Прагмалингвистиканың зерттеу нысанын толық тану әрі сөйлеу тіліндегі дискурс пен мәтіннің мазмұндық-ақпараттық мәнін ашу үшін, таңбаның, яғни прагматиканың “іс-әрекеті мен бітім-болмысын” айтушы мен тыңдаушының қарым-қатынасы арқылы тану стилистиканың жаңа бағытының пайда болуына негіз бола алады. Прагмалингвистика адамның коммуникативтік іс-әрекетінің ауызша (дискурс), жазбаша (мәтін) екі формасын қарастырады. Тілді таратудың осы екі формасы көптеген проблемаларға ортақ бола отырып, күрделі айырмашылықтарымен ажыратылатын тұстары да молынан ұшырасып отырады. Дискурс теориясы мен мәтін теориясы прагмалингвистикалық зерттеудің негізгі мақсатын айқындайды. Дискурс пен мәтіннің таңдалуы коммуникаттардың сөйлеу іс-әрекеттерінің ментальды проблемаларын олардың интенциясымен қоса вербальды және вербальды емес тілдік құралдарды пайдалана отырып, коммуникативтік құралдарды есепке алып отырады. Бұл проблемаларды шешу тек ішкі лингвистикалық және сыртқы лингвистикалық факторлардың біріккен есептерін талап етіп қана қоймайды, сонымен қатар қоғамдық ғылымдармен тоғысуын талап етеді. Прагмалингвистиканың мақсаты мәтін мен дискурстың табиғатын толық ашу, ендеше екеуіне де ортақ терминдерді анықтап алу қажет. Олар: прагматика, коммуникация, информация. Прагматика – коммуникаттардың бір-біріне және мәтіннің мазмұнына (жазбаша және ауызша түрде) олардың коммуникативтік пиғылымен және сұхбаттасу мән-жайымен санасқан жеке қарым-қатынасы. Коммуникация вербальды және вербальды емес (паралингвистикалық) тәсілдер қолдану арқылы екі немесе одан көп тұлғалардың ақпарат алмасуы немесе баяндау түріндегі байланысы прагматиканың тікелей қатысы арқылы өтеді. Ақпарат (лат. “бір нәрсені хабарлау”) қарапайым тіл арқылы коммуникация жағдайына жеткізілетін қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың ерекшелігінің жиынтығында прагматиканың рөлі ерекше танылады. Прагмалингвистиканың негізгі зерттейтін саласы дискурс пен мәтін десек, олардың әрқайсысына тоқтала кетеміз. Дискурс көп мағыналы термин, лингвистикалық, философиялық, психологиялық, тарихи зерттеулерде қолданылып келеді. Шетел тіл білімінде дискурс сөзі “ауызша сөз” мағынасында да қолданылған. Дискурс сөзінің алғашқы мағынасы “ақылды ойлану” (разумные размышление) деген сөздің мағынасында айтылған. Дискурс терминінің жан-жақты кеңеюіне, әр түрлі сипатқа ие болуына (мысалы, мәтін ұғымымен барабар немесе коммуниканттардың барлығына тән мәліметтердің жиынтығы болып саналуы т.б.) Д. Ван Дейктің мектебінің ықпалы тікелей әсер етті. Бұл мектептің өкілдері дискурс табиғатын толық ашуда когнитивті-прагматикалық әдіс-тәсілді пайдалануға болатынын көрсеткен еді. Н.Д. Арутюнова дискурсқа былай анықтама береді: “дискурс та – сөз, өмірдің ортасынан ойып алынған сөз”.