Анықтамалар



бет9/13
Дата19.02.2023
өлшемі234,22 Kb.
#69261
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Аға буын

Жас қаламгерлер

Мазмұнға көбірек мән береді

Формаға көбірек мән береді

Көлемді жанрларда жазады

Қысқа жанрларға жақын

Тілі бай

Тілі жұтаң

Тарихпен ұштастыра отырып жазады

Тарихи мәселелерге бара бермейді

Дәстүрлі қазақ өмірін жазады

Бүгінгі қазақ қоғамы жөнінде жазады

Реализм, модернизм

Модернизм, постмодернизм

Объективті шындықты көп суреттейді

Субъективті шындыққа көбірек мән береді

Сюжетке баса мән береді

Идеяға баса мән береді



Тәуелсіздік тұсындағы әдеби туындылардан біз соңғы ширек ғасырдағы сөз өнеріміздің беталыс-бағытын, даму ерекшеліктерін ғана емес, сонымен бірге егемендік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ қоғамының өзіндік болмысын, қоғам мүшелерінің өзіне ғана тән ойлау жүйесін де тани аламыз. Проза жанры сондай-ақ жалпыадамдық құндылықтардың ғана емес, ұлттық құндылықтар жүйесінің де бет-бейнесін дәл таныта алуымен де құнды. Осы орайда, олардың арасында айтулы айырмашылықтар бар деген ой туу мүмкін. «Ұлттық және жалпыадамдық мәселелер әдебиеттің күрделі идеялық-эстетикалық құбылысы ретінде жан- жақты әрі арнайы зерделеуді қажет етеді», – дейді якут әдебиетіндегі аталмыш мәселелерді қарастырған Д.Васильева [24, 2]. Біздіңше, бұл жекелеген ұлттардың құндылықтары жалпыадамдық құндылықтардың көлеңкесінде қалып қояды дегенді аңғартпаса керек. «Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халықтың ізгі қасиеттерін бойына сіңіре білген адам, белгілі бір мөлшерде, жалпыадамдық құндылықтарды да тасымалдаушы тұлға болып есептеледі» [25, 61]. Аталған ұғымдарды өзара қайшы қоюға болмайды. Себебі ұлттық құндылықтар дегеніміз – жалпыадамдық құндылықтардың локальді түрлері. Тек осы тұста ғана оның өзіндік ерекшеліктері туындайды. Себебі ұлттың тілі, сенімі мен ойлау жүйесі, өткен тарихы мен өмір сүрер географиялық ортасы, реалды шындықты қабылдауы сынды факторлардың бәрі де халықтың жалпыадамдық құндылықтарға деген қатынасын қалыптастырады. Олардың арасында қатып-семіп қалған қамал жоқ. Құндылықтар жүйесін бұлайша жіктеу – шартты қадамдар. Дегенмен, ұлттың өзіне ғана тән құндылықтары жалпыадамдық құндылықтардың шеңберінен шыға қоймайды. Қайта көптеген ұлттық құндылықтарды жалпыадамдық құндылықтар аясында талдауға, түсіндіруге болатындай. Кез келген елдің әдебиетіне жалпыадамдық құндылықтар арқау болғанымен, олардың жоғарыда аталған факторлар себебінен өзіндік ерекшеліктері болмай тұрмайды. Мысалы, жалпыадамдық құндылық болып саналатын сұлулықты алайық. Кез келген халық сұлулықты қастер тұтқанымен,


сұлулыққа деген өлшемі әркелкі болатыны белгілі. Өйткені әрбір ұлттың өмірді тануы, реалды құбылыстарды қабылдау ерекшелігі біркелкі бола бермейтіні заңдылық. Міне, осы тұстан әсіресе бүгінгі жаһанданған заманда айрықша өзекті болып отырған ұлттардың өзіне тән бірегейлігі мәселесі туындайды. Содан да аталмыш ұғымдарды өзара қарсы қоюдың қажеті шамалы. Қайта олар бір-бірін толықтыра түседі. Осы орайда, ғалым Ш.Елеукеновтің мына пікірі орынды деп есептейміз: «Ұлттық һәм жалпы адамзаттылық сипаттардың қай-қайсысы да құрып жоғалып кетпек емес. Өйткені, бұлар – бір медальдің екі жағы. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Ұлттық қасиеттің қайсысы жалпы адамзат мәдениетінің гүлдеуіне қайшы келмек? Жалпы адамзатты оркестрге теңесек, ұлттар сол оркестрдің әрқайсысының үні бөлек аспаптары емес пе? Жалпыадамдық һәм ұлттық ұғымдары үйлесімі, келісімі жарасқан ұғымдар. Бұлар – бір домбыраның екі ішегі, бүркіттің қос қанаты тәріздес [52, 13]. Осыдан келіп ғалымдар әр ұлттың өзіне тән дәстүр-салты қалыптасатынын айтқан. Ол, бірінші тарауда тілге тиек еткеніміздей, халықтың тұрмыс-тынысына, мәдени келбетіне тікелей байланысты құбылыстар. Кей зерттеушілер контингенттер мен ірі региондардың өзіне тән құндылықтарын жіктеп көрсеткен. Мәселен, профессор Т.Ғабитов Батыс пен Шығыс өркениеттерін салыстыра отырып, мынадай басты ерекшеліктері бар екенін жазады: «Батысқа рационализм, христиан дәстүрі, ағартушылық, демократия, дербестік тән болса, Шығыс үшін, керісінше, мистерия, сезімталдық, исламдық және буддистік (басқа да) діни ұстанымдар, дәстүршілдік, ұжымшылдық, қауымдастық, мемлекеттің ерекше түрі тән келеді» [11, 115]. Аталған құндылықтардың бірін де жалпыадамдық құндылық емес деуге негіз жоқ. Тек олардың белгілі бір түрлері ғана қауым елдердің өмір сүру салтының өзегіне айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде әр халықтың моральдық кодекстерін қалыптайды. Шығарманы оқыған кезде сол халықтың өкілі осы моральдық сүзгі-идеалдар арқылы қабылдайды. Я болмаса автор аталмыш кодекстер аясында қалам тербейді.
Ұлттың өзіне тән құндылықтар жүйесі, мәдени атрибуттары оның тілі мен дінінен (сенім), тарихы мен өнерінен, әдет-ғұрыптары мен әдебиетінен мейлінше шынайы көрініс табады. Өйткені аталмыш категориялар жалпыадамдық құндылықтардың локальді сипатын танытатын, оның мәнін ашатын бірліктер болып саналады. Қазіргі әдебиетте этномәдени фундаментализмге оралу тенденциясы жүріп жатыр. Тарихи түпнегізін іздеу үрдісі әдебиетімізде эстетикалық бағыт алды деуге негіз бар. Ол, ең әуелі, кейіпкерлер болмысынан көрінеді. Шығарманың тұтастай идеясынан, идеялық концепциясынан айқын аңғарылады. Бүгінгі әдебиет ғылымы кейіпкерлердің жан-дүниесін ақтарып, санасындағы қатпарланған қабаттардың мәнін ашу үшін де, бір жағынан, ұлттық құндылықтары аясында қарастыруға басымдық беріп отыр. Өйткені, кез келген адам – белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі, қандайда бір әлеуметтік-психологиялық
шоғырдың ажырамас бір бөлшегі. Демек адамның (кейіпкердің) болмысын танып, бітімін түсіну үшін ол тиесілі көпшілік топтың психологиясын, мінезі мен дүниетанымын да қосарлай алып қарастыру керек болады. Яғни біз қазақ прозасының өзіндік ерекшеліктерін ұлттың дара қасиеттерінен бөле-жара қарай алмаймыз. Сонда ғана кейіпкерлердің құндылықтар жүйесін бағамдауға, жалпыадамдық құндылықтардың қазақ прозасындағы сипаты жөнінде шынайы пайымдаулар жасауға жол ашылмақ. Өйткені
«ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» (А.Байтұрсынұлы). Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ұлттың өзіне тән бірегейлігі мәселесі осы тұстан туындайды. Біз жалпыадамдық құндылықтардың ұлттық әдбиеттегі ерекшеліктері туралы сөз қозғағанда, оның өзіндік даралықты, этникалық бірегейлікті танытар қасиеті жөнінде айттық. Профессор Р.Нұрғали былай дейді: «Бейнеге бірінші тән қасиет – ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу. Олай болса, ешбір суреткер ешқашан да тілге, ұлттық бояуға зорлық жасай алмайды» [26,85]. Әдебиеттанушының бұл пікірімен келіспеске болмайды. Себебі, әлеуметтік тартыстар мен адам жанының терең қалтарыс-бұлтарыстарын әдебиеттей, сөз өнеріндей терең ашып беретін өнер мен құбылыс жоқ десек, әдебиеттің негізі, көркем туындының тіні – образда. Өйткені, өнер, оның ішінде, сөз өнері де сол ұлттық болмысты игеру әрекетінің айқын үлгісін көрсетеді. «Қашанда бейне объективті дүниенің субъективті сәулесі, ешбір өнерпаз бұл ықпалдан шет қала алмайды» [26,91]. Осы орайда, Мағжанның «Ойымызда, қиялымызда, әдебиетімізде Азия иісі аңқымауы мүмкін емес. ...қазақтың мыңжылдық тарихының, елтірі тұмағының иісі шықпауға мүмкін емес» деген сөзі еске түседі. Ал қазақ танымында, қазақ ұлтының құндылықтар жүйесінде танымдық, экономикалық құндылықтарға қарағанда этикалық, әлеуметтік және эстетикалық құндылықтар басым түседі. Мысалы, қазақтың «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген мақалынан тұтас ұлттың өзіндік даралығын, аксиологиялық приоритетін бағамдауға болады. Дәстүрлі қазақ қоғамында өмір сүрген адам үшін экономикалық құндылықтарға қарағанда этикалық-моральдық құндылықтардың артық тұратыны осыдан-ақ белгілі болады. «Американдықтардың «ақылды болсаң, неге кедейсің» деген ұраны заттық байлыққа ие болуды басты мақсат етіп, адамзат алдына үлгі ретінде ұсынылуда. Бірақ тек қарны тоқтық қазақ үшін ешқашан басты мәселе болмаған. Біз үшін рухани азық, көңілі тоқтықтың басты қағидасы, жанның жайлылығы, арының тазалығы, намыстың тегеуріні маңызды болған», – деген профессор А.Ісімақованың пікірі пікірімізді қуаттай түседі [12, 88]. Сондай-ақ қазақ ұлтының өзіндік ерекшелігін танытатын жалпыадамдық құндылықтар қатарына мыналарды қосуға болады. Жеке, индивидуалды құндылықтарға қарағанда ұжымдық құндылықтардың басым түсуі: өзара бірігіп, топтасып тіршілік кешу, үлкенге қарап, рубасының не ақсақалдың шешіміне ұйып, жұмыла әрекет ету, бірі қиналғанда, бәрі қол ұшын созу т.б. сынды ерекшеліктер мен осы
ұжымдық тұрмыс жағдайында ерлік пен жауынгерліктің айрықша әспеттеліп, еркіндік, үлкенге құрмет, сөз құдіреті, табиғат, Отан, дәстүр құндылықтарының биік қойылуы әдебиет әлемінде өз ізін қалдырып отырды.
Ұлттық және жалпыадамдық құндылықтардың құндылықтар жөнінде ой сабақтағанда мынаны ескеру керек деп ойлаймыз. Кез келген халықтың ұлттық құндылықтарын жалпыадамдық құндылықтар аясында қарастыруға негіз бар. Дегенмен әр ұлттың өзіне ғана даралығын танытып тұратын қасиеттері, құндылықтар жүйесі болады. Халықтардың тұрмыс- тынысында, өмір сүру жүйесінде жалпыадамдық құндылықтардың қай түрі басым түсетініне қарап біз сол ұлттың өзіне тән ерекшеліктерін тануға мүмкіндік аламыз. Мысалы, белгілі аксиолог-ғалым С.Нұрмұратов жапондардың әдетте эстетикалық құндылықтарға басымдық беретінін айта келіп, ол ойын былайша сабақтайды: «Рим, Батыс Еуропа мәдениеті құқықты бәрінен жоғары қойған. Яғни қазір әлемде айтылып жатқан құқық, жеке адамның бостандығы, еркіндігі, адамды қорғау деген мәселелер сонау Рим империясынан бастау алады. Сол дәстүр қазіргі кезеңге дейін жетті. Ал, Қытай, біздің қазақ және жалпы түркі мәдениетін алайық, барлығының рухани әлемінде жетекші роль атқаратын ұстаным, бұл – этикалық құндылықтар. Яғни жақсылық, әділеттілік, адалдық туралы құндылықтар біз үшін ең жоғарғы деңгей болып саналып келді. Ең әділ би, патша, шешен болса, әр сөзі мергеннің оғындай болса, біз соны өте құнды деп, соған көп көңіл бөлдік. Кез келген айтыс, ақын-жыраудың сөзі болсын, осыған келіп тірелген. Бұл – біздің менталитетіміз, этникалық келбетіміз» [20]. Бұдан аталған халықтардың мәдениетінде басқа жалпыадамдық құндылықтар жоқ деген жаңсақ пікір тумаса керек. Жалпыадамдық құндылықтардың ішінде белгілі бір құндылықтар түрі сол елдің рухани-мәдени келбетін қалыптап, өзіне тән ерекшеліктерін, ұлттық бірегейлігін танытады деп есептейміз. Дегенмен, бүгінгі қазақ прозасында аталған құндылықтар тап осы сипатымен көрінеді десек, қателесер ек. Қазіргі әдебиеттегі кейіпкер болмысына үңілмей, құндылықтар туралы тұщымды тұжырым, ғылыми негізді пікір айтуға ерте. Содан да болар, қазақ әдебиетіндегі кейіпкер болмысын тану мәселесі қашанда өзекті болған. Ғылыми басылымдар мен мерзімді баспасөз беттерінде А.Исәділдің [50], Қ.Әлімбетовтің [51] Қ.Қасымбекованың [52], Н.Сұлтансихқызының [53], А.Садықовтың [54] мақалалары жарық көрді. Сонымен бірге кейіпкердің жағдайғы байлынысы жөнінде де арнаулы ғылыми зерттеулер жазылды [55].
Көркем мәтіннің негізгі нысаны адам десек, оның қуаныш-қайғысы да, арман-аңсары да мәтіннен көрініс табады. Сол арқылы қоғамның қалпы танылмақ. Адам – табиғат, адам – тағдыр, адам – билік, адам – қоғам, адам
– тарих, адам – болашақ, адам – халық, адам – Құдай, адам – ситуация байланыстары аясында танымы таразыға түсіп, құндылықтар жүйесі бағамдалады. Сондай-ақ мына құбылысты ескерген жөн. Көркем әдебиетте
аталған қатынастар адам мен өзге объектілер байланысында ашылып келген болса, соңғы ширек ғасырда бұл жүйе біршама өзгеріске ұшырады. Бүгінгі қатынас негізінен адам мен сыртқы фактор арасында жүріп жатқан жоқ: өз- өзімен арпалысқан, өзімен күрескен, өзін жегідей жеген немесе ішкі құндылықтарымен қайшылыққа түскен жаңа тұрпатты кейіпкерге кез болып отырмыз. Содан да қазіргі қазақ прозасында адамның ішіндегі адам мәселесі алға шықты деуге негіз бар. Жазушы Н.Ораздың мына пікірі ойымызды қуаттай түседі: «Әдебиет дегеніміз – адамтану» [56]. (М.Горкий) деген тұрғыдан келетін болсақ, меніңше, бүгінгі күнге дейінгі әдебиет адам мен табиғат, адам мен қоғам, адам мен адамның арасындағы т.б. қарым- қатынасты толық зерттеп, жазып біткен сияқты. Ендігі әдебиет Жаратушы мен адамның, ғарыш пен адамның, тылсым дүние мен адамның арасындағы байланысты құпияларына үңіліп, психологиялық, генетикалық тұрғыдан талдау жасайтын болар деп ойлаймын» [57]. Жоғарыда талдау нысаныса алынған жас қаламгерлер шығармаларынан да біз осындай ерекшеліктерді байқадық. Ол өз кезегінде баяндау жүйесіне де әсер етпей қоймады.
«Бұрынғыдай біреуді біреудің көзімен көру, яғни кейіпкер тағдырын, ой- арманын бір ғана автордың баяндауында емес, енді өзіңді-өзің өз көзіңмен көре білу алдыңғы қатарға қойылды» [58, 8]. Осы орайда, қазіргі әдеби кеңістікте ішкі монологтің салмағы артып, мәні ұлғайды деуге болады. Ішкі монологтің әдеби-эстетикалық мүмкіндіктерінің мол екені белгілі. Ол –
«адам ішіндегі адамды», жеке тұлғаның бүтін бітімін аша алатын бірегей поэтикалық құбылыс. Бір жағынан, ішкі монологтің басымдыққа ие болуы кейіпкердің айнала-қоғамнан аласталғанының, алшақтағанының белгісі болып саналады. Ол міндетті түрде жапан далада қалуы шарт емес. Көп ішіндегі жалғыз болуы да ғажап емес. Үлкен қалаларда өмір сүретін, миллиондар ішінде жүрсе де, жалғыздықтың тақсіретін тартып жүрген кейіпкер болуы ықтимал. Ішкі монолог – жатсыну құбылысын жан-жақты ашып беретін көркемдік әдіс. Кең диапазонда қарастырсақ, ішкі монолог қоғамдық қатынастардың дағдарысқа ұшырағанын, коммуникациялық- мәдени бірліктердің ыдырағанын танытатын тәсіл деуге де болады.
Аталған ерекшеліктердің бәрі де адамның болмысынан көрініс табады десек, ол адам тұлғасының үш негізіне барып тіреледі. Оның біріншісі – танымы. Санадағы құбылыстардың өзі әдебиетте екі түрлі сипатта – санада және бейсанада көрінетіні белгілі. Біздің ойымызша, бейсанада көрініс табатын құндылықтар реалды өмірдің заңдылықтарымен дөп түсе бермегенімен, адам психологиясын таныту рөлі тұрғысынан біршама айқын әрі шынайы шығады. Екінші негіз – кейіпкер эмоциясы. Көркем шығарма эмоцияға толы, бұл өнер атаулыға тән ерекшелік. Үшінші негіз – кейіпкердің әрекеті. Алғашқы екі түрлі қайнар көз үшінші негізіне қозғау салады. Танымы мен сезімі кейіпкердің белгілі бір әрекеттерге баруына түрткі болмақ. Көркем шығарма адам болмысының аталған үш негізін толыққанды ашып беруімен де құнды болып саналады. Осы
тұрғыдан алғанда, біз бұған дейінгі әдебиеттің тәрбиелік, танымдық, эстетикалық қызметтеріне қоса аксиологиялық қызметі бар деп айтуымызға болады және көркем шығарма өз ішінде тілдік таңбаларды қамтыған аксиологиялық таңбалардан құралады.
Біз жоғарыда ұлттық және жалпыадамдық құндылықтардың арақатынасынан ұлттың бірегейлігі деген бүгінде аса өзекті болып отырған мәселенің туындайтынын айттық. Әсіресе жаһандану жағдайында оның өзектілігі арта түспесе, еш кеміген жоқ. Осы орайда, қазіргі қазақ прозасында мынадай екі түрлі типтегі кейіпкер болмысы қалыптасып отыр. Ол өз және өзге қатынастарын туғызады. Соның негізінде бұқаралық мәдениет пен ұлттық мәдениет арасындағы қақтығыстардың, әртүрлі қатынастардың өрбуіне түркі болмақ. Біз аталмыш қатынастардың шынайы бет-бейнесін әдебиеттен, сөз өнерінен, оның ішінде көркем де кестелі туындылардан айқын аңғарамыз. Ондағы кейіпкерлердің болмысы, ой- ұстанымдары, өмірге деген көзқарастар жүйесі – жалпы құндылықтар әлемінен хабардар боламыз. Екі түрлі типтегі кейіпкерлердің бүтін бітіміне сүйене отырып, біз қазіргі қазақ прозасында космополиттік және этноцентристік арналар қатар дамып жатыр деп батыл айта аламыз. Себебі өзінің тамыр-түбін іздеген ұлттық кейіпкерлер және өз құндылықтары мен әлемдік мәдени бірліктерді қоса-қабат бойына сіңірген гибридтік- космополиттік кейіпкерлер тұлғасы айқын көрінеді. Тәуелсіздік тұсындағы прозада айрықша көрінген бір адамның екіге жарылуы – диедалық кейіпкердің дүниеге келуі сынды құбылысқа да аталмыш үрдістің әсер- ықпалы болмады дей алмаймыз. Өйткені адамның ішіндегі арпалысқан, алай-дүлей ойлар мен сезімдер тасқыны – оның құндылықтар жүйесінің жемісі.
Әдебиетте өз тамырын іздеген кейіпкерлердің сахнаға шығуы жайын айтқанда, ол жайлы еліміздегі белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың да пікір білдіріп, ой сараптағанын айтпай кетуге болмайды. Қазіргі прозаның беталысын бағамдап, көптеген ғылыми еңбектер жазған профессор Ш.Елеукенов былай дейді: «Жаңа дәуір өзімен бірге жаңа тақырып ала келетіні, соны кейіпкерлер туатыны мағлұм ақиқат. Кейінгі кезеңде жазылған проза қаһармандарының көзге түсетін бір ерекшелігі ол тап қырқысын дәріптемейді, әлеуметтік-шаруашылық мәселелерін күйттеуге де бармайды. Ендігі шығармаларда ұлтының көкейкесті мүдделі жолында жанын салатын күрескерлер алға шығуда» [59, 10]. «Қазіргі әдебиетке жаңа кейіпкерлер галереясының келуі саясатқа негізделген жағымды- жағымсыз кейіпкерлерді әдеби әлемнен ығыстырды», – деген әдебиеттанушы-ғалым Г.Орданың пікірі де жоғарыдағы ойды растай түседі [60, 62]. Расында да, қазіргі қазақ прозасына Отан, туған жер, егемендік, еркіндік, атамекен құндылықтарын ұлықтап, бәрінен үстем қоятын кейіпкер келді. Бір жағынан, мұны жетпіс жылдық цензураның бұғауынан босаған әдебиеттің қалыпты ағысы деп топшылаймыз. Ендігі ретте еңбек адамы мен
таптық күрес басты орында емес әрі міндетті түрде орыс ұлтының өкілі аға- дос бейнесінде көрінбейді.
Екінші типтегі кейіпкерлердің болмысы бөлек болмағанымен, сипаты ерек. Мұндай кейіпкер болмысының қазіргі прозада көрінуін заңдылыққа балауға болады. Өйткені қазіргі қоғамдағы әр алуан өзгерістер, жаһандану жағдайы, мультимәдени сананың үстем бола бастауы және тағы да басқа мәдени-рухани, саяси-әлеуметтік ағыстардың бәрі де біз тілге тиек етіп отырған екінші типтегі кейіпкер болмысын қалыптастырды. Қазіргі қазақ прозасында осындай екі түрлі кейіпкер кездеседі. Олардың болмысына үңілгенде, жағымды немесе жағымсыз деп кесіп айтуға келмейтін қасиеттерді танимыз. Өйткені олардың болмысы күрделі. Жақсы деген кейіпкердің бойынан жағымсыз қасиеттерді мен қылықтарды оңай аңғаруға болады, сол секілді жағымсыз деген кейіпкердің бойынан да адами қасиеттердің нышанын бірден байқайсыз. Бүгінгі кейіпкерке үкім жүрмейді. Үкім берілсе, бір жақты, жадағай баға берілген болады. Өйткені олардың бойында жақсы адамда да, жаман адамда да бар қасиеттер мен қылықтар кездеседі. Бұл бүгінгі адам жанының күрделілігі ғана емес, қазіргі қоғамның мәдени бет-бейнесінің күрделілігін танытады. Өйткені әр адам өзі өмір сүріп отырған қоғамның жемісі.
Үлкен тарихи бетбұрыстардан кейін құндылықтар жүйесінің қайта сарапқа түсетіні белгілі. Дегенмен, соңғы ширек ғасырда мәдени-рухани кеңістігімізге енген әртүрлі құндылықтардың оған дейінгі қалыптасқан құндылықтар жүйесінің бет-бейнесін аз уақытта түбегейлі өзгертіп жібере алмасы анық. Өйткені құндылықтардың динамикалық сипатынан гөрі статикалық сипаты әлдеқайда басым. Ресми тәуелсіздік жарияланғанымен, қоғамдық сананың тәуелсіз болуы, құндылықтар жүйесінің өзге қалыпқа көшуі біршама уақыт алатын құбылыс. Дегенмен экономикалық, саяси һәм әлеуметтік факторлар себебінен қоғамдық санада айтулы өзгерістердің жүзеге асып жатқанын ескеруге тиіспіз. Содан да, жоғарыда айтқанымыздай, екі түрлі кейіпкер болмысы қалыптасып үлгерді. Біздің ойымызша, болмысында, әрекетінде ұлттық құндылықтардың лебі байқала бермейтін кейіпкерлердің пайда болуына мынадай факторлар ерекше әсер етті. Оның біріншісі – нарықтық құндылықтардың үстем болуы. Қазіргі өркениеттің өзегінде бәсеке жатыр, ал ол өз кезегінде homo-economics деп айдар тағылған адам тұлғасын қалыптады. Бәсеке, озық болу, бәрінен алда болу деген құндылық қазіргі қоғамның бейнесін дәстүрлі қазақ қоғамының бейнесінен алшақтатып жіберді. Өйткені, қазақтың ұлттық құндылықтары озуға, бәстесуге, бәсекеге негізделмеген. Гедонистік көзқарастағы адамдардың көбеюіне де осы фактордың тигізер әсер-ықпалы аз болмай тұр. Біз тілге тиек еткен кейіпкерлердің жаңа түрінің қалыптасуына әсер еткен екінші фактор – тұтыну қоғамы. Қазіргі әлеуметтану ғылымында консюмеризм деп аталатын аталмыш құбылыс жаңа тұрпаттағы адамның, оның құндылықтарының негізін қалыптастырды. Консюмеризм, яғни
тұтыну қоғамы тек қана материалдық-заттық бірліктерге деген тәуелділікті туғызып қана қоймады, сонымен бірге аталмыш үдеріс мәдени- идеологиялық тұрғыдан да азаматтардың қажеттілігін қанағаттандыру тетігіне айналып кеткенінің куәсі болып отырмыз. ХХІ ғасыр адамының өзге елдердің рухани «тауарларын» тұтынуы қалыпты жағдайға айналды. Бұл тек біздің елде ғана жүріп жатқан үдеріс емес. Әлемдік трендтердің аясында ғана түсіндіруге болатын құбылыс дер едік.
Кейіпкер болмысын, оның құндылықтар жүйесін тануға сеп болатын көркем өнердегі салмақты бірліктер ретінде уақыт пен кеңістік ұғымын айтамыз. Өйткені аксиологиялық ерекшеліктер әдетте аталмыш физикалық ұғым-түсініктердің аясында ашылатыны анық. Мысалы, кеңістік шығарма көркемдігінде шешуші рөл ойнамауы мүмкін. Дегенмен оның негізгі идеялық концепцияны жеткізуде көтерер жүгі орасан. Кейбір жазушылар көркемдік-поэтикалық құрал ретінде оқиғаны қазақ жерінде емес, бөтен елде өрбітеді. Қалай дегенмен де, негізгі сюжеттік желісі басқа елде өткенімен, жазушының айтпақ ойы, айтқысы келген емеуріні – шығарманың идеясы қазақ өмірімен, қазақ тағдырымен тікелей ұштасып жататынын ақиқат. Қазақтың әдеби туындыларындағы кеңістік ұғымын саралағанда, ондағы мынадай үш категорияның айрықша маңызды болатынына көз жеткізу қиын емес. Олар – жол, дала және әңгімелеуші. Мұның өзі ұлттың тарихи-мәдени тұрмысынан хабардар етеді. Жол, негізінен, көшпенділердің құндылығы. Батыс әдебиетінде, жалпы, қалалық мәдениет шарықтаған елдердің әдебиетінде кеңістік көбіне өзінің статикалық сипатымен көрінеді. Ал қазақ әдебиетінде көбіне-көп динамикалық сипатымен назар аудартады. Алайда бұл уақыт ұғымымен тікелей байланысты. Кеңістік жөнінде айтқанда, оның тәуелсіздік құндылығымен тікелей сабақтас ұғым екенін де айтуға тиіспіз. Жалпы, ел концепті белгілі бір уақыт пен кеңістікке байланған деуге негіз бар. Әдебиеттанушы-ғалым А.Абдуллинаның: «В литературоведении основными формами репрезентации национальной картины мира признаются, соответсвенно, художественное пространство и тесно связанное с ним художественное время, как категории, являющиеся важнейшими параметрами художественного текста, служащие конструктивными принципами организации литературного произведения» [61, 55-56] деген пікірі ойымызды қуаттай түседі. Бұл әлемдегі кез келген халыққа тән құбылыс деп есептейміз. Өйткені әр ел өсіп-өнген ортасын жұмаққа телиді. Сол секілді, қазақ ұлтының рухани өмірінде де қасиетті жер (Жерұйық, Жиделібайсын т.б.) мен уақытқа (қой үстінді бозторғай жұмыртқалайтын заман) деген мәдени-концептілік байланыс орныққан. Бұл тәуелсіздік құндылығымен тікелей ұштас ұғым екенін жоғарыда тілге тиек еттік. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасында да біз уақыт пен кеңістікке қасиет дарыту, құндылық үстеу құбылысының шетін қалмағанын байқаймыз. Ендігі нысан Жерұйық не болмаса Жиделібайсын елі емес,
тәуелсіз Қазақстан Республикасы, оның территориясы ұлттың еркін көктей алатын, өсіп-өркендейтін қасиетті кеңістігі ретінде ерекше көрінеді. Осы орайда уақыттың да ерекше маңызды екенін ескеруге тиіспіз.
Егер әдеби шығармаға дәстүрлі қоғамның оқиғалары арқау болса, көп жағдайда кеңістік осы аталған сипаттарымен көзге түседі. Қазіргі қазақ прозасында уақыттың сипаты өзгергені өз алдына, тарихи уақытқа, тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытқа қайта баға беру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Егер біз диссертациялық жұмысымызға арқау болған шығармалардағы уақыт бірлігіне көз салсақ, олар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр аралығын қамтитынан көз жеткіземіз. Талдау нысанына алынған роман, повесть, әңгімелерде қазақ даласындағы, қазақ қоғамындағы оқиғалардың көркемдік-эстетикалық картинасы жасалды.
Қазіргі қазақ прозасында оқиғалық уақыт тек қазіргі реалды уақытты ғана суреттеп қоймайды. Бірінші тарауда айтқанымыздай, қаламгерлер қауымы тарихты қазбалап, ұлттық құндылықтарды жаңғырту үстінде. Аталмыш фактор прозада тарихи тақырыптың қайта түлеуіне түрткі болды. Бұл әсіресе роман, повесть сынды сүйекті жанрларға қатысты. Қазақ хандығы тұсынан бастап бүгінгі егемен ел болғанға дейінгі кезең көркем шындыққа айналып, поэтикалық тұрғыдан бағамдалып жатыр. Әлеуметтанушы ғалымдар шартты түрде қоғамды үшке бөліп қарастырады. Олар – дәстүрлі, индустриалды және постиндустриалды қоғамдар. Әрбір қоғам түрлерінің өзіндік құндылықтар жүйесі болатыны белгілі. Этикалық құндылықтар – дәстүрлі қоғамда, материалдық-экономикалық құндылықтар – индустриалды қоғамда, ал білім, жасампаздық құндылықтары постиндустриалды қоғамда үстемдікке ие болады. Мысалы, дәстүрлі қоғамның шындығын арқау еткен көркем шығармаларда кейіпкерлердің дені ұжымдық құндылықтармен және дәстүр-салттың аясында ғұмыр кешеді. Кейбір батыс елдері бүгінде постиндустриалды қоғам жағдайында өмір сүріп жатыр дегенімізбен, Қазақстанда индустриалды қоғамның салмағы әлі де басым. Постиндустриалды қоғамның белгілері біртіндеп тұрымысымызға еніп, әдебиетімізде көріне бастағанымен, әлі де толық орнығып үлгерді деуге ерте. Жоғарыда аталған қоғам түрлерінен көшпелілік, феодализм, социализм, капитализм т.б. сынды әлеуметтік-экономикалық формациялар туындайды. Әрбір қоғамдық формацияның өзіне тән ойлау жүйесі – менталдығы, соған сай құндылықтары орнығады. Бүгінгі прозада осы уақытқа дейінгі қоғам түрлерінде үстем болған ойлау жүйелерінде кездесетін құндылықтардың сарқыншақтары бар. Мысалы, мифтік сана көріністерін алайық. Бір жағынан, аталған қоғам түрлерінің әрқайсысына тән құндылықтардың бір арнада түйісер тұсы – модернистік туындылар.
Біз құндылықтардың өзгеруіне қоғамдық-саяси дүмпулердің, кенеттен болған айрықша үлкен оқиғалардың әсер ететіні жөнінде сөз еткен болатынбыз. Егер біз мәселеге осы қырынан қарайтын болсақ, әлеуметтану
ғылымында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында орныққан белгілі теорияның мүмкіндіктеріне жүгінгеніміз жөн болатын секілді. Ол – ұрпақтар теориясы. Аталған теорияға сай, тарихтағы айтулы оқиғалар толқындардың өзіндік ойлау жүйесін, құндылықтарын қалыптастырады. Бірнеше ғылымдар тоғысында туындаған теорияны америкалық ғалымдар

  • Нейл Хоув пен Уильям Штраус ұсынған болатын. Ұрпақтар теориясын зерделей келіп, соның негізінде қазіргі білім беру саласына қатысты тың тұжырымдар жасаған отандық ғалымдар мынадай пікір білдіреді:

«Қандайда бір ұрпақты түсіну үшін сол буынның негізгі құндылықтарын, өзіне тән ойлау жүйесін қалыптастырған басты тарихи оқиғаларды анықтау және соны дұрыс талдай білу керек. …»құндылықтар» термині ұрпақтар теориясының негізі болып табылады» [62, 67]. Ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, ұрпақтар теориясындағы басты кезеңдердің өзіндік сипат- ерекшеліктерін келтірейік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет