың тарихтың ұзын-ырғасында статикалық қалыпты сақтағанын және оның мәні мен маңызы бүгінгі күнде де бір мысқал кемімегенін байқадық. «Обал мен сауап», «бейнет пен зейнет», «кінә мен күнә», «ұят» ұғым-құндылықтарының халық танымынан тұрақты орын тепкеніне көз жеткіздік. Дала заңдылығы үстем болған қазақ қоғамында ресми бекітілген құқықтық ережелерге қарағанда, жоғарыда аталған бейресми институттар – жалпыадамдық құндылықтардың әсер- күші әлдеқайда басым түсіп отырған.
Қазақ халқының құндылықтар жүйесінде экономикалық-материалдық құндылықтарға қарағанда, этикалық құндылықтар басым болды. Сөз өнерінде әдеп пен ибаның шеңберінен шықпайтын асыл сөз үлгілерінің ғана бізге жетуі осының айқын дәлелі болмақ. Далалық сипатта қалыптасқан қазақтың этикалық құндылықтары орта ғасырлардағы Ислам дінінің кең жайылуымен жаңа арнамен дамыды және басты реттеушілік функцияны атқарды.
Ерлік, еркіндік, адалдық құндылықтарының үнемі алғы санаттан көрініп отыруын біз қазақ халқының тұрмысының ерекшелігінен туған құбылыс деп есептейміз. Дала салтының қауіп-қатері мол тіршілігі мен тарихтың қай кезеңінде де ел мен жерді қорғау үшін болған шайқастардың бәрі руханият әлемінде із қалдырып, қаһармандық культінің биік қойылуына негіз болды. Аталған құндылықтар тарихтың қай кезеңінде де өзінің өзектілігін жойған емес. Ұлттық сөз өнері мұраларының құндылықтық бағдарын зерделегенімізде бұл ойымыз беки түсті. «Қазақ» этнонимінің өзі «еркіндік» деген құндылықтың мәнін иемденгенін ескерсек, бұл ұлт психологиясынан хабар береді.




    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет