Қоғамдасып тіршілік ету — адам эволюциясының қозғаушы күші.
Кез келген жануарлардың тіршілік әрекеті рефлекстер мен түйсіктер (инстинктер) арқылы ғана жүзеге асады. Жануарлардың топтасып тіршілік етуге көшуі тек табиғи сұрыпталу арқылы ғана жүріп отырды. Адамның ең ежелгі маймылға ұқсас ата тектері де топтасып өмір сүрді. Олардың еңбек етуі де қоғамдық сипатта болды. Сондықтан Ф.Энгельс адамның арғы ата тегін топтасып тіршілік еткен маймылдардан іздестіру керек екенін атап көрсетті. Топтаса жүріп еңбек еткендіктен, олардың арасында өзара қауымдық қарым-қатынас калыптаса түсті. Еңбек қоғам мүшелерінің қауымдасуына септігін тигізді. Олар ұжым болып аң аулауды, жыртқыш аңдардан қорғануды үйренді, қоғамдасып бала тәрбиесіне көңіл бөлді. Ересектер өз өмір тәжірибелерін ұрпақтарына үйретті. Адам бірте-бірте отты пайдалануды және оны сақтауды үйренді. Адамның арғы ата тектері бірте-бірте өсімдіктекті тағамдарды пайдаланудан жануартекті тағамдарды көбірек пайдалануға көшті. Етті тағамдар адам организмін қажетті өте сапалы аминқышқылдарымен қамтамасыз етті. Ол үшін олар аң мен балық аулау құралдарын жасауды жетілдіре түсті. Жануартекті тағамға көшу адам организміне де өзгерістер енгізді. Мысалы, адам ішегінің қысқаруы, шайнау бұлшық еттерінің жетіле түсуі, т.б. Отты пайдалану адамның арғы ата тектеріне көп жеңілдіктер мен мүмкіндіктер туғызды. Қоғамдасып тіршілік ету жағдайы адамның арғы ататектерінің табиғатты танып білуіне, өмір тәжірибелерінің жинақтала түсуіне мүмкіндік жасады. Олардан бір-бірімен ымдау, ишарат және дыбыс шығарып хабарласуды талап етті. Ең ежелгі адам пайдаланған сөздер еңбекпен тікелей байланысты болды. Бірте-бірте көмекейдің, ауыз қуысындағы мүшелердің құрылысы сөйлеуге байланысты өзгерді. Тұқым қуалау және табиғи сұрыпталу арқылы айқын сөйлеу мүшелері қалыптасты. Адам да жануарлар сияқты сезім мүшелері арқылы сыртқы орта тітіркендірулерін қабылдайды. Бұл — бірінші хабаршы жүйе арқылы жүзеге асады. Екінші хабаршы жүйе адамның жоғары дәрежелі жүйке қызметіне тікелей байланысты. Адамның арғы тектерінің өзара сөзбен қарым-қатынас жасауы адам миының дамуына, ойлау қабілетінің арта түсуіне ықпал жасады. Сөз бірте-бірте тәрбие құралына айналды. Сөз арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас арта түсіп, қоғамдық байланыс дамыды. Адамның арғы ата тектерінің эволюциясында биологиялық және әлеуметтік факторлар бірлесе ықпал жасады. Қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасуына сәйкес адамдар арасында табиғи сұрыпталу өз мәнін бірте-бірте жойды. Оның есесіне әлеуметтік фактор (еңбек ету, сөз) адам эволюциясында негізгі орын алды. Ойлау, сөйлеу , ұжымдасып еңбек ету қабілеттері ешқашан тұқым куаламайды. Тек адамның морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктері ғана тұқым куалайды. Кейде адам қоғамынан тыс тәрбиеленген жас балаларда (кейбір аңдар асырап алған) ойлау, сөйлеу қабілеттері мүлде дамымайтыны анықталды. Қоғамдық құрылыста әрбір аға ұрпақ өз білімін, өмірлік тәжірибелерін кейінгі ұрпаққа тәрбие, білім беру арқылы жалғастырады. Қоғамның дамуына байланысты адамдардың еңбек ету кабілеті арта түсті. Түрлі шаруашылық салалары дамыды, өнеркәсіп өркендеді, ғылым, өнер, сауда, дін, т.б. өрісін кең жайды. Тайпалардан бірте-бірте ұлттар пайда болды. Жаңа мемлекеттер құрылды. Қорыта айтканда, биологиялық (тұқым қуалайтын өзгергіштік, тіршілік үшін күрес және табиғи сұрыпталу) және әлеуметтік факторлардың (еңбек әрекеті, етті тағамды пайдалану, қоғамдық қарым-қатынас, сөз және ойлау) бірлескен жиынтығы антропогенездің негізгі қозғаушы күштері болып саналады .