Сөз құрамын меңгеру ісінде кездесетін мақсат-міндеттер
Сөз құрамын оқу әдісінің жүйесі.
Түбір мен түбірлес сөздерді таныту.
«Қосымша» туралы ұғымды түсіндіру және оқыту әдісі.
Сөз құрамы – арнайы мектепте 5 сынып оқушылары үшін ерекше мәні бар әрі қиын тақырып. Сөздің мағыналы бөлшектерінің (морфемаларының) ұғымын жетік меңгеру процесі оқушылардың абстракциялы ойлауының дамуын, тіл фактілерін бақылап, оған талдау жасай алуын және мұғалімнің жетекшілігі арқылы өздігінен қорытындыға келе білуін талап етеді.
Ал, морфемаларды (бөлшектерін) оқып білудің, толық меңгерудің маңызы мынада:
Біріншіден, сөз құрамы жөнінен теориялық материалмен танысу балалардың тіл туралы білімін кеңейтеді.
Екіншіден, сөз құрамын оқып үйрену оқушының орфографияны толық меңгеруіне, сауатты жаза білуіне негіз қалайды, өйткені қазақ тілі түбір сөздерін дұрыс жазу ережелері морфологиялық принципке негізделеді. Балалар сөз құрамы жөнінен үйренген теориялық білімдері мен сөзге талдау жасау арқылы меңгерген біліктерінің негізінде түбір сөзді және оған жалғанатын қосымшалардың дұрыс жазу заңдылықтарын саналы түрде бірте- бірте меңгере түседі.
Үшіншіден, сөз құрамын меңгерту мен сөз жасау тәсілдеріне жаттықтыру оқушылардың сөз тануға деген назары мен ынтасын аударады. Сөздің мәніне терең түсініп, дұрыс қолдана білуге, сөз мағынасы мен формаларының ара қатынасына зейін аударуға дағдыланады.
Төртіншіден, сөз құрамы бөліктерін үйретумен байланысты балалардың сөздік қоры байиды, сөз тіркестерінің байланысын табуға және өз ойларынан сөз тіркестерін жасауға, сондай-ақ сөйлем құрау дағдысына машықтану арқылы оқушылардың ауызша, жазбаша сөйлеу мәдениеті дұрыс қалыптасады, орфоэпиялық норманы сақтап мәнерлеп оқуға және таза сөйлеуге үйренеді. Сайып келгенде сөз құрамы тақырыбынан алғашқы ғылыми ұғымдарды меңгеруі, дағды алуы арқылы кем балалардың дүние танымының саналы қалыптасуына негіз болады.
«Сөз құрамы» 5 және 8 сыныптарда өтіледі. 5 сыныпта түбір, қосымша, жалғау, жұрнақ, туынды сөз; 6-8 сыныптарда біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер деген грамматикалық ұғымдар меңгертіліп, олардың мағыналары, жасалу жолдары, жазылу емлелері үйретіледі.
Сөз құрамын (морфемаларды) меңгерту төмендегідей міндеттерге жетуіді көздейді:
Жүйелі практикалық жұмыс процесінде оқушылардың түбір, жалғау, жұрнақ деген ұғымдарды саналы меңгеруі қамтамасыз етіледі.
Оқушыларды сөзді бөлшектерінде талдай алу іскерлігіне машықтандыру, яғни сөздің түбірін, жұрнақ, жалғауларын тану, берілген бір сөзге түрлі-түрлі жұрнақ жалғап түбірлес сөздер жасау, бір ғана жұрнақ жалғанған әр алуан түбірі бар сөз табу сияқты көптеген жаттығу жұмыстары атқарылады. Сөйтіп, түбір формасы бірдей, мағынасы басқа сөздерді түбірлес сөздерден, ал, түбірлес сөздерді омонимдер мен көп мағыналы сөздерден ажырата білуге үйренеді.
Оқушыларға дұрыс жазу ережелерінің негіздерін білдіріп, олардың өз сөздерінде өте жиі қолданылатын қосымшаларды пайдалануға назар аударылады.
Балаларға жаңа сөз жасату, лексикалық жаттығулар жүйесінде олардың актив сөздігін байыту, творчестволық сипаттағы тапсырмалар орындату, байланыстырып сөйлеуге үйрету міндеттерін шешу де көзделеді.
Сөз құрамы тақырыбын өткенде, алдымен морфемалардың өзіндік белгісі практикалық жұмыс үстінде аңғартылады, содан соң ғана грамматикалық белгілі ұғымның анықтамасы түсіндіріледі.
Бұл – бақылау әдісіне негізделген жекеден жалпы ұғымға – қорытындыға әкелетін жол, яғни индуктивтік жолмен жұмыс жүргізгендікке жатады. Ал, 5-8 сынып оқушыларының психологиялық ерекшелігі дербес бақылаудан, типтік фактілерді талдаудан жинақ қорытындыға келіп, ереже- анықтамаларды үйренетін осы индуктивтік әдіспен жұмыс істеуді қалайды. Өйткені балалардың абстракциялы ойлау қызметі өте нашар дамиды.
Сөз құрамының анықтамаларымен таныстыру әдістемесі түбір мен түбірлес сөздердің байланыстарын бақылату әдісімен түсіндіріледі. Әр түрлі қосымшалардың жалғануымен бір түбірден өрбіген сөздер бір-бірімен салыстырыла талдатылады. Содан кейін барлық түбірлес сөздердің ортақ бөлімі – түбір танылады.
Бұл арада сөздің сырт пішінінде, әсіресе оның бастапқы бөлімінде құрылымдық жағынан ұқсастығы бар сөздерді оқушылардың түбірлес сөздер деп шатастыратынын ескерген жөн. Сөздер түбірлес болу үшін, ондай сөздердің барлығына мағынасы ортақ бір сөздің негіз болып тұрғандығына нанымды мысалдар кетіру керек.
Одан әрі қосымшаның сөз мағынасын өзгертетін және сөздің тек формасын түрлендіретін екі түрі болатыны түсіндіріледі. Бұл да жаттығу жолымен меігеріледі. Ол үшін бір түбірге әр түрлі септік жалғауы жалғанып мәтінге ендіріледі де, сол сөздер таптырылып, жалғаудың сөз мағынасын өзгертпей тек сөз бен сөзді байланыстырып қана тұрғаны көрсетіледі. Ал, жұрнақты таныстырғанда, бір түбірге әр алуан жұрнақ жалғап әлгі сөздің мағынасы түрліше болып өзгергені байқалады.
Сөйтіп, жұрнақ сөз құрамының мағына түрлендіретін бөлшегі деген қорытынды шығарылады. Сонымен сөздің негізгі бөлімі – түбір, жаңа сөз тудыратын бөлім – жұрнақ, сөз тудармайтын бөлімі – жалғау деген түйін жасалады. Бұлардың түбірге жалғану реті және бірінің үстіне бірінің еселеп те жалғана беретіні мысалдар арқылы көрсетіледі.
Оның бірінші бөлімі бір сөзге әр түрлі қосымша жалғанатын, ол қосымшалар өзі жалғанған сөзді сөйлемдегі басқа бір сөзбен байланыстырып тұратыны байқатылады. Екінші мысалдан түбірге қосымшалардан жалғану тіртібі көрінеді. Түбірге алдымен жұрнақ, одан соң жалғаулар үстемелеп жалғанатыны талданып, таныстырылады,
Шолпан жайлау-ды көрді
» - ға шықты
» - да болды
» - дан қайтты
Сөздің түбірге жалғанатын бөлшегін қосымша дейміз.
7 сыныпта өтілетін сөз құрамы тақырыбы бойынша үйретілетін білім мазмұны мынадай: түбір сөз, яғни негізгі түбір, қосымшалы сөз, қосымша, бір түбірге қосымшаның жуан не жіңішке болып жалғантын емлесі, қосымшаның, жұрнақ және жалғау болып екі түрге бөлінетіні, туынды сөз, қосымшалардың сөзге жалғану тәртібі.
Түбірмен таныстырғанда, мысалға алынатын сөздің оқушылардың таныс заттың атын білдіретін сөздер болуы ескерілетін. Ал, қосымшалардан оқушылардың тез түсінуге қолайлысы – көптік жалғаулар.
«Гүл, күн» дегенімізде бір гүл, бір күн деген ұғымды түсінеміз. Оларға
«дер» қосымшасын жалғап айтқанда, гүлдің де, к,ннің де саны әлденешеу, көп деген мағына пайда болды. «Енді осындай сөз мағынасын көптік мән
беретін қосымшаны өздерің ойлаған сөздеріңе жалғап, қандай өзгеріс пайда болғанын байқаңдаршы» - деп, мұғалім балларға өздік жұмысын орындату тәсілін қолданады. Сонда оқушылар жете таныс «кітап, дәптер, қалам» сияқты сөздер көптік жалғауларын жалғап айтып, сабақ материалын байытуға өз үлестерін қосады.
Бұл арада көптік жалғау деген термин әзір аталмайды. Бірақ көптік жалғауды таныту қызметіне дайындық жасалып, балаларға оны практикалық тұрғыдан байқату, түсіндіру мақсаты жүзеге асырыла бастайды. Одан әрі қарай қосымшалардың түр-түрі кездесетін сөздер арқылы қосымшалы сөз жасалатыны көрсетіледі. Қосымшалардың сөзді түрлендіретіні және сөйлемдегі сөздерді бір бірімен байланыстырып, сөйлем құруға қызмет ететіні бірте-бірте танытылады. Сонымен, бұл тақырыптан оқушылар сөздің өзгермейтін бөлігін негізгі түбір (түбір сөз), сөздің тапсырмаларын орындатқанда, түбір сөздің қосымша сөзге айналдыру, қосымшалы сөзден түбірді таптыру немесе берілген сөздерден лайық қосымшаларды тауып жалғап жазу міндеттері орындалады. Осы жұмыстарға байланысты түбір мен қосымшаға байланысты емле мәселесі де ескеріліп, үйретіледі. Демек түбірдегі дауыстылардың жуан не жіңішке дыбыс болуларына қарай қосымшалардың да жуан немесе жіңішке болып жалғанатындығы, ал, түбірдің соңғы дыбысынан басталып, үйлесіп жалғасатынына мысалдар арқылы бақылатып, жаздырып түсіндіріледі. Мысалы, ән, оқу, аң сөздеріне – шы, -ші қосымшаларының, біл, айт, жаз сөздеріне – қыш, -ғыш, -гіш қосымшаларының лайықтысын жалғау жөнінде тапсырма беріледі.
«Жұрнақ пен жалғау» параграфында берілген жаттығуларды орындата отырып, оқушыларды қосымшасыз сөз, қосымшалы сөз деген ұғымнан нақты білімге қарай жетелеп, сол қосымшаның мағыналарын байқату жолымен жұрнақ, жалғау деген ұғымға әкелеміз. Әуелі жұрнақ таныстырылады. Ол үшін түбір мен жұрнақты сөздің мағыналары салыстырылады. Оны әр сөзге әр түрлі жұрнақ жалғап та, немесе бір сөзге әр түрлі жұрнақ жалғап та байқатуға болады. Мұнда алынатын сөзіміз деректі заттың аты болуы тиіс. Мысалы, су – сушы, сулы, сусыз, судай... Бұл ұғымға оқушылар түсінген кезде, сөз мағыналарын өзгертетін қосымшаны жұрнақ дейміз деген ереже беріледі. Одан әрі жалғаулардың мағынасы мен қызметі түсіндіріледі. Бұл арада бір сөзге бірде жұрнақ, бірде жалғау жалғап салыстырылады. Сөйтіп жалғаудың сөз мағынасын өзгертпей, сөйлемдегі сөзбен – сөзді байланыстыратын қосымша екенін оқушылардың көзі жетеді. Бұдан соң түбір сөз бен оған жұрнақ жалғанған сөзді қатар алып, екеуінде де мағына бар екені, бірақ өзге мағына екендігі байқатылады. Мал – малшы, етік –
етікші, балық – балықшы....Осыдан кейін түбір сөзге жұрнақ қосылуы арқылы жасалған сөзді туындысөз дейміз деген ереже беріледі. Тапсырмалар орындалып, сөздің түбірі, қосымшалары, қосымшаның жұрнақ немесе жалғау екендігі талдатылады. Түбір сөзге жұрнақ та, жалғау да бірінің үстіне бірі жалғана беретіні аңғартылады және түбірге жұрнақ бұрын, жалғау одан соң жалғанатыны мысал кетіру, талдау жолымен түсіндіріледі. Бұл мәсәлелерді таныту кезінде де орфографиялық ережелерге көңіл бөлініп отырады.
Оқулықта «Екі түбірден құралған сөзді біріккен сөз» дейміз, олар бірігіп жазылады деген анықтама беріледі. Біріккен сөздерді оқытқанда, ерекше көңіл бөлінетін мәселе олардың жазылу емлесі. Біріккен сөздердің жазылу емлесі бойынша төмендегі төрт жағдай ескеріледі.
Жалпы біріккен сөздердің құрамына енген сөздердің қосылып жазылатындығы. Ол барша практикалық жұмысқа байланысты үздіксіз орындалып отырады.
Кейбір бірігіп жасалатын екі сөз аралығында «к», «қ» дыбыстарының
«г», «ғ» дыбыстарына айналып айтылатыны, бірақ жазғанда, түбірдегі бұрынғы қалпы сақталып «к», «қ» дыбыстарының жазылатыны – «көкжиек, қара құс» тәрізді сөздердің «көкжиек, қара ғұс» болып айтылуын байқату жаздырып дағдыландыру әдісімен түсіндіріледі. Оқулықта қырықаяқ түрінде жазылатын сөздің айтылуы «қырығаяқ» деп көрсетілуі сенімді емес. Біздіңше бұл сөз «қырықаяқ» болып айтылады. Демек, «қырық» сөзінің соңғы бітеу буындағы «ы» дыбысы келесі «аяқ» сөзінің басқы «а» дыбысының ықпалымен сөйлеуде түсіп қалады. Осы «рық» буындағы «ы» дыбысының түсіріліп айтылуы, кәдімгі «ойын, орын, қырық» сөздердің соңғы буындарындағы «ы» дыбыстарының оларға жалғанған дауысты дыбыс әсерімен түсіріліп, «ойна, орналыс, қырқы» түрінде айтылатын дыбыстық ережеге дәл келеді. Алайда бұл ереже әлі өтілмегендіктен, оқушыларға тек тәжірибелік тәсілмен ғана түсіндіруге тура келеді. Ал, 6-8 сыныптардың қазақ тілі оқулықтарына осындай дүдемал мысал ендірілмеуі керек еді.
біріккен сөз ішінде дауысты дыбыс қатар келгенде, бір дауысты дыбыс арқылы айтылып, алдыңғы дауысты дыбыстың естілмейтіні жазғанда, түбірлер өзгермей екі дауысты дыбыстың да қатар жазылатыны меңгертіледі. Бұл да көз қанықтыру, жазып дағдыландыру әдістерімен үйретіледі. Мысалы,
«Сарыөзен», Қарарна» болып айтылып, солай естілетін жер-су атауларының екі түбірі де әуелгі қалпын сақтап «Сарыөзен», «Қараарна» түрінде екі дауысты арқылы жазылады. Ескерілетін бір жайт - осы тақылеттес құрылымы бар кісі аттары бір дауысты дыбысын түсіріп, естілуінше
жазылатынын тағы да тіл фактілерімен таныту мәселесі. Ондай кісі аттарын оқушылардың сөздік дәптерлеріне жаздырған жөн.
Бірқатар бөлек жазылатын тіркес сөздердің емлесін оқушылардың есінде қалдыру үшін, тапсырма орындатылады.
Ал, өзара байланысты айтылатын сөз тіркестерінің жазылуы жөнінде ереже берілмейді. Мысалы, «жан қалта, сағат қалта, сары май, тоң май, сары мия, есек мия» сияқты сөздердің жазылуы көрсетіліп, жаздырып түсінік беріледі. Жазылуын есте сақтау арқылы меңгертілетін бірге не бөлек жазылатын сөздерді көрнекі құралға ендіріп пайдаланса, сабақтың сапасы арта түседі. Балалар кітап оқығанда не сөйлегенде біріккен сөздерді сол өзгеріске түскен қалпында айтып дағдыланады. Сөйтіп балалар тексті жазылуынша теріс оқымай, дыбысталып айтылуын дұрыс келтіріп, мәнерлеп оқуға машықтанады.
Бағдарламада белгіленген біріккен сөздердің жазылу емлесі төмендегідей мәселелерді қамтиды: жалпы біріккен сөздердің қосылып, ал, кісі және жер- су атауларының бас әріппен жазылатыны, біріккен сөздер сыңарларының арасыңда екі дауысты дыбыс қатар келгенде екі түрлі жазылатыны «егер жер-су атаулары болса, екі дауысты дыбыс әріптерінің сақталып, ал, егер кісі аты болса, біреуінің түсірілетіні, яғни естілуі бойынша бір дауысты әріппен жазылатыны) меңгертіледі. Бұл ережелердің ішінде кісі аты және жер-су аттарының бас әріппен жазылатындығы 5 сынып оқушыларына тың мәселе емес. Балаларға бұл ереже 2 сыныптан – ақ таныс. Сондықтан ол тек жаттығу жұмысы үстінде қайталау есебінде еске түсіріледі. Сонда 6-8 сынып үшін жаңа білім біріккен сөз туралы ұғымды, оның бірге жазылатынын, екі сөз аралығында көрші келген дауысты дыбыстардың сөйлеуде бір дыбыс арқылы айтылатынын, ал, бұларды жазғанда, жер-су атауларында бастапқы түбірлері сақталып, морфологиялық принциппен жазылатынын, кісі атының фонетикалық принцип бойынша бір дауыстымен жазылатындығын меңгерту ғана болып саналады.
Мұғалім оқушыларға тіркес сөздерді біріккен сөздерден ажырата білуді, олардың бөлек жазылатын емлесін практикалық әдісін қолданып меңгертеді. Алайда балалар бұл емледен оқулықтағы он тіркес сөздің жазылуын көріп, көшіріп алумен ғана толық түсінік алып үлгермейді. Сондықтан мұғалім сабаққа арнап біріккен сөздер мен тіркес сөздердің өзгеше жазылатын емлесін түсіндіру үшін салыстырмалы таблица жасап пайдланады. Таблицада тіркес сөздерді жаңғыртып оқулық материалын толықтырады. Сонымен қатар тек қана тіркес сөздердің мысалын арттырып қоймай, онымен салыстырылатын біріккен сөздер де оқулықта берілгендермен сөзбе-сөз
болуға тиіс. Оқулықта біріккен сөздердің саны елуден астам екені жоғарыда айтылды. Біздіңше бұл сан аздық етеді. Совет мектебі жүйесін алғашқы сатысын бітіріп, бастауыш білім алатын балаға бар болғаны елу шақты біріккен сөзді таныту жеткіліксіз. Демек мұғалім оқулықта берілген біріккен сөздер шеңберімен шектеліп қала алмайды, басқа сөздерді өз тұсынан талдап, біріккен сөзге жататын, жатпайтынын анықтауы, оларды қатесіз жазуға үйретуі тиіс. Бұған оқушылардың шамасы келмейді деуі дұрыс емес.
Мұғалім мемлекеттік бағдарлама мен оқулық материалдарын жан-жақты зерттеп, олардың бір-біріне сәйкестігін және не толық, не жетіспейтінін әбден анықтап алуы тиіс. Содан кейін үйретілетін білімнің мазмұнын жете түсіндіру үшін, сабақтың оқу материалын тілдік фактілермен (лайықты мысалдармен) байытып оқыту әдістері ойластырылады.
Біріккен сөз тақырыбына 6 сыныпта берілетін білім мазмұны мен көлемі бағдарламада қалай белгіленгенін ілгеріде сөз еттік.
Енді осы сыныптыңтың қазақ тілі оқулығындағы біріккен сөздер мағыналарына қарай саралағанымызда төмендегідей мәлімет алынды. Кісі аты 18 сөз, адам ұғымын білдіретін "әркім, ешкім" деген 2 сөз, жер-су аты - 13 сөз, жануалар аты - 12 сөз, деректі зат атауы (қолғап) - 1 сөз, есімдік аты - 12 сөз (күнбағыс) – 1 сөз, кеңістік атауы - 2 сөз, сан-мөлшер атауы - 2 сөз, құбылыс атауы (Кемпірқосақ) - 1 сөз, термин сөз (тепловоз) - 1 сөз. Бұлардан тыс "хана", "стан" арқылы жасалған "шеберхана", "Қазақстан" деген екі сөз кездесті. Енді осы сөздерді оқулық ережелеріне сәйкестігіне қарай ажыратсақ, барлығы да біріккен сөздердің екі түбірден құралып, әрі бірігіп жазылатындығы көрсетіледі, ал түбір аралығындағы "қ" дыбыстың "г-ге" айналып естілуіне 7 мысал, "к-ның" "г" дыбысына айналуына 13 мысал сәйкеседі. Жер-су аттарында қатар келетін екі дауысты 7 сөз, сондай екі дауысты қатар келетін кісі атының бір дауыстымен жазылу ережесіне 4 сөз мысал берілген. Сонда жазу ережелерін дәлелдеп танытуға 25 сөздің ішінде "Аманкелді, Жанқозы" сездеріндегі "н" дыбысының "ң" болып, Ақбөпе, тасбақа сөздеріндегі "б" дыбысының "п" болып, күнбағыс сезіндегі "н" дыбысының "ң" болып айтылатыны жөнінде оқулық ешбір ереже бермейді. Солай болса бұл сөздердегі дыбыс өзгерістерін мұғалім ескермей кете алмайды. Тиісті ұғымды, емлені түсіндіріп отырады. Ол үшін қажет болған жаңа тіл фактілерін молынан пайдаланып, сабақ материалын байытады әрі оның білімдік мәнін толықтырады.
Сабақ материалын жаңа біріккен сөздермен толықтыру жұмысына оқушылар да біраз үлес қосады. Оқушыларға таныс бірнеше сөз беріледі де, солардың жаңа мағына беретіндей етіп екі-екі сөзді біріктіру тапсырмасы
орындатылады. Немесе оқушыларға бірнеше жеке сөздер беріледі. Сол сөздердің әрқайсысына біріккен сөз құрайтын жаңа сөз қосып, белгілі бір тақырыпта шағын шығарма жазу тапсырылады. Көптеген жаттығу жұмыстарын орындау кезінде, сөз жоқ, бағдарлама белгілеген ережеге сәйкес әлденеше жаңа біріккен сөздер туындап, сабақ материалы кеңейе түседі.
"Қос сөздер" тақырыбын өткенде 7 сынып оқушылары қос сөздің үш түрлі жасаулы жолымен: бір сөздің қайталануы, екі түрлі сөздің қосарлануы және күшейтпе буын арқылы жасалуымен танысады. Олардың дефис арқылы бөлек жазылатын емлесі үйретіледі. Қос сөздердің бір сөз сияқты бір түйдек екпінмен тұтас оқылатыны, айтылатынын байқату, бақылату, жаттықтыру әдістерімен меңгеріледі.
Қазақ тілі оқулығында қос сөздер тақырыбын оқытқанда жүргізілетін практикалық жұмыстар үшін жиырмадан астам жаттығу берілген. Бұлардағы қос сөздерді жасалу түріне қарай ажыратқанда, қайталама қос сөздер - 31, екі түрлі сөздің қосарланған түрі - 17, күшейтпе буын арқылы жасалғандар - 16, сөз - барлығы 64 қос сөз қатысқанын көреміз. Енді осы сөздерді мағыналық белгісіне қарай ажыратсақ, олар адам, деректі-дерексіз зат, жан-жануар, сын- сапа, сан, қимыл, мезгіл, бейне ұғымдарын білдіреді. Бұлардың ішінде ең көп орын алатын сын-сапа мәнді қос сөздер - 23, екінші орында бейне мәнділер - 14, үшінші орында зат атаулары - 10 сөз екен, олар екі-екіден адам мен мезгіл-мәнді қос сөздер үш-үштен қатыстырылыпты.
Оқулықтың, ұстанған бағыты программа талабына қайшы келетіні байқалады. Оқулық балаларға қос сөздерді сырт формасы бойынша танытуды көздеген сияқты. Ал, бағдарлама сөздің тек формасын білдіруді ғана емес, мағыналық белгісін танытуды мақсат етеді. Мәселен, онда былай делінген: "Сыңарлары ұқсас және қарсы мәнді қос сөздер, сыңарлары жеке айтқанда мәнсіз болып келетін қос сөздер" оқытылады (Бастауыш мектеп бағдарламалары 1982, 24 - бет). Бағдарламаның, қос сөздердің "ұқсас мәнді", "қарсы мәнді", "жеке айтқанда мәнсіз болып келетін" сездерден жасалатынын білдіруді көздеген талабы оқулықта ескерілмеген. Оған қарсы мәнді "кәрі- жасы" (37 ) деген бір ғана сөздің сейлем ішінде кездесуі немесе бір сыңары не екеуі де жеке айтқанда мәнсіз сөздерден жасалған "айқұш-ұйқыш, жарқ- жұрқ, жауын-шашын, киім-кешек, темір-тесек, быт-шыт" деген алты сөздің әр жаттығуда бір ұшырасуы дәлел бола алады. Соның өзінде жаттығу тапсырмаларында осындай сөздердің мағынасына назар аудару міндеті жүктелмейді. Жаттығулардан қос сөздерді табу, көшіргенде қос сөздердің астын сызу талаптары ғана қойылады. Міне, бұл сияқты оқулықтағы
олқылықты ескеріп, бағдарламаға сәйкес оқыту жағын қарастырған жөн болмақ.
Мұғалімдер іс жүзінде солай істеп те жүр. Олар сабақ материалын өздері байытады. Жасаған көрнекі құралдарында, карточкаларында, талдауға алған мысалдарында қос сөздердің оқулықта келтірілгендеріне талайын қосып пайдаланады. Қос сөздердің симантикалық, лексикалық мәндерін ашып көрсетеді. Сөйтіп оқушылардың сөздік қорын байытады, тіл байлығын арттырады, логикалық ойлауы мен дүниетанымын жетілдіреді.
9 сыныпта оқылатын қысқарған сөздер тақырыбы жаңартылған немесе жетілдірілген программа бойынша 2002 жылдан бері өтілетін болды. Программа сөздің бірінші әріптерінен бірінші сөздің басқы буынынан келесі сөздердің бас әріптерінен, сөздердің басқы буындарынан жасалатын түрлерін тануды және олардың жазылу емлесін үйретуді талап етеді. Қысқарған сөздерді еткенде, методикалық жағынан ескерілетін кейбір мәселелер мыналар. Біріншіден, оқушыларға сөзді қысқартып қолданудың артықшылығын аңғарту керек. Ол үшін сөзді толық жазуға, оны оқуға көп уақыт кететіні қысқарған сөзді жазудың, оқудың жеңілдігімен салыстырылады.
Екіншіден қысқарған сөздердің бас әріптерінен жасалатын түрлерін (ССРО, БЛҚЖО) әріп аттармен айтып, оқытып жаттықтыру арқылы практикалық дағды беріледі.
Үшіншіден, бас әріппен жазылатын және кіші әріптермен жазылатын сөздің бірінші әріптерінен қысқарған сөздердің емлесін түсіндіру үшін жаттығу жұмыстары орындатылады, мұндай сөздер оқушылардың сөздіктеріне жаздырылады әрі жаттатылады.
Төртіншіден, қысқарған сөздердің мағыналарын дұрыс ұқтыру үшін олардың толық түрін айтқызып, жазғызып білім бекіту жұмысы іске асырылады. Толық сөздерден қысқарған сөздер жасатып дағдыландырған дұрыс.
Тақырыпты қорытындылау үшін, мұғалім оқушыларға кесте арқылы мысалдар келтіріп, білімдерін бекітеді.