14-дәріс
БАТЫС ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ
ЖАҢА ТАРИХЫ. 1-ТОМ
АНТИКА ФИЛОСОФИЯСЫ
Эпистемология
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
АШЫҚ
УНИВЕРСИТЕТІ
Кітап:
Дәріс:
Батыс философиясының жаңа тарихы, 1-том. Антика философиясы
14. Эпистемология
2
Мақсаты
– Сократқа дейінгі философиядағы эпистемологиялық мәселелерді, Сократ
іліміндегі білім мен білімсіздік ұғымдарын, сонымен қатар, Платонның «Теэтет» диалогін
қарастыру.
Жоспары:
1. Сократқа дейінгі эпистемология.
2. Сократтағы білім және білімсіздік.
3. Платонның «Теэтетіндегі» білімдер.
Түйін сөздер
Білім, таным теориясы, эпистемология, ақиқат жолы және пікір жолы, білім парадигмасы,
эпистема.
Кенни төртінші бөлімді эпистемология атымен белгілі философияның саласын анықтаудан
бастайды. Эпистемология – нені тануға болатынын және оны қалай тану керектігін зерттейді.
Бәріміз де көптеген сұраққа қатысты түрлі тұжырымдар айтамыз. Бірақ оның бәрі бірдей
нақты білім болып санала ма? Шынайы білім дегеніміз не және ол қарапайым сенімнен қалай
ерекшеленеді? Жәй ғана алдамшы, жалған түсінікті жою үшін ақиқат білім алудың ең сенімді
жолы бар ма? Философияның ерте кезеңінен бастап грек ойшылдары бас қатырған осы
сұрақтар еді.
Сократқа дейінгі эпистемологияның өкілі Парменид таным теориясының негізін салушы
деген атаққа үміткер бола алады. Қайткенмен де, ол білім мен сенім арасында жүйелі
айырмашылықты көрсетіп кеткен алғашқы философ болды. Оның атақты поэмасының
басында әйел құдай оған барлық нәрсені – анық ақиқатты да, пенделердің сенімсіз ойларын
да оқып-тани аласың деп уәде береді. Поэма ақиқат жолы және алдамшы пікірлер жолы деп
аталатын екі бөлімнен тұрады. Ақиқат жолы Парменидтің болмыс теориясын сипаттайды.
Бұл мәселені Энтони Кенни өз кітабының метафизикаға арналған алтыншы тарауында
тыңғылықты қарастырады. Пікір жолы сезім әлемімен, өзгерістер және түстер әлемімен, бос
атаулар әлемімен айналысады. Ақиқат жолын таңдамаған пенделер метафизикалық қателерге
ұрынып, білімсіз қалады. Есінен адасқан, көзін шел басқан, құлағы бітеліп қалған олар ішкі
сенімінің дәрменсіздігінен «екі бастылар» деп аталуға лайық.
Шынайылық пен жалған көрініс арасындағы айқын айырмашылық Демокриттің еңбегінде
де кездеседі. Ол үшін атом мен бос кеңістік – бұл тек екі ақиқат және сезімдікпен қабылданатын
қасиет – тек сыртқы көрініс қана. Сезім арқылы қабылданатын нәрселер заттар туралы
шындық бола алмайтынын көрсету үшін олар бір-біріне қарсы келеді деп тұжырымдады.
Дені сау адам мен ауру адамның астың дәмін сезінуі екі бөлек. Адамдар жануарлармен ортақ
тіл табыса алмайды және сенсорлық ерекшеліктер бір индивидке әр уақытта әртүрлі болып
көрінуі мүмкін, – дейді Аристотель өзінің Метафизикасында. Сезімдік көрініс ақиқатқа емес,
тек сенімге әкеледі. «Шартты түрдегі тәтті, – дейді Демокрит – шартты ащы; шартты түрдегі
ыстық шартты салқын; шартты түрдегі түстер – шындығында – атомдар мен бос кеңістіктер».
«Суық жел» деген мысал жалған сенімді көрсетеді деу – ол бірдеңемен салыстырғанда ғана
дұрыс деумен бірдей нәрсе емес. Бірақ Демокриттің өзі нені меңзесе де, оның сезімдер тәуелсіз
шынайылық туралы ақиқатты жеткізе алмайды деген ойды қолдағаны түсінікті. Егер мен сіз
тұрған жел өтінде тұрып оны ыстық десем, ал сіз суық десеңіз, Демокрит екеуің де шындықтан
алшақсыңдар деп айтушы еді. Ал Софист Протагор болса бұған мүлде қарама-қарсы бағытты
ұстанып, екеуіңдікі де ақиқат деуші еді. «Адам барлық заттың өлшемі, – дейді Протагор өзінің
атақты сөзін айтып, – «бар» дегеніміз, бар болғаны – бар, жоқ болғаны – жоқ». Нақты адамға
дұрыс көрінгеннің барлығы сол адамға дұрыс. Сондықтан да, барлық наным-сенімдер ақиқат,
дегенмен, олардың салыстырмалы ақиқаты ғана бар. Демокрит іздеген және сезімдік әлемнен
3
Кітап:
Дәріс:
Батыс философиясының жаңа тарихы, 1-том. Антика философиясы
14. Эпистемология
таппаған тәуелсіз, обьективті ақиқат жоқ. Ал Демокрит Протагор ілімі өз-өзін терістейді деп
есептеген. Егер де барлық сенімдер шынайы болса, сол шынайы сенімдердің ішінде әрбір
сенім дұрыс болуы мүмкін емес деген сенім бар. Мүмкін, Протагор осы қарсылыққа қарсы
келгісі келген шығар. «Менің ойымша...» деген сөз және оның грек тіліндегі эквиваленті сезімді
немесе ойды қамти алады және осы фактіні Демокрит өзінің терістеуінде пайдаланды. Алайда
тарих көрсеткеніндей, Протагор бұл қашу жолын таңдаған жоқ. Оның қызығушылығы сезімдік
қабылдау аясынан әлдеқайда кең. Лаэрттік Диоген оның сөздерін мысалға келтірді, онда әр
нәрсенің екі қарама-қарсы түсіндірілуі бар делінген. Ал Сенека болса әр мәселені екі жақтан да
жақсылап талқылауға болады деген сенімде болған.
Протагор үшін барлық ақиқат салыстырмалы және ол – қарапайым желді сезу сияқты
субъективті мәселеге ғана қатысты ақиқат емес. Ол осы тезисін ақтау үшін біз білетін ешбір
дәлел келтірмейді. Бірақ бұл тезис Демокриттің қақпанынан құтылуына мүмкіндік береді.
Ол «Кейбір сенімдер жалған» дегенді шынайы деп қабылдай алады. Бірақ ол Демокрит үшін
шынайы. Протагор болса «Ешбір сенім жалған емес» дегенге де шынайы деп сене береді. Әрине,
шынайы, тек өзі, Протагор үшін. Осы екеуінің біреуін таңдауда қандай да бір басқа жол болуы
керек және Платон оны табуға тырысты. Біз бұл мәселені алда талдаймыз.
Софисттерді әрқашан скептицизмнің уағыздаушысы болғаны үшін кінәлады. Кейбіреулер
Сократ та осы ойшылдардың бірі болды деген пікірде. Әрине, Сократ білімге талабы жөнінен
басқалардан озып кетті. Өзінің білімсіздігін мойындау жағынан да бәсі биік болды. Алайда ол
нақты бір саладағы мамандар немесе қолөнершілер туындысын әкелген білімге дау айтқан
жоқ. Шынында да, Платонның Сократпен сұхбаты бізді етікшілік, судағы құрылыс, суда жүзу,
ас пісіру, емдеу сияқты өнер мен кәсіптің түрлерін көрсетіп, мораль мен саяси білімдерге
талаптанғандар өз қалауын тауып, тексеру үшін құрастырылған білім парадигмасымен
таныстырды. Егер Сократты скептик десек, онда оның скептицизмі шектелген және шартты
еді.Дегенмен Сократ эпистемологиясын бағалау үшін және Платон өз диалогтерінде Сократтың
аузына салған эпистемологиялық тезистерді түсіну үшін қазақ тіліндегі «білім» сөзіне азды-көпті
сәйкес келетін түрлі грек сөздерін талқылауымыз қажет. «Эпистемология» сөзінің өзі гректің
«эпистема» деген сөзінен шыққан, ол кең көлемдегі білімді сипаттауда қолданылғандықтан,
оның қазақ тіліндегі баламасы – «ғылым» деген сөз. Осы зат есіммен байланысты «epistamai»
етістігінен басқа күнделікті білу мен тануға қызмет ететін сөздер туындайды. Демек, episteme-
нің бір саладағы мүмкіндігін теріске шығарушылар – міндетті түрде скептицизмді жетекке
алған барлық білімді жоққа шығарушылар емес.
Дельфийлік сәуегей әлемде Сократтан асқан ақылды адам жоқ деп жариялады. Ақылы
барлармен сұхбаттасқаннан кейін Сократ білмейтін нәрселерін білемін деп өзін алдама-
ғандықтан, олардан ақылдырақ екенмін деген шешімге келді. Саясаткерлермен және
ақындармен сөйлесе келе, олардың өз атағы шыққан салада ештеңе білмейтінін байқады.
Алайда ол қолөнершілердің өзі білмейтін көптеген заттар туралы білетінін анықтады (episteme).
Осыдан қолөнершілердің оған қарағанда білімдірек екені белгілі еді. Олар жеке тәжірибе
негізінде өздерін мүлде басқа, маңыздырақ тақырыптарда ақылдымыз деп санап, қателескені
өз алдына мәселе еді. Сократта олардың қараңғылығы да, білімі де болмағандықтан, өзін
олардан жақсырақпын деп шешті.
Платонның Сократпен сұхбатында нақты бір саладағы білімін көрсететін біреу болады.
Әдетте осы кейіпкер нақты бір игіліктің немесе кәсіптің табиғатына қатысты білімге
құштар келеді. Сөйтіп, Евтифрон құдайшылық пен ибасыздық туралы білімі бар екенін,
Менон қайырымдылықтың не екенін білетінін қуана айтады. Тіпті қарапайым Хармид та
қарапайымдылықтың не екенінен хабардармын деп ойлайды. Сократ өз сұрақтарына
анықтамаларда сипатталған білім алғысы келетін сұрақтарды қояды. Әр анықтама тұжы-
рымдалған соң, Сократ оның кемшіліктерін айтады немесе қарсы мысал келтіреді, немесе
олардағы терминдердің екі ұшты тұстарын табады. Қарсы мысалдар екі түрлі формада болуы
мүмкін. Олар анықтама өзінің шамасынан не артық, не кем қамтитынын көрсетеді. Сөйтіп,
Цефал «Мемлекетте» әділдік шындықты айтудан және қарызды қайтарудан басталады десе,
ал Сократ қарызға алған қаруды ессіз досыңа қайтару – әділ емес деп наразылық білдіреді.
Екінші жағынан, Лахес ерлік дегеніміз – ұрыс даласынан қашпай, өз орныңда қалу дегенде,
Сократ тактикамен кейін шегіну де – ерлік деп анықтап көрсетті. Ерте ме, кеш пе, аталған
Кітап:
Дәріс:
Батыс философиясының жаңа тарихы, 1-том. Антика философиясы
14. Эпистемология
4
«мақтаулы» маман өз анықтамасының дұрыс емес екенін мойындауына тура келеді. Әрі оның
дәл анықтама бере алмауы білімге талабының жоқтығын көрсетеді. Бір нәрсенің болмысын
білу – шынында да, ерекше білім түрі. Платон мен Сократ заманынан бері талай философ үшін
ол білімнің парадигмасы болып келді. Қазіргі кезде философтар, Сократтың мәнге қатысты
пікірінің табандылығын сынайды. Витгенштейн философтарды қызықтыратын заттардың
ішінде кейбірінің мәні мүлде болмауы да мүмкін дейді.
Қазақ тіліндегі білім сөзінің күнделікті түсінігіндегі анықтамасын шектейтін және
нақтылайтын күші жоқ екенімен келісе аламыз. Алайда философтың ерекше міндеті – мәнді
іздеу, жағдайға қарай түрлі тұжырымдар арасындағы айырмашылықтардың өзара ұқсастығын
табу. Бұл арнайы міндеттің көздегені – білімнің деңгейіне жету. Ең кем дегенде, түсінікті
қалыптастырушының қарапайым білімінен жоғары түсінікке жету. Осы түсінік деңгейі үшін
Платон өзінің кейінгі кемеліне жеткен диалогтерінде гректің «episteme» сөзін пайдаланды.
Платонның ең ауқымды диалогтерінің бірі Теэтет – Білім (Эпистема) дегеніміз не? деген
мәселеге арналған. Әуелгі диалогтерінің қатарына жатпаса да, құрылымы Сократ сұхбаттарына
ұқсайды. Диалогте жас әрі атақты математик басты кейіпкер бірнеше анықтамалар ұсынады.
оларды Сократ теріске шығарады. Осылайша драма білімсіздікті әшкерелеумен аяқталады.
Жас Теэтет диалог басында «Білім деген не?» деген сұраққа жауап іздеумен әлек. Сократ өзін
жауапты жарық дүниеге әкелуге көмектесу үшін өзін босандырушы ретінде ұсынады. Алайда
«жүктілік» жалған, «нәресте» тек «елес» болып шығады.
Теэтет бірінші сөзінде білім бір жағынан, геометрия және астрономия, ал екінші жағынан,
етікшілік пен ұсталық секілді заттардан тұрады дейді. Сократ ешқашан да құр тізімді қанағат
тұтпайды. Бұл жарамайды. Сократ егер біз геометрия мен ұсталықты анықтауға тырыссақ,
«білім» деген сөздің өзі анықтамада пайда болар еді дейді. Әрі қарай Теэтет «білім дегеніміз –
қабылдау» деп жорамалдайды. Бір нәрсе жайлы білу дегеніміз – оны сезіммен қабылдау дейді.
Ал Сократ егер сол қабылдау үнемі дұрыс болса, онда шынайы нәрсе таныла алады. Білім
де сезім арқылы көріне алады дейді. Алайда бұл – біз тек Протагордың тезисін қабылдаған
жағдайда ғана мүмкін іс. Жеке адамға шынайы болып көрінген нәрсе – ол үшін де шынайы.
Ал егер бір сәттік сезім туралы айтсақ, Протагор тезисі Гераклиттің әлем үздіксіз қозғалыста
деген тезисінен гөрі шындыққа жақын. Біз көріп тұрған түстер – өзгермейтін объект емес.
Менің көзім бір кесек мәрмәрді көргенде, оның ақтығын байқаймын. Мұнда менің көруім екі
сәттік қабылдау болады, олар – ата-аналық көз бен ата-аналық мәрмәрдің кездесуінен туған
егіз сыңайлы. Егер мен нақты жағдайда «Мынау ақ» десем, қателеспегенім. Маған ешкім де
қарсы келмейді. Сезімнің басқа түрлері туралы да осыны айтуға болады.
Біз Протагордың қабылдаушының айтқанына сену деген тұжырымына көндік делік.
Дегенмен Сократ мұндай пайымға келудің өзі ақылға сыймайтын көп басқа жағдайлардың
бар екенін айтып қоймайды. Біз ұшып жүргеніміз туралы түс көреміз. Адам ақылынан адасып,
өзін Құдаймын деп санауы мүмкін. Адамға көрінгеннің бәрі шындыққа жанаса бермейді
деген осы емес пе? Тіпті қабылдау сезімдері қателеспейтін қарапайым жағдайлардың өзінде
шынайы білім фактісі бола алмайды. Біз осыны түсімізде көріп жатпағанымызға қалай сенімді
бола аламыз? Өміріміздің жартысын төсекте өткіземіз. Адамның ұйықтап жатқанын немесе
ояу екенін дәлелдеу мүмкін еместігі – әдеттегі жағдай дейді. Осыдан соң Сократ Теэтетке (және
Протагорға) өте мардымсыз жауап ұсынады. Себебі ол ұйықтап жатқандар мен ақылынан
адасқандарға қатысты емес, сезімдеріне ауру әсер еткен науқас адамдарға қатысты еді.
Мысалы, Сократ ауырып қалды делік. Осы кезде ішкен тәтті шарап оған қышқыл болып
көрінді. Гераклиттің ойынша, шараптың дәмі – шараптың сапасы мен оның дәмін татушының
қабылдауының нәтижесі. Шараптың дәмін татқан кезде сырқат Сократтың қабылдауы дені
сау кезіндегіден басқаша. Шараптың қышқыл екені шындық болмауы мүмкін. Алайда Сократ
ауырып тұрғанына байланысты шарап қышқыл көрінуі мүмкін. Сонымен, бұл жерде қате
қабылдау жоқ. Білім мен қабылдау эквиваленттігіне де қол жеткізілген жоқ. Сократ диалогте
түрлі тақырыпқа ауысады. Білімсіз қабылдау жағдайы да бар. Мысалы, біз шет тіліндегі сөзді
естиміз. Алайда ол тілді білмейміз. Қабылдаусыз білім жағдайы да бар. Мысалы біз көзімізді
жұмамыз да, көргенімізді еске түсіреміз. Оны біз енді көрмесек те, оның қандай екенін білеміз.
Егер білім дегеніміз – қабылдау болса, осы екі мысал да бір мезеттегі білім мен білімсіздік
5
Кітап:
Дәріс:
Батыс философиясының жаңа тарихы, 1-том. Антика философиясы
14. Эпистемология
болмақ. Бұл абсурд қой, солай емес пе? Бірақ тура осы кездің өзінде Сократ Протагорға қиыннан
шығатын жол тауып беруге дайын. Бір мезеттегі қабылдау немесе қабылдамау жағдайын оңай
шешуге болады. Егер бір көзіңіз таңулы болса, онда сіз бір көзбен ғана көресіз. Екінші көзіңізбен
көре алмайсыз. Сондықтан қабылдау дегеніміз – білім болса, оған таңғалудың керегі жоқ. Сіз
бір мезетте білесіз де, білмейсіз де.
Теэтетті білім дегеніміз – қабылдау деген болжамнан бас тартуға мәжбүрлеген Сократтың
соңғы дәлелі мынадай: сезім арқылы қабылданатын объектілер бізге түрлі жолдар арқылы
жеткізіледі. Біз көзімізбен көріп, құлағымызбен естиміз. Түстер дыбыстармен бірдей емес. Біз
түстерді ести алмаймыз және дыбыстарды көре алмаймыз. Бірақ «түстер дыбыстармен бірдей
емес» деген тұжырым нені білдіреді? Білімнің бұл бөлігі қайдан келді? Олар көзден келген
жоқ, өйткені олар дыбыстарды көре алмайды. Олар құлақтан да келген жоқ. Өйткені олар
түстерді ести алмайды. Тіпті, естумен көруге арналған мүшелер секілді, бірдейлікті ажыратуға
арналған мүше жоқ. Сезімдердің бәрінен босатуға пайдаланатын жалпы терминдерді жанның
өзі таңдайды.
Теэтет осы дәлелге жауап ретінде білімге берілген екінші анықтамаға ауысады. Білім
дегеніміз – қабылдау емес (эстетизм), ол ой (докса). Ал ой – сол жанның қызметі. Сана жұмыс
істегенде, өзімен-өзі сөйлескендей болады. Сұрақ қояды. Оған жауап береді. Үнсіз пікірін
қалыптастырады. Білім басы бүтін оймен теңестіріле алмайды. Өйткені қате ойлар болады.
Бірақ біз, мүмкін, білім дегеніміз – дұрыс (шынайы) ой дей алатын шығармыз.
Сократ «жалған ой» түсінігінің өзіндік шиеленістері жоқ емес деген қызықты ауытқудан
кейін бұл анықтамаға да қарсы өз ойын ұсынды. Кейде нағыз қажетті білімі жоқ болса да,
нақты ойы бар, нақты пікір қалыптастыра алатын адамдар кездеседі. Егер ақылды адвокат
белгілі бір үкім шығаруға алқабилердің көзін жеткізсе, ол үкім фактіге сәйкес келсе, онда
алқабилер шынайы көзқарас қалыптастырғаны. Алайда олардың шынайы ойлары білім болып
есептеле ме? Сократтың ойынша, олай болуы міндетті емес. Жорамалдап отырған тонаудың,
не шабуылдың кезінде не болғанын тек куәгер ғана біледі. Демек, білім – дұрыс ой деген
анықтамаға сай келмейді. Соңында, Сократ барлық қалған дәлелдерді терістеген соң Теэтет
жеңіледі. Біз білім туралы анықтамаға жетуден әлі де алыспыз, яғни біздің диалог барысында
«білу» және «білмеу» деген сөздерді пайдалануымыз заңсыз болғаны. Мүмкін, Теэтет білімді
анықтауда басқа дәйектерге көшіп, «ақтау», «себеп» немесе «дәлел» және оған қоса, шынайы
сенім плюс логос деген сияқты «логос туралы» төртінші ойын ұсынып көрсе, онда келесі
ғасырлардағы философтар жауапқа қанағаттанған болар ма еді, кім біледі. Бірақ Платонның
Сократы – оңай-оспақты місе тұтатын жан емес. Платонның өзі де «Мемлекеттің» 6 және
7-кітаптарында Сократ арқылы мүлде басқа стильдегі, мүлде басқа эпистемологияны көрсетті.
Міне, осылай біз Энтони Кенни кітабының төртінші бөлімінде талдаған Сократқа дейінгі
философиядағы эпистемологиялық мәселелерді, Сократ іліміндегі «білім» және «білімсіздік»
мәселелерін, сонымен қатар, Платонның «Теэтет» диалогін қарастырдық. Келесі дәрісімізде
біз осы тақырыпты жалғастырып, Платон мен Аристотель философиясындағы эпистемология
мәселелеріне тоқталамыз.
Тақырыпты бекітуге арналған сұрақтар
1. Эпистемология дегеніміз не?
2. Сократтық философияға дейінгі өкілдердің ішінде кім эпистемологияның негізін салушы
рөліне лайық бола алады?
3. Демокрит эпистемологиясының ерекшелігі неде?
4. Неге Протагор үшін ақиқат әрдайым салыстырмалы?
5. Сократтың ақиқатқа жету тәсілінің мәні неде?
6. Теэтет білімді анықтау үшін қандай дәлелдер келтіреді және оларды Сократ қалайша
терістейді?
7. Сіз білімнің қандай анықтамасын келтіре аласыз?
Кітап:
Дәріс:
Батыс философиясының жаңа тарихы, 1-том. Антика философиясы
14. Эпистемология
6
Әдебиет
1. Anthony Kenny, Ancient Philosophy: A New History of Western Philosophy, Volume 1. – Oxford
University Press. – 2014. – 368 p.
2. Кенни Э., Батыс философиясының жаңа тарихы, 1 том, Антика философиясы. – Алматы:
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. – 408 б.
3. Әлемдік философиялық мұра: жиырма томдық. 2-том: Антикалық философия / құраст.:
Қ.Ә. Әбішев, Т.Ы. Әбжанов. – Алматы: Жазушы, 2005. – 567 б.
4. Диоген Лаэртский, О жизни, учениях и изречениях знаменитых философов. / Пер. и прим.
М. Л. Гаспарова. Общ. ред. и вступ. ст. А. Лосева. (Серия «Философское наследие»). – М., Мысль,
1979.– 624 с.
5. Платон, Диалоги. – М.: Академический проект. – 2017.
6. Чернышев Б.С., Софисты. – М., 2015.
Достарыңызбен бөлісу: |