Анықтамалар


ІІ ҚАЗІРГІ ӘҢГІМЕ: ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ



бет7/13
Дата19.02.2023
өлшемі234,22 Kb.
#69261
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

ІІ ҚАЗІРГІ ӘҢГІМЕ: ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ

ЖАЛПЫАДАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРАҚАТЫНАСЫ




2.1.Қазіргі қазақ әңгімесіндегі ұлт болмысы

құндылықтар дағдарысы контексінде




Құндылықтар жүйесінің кешенді әрі күрделі жүйе екені белгілі. Оның көркем шығармада көрініс табуының нақты бір қалыбы жоқ, әртүрлі ракурста танылуы кәдік. Сондай-ақ әдебиеттегі жанрлардың да құндылықтардың табиғатын ашудағы өзіндік ерекшеліктерінің бар екенін ескеруге тиіспіз. Мысалы, эпикалық жанрдағы туындыларда құндылықтар жүйесі барынша кең ашылып, оның қыры мен сыры терең танылады. Әсіресе эпопея, романдарда жекелеген адамдардың ғана емес, сол дәуірдің суреті боямасыз салынып, мәдени-рухани келбеті шынайы көрінеді. Құндылықтар адамның сезім-түйсігі мен санасында өмір сүріп, ішкі наным- сенімдері мен қалауларын қалыптастыратынын, әрекеттері арқылы анық білінетінін бұған дейін тілге тиек етіп өттік. Әдетте, эпикалық туындыларға оқиға арқау болады әрі сюжеттік желі динамикасын тудыратын да кейіпкердің іс-әрекеті. Кең құлашты туындыларда құндылықтардың үш қайнар көзінің (сана, сезім, әрекет. – Н.Қ.) бәрі де, әсіресе соңғысы айрықша салмақты болады деген сөз. Лирика жанры аталған үштағанның екіншісіне

  • адам жанының ішкі қатпарларына, сезім-түйсігіне әсер етпей тұрмайды. Яғни әр жанрдың өзіндік ерекшеліктері бар. Бәрі де айналып келгенде адамның, кейіпкердің бүтін бітімін, құндылықтық бағдарын танытуда әртүрлі қырынан келеді. Әңгіме жанрының жөні бөлек. Онда осы үштаған теңгерімі шебер үйлесуі тиіс. Сондай-ақ ондағы басты критерий – қысқалық. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, айтатын ойды анық айтпай, емеурінмен жеткізу, әр детальды туынды концепциясын таныту жолына шебер бағыттай білу, сол арқылы кейіпкер психологиясын ақтарыстыру – осының бәрі де қаламгерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Кейбір роман шеберлерінің өзі аталмыш шағын жанрға келгенде тартыншақтап қалатыны сол, әңгіме аз сөзбен көркемдік қуаты мол дүниелерді қамтуға тиіс. Оның қаламгерден үлкен дайындықты, шыңдалған шеберлікті қажет ететіні де сондықтан.

Қазіргі қазақ әңгімесі әдебиеттанушы ғалымдар назарынан тыс қалған емес. Жалпы, бүгінгі әңгіме жанрының беталысы мен өзіндік ерекшеліктері туралы Б.Майтанов [40], Қ.Мәдібай [41], А.Мауленов [42], Т.Әсемқұлов
[43], Н.Қожабекова [44], П.Исабекова [45], Б.Ысқақ [46], А.Таңжарықова
[99] т.б. әдебиетшілер арнайы мақала жариялаған болатын. Сондай-ақ әңгіме жанры М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» он томдығының 10-томында [47,] ғасырдағы қазақ әдебиеті [48], Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар [49], «Қазіргі қазақ әдебиеті: даму үрдістері, есімдер мен
оқиғалар» [50] т.б. ұжымдық монографияларда арнайы зерттеу нысанына алынып, ғылыми тұрғыда талданған болатын.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасының өрістеп дамуына үлес қосып, жемісті еңбек етіп келе жатқан қаламгерлердің бірі – көрнекті жазушы М.Мағауин. Ол соңғы ширек ғасырда өзінің шығармашылық зертханасында ғана емес, қазақтың дәстүрлі әдебиетінде де әлі толыққанды көріне қоймаған ерекше туындылар жазды. М.Мағауиннің шығармашылық әлеміне ғылыми талдау жасаған А.Мухамеджанова да: «М.Мағауин прозасының мазмұны жағынан да, құрылымы мен стилі жағынан да ең күрделі шығармалары 1990 жылдардан кейін дүниеге келді» [24, 25], – деп жазды Содан да болар, оның әрбір жаңа шығармасы әдеби-мәдени ортада ғана емес, қалың нөпір оқырман арасында да қызу талқы-пікірталастардың өрбуіне сеп болады. Мысалы, ұлы әңгіме жанрындағы «Жармақ», «Мен» ғұмырбаяндық хамсасы мен «Шыңғысхан» тарихи-деректі романы,
«Қыпшақ аруы», «Қисық ағаш», «Шипалы арасан» т.б. хикаяттары оның соңғы ширек ғасырда жазған көлемді туындылары болып саналады. М.Мағауиннің тәуелсіздік кездегі шығармашылығы туралы сөз қозғаған кезде оның әңгімелері туралы айтпай кетуге болмайды. Өйткені, жазушының әңгімелері еркіндік бастауындағы қазақ қоғамының қалпы мен салтын боямасыз көрсетуімен, бүгінгі тұрмыс-тынысымыздың шындығын көркем кестелеуімен және замандастарымыздың құндылықтар жүйесін дәл де айқын таныта алуымен – тұтастай алғанда көркемдік қуатының молдығымен ерекшеленеді. Оның осы кезде жазған ондаған әңгімесінің ішінде «Салахад-диннің үкімі», «Құмырсқа-қырғын», «Ұлтаралық жанжал», «Қасқыр-Бөрі» сынды әңгімелері дараланып тұрады. Біздің нысанамызға қаламгердің «Салахад-диннің үкімі» атты әңгімесі ілінгендіктен, оның көркемдік-аксиологиялық сипаты туралы сөз қозғауды міндетіміз деп білеміз.
«Жазушы ретінде де, ғалым ретінде де тарихтан көзін тауып тағылым ала білген, алған тарихи білімін оқушыға оңтайын тауып бере білген – тарихтан тағылым тартқан – алымды, шалымды қаламгердің» [13,54]
«Салахад-диннің үкімі» әңгімесі – М.Мағауиннің тәуелсіздік тұсында жазған айтулы туындыларының бірі. Әңгіменің салмағын, әсіресе, оның бойынан көрінетін құндылықтар жүйесінің жан-жақты ашылуы арттырып жіберген. Содан да болса керек, жазушы өзінің «Шытырман» роман- эссесінде аталмыш әңгімені өзінің ең таңдаулы әңгімесі ретінде бағалайтынын жазыпты [14]. Жазушы М.Мағауиннің аталмыш әңгімесі еркіндік бастауында, Қазақ елі енді егемендігін алған кезеңде жазылды. (1992 жылы). Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген көп әдеби шығармалардың бір ерекшелігі сол, осы кезде дүниеге келген көптеген туындыларда ерекше қуаныш, үлкен үміт айрықша көрінеді. Үміт құндылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айрықша аспандап еді. М.Мағауиннің «Салахад-диннің үкімі» деп аталатын прозалық
шығармасында да үміт құндылығы ерекше көрініс табады. Мұндағы үміт – шындықтың жеңіп, әділдіктің үстем болуына деген сенім.
Шығарманың сюжеттік желісі қос бағытта дамиды, екі түрлі оқиға негіз болған. Біріншісі – шежіреші Бағдадидің осыдан мың жылға жуық уақыт бұрын жазып қалдырған баяны болса, екіншісі – автордың ХХ ғасырда қазақ даласында орын алған әділетсіздіктерді арқау еткен тарихи- көркем баяны. Шығыстық сарыны басым бірінші сюжеттен қиян-кескі шайқаста франктерді жеңіп, ойын-сауыққа ерік берген Салахад-дин сұлтан бастаған жауынгерлерді көреміз. Сый-сияпат үстінде дастарқан басына келтірілген кекілік етінен дәм татқан сұлтан оны кезінде қарақшылығымен аты шыққан, бірақ бүгінгі шайқаста ерен ерлігімен көзге түскен Зәңгіге ұсынады. Алайда, оны қабыл алған батыр кекілікке қарап қарқылдап күлумен болады. Себебін сұраған сұлтанға өз басынан өткен оқиғаны баяндап береді. Жол торуылдап жүрген кездерде Бағдат қаласына оқу іздеп бара жатқан бала шәкіртті кезіктіргенін және оны әбден азаптап өлтіргенін, өлім аузында жатса да, оның анадайда тұрған кекілікке қарап, Құдай алдына барған кезде осы іске куәлік етуді сұрағанын айтады. Зәңгі «куәлік ететін» құстың табаққа тартылып, өз алдына келгеніне күліп жатқанын айтқан кезде сұлтан ашуға булығып, оны азаптап өлтіруді бұйырады. Артынша аталмыш оқиғаны «ғибрат үшін жазып қоюды» тапсырады. Екінші оқиға совет дәуірінде атағы аспандаған академиктің өмір жолымен байланысты. Ол өзінің Қазан төңкерісі жайындағы ғылыми еңбегінде Қазақстанда совет өкіметін орнату барысында кезіккен қиындықтарды қалай еңсергенін және Алашорда өкілдерін өзінің қалайша атып өлтіргенін тізбектеп жазады. Қиырдағы қазақ ауылындағы тойдың үстінен шыққан қызыл өкімет өкілдері оқыған жас азаматтарды жазықсыз өлтіріп, қалыңдықты зорлайды. Осының басында болып, қолы қанға малынған Ақпамбетов шындықты бұрмаламай, болашақ совет ұрпақтары біліп жүрсін деген оймен жазып қалдырады. Ол советтік жүйенің мәңгі қалатынына имандай сенген күйі өмірден өтіп кетеді.
Салахад-дин қолбасшы дәуіріндегі оқиға мен Ұлы Дала төсінде өткен оқиғадан ілік-байланыс іздеген жазушы баяндаудың ерек түрін тапқан. Өзінің айтқысы келген ойы – шығарманың негізгі идеясын жеткізу үшін орта ғасырларда қағазға түскен шығыстық хикаяға арқа сүйейді. Осы орайда, М.Мағауиннің «Салахад-диннің үкімі» деп аталатын шығармасын біз интермәтіндік сипаты басым шығарма дей аламыз. Автор әл-Бағдадидің
«ғибрат үшін жазып қалдырған» мұрасын саналы түрде пайдаланады. Оны бүгінгі қазақ тарихының жаңа парақтарының ашылып, ұлттық мүдденің үстемдік етуі алдында көркемдік материал ретінде әдейі алған сыңайлы. Әңгімеде шежіреші әл-Бағдадидің «Ғақлия кітабындағы» мәтіндер мен тарихшы-академик Ақпамбетовтің «Кіші октябрь» атты еңбегіндегі естеліктер параллель пайдаланылады. Шығыс әдебиетінде ғасырлар бойы жырланып, әртүрлі тарихи-этикалық еңбектерде үздіксіз баяндалып келген
Салахад-дин сұлтанның бұл әділ үкімі әл-Бағдадидің «Ғақлия кітабында» ғана қаз-қалпында, ешқандай боямасыз дәл жазылған дегенді жазушы да келтіріп өтеді. «...біз мазмұндап отырған хикаяның ақиқат шындығында күмән жоқ», – дейді жазушы [15, 24]. Содан да болар, М.Мағауин шығыс әдебиетіндегі нәзирагөйлік дәстүріндегі секілді оқиғаны түрлентіп, жаңа өң қосып жазуды көздемейді. Қайта шындықты қаз-қалпында көрсету үшін Бағдади мен Ақпамбетовтің кітаптарындағы мәтіндерді еш өзгертусіз, тырнақшамен келтіреді. Әңгімедегі шындық құндылығының барынша ажарланып көрінуіне ондағы тарихи есім-сойлардың да еш өзгертусіз берілуі қызмет етіп тұр. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев есімдері сол күйінде жазылады. Соған қарағанда, Сейсен Бөкенов, Дәулет Бектібаев, Жәңгір Ерденов және Ойрат Сартаевтардың да ХХ ғасыр басында Алашорда үкіметін қолдаған жастардың қатарында болғанына оқырман күмән келтірмейді.
Интермәтіндік әдістер постмодернизмнің басты құралы десек те, біз М.Мағауиннің аталмыш әңгімесін постмодернистік шығармалар санатына жатқызбаймыз. Себебі, мұнда кеңістік пен уақыт белгілі әрі оқиғалардың хронологиялық тәртібі де бұзыла қоймаған. Осы орайда, интертекстуалдық сипаттардың тек заманауи постмодернистік әдебиетке ғана емес, ертеден келе жатқан көркем ойлау түріне де қатысты бола алатынына көз жеткіземіз. Жазушы он ғасырға жуық уақыт бұрын шығыс әлемінде болған оқиға мен ХХ ғасырда қазақ жерінде болған оқиғаларды ұштастыра суреттейді. Бұл – екі түрлі кеңістіктегі бірдей оқиғаның қайталануы емес, әртүрлі кеңістіктегі ұқсас мотивтердің қайталануы. Интермәтіндік шығармалардың өзіндік ерекшеліктерінің бірі ретінде біз оқиғаның ғана емес, әртүрлі мотивтер мен образдар жүйесінің де ұқсас болуын айта аламыз. Нысанамызға алынып отырған «Салахад-диннің үкімі» атты әңгімесінде осындай образдар мен мотивтер легі аз емес. Жалпы, «Салахад- диннің үкімі» әңгімесінде күрделі образдар жүйесі бар. Олар шығарманың бойындағы коллизияны туғызып, поэтикалық динамиканың күшеюіне айрықша қызмет етіп тұр. Осы арқылы әңгіменің өн бойындағы құндылықтар жүйесі жан-жақты ашылады.
«Салахад-диннің үкімі» әңгімесінде жоғарыда аталған құндылықтардың бәрі дерлік әділдік құндылығының барынша терең ашылуына қызмет етіп тұр. Ол, әсіресе, өмір мен өлім, еңбек, ерлік құндылықтары арқылы жан-жақты бейнеледі. Шығармада әділдік осы аталған құндылықтардың бәрінен биік тұрады. Задында, солай болуға тиіс деген үкімнің белгісі бар. Ерлік құндылығы әділдік құндылығының алдында төмен тұруы тиіс сияқты. Өйткені, «...қайтпас батылдық – түз жайлаған таңы аңға да дарыған» [15, 5]. Ерлік адамның адамшылығын айқындайтын басты қасиет бола алмайды деген ой жатыр шығармада. Әйтпесе, Бағдади атажау ретінде сипатталатын франктердің өзін ер, шетінен батыр ретінде суреттемейтін еді. Сол секілді, Зәңгінің де көрсеткен ерлігі орасан. Ол шешуші шайқаста асқан батырлығымен көзге түсті. Салахад-дин сұлтанның жеңіске жетуінде, әсіресе, осы Зәңгі деген батырының үлесі өлшеусіз болды. Дегенмен, оның бәрі шетке ысырылып, жалғызға жанашыр, жолаушыға қамқор болмағаны үшін өлім жазасына кесілді. Яғни өмір мен өлім концептілерінің арасын мейірім құндылығы жалғап тұр. Адам қанша ер, батыр болса да, ол мейірімді болмаса, онда ол
өмір сүруге қақылы емес деген идея басым. Сол сияқты, Зәңгі образымен параллель суреттелетін Ақпамбетовтің де елі үшін жасаған ерлігі аз емес. Ол бас-аяғы 50 жыл тынымсыз еңбек етті. Содан да, кеудесіне тағылмай қалған медаль мен орден жоқ. Советтік жүйенің орнауына өлшеусіз үлес қосып, бар өмірін осы жүйеге адал болумен өткізген. Тағы да жасаған ісің алдыңнан шығады деген ежелден белгілі философияға кезігеміз. Зәңгі жарлы баланы азаптап өлтірген болса, өзі одан да ауыр өлімге тап болды; оны сұлтанның әскерлері қидалап өлтірді. Ал Ақпамбетов Алаш идеясын жақтаған жастарды Егеров сыйлаған маузермен атып өлтірген болса, өзі де тап сондай өлім құшқан жоқ. Бірақ ол өмірден өтер алдында өзіне-өзі үкім шығарып, одан да ауыр «өлімге» бас тіккенін өзі аңғармаған. Кейінгі совет балалары біліп жүрсін деген оймен бар қылмысын ашып жазып, өзіне-өзі ауыр үкім кескенін парықтамаған. Шығарманың негізгі идеяларының бірі – адам жасаған қылмысын осы өмірде қайта табады яки өмірден өтіп кеткен соң тарих алдында жазасын тартады деген ой. Өйткені, әділдік құндылығы байға да, жарлыға да, тіпті асқан батырға да бірдей болмақ. Оны бірінші оқиғадағы сияқты әділ басшы орындайды яки келер ұрпақтар алдында одан да ауыр жазаға тартылады деген идея шығарманың өзегіне айналған.
Жоғарыда айтқанымыздай, жазушы мен патшаның арасында тығыз байланыс бар. Сондай-ақ, Зәңгі мен Ақпамбетовті де жалғап тұрған ұқсас мотивтер аз емес. Екеуі де – өз-өзіне ор қазғандар, екеуі де өз қылмыстарын ерік-қалауымен жұртқа жайып салды. Осы орайда, шығарманың өн бойынан біз жазудың микрообразға айналып кеткенін көреміз. Жазудың өзі дербес құндылық ретінде көрініс тапқан. Ол шежіреші – академик – автор иеарархиясы арқылы биіктей түседі. Өйткені, бәрі де «ғибрат үшін жазады», жазуға жүгінеді. Салахад-дин сұлтанның өзі Зәңгіні жазалағаннан кейін қасындағы қаламгерлеріне «ғибрат үшін жазып қоюды» тапсырады. Осы орайда, сұлтанның ең әділ үкімі әдептен озған батырды өлімге қиюы емес, оның бұл ісін келер ұрпақтарға өнеге ретінде жазып қалдыруға бұйыруы деген емеурін де жоқ емес. Дегенмен, шежіреші жақсылықты ойлаған пенделерге арнап жазса, тарихшы «шайтанға арын сатқандарға насихат ретінде» [10, 25] жазды. Жазудың құндылық ретінде үстем қойылуы оның әділдік пен өнеге құндылықтарын сақтаушы күш ретінде сипатталуынан байқалады. Патшаның билігі өз дәуірінде ғана жүріп тұрса, жазудың, мәтіннің билігі ғасырлар бойы сақталмақ. Осыдан да болар жазушының қолындағы билік сұлтанның қолындағы билік құндылығынан әсте кем емес. Автордың ойынша, мәтін иесінің меншігінде де патшалықтың күші бар.
«Болат қаламның ұштығында тұрған өзгеше патшалық» [10, 25]. Салахад- диннің мерейін асырып тұрған деталь оның дер кезінде әділ үкім шығарып, Зәңгіні жазалауы емес, мәтін киесінің қадірін біліп, ғибрат үшін жазып қоюға бұйыруы сияқты. Яғни мәтін, жазу әділдікті сақтаушы, келер ұрпақтарға жеткізуші функциясымен өз құнын асырып, билік құндылығымен тең суреттеледі. Міне, содан да, жазушы патшадан да құдіретті адам болуы кәдік.
Әдебиет – қоғамның айнасы. Аталмыш анықтама социалистік реализм әдісінің үстем боп тұрған шағында жиі ауызға ілінетін. Әрине, бұл сөзде бәлендей кемістік бар дей алмаймыз. Дегенмен, бүгінгі әдебиет объективті әлемнен гөрі субъективті әлемнің шындығын ашуға бет алған сыңайлы. Осы орайда, әдебиет, ең алдымен, қоғамдағы адам жанының айнасы болмақ. Соңғы ширек ғасырда жарық көрген қазақ прозасындағы шығармалардың сипатынан біз осындай ерекшелікті таныдық. Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста жазылған көркем туындылардың көбінде оны бақыт құсы ретінде қабылдап, үлкен үміт пен берік сенім құндылықтарының биіктей түскені байқалады. Мысалы, біздің талдау нысанамызға іліккен М.Мағауиннің «Салахад-диннің үкімі» деп аталатын әңгімесі әділдіктің, ұлттық мүдденің үстем болуына деген үміттің айрықша әспеттелуін көрсетсе, ол – осы кезде жазылған қазақ прозасындағы туындылардың бәріне дерлік ортақ құбылыс. Әсіресе, қазақ қаламгерлері егемендікпен бірге ұлттық құндылықтарымыздың үстем болып, қазақтың өзіне ғана тән даралығы биіктейді деп сенді. Дегенмен, қазақ прозасының даму бағытына қарайтын болсақ, екі мыңыншы жылдардан бастап қазақ прозасында белгілі бір алаң көріне бастады. Ол – ұлттық мұраттардың кей кездерде әлі де болса көлеңкеде қалып қойып, өзіміздікінен бұрын өзгенің құндылықтарына бас ұрушылыққа деген өкпе-өкініш бар сияқты. Ол кейде ашық, кейде ащы мысқылмен, кейде астарлы символизммен көрінеді. Енді егемендікті қалай баянды етеміз, оны қалайша қорғаштап, іргесін нығайтамыз деген сұрақтарға әртүрлі жауаптар ізделіне бастады. Мәселесен, жазушы Т.Шапайдың «Айна сарай» деп аталатын әңгімесінен біз осыны аңғардық.
«Қайдан келгенін, қашан келгенін, кім екенін ұмыттым – осы шал мені ертіп кеткелі қаншама ғасыр өтті..» – деп басталады аталмыш әңгіме [10, 199]. Шығарманың басынан-ақ біз өзінің күйін жете танымайтын, өзін ертіп келе жатқан шалдың қашаннан бері жолбасшы боп жүргенін білмейтін, бұлыңғыр халдегі кейіпкер тұлғасына тап боламыз. Шөл далада желіп келе жатқан екеудің алдынан алыстан жарқыраған сарай көрінеді. Бұның жасыл желегі жайқалған жаннатқа жетемін деген арман-аңсары қолдың сынығындай ғана айна боп шықты. Алайда, кейіпкеріміз оған қарауға именеді. Қараса болды, өз-өзінің бейнесінен шошиды. Адам танымастай өзгеріп кеткен. Бір кезде шал оны салтанатты сарайдың ішіне кіргізіп, дәл өз бейнесі түскен сансыз айна-көрермендердің алдына әкеледі. Әрқайсының бетінен өзінің әртүрлі қалыптағы бейнесін таниды. Дос- дұшпандарының өзі туралы ой-көзқарастары екен. Алайда, оның жақсы қасиеттерінен гөрі адам жуымас жаман ғадет-мінездері көп боп шықты. Өзі ақиқатты іздеп жолға шыққан болса да, осынау айнаға қарағысы келмейді. Шалмен ұзақ сұхбаттасқан жолаушы ақиқатты мойындаудан бас тартып,
өзін көптен бері ертіп жүрген шалды қуып тынды. Кейіпкеріміз түс көріп жатыр екен, ал теледидардан Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара көрсетіліп жатыр.
Негізгі кейіпкерлер – шал мен жолаушы. Автор оқиғаны бірінші жақтан, жолаушы атынан баяндайды. Басты кейіпкерлер жолаушы мен шал десек те, екеуі де – бейсанадағы – жазушы түсіндегі образдар. Автор әңгіменің көркемдік қуатын түс көру мотиві арқылы арттыруға тырысқан. Бір ерекшелігі, шығармада түстің ішінде тағы да түс көру мотиві қайталанады. Бір қарағанда оқиға саналылықтан бейсаналылыққа өту нүктесі – экстазда өтіп жатқандай әсер қалдырады. Асылында, оқиға автордың түсінде өрбиді. Басты кейіпкерлердің әдейі шал мен жолаушы кейпінде алынуында да мән бар деп ойлаймыз. Жолаушы мен шал образы ежелгі әдеби мұралардан бері жалғасын тауып келе жатқан тұрақты бейнелер болып саналады. Әсіресе, ол шығыс халықтарының әдебиетінде өте жиі ұшырасады. Бұл көп жағдайда белгілі бір ақиқат-шындықты кейінгі толқын өкіліне, жас кейіпкерге ұғындыру үшін қолданылатын сияқты. Осындайда өмірді енді тани бастаған жас жеткіншекке өмірден көргені мен түйгені көп қарияның кеңестері аса зәру болмақ. Алайда, аталмыш әңгімеде жолаушы жас жеткіншек бейнесінде көрінбейді. Ол – көп жасаған, тек өзін тануға құлшынбайтын образ. Оның үстіне, жолаушы дегеніміздің өзі – үздіксіз ілгері жылжып отыратын динамикалық кеңістіктің өкілі. Яғни жолаушы бейнесі арқылы жазушы тарихы терең, бірақ тап бүгінгі заманда өз бейнесіне жете үңілмей, төл құндылықтарын өз деңгейінге сараптай алмай жатқан қазақ ұлтының бейнесін көрсеткісі келген секілді.
Онейрикалық уақыт пен кеңістікте өрбитін оқиғалар желісі айна мотивімен тікелей байланысты. Бас кейіпкер не үшін айнаға қайта-қайта қарағыштайды деген заңды сұрақ туындайды. Айнаның тура мағынасындағы қызметі белгілі, ал ол әдеби мәтіндерде көбіне өз-өзіңді тану, кем-кетігіңді сарапқа салып, қасиет-болмысыңды қайта таразылау сынды ауыспалы ұғымдармен тікелей байланысты боп келеді. Осы орайда, айна мотиві ұлттық бірегейлік, ұлттық даралық ұғымымен тікелей ұштасып кеткен. Жалпы, аталмыш ұғымның өзі жалпыадамдық құндылық болып саналады. Өйткені, ұлттың өз-өзін танымай тұрып жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарға қол созуы абсурдқа ұрындыруы кәдік. Ал біз «Айна сарай» әңгімесінен осындай қауіптің алдында тұрған кейіпкерді көреміз. Ол қиялға беріліп, сағымға алданып, «елес бейнелі ғажап қорғанға» жетуге асығып келеді. Оның салтанатты күмбез деп ойлап келген сарайы сынық айна боп шығады. «...Шаңын жеңіммен сүртіп-сүртіп жіберіп, үңіліп келіп қараймын. Қараған сайын, белгісіз бір үрейден қалтырай түсемін…» [10, 199]. Кейіпкер айнаға қараған сайын өзіне әрі ұқсап, әрі ұқсамай қалған қорқынышты бір бейнені көреді. Амфитеатр секілді салтанатты сарай ішіне фантастикалық сипатта енген қос кейіпкердің алдынан жолаушының ұсақ- түйек боп күл-паршасы шыққан айна сынықтар кейпіндегі бейнесі. Орындықтарға жайғаса жайылып кетеді. Бас кейіпкерді танитын күллі таныстарының бұл туралы көзқарастарын көрсететін айнадан өзін көрген кейіпкеріміз мынаған көз жеткізеді. «Қатарларды жағалап кетіп барам. Мен өзімді не түрлі ұсқында ғана көрмедім? Мен – тоқмейіл, мен – тоңмойын, мен – тоғышар, мен – сараң, мен – қу, мен – кесірлі, мен – алаяқ, мен – алжыған, мен – керітартпа, мен – надан, мен – … Адам сенгізіс, бірақ менің осы тұрпатты бейнелерім көп-ақ екен» [10, 202]. Бір кезде ол өзінің айнасына келді. Онда сүйіспеншілік бар. Бұл – адамның өзіне деген сүйіспеншілігі. Осы кезде шал екеуі арасында қызу пікірталас басталады. Адамның дара табиғаты турасындағы Зенонның, Шопенгауэрдің қанатты сөздерін келтірген кейіпкерге шал мысқылмен қарайды. Өйткені, ол сөздердің байыбына барып, терең түсінбегені байқалады. Шал деп отырғаны – Сократ. Шығарманың басынан «грек профильді бет-жүзі» мен
«сократ маңдайлы» шалдың Сократ екенін сезіп отыратын оқырманның эпилогте «Өзіңді таны» деген Сократ сөзіне тап болуы ойын шындыққа айналдырып жібереді. Жазушы Сократты емес, ақыл айтар абыз ретінде Асан Қайғыны немесе Бұқар жырауды айтса болар еді. Бірақ бас кейіпкеріміздің өз даралығын әлі де болса тани алмай жүргенін тереңірек ашып көрсету үшін әдейі батыс философиясының, еуропалық мәдениеттің іргесін қалап, гүлденуіне үлес қосқан тұлғалар сөздерін келтіруі де көп жайтты аңғартса керек. Зенон мен Шопенгауэрдің сөздерінде жете түсінбеуінің себебі де сол, ол өзін дұрыс таныған жоқ деген ой бар.
«Мифологиялық таным бойынша айна екі әлем арасындағы шекара ретінде, өлімнің ажырамас бөлшегі ретінде қарастырылған. Ол оның сиқырына қол жеткізгендер үшін күштің қайнар көзі ретінде және кеңістіктің алдында билік жүргізу әдісі ретінде саналады», – деп жазды әдебиеттанушы Г.Балтабаева [10, 19]. Сондай-ақ ғалым ХХ ғасырдан бастап әдеби- көркемдік санада айнаның әлемдер арасындағы шекара рөлін атқарғанын, символизм поэтикасында оның екіжүзділік, өлім, ақылсыздық мотивтерімен сәйкестендірілгенін жазады [10, 19].
Шығарманың идеясы түйінді абзацта ғана көрінеді. Негізгі образдар ретінде біз шал мен жолаушыны атасақ та, бірер жанама кейіпкерлер де көрініп қалады. Олар оқиға желісіне тікелей араласпағанымен, шығарманың идеялық концепциясының айқын ашылуына қызмет етеді. Мысалы, автордың жарының теледидарды қосуы және оның ар жағынан мемлекеттік басшысының су ішіп, сөйлеуге қайта оқталып жатқаны, оның жанындағы жылтыраған айнаның тұруы оқырманды ойландырмай қоймайды. Қазіргі қоғамдық-әлеуметтік ғылымдарда өз және өзге ұғымдары айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл үрдіс әсіресе жаһандану үдерісі күшейгелі тіпті көп тілге тиек етіліп, ғылыми қауым өкілдерінің назарын көбірек аударды деуге болады. Ұлттық бірегейлік, даралық, ұлттың өзіне ғана тән қасиет-бітімі, құндылықтар жүйесі сынды мәселелер таразы басының бір шетінде тұрса, екінші шетінде әлемдік мәдени көштің
бүгінгі сипаты, мультимәдени құбылыстар мен плюралистік қозғалыстар, жаһандық феномендер мен тенденциялар, мәденитаралық диалог сынды түйткілді тақырыптар тұр. Т.Шапайдың «Айна сарай» әңгімесі бізді аталған іргелі тақырыптар төңірегінде ой жүгіртуге итермелейді. Жолаушының шөл даладағы айна сарайдың ішіне кірген кезде ұсақ-түйек сынық айналарға айналып, амфитеатр секілді үлкен сарайға шашылып кетуі және оның ішіндегі әр орындыққа «жайғасқан» өз сынықтарының алдына барған кезде өз болмысын көруі мен шығарманың түйін-соңындағы елдің көшбасшысы бастап, үлкен сарайда дүрліге қол соғумен ғана отыра бастаған адамдардың параллель суреттелуі жайдан-жай емес. Отырғандар – айна сынықтары, оларға қарап, өзін танитын – жолаушы-жазушы ғана емес, сол елдің тізгінін ұстар басшысы да. Шығарманың түйінінде онейрикалық-фантастикалық уақыттан өзіміз өмір сүріп отырған тап қазіргі реалды уақытқа көшеміз. Одан да анығырақ айтсақ, Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты шарада Елбасы мен қуана қол шапалақтаған амфитеатрдағы көптің бейнесі көрінеді. Өз – өзге қатынасында қарасақ, мынадай түйіндер шығаруға болады: өзгені тану үшін өзіңді таны, өзгеге сыйлы һәм еңсеңнің биік болуы үшін де алдымен өзіңді таны деген емеурін бар. Өзіңді танымай тұрып өзге туралы түсінігің де бұлдыр күйінде қалмақ. Сонымен бірге, ең бастысы, Тәуелсіздігің баянды болмақ емес деген үлкен ескертуді көреміз. Тәуелсіздік құндылығы ашық та анық айтылмағанымен, оның баянды болуы үшін өз кемшіліктерімізді сарапқа салып, құр сағым-қиялға алданбау шарт деген ой бар. Одан тіпті елдің басындағы көшбасшының да айналып өтер дәрмені болмауға тиіс.
Құндылықтар жүйесінің өзгеруіне түрткі болатын факторлардың бірі

  • қоғамдық-саяси жүйенің басқа арнаға түсуі. Ірі тарихи оқиғалар өз кезегінде қоғамдық санаға да айрықша әсер етіп, қауым елдің аксиологиялық болмысын түрлендіреді. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан саяси басқару, құқықтық-юриспреденциялық жүйесі жойылып, дәстүрлі төл рухани-мәдени институттарының аясы тарылған ХІХ ғасырда да, патшалық отарлау жүйесінің орнын басып, айтулы саяси- тарихи дүмпулер туғызған ХХ ғасырдың бас кезіндегі қызылдар билігі кезінде де қазақ халқының санасында зор сілкініс болғаны белгілі. Оның шынайы бейнесін тарихи-деректік материалдардан ғана емес, өз дәуірінің әдебиетінде әдіптеліп қалған көркем мұраларынан танимыз. Біздің ойымызша, тарихтың осындай аумалы-төкпелі уақытында әдебиетте бейуақ мотиві ерекше көзге түседі. Зар заман поэзиясының өзегінде де аталмыш мотив жатыр. ХХ ғасырдың бас кезінде большевизм өкілдерінің бостандық, теңдік сынды жалпыадамдық құндылықтарды ту еткенімен, сайып келгенде, оның отарлау машинасының формасы ғана өзгерген өзгеше түрі екеніне көз жеткізген қазақ қаламгерлері де қарсылық танытып бақты. Біздің айтпағымыз тарихи деректерді қайта жаңғыртып, өткенге сарапқа салу емес, осындай алдың – бұлыңғыр, артың күңгірт тартқан өтпелі

кезеңдерде сөз өнерінің де беталыс-бағыты құбылатынын қаперде ұстау болатын. Біз дерекнамалық сипаты басым тарихи құжаттардан реалды шындыққа қол жеткізгенімізбен, сол дәуір адамдарының рухани- психологиялық болмысы мен ішкі құндылықтар жүйесінің қалып-күйін ашып бере алатын тап сөз өнеріндей құбылысты таба алмайтынымыз ақиқат. Жоғарыда тілге тиек етілген қоғамдық формациялардың ауысу кезеңдері секілді, ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында да қазақ қоғамында саяси-әлеуметтік бұрылыстар орын алғаны белгілі. Ал халықтың мұң- мұқтажы мен күйініш-сүйініші қатар көрінетін әдебиетте аталмыш кезеңде де жалғыздық сарыны, негативке салыну, өмірден түңіліп, психологиялық дағдарысқа тап болу сынды рухани-эмоциялық күй кешетін кейіпкерлер саны арта түсті. Яғни социалистік-жоспарлы қоғамда ұжымдық құндылықтар аясында өмір сүріп келген халық бәсекеге негізделген нарықтық қоғамда әп-сәтте индивидуалдық құндылықтарға сай өзгере алмағаны жасырын емес. Ал бұл өз кезегінде қоғамдағы этикалық- моральдық құндылықтар жүйесінінің айтулы қайшылықтарға тап болып, рухани деградация үрдісінің жүру қаупін зорайтады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қазақ қоғамында орын алған рухани және экономикалық дағдарыстың ұжымдық сананы жоққа шығарып, жеке индивидуум ой-өрісінің күшеюіне, сол арқылы сана трасформациясының жүзеге асуына түрткі болғанын айта келе М.Оразбек: «Экономикалық және рухани дағдарысқа ұшыраған елдің өмір сүру принципі өзгеше мәнге ие болғандықтан, әрбір адам өзінше тіршілік етуге ұмтылған, мәселені жеке- дара шешуге тырысқан «өзімшіл» сананың күшеюіне ықпал етті. Нәтижесінде мың құбылып, күнде өзгерген заман ырқы ұлт психологиясына айтарлықтай жарықшақ, сызат түсіріп, қырық құбылған индивид характер тудырғаны ақиқат. Қоғамдағы адам баласының ала-құла мінезі мен әрқилы іс-әрекеті түрлі оқиғаның тууына, бұрын қазақ арасында болмаған жағдайлардың орын алуына дейін көрініс берді», – деп жазды өзінің «Абсурд және антиқаһарман» атты мақаласында, дегенмен, бұл да ұзақмерзімді құбылыс бола алмайды. Өйткені, әлемдегі басқа халықтар әдебиетіне көз салғанда да осындай құбылыстың бар екенін байқадық.
Жоғарыда аталған кейбір сипаттарды біз қазақ әдебиетіндегі прозалық туындылардан көптен кездестіреміз. Өйткені, қаламгер, ең алдымен, өз дәуірінің тыныс-тіршілігін – өзі көрген, көңіліне түйген құбылыстарды шығармашылығына арқау ететіні рас. Осы орайда, жазушы Н.Ораздың шығармашылық әлеміне үңілуді жөн санадық. Себебі, оның шығармаларынан біз өмірдің нәзік иірімдерін танимыз, шынайылық пен сұлулықты ұштастыруға тырысатын кейіпкерлер келбеті көрінеді. Автордың өзі де жоғарыда тілге тиек етілген қоғамдық-психологиялық құбылыстардың белортасында жүріп, сол кездің ауыртпалығын жүрегінен өткізе білген қаламгерлер санатына жатады.
Жалпыадамдық құндылықтарды арқау еткен көркем туындылардың ғұмыры да ұзақ болатыны заңдылық. Өйткені, күллі адам баласы үшін маңызды болып табылатын категориялар қоғамдық формациялар ауысып, дәуірлер өзгергенімен, өзектілігін жоймақ емес. Содан да аталмыш ұғым- түсініктерді ту еткен әдеби мұралар ғасырлар бойы өз оқырмандарының рухани-мәдени қажеттіліктерін өтеп келеді. Этикалық-аксиологиялық сипаты басым әдеби мұралардың поэтикалық салмағы аса ауыр болмаса да, аталған қасиеттеріне қарай өз құнын жоғалта қоймайды деп ойлаймыз. Мысалы, совет кезеңінде мақтауға ілініп, көп насихатталған кейбір әдеби шығармалардың бүгінде ауызға алынбайтыны осының айғағы болса керек. Ал таптық, социалистік шындық аясымен шектелмей, жалпыадамдық құндылықтарды арқау еткен кейбір шығармалар әлі күнге дейін оқырман ықыласына бөленіп, өзінің маңыздылығын арттыра түспесе, кеміткен жоқ. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі оның қатаң цензурадан босап, ұлттық және жалпыадамдық мұраттарға қол созуында деп есептейміз. Бұл өз кезегінде проза жанрында да әрі аксиологиялық, әрі поэтикалық қуаты мол көркем туындылардың жазылуына түрткі болды. Әсіресе, тоқсаныншы жылдары әдебиет айдынына келіп қосылған қаламгерлердің үні өзінше бөлек шықты деуге негіз бар. Мысалы, жазушы Д.Рамазанның шығармашылығына зер салған оқырман оның мифологиялық, аллегориялық және діни сипаттарды астастыру арқылы ұлттық және жалпыадамдық құндылықтарды шебер қиюластыра білгеніне көз жеткізеді. Ә.Әлиакбар, А.Кемелбаева сынды жазушының белгілі замандастары баспасөз беттерінде оның шығармашылығына жоғары баға беріп, әдеби-ғылыми тұрғыдан талдаған болатын.
Қазіргі қазақ прозасында ұстанымдары, құндылықтар жүйесі мен таным-тәжірибесі өзара қайшылыққа толы кейіпкерлер әлемі қалыптасып үлгерді. Бұл, біздің ойымызша, рухани-мәдени тоқырауға ұшыраған қоғамда болмай қоймайтын құбылыс. Бір қоғамдық формациядан екінші формацияға ауысу үдерісінде құндылықтар жүйесінде айтарлықтай өзгерістердің жүзеге асатыны белгілі. Әдебиеттегі экзистенциалистік жатсыну құбылысының өзі осындай мәдени құлдырау тұсында пайда болады. Жатсыну құбылысы тұлғаның асыл деп жүргені жасыққа айналып, өзінің құндылықтық бағдарынан адасқан кезде пайда болады. Кейіпкерлердің бойын күдік пен күмән, сенімсіздік, қорқыныш, белгісіздік билеп алады. Мысалы, тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасында Т.Әбдікұлының «Парасат майданы» болсын, Д.Рамазанның «Көш» не болмаса Т.Шапайдың «Айна сарай» әңгімесі болсын, бәрінде де осындай күрделі кейіпкерлер жүйесі айқын көрініс табады. Социалистік режимнен нарықтық қоғамға ауысқан кезде қазақ ұлты бұрынғы өзінің құндылықтарын жаңғыртуға мүмкіндік алғанымен, өзінің болмысына сай қоғамға өтті дей алмаймыз. Мысалы, академик Ә.Нысанбаев қазақтардың болмысы, олардың құндылықтар жүйесі туралы айтқан кезде мынадай дүниелерге баса назар аударады: «Қазақ философиясы онтологиялық және гносеологиялық мәселелерден гөрі, этика мен антропологияға көбірек көңіл бөледі, аксиологиялық мәселелерге, әсіресе, рухани құндылықтарға ерекше назар аударады; қазақ философиясы өзінің ғарышпен, әлеммен үндестігі
арқылы сипатталады; философиялық мәселелер, қазіргі тілмен айтқанда, негізінен, экзистенциалдық, дидактикалық және прагматикалық сипатта қарастырылады, қазақ философиясында нәпсіден, байлықтан, табыстан гөрі, ар-намыс, қанағат, тәубе, әділеттілік және тағы басқалары жоғары қойылады; ұжымдық мүдде жеке мүддеден жоғары қойылады» [27]. Көріп отырғанымыздай, этикалық-моральдық құндылықтар аясында өмір сүретін қазақ қоғамы ендігі ретте материалдық-экономикалық құндылықтарды ту еткен нарықтық қоғамға аяқ басты. Мұның өзі қазіргі қазақ әдебиетіндегі күрделі кейіпкерлер жүйесі мен идеялық-мазмұндық бірліктердің көрініс табуына түрткі болды.
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ прозасында қоғам шындығы, ұлттың болмыс-бітімі құндылықтар дағдарысы контексінде танылады. Біздің ойымызша, құндылықтар жүйесінің бет-бейнесінің құбылуына түрткі болатын ірі қоғамдық-саяси оқиғалар әдебиет сахнасына бейуақ мотивін шығарады. Ірі тарихи оқиғалар қоғамдық санаға айрықша әсер етіп, елдің аксиологиялық болмысын түрлендіреді. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан саяси-юриспреденциялық жүйесі жойылып, дәстүрлі төл рухани-мәдени институттарының аясы тарылған ХІХ ғасырда да, патшалық отарлау жүйесінің орнын басып, айтулы саяси-тарихи дүмпулер туғызған ХХ ғасырдың бас кезіндегі қызыл өкіметтің орнауы кезінде де қазақ халқының санасында зор сілкіністер болғаны мәлім. Аталған тарихи- мәдени сілкініс өткен ғасырдың соңғы онжылдығында да жүзеге асты. Дегенмен бұл бодандықтан босап, азаттығын жария еткен елдің санасындағы мәдени сілкініс болатын. Қазақстан ұжымдық құндылықтарға арқа сүйеген социалистік режимнен индивидуалдық һәм материалдық- экономикалық құндылықтарға негізделген нарықтық қоғамға ресми түрде 1991 жылы көшкенімен, халықаралық деңгейде тек 2000 жылдан кейін ғана нарықтық қоғам деп танылды. Сонымен бірге ондаған жылдар бойы тұғырын бекітіп, қоғамдық санада мықтап орныққан коммунистік идеология нормалары рухани бағдар болудан қалды. Міне, аталған факторлар қазақ әдебиетінде бейуақ мотивін туғызды. Оған жаңа дәуірдің құндылықтарына дер кезінде бейімделе алмаған қоғам өкілдерінің мәдени қыспаққа түсуі, соның салдарынан қоғамнан, айналасынан және өзінен жатсынған, жалғыздыққа салынған кейіпкерлердің арта түсуі түрткі болды. Осындай өтпелі кезеңде сөз өнерінде құндылықтар қақтығысы айрықша көрінеді. Әсіресе, экономикалық-материалдық құндылықтар мен моральдық-этикалық құндылықтар арасындағы шиеленіс тәуелсіздік тұсындағы көптеген көркем туындылардың негізгі арқауына айналғаны жасырын емес.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет