Қасқабасов С. Таңдамалы


Хикаят дегеніміз – кейде ойдан шығарылған немесе діни



Pdf көрінісі
бет31/60
Дата06.12.2022
өлшемі1,31 Mb.
#55473
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   60
Хикаят дегеніміз – кейде ойдан шығарылған немесе діни 
кітаптардан алынған сюжеттерді көркем түрде баяндайтын 
әңгімелер. Хикаяттың түбінде өте ерте заманда болған деп есеп­
телетін оқиға жатуы да мүмкін, сондықтан онда тарихи есімдер 
де, мекендер де ұшырасып қалады. Сондай хикаяттарға, мә­
селен, Ескендір Зұлқарнайын есімімен байланысты әңгімелер 
жатады. Қазақ арасында Ескендір жайында айтылатын әңгі­
мелер, негізінен, үш сюжетке құралған. Біріншісі – өлмес суды 
іздеген Зұлқарнайын туралы, екіншісі – қос мүйізін жасыра 
алмаған Ескендір жөнінде, үшіншісі – жұмаққа кіре алмаған 
Ескендір хақында. Осылардың біріншісі мен үшіншісі хикаят 
түрінде баяндалады.
Ескендір – тарихта болған адам, демек, ол туралы алғашында 
аңыздар пайда болған да, кейін олар әпсанаға, хикаятқа айнал­
ған. Бұған қоса тағы айтарымыз – Ескендір туралы сюжеттер 
қазақ еліне сырттан келген және көбіне­көп діни, тағы басқа 
да кітаптар арқылы тараған, соның әсерінен ол сюжеттерде, 
дәлірек айтсақ, Ескендірдің өлмес суды іздегені жайлы 
сюжетте ислам идеяларының әсері бар. Ендеше, мұнда хикаят 
жанрының белгілері айқын. Мәселен, кейіпкердің пайғамбар 
немесе әулие болып көрінуі, шығармадағы оқиғалар мен іс­
әрекеттердің Алланың бұйрығы ретінде түсінілуі, неше түрлі 


[
160
]
кереметтің орын алып, көркемдік мақсатта пайдаланылуы, 
ескі шамандық наным мен мұсылман діні мифологиясының 
аралас келуі.
Хикаяттарда әңгімеленетін оқиғалар тындаушылар ара­
сында сенімсіздік тудырмайды, өйткені, олар пайғамбарлар 
мен әулиелердің іс­әрекеті немесе басынан кешкен оқиғалары 
болып баяндалады 
188
.
Хикаят жанры, негізінен, Қазақстанда ислам дінінің та­
ралуымен байланысты қалыптасқан. Оның түп­төркіні, сөз 
жоқ, көне заманның мифологиялық түсінік­нанымдарымен 
сабақтас. Хикаят таза мұсылмандық мифологияға ғана негіз­
дел мейді, онда архаикалық мифтің де, әпсана мен аңыздың да, 
тіпті, ертегінің де қасиеттері ұшырасады. Сондықтан да бұл 
жанрдың пайда болу процесін ислам дәуірінен бұрынырақ деп 
түсіну керек, ал жанр ретінде толық қалыптасуы исламның қа­
зақ еліне кең тараған кезіне сәйкес келеді.
Міне, осы хикаят жанрының белгілері Ескендір туралы 
қа 
зақ арасына тараған шығармалардан анығырақ көрінеді. 
Ол шығармалар үш топ құрайды. Біріншісі – өлмеуге әрекет 
істейтін Ескендір туралы баяндайтындар. Оның сюжеті мы­
надай: Ескендір патша өзінің Қызыр және Ілияс деген жол­
дастарын ертіп, өлмес суды іздеп, Зұлматқа барады, бірақ ол 
суды алға қарай озып кеткен Қызыр мен Ілияс тауып ішеді де, 
соңынан Ескендір келіп жеткенде, өлмес су ғайып боп кетеді 
немесе ол суды қарғалар ішіп қояды. Сөйтіп, Ескендір патша 
«өлімге дауа болатын суды» іше алмай қалады 
189
.
Бұл сюжетке құрылған хикаяттардың саны айтарлықтай 
көп емес. Мұндай шығармалар, көбінесе, Құранды, тағы басқа 
діни кітаптарды көп оқыған адамдар арасында кең тараған болу 
керек. Оған ертеректе жарияланған мәтіндер де және біздің 
XX ғасырда жазып алған фольклорлық материалдарымыз да 
дәлел болады. Мысалы, 1961, 1963, 1967, 1968 жылдары біз 
Ескендірдің өлмес су іздеп, Зұлматқа (қараңғы жерге) барғаны 
жайлы хикаятты ерте кезде молда болған, мұсылманша көп 
оқыған, бертінде колхозда жұмыс істеген Ә. Тышқанбаев, Р. Сәр­
сенбин, Р. Малдыбаев деген көнекөз қариялардан жазып алған 
болатынбыз.


[
161
]
Өлмес суды іздеген Ескендір туралы хикаятта өлімнен құ­
тылудың жолын іздестірген Қорқыт туралы әпсанадағыдай 
оптимистік рух пен табанды күрескерлік сипат жоқ. Егер 
Қорқыт ажалға қарсы тайсалмай күрессе, Ескендір олай 
күресе алмайды. Қорқыт адам өмірі үшін саналы түрде 
күрессе, Ес кендір тек өзін мәңгі сақтап қалу үшін, яғни тек 
өзімшілдік мақсатта ғана қимылдайды. Ол күреспейді де. 
Міне, бұл – діни кітаптардан тараған хикаятқа тән белгі. Бұл 
айтқанымызға тағы бір дәлел ретінде мынаны айтуға болады: 
Ескендір, тіпті, өлмес суды тапса да, іше алмайды, себебі, су 
біресе өзі ғайып боп кетеді, біресе суды қарғалар ішіп қояды, 
енді бірде судың өзі патшаның тамағынан жүрмей қояды. 
Осының бәрін көрген Ескендір «Алла тағала маған өлмес 
суды бұйыртпаған екен!» – деп, Құдайдың шешіміне, өлімге 
мойынсұнады. Сондай­ақ өзінен бұрын өлмес суды ішіп, енді 
өле алмай, қор болып жүрген адамды көріп, Ескендір патша 
дереу өзінің райынан қайтып, өлмес суды ішуден бас тартады. 
Мұнда да ол Қорқыттай табанды бола алмайды, өлімге қарсы 
ақырына дейін күресуге жарамайды. Бірақ Ескендірдің бұл 
іс­әрекетін хикаят сынамайды да, мінемейді де. Бұл заңды, 
өйткені, хикаят жанры діни түсініктердің ықпалында молырақ 
болады. Ал, біз талдап отырған хикаят қазақ арасына «Қисса­
сүл әнбиядан» тараған 
190
. Оған дәлел: біріншіден, бұл кітапта 
өлмес суды іздеген Ескендір туралы былай әңгімеленеді. 
Ескендір барлық ғалымдарын жинап алып, дүниеде көп жа­
сауға ойланып, «өмірдің ұзақ болуына не шара бар?» – деп 
сұрақ қояды. Сонда ғалымның біреуі тұрып:
«Қап тауының аржағында, қараңғылықта Ғайнылхаят бұ­
лағы бар, содан су ішкен адам қияметке дейін өлмейді», – дейді. 
Оған басшыны Қытай елінен іздеу керек болған. Қытайлықтар 
Ескендірге Қызыр деген адамды басшы етіп береді. Туар мал­
дың ең көргіші қысырақ бие дегенді естіген соң Ескендір 
жиыр ма мың бие тапқызып, әскерлеріне мінгізеді. Қызырға 
қараңғылықты жарық қылатын бір жауһар тас беріп, оны 
ілгері жібереді.
Артынан Ескендір әскерімен өзі жүреді. Ібілістің нұсқауы­
мен Ескендір тауды өрлеп, жоғарылай береді. Алдынан қия­
мет күні жел жіберетін Исрафыл періште жолығады. Ескендір 
11­278


[
162
]
одан мәңгі суын сұрайды. Ол тобықтай ғана бір тас береді. Ол 
тас адамның көз сүйегі болып шығады. Оның сырын патшаға 
қасындағы Қызыр түсіндіреді. «Бұл – көз сүйегі. Адам тірлікте 
ешнәрсеге тоймайды, өлген күні бір уыс топырақтан қанағат 
табады», – деп жауап береді Қызыр 
191
.
Міне, бұл – «Қисса­сүл әнбия» кітабындағы сюжет. Осы 
сюжеттес қазақ хикаяттары, көбінесе, мұсылманша оқып, діни 
кітаптармен жақсы таныс адамдардан жазылып алынғаны 
және оның арабша хат танымайтын көпшілікке кең тарамағаны 
айтылып отырған сюжеттің төркіні – «Қисса­сүл әнбия» екенін 
дәлелдесе керек.
Сондай­ақ хикаятты айтушылар «Зұлқарнайын» деген сөзді 
«қос мүйізді» емес, «екі дүниені билеген» деп түсіндіреді. Мұн­
дай идея, яғни Ескендір – жарық және қараңғы, яки бұл дүние 
мен о дүниені бірдей билеген пайғамбар­патша деген ой «Қисса­
сүл әнбияда» дәріптеледі, ал, Ескендірдің өз бейнесі барынша 
мадақталады.
Қазақ арасына тараған Ескендірге байланысты фольклор­
лық шығармалардың енді бір тобы мына сюжетке құрылған: 
Ескендір патша жорықта (жолда) келе жатып, керемет бұлаққа 
тап болады. Бұлақты бойлай жүріп, ол жұмақтың қақпасына 
жетеді. Патша қақпаны ашуды бұйырады, бірақ қақпаны 
еш 
кім ашпайды. Оған қақпаның ішінен орамалға түйілген 
адамның бас сүйегін (кейде бір дорба үнмен қоса) тастайды. 
Оның мәнісін түсінбеген Ескендір ашу шақырады. Сол кезде 
әміршінің қасындағы Қызыр (данышпан) бас сүйекті таразыға 
салдырып, өлшетеді. Бас сүйекті ешнәрсе баса алмайды. Сол 
уақытта таңданған патшаға Қызыр: «Адамның көзі дүниеге 
тоймайды, тек топырақ қана бас сүйекті баса алады!» – деп, 
бір уыс топырақты сүйектің көзіне құя салады. Сол сәтте бас 
сүйек тұрған таразы көтеріледі. Ескендір болса, жаһангерлік 
райынан қайтады 
192
.
Бұл – жалпы прозалық фольклордағы көне сюжеттердің 
бірі. Дәл осы сюжет ежелгі жазба ескерткіштердің қатары­
на жататын «Талмуд» кітабында бар 
193
. Онда мысал (притча) 
ретінде берілген. Бүл сюжеттің қазақ топырағына келуі 
Талмуд пен Библиядағы Сүлеймен, Мұса, Нұқ, Исалар жа­
йындағы хикаяттардың Құран, Тафсир, Хадис, тағы басқа мұ­


[
163
]
сылман кітаптары арқылы тарағаны күмәнсіз. Сол себепті де 
Ескендір тап болатын жұмақ пен бас сүйек туралы баяндайтын 
шығармалар хикаят жанрының құрамында қарастырылады. 
Оған тағы бір айғақ ретінде Ескендірдің біршама жұмсақ бо­
лып бейнеленуін айтуға болады. Егер қос мүйізі бар Ескендір 
жайлы хикаяттарда ол аяныш, ойлану дегенді білмейтін 
қатал, тасжүрек адам болып көрінсе, мұнда ойланып, өз 
жайын түсіне білетін патша кейпінде суреттеледі. Басқаша 
айтар болсақ, Ескендірді дәріптеп, мадақтаудың нышаны бар
соны үлгіге тарту мақсаты бар. Ал, бұл – хикаят жанрының 
бас белгілерінің бірі. Алайда, көркемдігі жағынан әпсанаға 
тән ғажайыптық си 
пат жоқ. Рас, көркем шарттылық бар. 
Ескендірдің жұмақ қақпасына баруы, оның күзетшісімен 
сөйлесуі – әрі шарттылық, әрі кереметтік элементі.
Ендігі бір көңіл аударатын нәрсе – арғы түбі Талмудқа апа­
ратын осы сюжеттің ұлы Абай шығармашылығынан орын 
табуы. Біздің қолда бар фольклорлық хикаяттардың да, 
Талмудтағы мысалдың да сюжеті, оқиға өрбуі – толығымен 
Абай «Ескендірінің» желісі. Тіпті, кейбір эпизодтар мен де­
тальдарға шейін дәлме­дәл келеді. Мысалы, Ескендірдің 
шөлде бұлаққа тап болуы, бұлақ суына кепкен балықты са­
луы, балықтың хош иісті болып, дәмінің өзгеруі, бұлақты 
бойлай жүрген Ескендірдің жұмақ қақпасына жетуі, жұмақ 
күзетшісімен сөйлесуі, патшаның ашуланып, күзетшіден белгі 
боларлық бір нәрсе сұрауы; қақпаның аржағынан бас сүйектің 
түсуі, ол сүйекті алтын­күміспен өлшеуі, т.т. Демек, Абайдың
Ескендір» поэмасы мен фольклорлық хикаяттың түпкі 
төркіні – бір, ол – «Талмуд» кітабы 
194
.
Алайда, ұлы Абай тек бұлармен ғана шектелмеген. Басқа 
сөзбен айтқанда, Абай «Талмудты» да, фольклорлық хикаятты 
да, басқа да әдеби туындыларды, сондай­ақ Ескендір туралы 
тарихи шығармаларды да пайдаланған, оларды өзінің гума­
нистік, имандылық тезінен өткізіп, қорытқан, сөйтіп идеясы, 
эстетикалық нысанасы мүлде басқаша, жаңа шығарма жазып 
шыққан.
Сонымен, басқа халықтардағы сияқты, қазақта да Ескен­
дір туралы фольклорлық та, әдеби де шығармалар бар екені 
анық талды. Олар үш сюжетті әңгімелейді.


[
164
]
Бірінші сюжет – Ескендір патшаның өлмес суды іздегені. 
Бүл оқиғаға құрылған хикаят қазақ фольклорына Рабғұзидің 
«Қисса­сүл әнбиясынан» келгенімен, оның сюжеті, сайып кел­
генде, адам баласының тағдырға қарсы немесе ажалдан қашуы 
туралы көне мифпен тамырлас.
Екінші сюжет – қос мүйізді Ескендір мен шаштаразшы 
туралы. Бұл сюжет қазақ халық әдебиетіне Низамидің «Ескен­
дір­на 
масы» арқылы тараған. Ал, түптеп келгенде, мұндай 
сюжет тердің тууы алғашқы қауымның тотемдік сенімдерімен 
байланысты.
Осы сенімдерге негізделген түсінік бойынша ерте уақытта 
ру басы, тайпа көсемі, бақсылары, патшалары тотемнен туа­
ды, соның кейпінде болады, қасиетін бойына сіңіреді деп 
ойлаған. Сол себепті олар есек құлақты, өгіз мүйізді, т.б. түрде 
суреттелген. Егер олар осы магиялық күш беріп түрған құ­
лақтан, мүйізден айырылса, опат болады деп сенген. Қоғамда 
бұл нанымдардың жойылуымен мифтегі қиялдық элементтер 
әпсана мен хикаятқа көшеді. Енді акцент моральдық проблемаға 
жасалады: мүйізді ханның атағы үнемі зұлымдықпен шығады 
және оның масқара құпиясын ашу барша жұртты моральдық 
тұрғыда қанағаттандырады. Осының нәтижесінде бұл сюжет­
тегі шығармаларда ертегілік сипат бар.
Үшінші сюжет – жұмаққа тап болып, көз сүйегін алған 
Ескендір жайында. Мұның түп негізі – Талмудтағы мысал. 
Ал, Талмудқа Ескендір сарбаздары шығарған аңыздардың 
Шы ғыста тараған нұсқаларынан енген болу керек. Ол қазақ 
еліне мұсылман кітаптары арқылы келген. Ал, сюжеттің 
арғы түбірі өлмеудің амалын іздеген адам туралы миф болуы 
ықтимал, өйткені хикаяттың бүкіл сарыны сонымен үндес: 
жұмақ, керемет су, мәңгі тірі Қызырдың бас сүйек жайында 
айтқандары, Ескендірдің өлім туралы ойлап, жаһангерліктен 
бас тартуы – міне, осының бәрі ажал мен адам күресі туралы 
мифті еске түсіреді. Ескендірдің «өлімге дауа болатын суды» 
іздеп Зұлматқа барғанда, өлмес суды Қызыр мен Ілиястың ішіп 
қоюы осы сюжетте де көмескі түрде көрініс береді. Сонымен 
бірге Ескендір туралы хикаяттарда Лұқпанның бейнеленуі де 
кездейсоқ емес.


[
165
]
Лұқпан да Шығыс халықтарының фольклорында кең та­
раған кейіпкер. Жалпы, қазақтың хикаяттарының ішінде 
Құранда әңгімеленетін Лұқман, Сүлеймен, Қарун жайында 
баяндайтын сюжеттер де кездеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   60




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет