Асан Балжан Абикенқызы «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар және тілдік пәндер»



бет2/2
Дата02.12.2023
өлшемі27,33 Kb.
#132074
1   2
Байланысты:
Асан Балжан мақала 2, Тұран-Астана

Key words: suffixes, word structure, homonyms, conjunctions, grammar, and linguistics.
Қазақ тіл білімі ғылымы іргелі зерттеулердің нәтижесінде тармақтары сараланып, дамуда, толығуда. Тіл-тілде сөздер бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуіне қарай омонимдес сөздер, синонимдес сөздер және антонимдес сөздер болып топталады. Тілімізде көп мағыналы, омоним, синоним қосымшалар біршама грамматика тұрғысында зерттелгенмен, олардың қалыптасуында жұрнақтардың самантикалық байланыстарының алатын орны әлі де толық ашылмай келеді. Жұрнақ жеке тұрып көп мағыналық та, омонимдік те, синонимдік те, сипат ала алмайтыны белгілі.
Жұрнақтардың семантикалық байланыстары әдеби тілдің өзінде (сөйлеу тілді айтпағанның өзінде) бірдей емес. Кейбір жұрнақтар тілімізде омонимдес болу барысында тек сөзжасамға ғана тән болса (мысалы, -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік т.б.), енді біреулері сөзжасам мен тұлғажасам үрдістеріне ортақ (мысалы, -ыс, -іс, -с тұлғасы), басқа бір топтары сөзжасам, тұлғажасам және грамматикалық категорияларға да ортақ (-ды, -ді, -ты, -ті тұлғасы) қосымшалар күйінде емін-еркін қолданыла береді. Тіпті омонимдес қосымшалардың кейбірі әдеби тіл шеңберінен шығып, диалектілер мен әідеби тіл материалдарын жасау барысында да омонимдік сипатқа ие болады. Мысалы, -тыр жұрнағы қазақ әдеби тілінде негізгі қызметі өзгелік етіс тұлғаларын жасау болып табылса (алдыр, айттыр толықтыр т.б.), диалектілерде сөз тудыру үрдісіне араласатын тұлға болып табылады: сақылтыр (самса) т.б. Міне, осы аталған әрқилы бағыттағы қызмет ерекшелігінің болуы тіліміздегі омонимдес қосымшалардың ең алдымен, көнеден келе жатқан тұлға ретінде таныта алса, басқа тұрғыдан алып қарағанда тілдегі күрделі аффикстің құбылыстың бірі екендігін таныта алады.
Қазақ тілінде омонимдес мағыналарда жұмсалатын қосымшалардың басым көпшілігі есім сөз таптары көлемінде қолданылып, есім сөз таптарына тән болып келеді. -лық (-лік, -дық//-дік, -тық//-тік). Бұл жұрнақтар құралдың атын білдіретін зат есімдер мен адамның мекен-жайын, тұрағын, шыққан жерін білдіретін нақтылы мағыналы зат есімдерден бастап, жинақтық, молшылық, бір нәрсеге тәңділік, мөлшерлік тәрізді абстракциялы ұғымды білдіретін зат есімдерді жасайды. Мысалы: оқулық, ауыздық, кедейлік, достық, жетілік, кербездік, қалыңдық, апталық, қолтық, қастық, оттық т.б.
Тілімізде таза сөзжасам үрдісіне ғана тән болып келетін жиі қолданылатын қосымшалардың бірі – -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік омонимдес жұрнағы. Ол сөз тудыру барысында негізінен зат есімдерге жалғанып, сын есім тудыру барысында ғана бірнеше ұғымға тән сындық атауларды туғыза алады:
1) Негізгі түбір зат есімдерге жалғана отырып, олардан әр сөздің нақтылы түпкі мағынасына белгілі бір қасиеттерді білдіретін қатыстық туынды сын есімдер жасайды. Мысалы, орталық, қоғамдық, қалалық, азаматтық, жолдастық т.б.
2) Мезгіл атаулары мен әр қилы бұйым атауларына жалғанып, олардан мезгіл, өлшеу мөлшерімен байланысты туынды сын есімдер жасайды. Мысалы, айлық, жылдық, апталық, тәуліктік, көйлектік, пальтолық бірер қайнатымдық, екі-үш асымдық т.б.
3) Есімдіктерге жалғанып, олардан белгілі бір жаққа қатыстықты білдіретін туынды есімдер жасайды. Мысалы, өздік, сендік, мендік, қандайлық, қаншалық т.б.
Тіліміздегі -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы арқылы жасалатын сөздерді төмендейінше бірнеше жікке бөліп, топтауға болады.
1) нақтылы лексикалық мағыналы есімдерден абстракт ұғымды атау сөздер туады. Мысалы, кісілік, достық, қастық, жастық, туысқандық, құрбылық, қателік, қорлық, жаңалық, биіктік, жақсылық, батылдық, сезімдік, откірлік, жылдамдық, шапшандық, тездік, көптік, аздық, жоқтық, мүмкіндік, аламандық («аламандық» - диалекті сөз. Батыс Қазақстан қазақтарының тілінде опасыздық, тәрбиесіздік мағынасында айтылатын жергілікті ерекшелік) т.б. [1,50].
2) Нақтылы (конкретті) заттардың да аттары туады: түндік, орындық, қазандық, кездік, тұздық, төстік қымыздық, инелік, өсімдік, жастық, қолтық, апалық («апалық» диалекті сөз. Орыс тілінің «опаловка»сөзінің фонетикалық түрленген варианты. Шығыс Қазақстан қазақтарының тілінде үйдің іргетасын құю үшін арналған қалып мағынасында қолданылады) т.б. [1,65].
3) Әр алуан мекендік, мезгілдік мағыналарды білдіретін есімдер жасалады: айлық, жылдық, шабындық, егіндік, апталық, түстік, кештік, түстік, күздік т.б.
4) Есептік сан есімдерден қатысты заттық ұғым атаулары туады. Мысалы, бірлік, екілік, үштік, ондық, жүздік, мыңдық.
Бұл жұрнақ тарихи тұрғыдан алғанда зертеушілердің пікірінше –лы, -лі жұрнағы өзіне үстемелене қосылатын –қ тұлғасының бірігуімен жасалған құранды, омонимдес жұрнақ
Сонымен қатар –лық//-лік жұрнағы. –лық//-лік жұрнағы бар сөзіне жалғанып, жалпылау есімдігін жасауға себеп болады. Мысалы, барлық. Мынау жатқан декрет! Үкіметтің жарлығы. Кедейге берген түсініс, Мына сөздің барлығы (Б. Майлин). Есімдерден зат есім жасайтын жұрнақтар: -лық -лік (-лығ, -ліг, -лұғ, -лүг). Көне түркі жазбалары тілінде заттың мекен –орындық тәнділігін білдіреді: қабақылық (қауақ егілген жер), тарығлық (етістік, тарығ – егіс), т.б. Қазіргі қазақ тілінде осы мағынасы кейбір сөздерде байқалады (егістік, қауындық). Дегенмен де, нақ сол дәрежеде өнімді емес. Ал заттық арналған мақсатын (саласын) білдіру мәнінде (түндік, тұздық, сулық) қазіргі тілімізде кең қолданылуы осы орын-мекенге теңділікті білдіру мәнінің негізінде қалыптасқан.
Абстракты зат есімдер жасаған: ачлық (аштық), -лығ аффиксі Орхон Енисей тарихи сақталған жазбаларында (осы фонетикалық сипатында) сын есімдер жасаудың да тәсілі болған. Алайда, орта ғасырларда, тіпті Махмұд Қашқаридің ХІ ғасырдағы түркі тілінің көрінісі болып табылатын «Диуани лұғат –ат түрік» деп аталатын сөздігінде де –лығ және -лық (ұяңға және қатаң дыбысқа бітетін нұсқалар) арасында мағыналық жіктеліс басталғаны байқалады. М.Қашқари сөздігінде қатаң дауыссыз дыбысқа аяқталған нұсқа зат есім жасайтын қосымша да, ұяңға аяқталған нұсқа (-лығ) сын есімдерді жасаған. Мысалы, Усытған құйаш қапсады. Умынчлығ адаш йайсады [2,170] « Ыссы күн басталады, үмітті дос жауласты» [2,129] Алайда Сөздікте кей жағдайда бұл жүйеден тыс ауытқулар да ұшырасады: Йашыл еңлүк тон –жасыл түскі тон [2,76].
Кейбір түркітанушы ғалымдар –лық жұрнағының этимологиясын ұйғыр тіліндегі «толы» мағынасында жұмсалатын «лық» сөзімен байланыстырады. Э.В.Севортянның көрсетуінше: «бұл пікірді алғаш рет өзінің «Ұйғыр тілінің грамматикасы» деген еңбегінде А.К.Боровков ұсынады да, кейін «Башқұрт тілінің грамматикасы» деген еңбегінде Н.К.Дмитриев қайталайды» [1,12].
«Дәл осы «толы» мағынасында армян тілінде де «лық» тұлғалы сын есімнің болуы мәселені қиындата түседі және «лық» сөз тудырушы –лиг жұрнағына қатысын ашу үшін әлі де болса қосымша деректер керек сияқты» [3,50] - дейді Э.В.Севортян. көне түркі жазба ескерткіштерінде жұрнақтар өз алдына лексикалық мағынасы бар жеке сөз ретінде кездеспейтіні сияқты бұл жұрнақтың этимологиясын ашып бере қоятындай тілдік фактілер ғылыми зерттеу еңбектерінде жоқ екендігін айта кетуіміз керек.
Ибн-Муханна –лық (лығ) және –лы аффиксінің алмасып қолдалуын немесе автордың өз сөзімен айтқанда, соңғы –ғ (қ) дыбысының қысқаруын айтады. Алайда орыс түркітанушы ғалымы П.М. Мелиоранский зат есімдердің көбіне қатаң вариантпен (лық), ал сын есімдердің ұяң вариантпен (-лығ) келетінін көрсетеді. Мұнан екі түрлі үрдістің ізін көруге болады: біріншіден, берілген қатаң және ұяң нұсқалтар арасындағы грамматикалық жіктелісті, екіншіден, -лы + вариантының соңғы дыбысының редукциялануын, сөйтіп қазіргі тілдердегі –лы қосымшасының қалыптаса бастауының алғашқы кезеңін көреміз.
ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы «Кодекс Куманикуста», Алтын Орда тарихи ескерткіштерінде бұл жұрнақ зат есім жасаушы қызметінде –лы, -лі тұлғасында жасалады: Алғышлы оғул (алғысты ұл). Куйбаш тірлікті келтірді. «Күн тіршілікті келтірді».
Қазіргі қазақ тілінде –лық және –лы аффикстерінің өзара мәндес, кейде алмасты қолданылуы бар:-лық аффиксінің. Құрамы мен генезисі жайынды, негізінен екі түрлі пікір айтылып келе жатыр. Бірсыпыра зерттеушілер жеке сөздің постпозициялық қолданысынан қалыптасқан деп қарайды. Н.А.Баскаков ондай сөз деп «лық (лық толы) сын есімін көрсетеді. Рамстедт –лы және –ғ элементтеріне ажыратады да, -лы септік жалғауы, ал -ғ сын есім жасайтын аффикс» [4,135] деп есептейді. В.Котович –лық –тың алғашқы элементік (-л) тұнғыс тіліндегі көптік мәнді қосымшасымен салыстырады. Бұл пікірлерді қорыта келгенде, -лық құранды деп қарау орынды. Көне түркі тілінде бұл аффикстің –лығ, яғни, соңғы дыбысы –ғ болуы оның фузиялық процесс негізінде қалыптасқандығын көрсете керек. –лық аффиксі дамуының екінші бір қыры –шылық, -гершілік қосымшалардың құрамынан көрінеді. Мұнда о баста құранды аффикстің өзі –шы және –герші (-гер, -ші) қосымшаларымен тұтасып кеткен. Бұл негіз (туынды түбір, туынды сөз) құрамының морфологиялық ығысу нәтижесіннде олардың өзара жымдасуы сращение – фузия болған. Қазіргі қазақ тілінде –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік қосымшаларының жалпы қолданыста көрінетін омонимдес төмендегідей мағыналары бар:
-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік:
І. Құралдың атын білдіретін зат есімдер тудырушы жұрнақ. Мысалы, оқулық, ауыздық.
ІІ. Абстракты мәнді зат атауларын туғызушы жұрнақ. Мысалы, достық, балалық, кедейлік т.б.
ІІІ. Қазіргі қазақ тілінде, әсіресе орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы енген түбір сөздерден сөзжасамдық жүйеде негізінен сын есім тудырушы жұрнақ болып табылады. Мысалы, аграрлық (аграрлық мәселе), республикалық (республикалық кеңес) т.б.
Қорыта айтқанда қазақ тіл білімінде кенже дамыған сөзжасам саласының өзекті мәселесінің бірі омонимдес жұрнақтардың сөз тудыру процесіндегі орнын айқындау, тұлғалас жұрнақтардың мағыналық түрлерін ажыратып, саралау туынды сөздерді меңгертуде зор үлес қосатыны сөзсіз. Әр талданған қосымша тілдің ішкі сөзжасамдық мүмкіндіктерін арттырып, қалыпты жүйеге келтіруге септігін тигізбек.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Дмитриев Н. Строй тюркских языков. – Москва: 1962. – 578 с.

  2. Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 2002. – 540 б.

  3. Севортян Э. Аффиксы глаголообразования в азербайджанском языке. –Москва: 1962. -50 с.

  4. Баскаков Н. Грамматика киргизского языка. – Москва. 1957 год. – 437 с.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет