ҚАРАТАЛДАҒЫ ҰЛЫ ТОЙ ҚАРАТАЛДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР ТАҢЕРТЕМЕН БАСТАЛДЫ. ТОҢ БАЙЛАНЫП, ҚАРДЫҢ КҮРТ ЕРУІ, ӨЗЕННІҢ ҚОСА ТАСУЫ ОЙЫЛ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫН БІРАЗ ӘБІГЕРГЕ САЛҒАНЫ РАС, СОНДАЙ-АҚ ТОЛАССЫЗ ТОЛЫҚҚАН ӨЗЕН СУЫ ЕКПЕТАЛ, ҚАРАТАЛ АУЫЛДАРЫНА ДА ҚАУІП ТУДЫРДЫ. Күннің нұрлы шуағына малынған ағайын бір-біріне ақ тілектерін ақтарып, құшақтаса көрісті. Қарияларымыз елдің тыныштығын тілеп, ырыс, несібеміз арта берсін деген ақ баталарын берсе, аудан өнерпаздары домбыра шанағынан күй төгіп, ән салды. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев қараталдықтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, наурыздың елге, әрбір отбасыға ырыс-берекесімен келуіне тілектестігін білдіріп, су басу қатерін ауыздықтауда күн-түнімен санаспай қолғабыс қылған ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді. Қаратал ауылын көктемгі су тасқынынан қорғау жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін Батырбек Телжанов, Қуанышбек Сұлтанғалиев алғыс хат пен “Анвар” ЖШС директоры, жерлесіміз Талғат Салфиковтың демеушілігімен 300000 теңге сертификатын табыс етті. Сонымен қатар бірқатар ауыл азаматтарын көктемгі су тасқынынан қорғау жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін өзінің алғыс хатымен марапаттады. Cонымен қатар Мұрабек Оспановқа 50000 теңге сертификат табыстады.
Мерекеде арқа-жарқа болған жұртшылық наурыз көжеден дәм татып, ұлттық спорт ойындарын тамашалады.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл ауданы.