Байланысты: Археология пәні және оның мақсаты, археология мәдениеті
Археология пәні және оның мақсаты, археология мәдениеті. Оның басқа ғылым салаларымен байланысы.
Археологияның ғылым саласы ретінде қалыптасуы.
1. Көне заттарды зерттеп адамзат тарихын зерттеуге мүмкіндік пайда болған соң және оны зерттеу әдісін тапқан соң археология ғылым ретінде қалыптасты. «Археология» термині екі грек сөзінен тұрады: архайос - көне және логос – ғалым. Ең алғашқы бұл терминді қолданған Платон болатын. Бұл терминді Платон «көне заттар туралы ғылым» деп түсінетін. Кейіннен, XYIII ғасырда, археология деп антикалық өнер тарихын атайтын. Тек қана біздің дәуірде кәзіргі археологияның мағынасы қалыптасады.
Негізгі тарихи пәндердің арасына археология да кіреді. Бұл ғылым адамзаттың тарихын жан-жақты қамтиды. Қалған ғылымдарға қарағанда, археология, адамзаттың тарихын, адамның пайда болғанын, қоғамдық сана сезімнің шығуын, толығырақ зерттейді. Біздің уақытқа дейін көне дәуірлерден қалған жазба деректер өте аз сақталған. Заттай деректерді бәрі де жерде кездеседі. Заттай деректерді зерттеу әдістері жазба деректерде зерттейтін әдістерден өзгеше болып келеді. Осыны дәлелдегесін ғана, археология негізі тарихи ғылымдардың біреуі болып есептеле бастады. Археология - тарих ғылымының негізгі бір саласы, негізінде заттай деректерді зерттеу арқылы, адамзат тарихының дамуын және осы дамуын және дамуының заңдылықтарын зерттейді. Археологияны күрек пен бірге жүретін ғылым деп атайды. Қазіргі археологияның зерттеу пәні - ежелгі қоғам және оның материалдық, рухани, этногенездік, тұрмыстық әлеуметтік аспектілері.
Археология ғылымы тарихтың өткені мен қазіргі кезеңнің өзара байланысын түсінуге мүмкіндік береді, тарихи құбылыстардың заңдылықтарын, әлемдік тарихтың іргелі мәселелелерін ашып көрсетеді және адамзат қоғамы мен дүниежүзілік мәдениеттің бірлігі туралы ой қалыптастырады. Археологияның тарихи білімдер жүйесінде маңызы жылдан жылға артуда. Қазба жүмыстары нәтижесінде көптеген жаңалықтар мен археологиялық ескерткіштер ашылып ғылымның дамуына қомақты үлес қосуда.
2.Археология – тарих ғылымдарының бірі. Ғылым аты гректің archaios- көне және logos- сөз (ғылым) сөздерінен шыққан. Негізінен алғанда заттық деректемелер арқылы адамзаттың арғы дәуірлерін таниды.
Бастапқыда «археолог» деп көне дәуірлермен шұғылданған зерттеушіні атаған. Алғашқы қазба жұмыстары (көне замандардағы және орта ғасырлардағы көнеліктерді жерден қазып алуды көздеген патша және билеушілер әрекеттерін есептемегенде) ХVІІІ ғасырдың басында жүргізілді /1711 ж./. Ол кезде Италиядағы антик заманның Помпей қаласын аршып алу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар бастапқыда шұңқырлап қазу сияқты ғылыми әдістер әлі қалыптаспаған заманда басталса да, заман өте зерттеудің жетілген үлгілері қолданысқа енеді. Бұл орайда XIX ғасырдағы итальян археологы Фиорелли үлкен еңбек атұарды. Жерорта теңізінің жағалаулары мен аралдарында, континентті Европада және Азияның, Африканың жекелеген аймақтарында жүргізілген қазба жұмыстары археологияны ғылым ретінде қалыптастырды. Жазу мәдениеті шыққанға дейінгі алыс замандар осы жолмен зерттеле бастады, археологияның зерттеу әдістері молығып, ұғымдары анықталды.
Теориялық археологияны дамытуда, қола ғасырын тануда скандинавиялық зерттеушілер Томсен, Ворсо, Монтелиус, ал ертетасты зерттеуге француз Мортилье ерекше үлес қосты. Өзге бір археологтар сенсациялық жаңалықтар ашты. Мәселен, ағылшын Эванс Жерорта теңізіндегі қола ғасырының Крит мәдениетін ашты. Неміс Шлиман аңызды Троя қаласының орнын Түркия жеріндегі Ғиссарлық төбесінен тапты. Қазу жұмыстарының ғылым қалыптастырып келе жатқан әдістерін қаражат иесі Шлиман ескермей, ескерткішке көп нұқсан келтірсе де, ол археологияға деген өз қызығушылығын өзгелерге де, әлем жұртшылығына да дарыта білді. ХIХ ғасыр соңында көне Троя қаласын археолог Дерпфельд дұрыс зерттеп, Шлиманның қателерін түзеді. Сөйтіп, жер бетіндегі өткен замандардың таңғажайып өркениеттері көпшілікке әйгілі болды, тас ғасыры, оның кезеңдері, қола дәуірі, ертетемір туралы түсініктер әдебиетке енді.
Ресейдегі алғашқы археологиялық зерттеулер барлау сипатында 18 ғасырдың бірінші ширегінде жүргізіле бастады. Бірінші Петр заманында және одан кейін көнеліктер іздестірілді және соған байланысты көптеген ескерткіштерге нұқсан келтірілді. Көнеліктерді төбешілер (бугровшиктер) тонады. Жағдай ІІ Екатерина заманында ғана оңала бастады. Орыс жеріндегі қорғандар да әуелі дұрыс зерттелмей, шұңқырлап қазып, заттар ғана іздестірілді. Патшалық Ресейде ғылыми әдістерді археологтар Городцов, Фармаковский, Спицын сияқты зерттеушілер орнықтырды.
Қазақстан жерінде алғашқы қазба жұмыстарын әйгілі ғалым В.Радлов жүргізді. 1865 жылы ол Шығыс Қазақстанда, Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы Үлкен Берел қорғанын қазды.