Құрғақ ыстықпен стерилизациялау ауалы стерилизаторларда немесе Пастер пешінде жүргізіледі.
Құрғақ ыстықпен стерилизациялау ауалы стерилизаторларда немесе Пастер пешінде жүргізіледі.
Ауалы стерилизатор – термометрі бар, электр желісімен қыздырылатын, тығыз жабылатын металды шкаф. Материалдың залалсыздандырылуы ереже бойынша 160С-та 120 минут жүргізіледі. Құрғақ ыстықпен зертханалық ыдыстарды және шыныдан жасалған заттар, құралдар, силиконды резина, яғни жоғары температурада өзінің сапасын жоғалтпайтын нысандарды стерилдейді.
Жылулық стерилизациялаудың екінші бір түрі ыстық бумен стерилизациялау болып табылады. Булы стерилизаторларда қысымды бумен өңдеу — стерилдеудің әмбебап тәсілі.
Булы стерилизатор немесе автоклав – қабырғасы мықты, герметикалық жабылатын, су буы және стерилдеуші камерадан тұратын металды цилиндр. Аппарат манометр, термометр және басқа да бақылау-өлшеу құралдарымен жабдықталған. Автоклавта жоғары қысым қайнау температурасын арттырады. Микробтарға жоғары температурамен бірге бу әсер ететіндіктен споралар 120С-та жойылады. Атмосфералық қысым мен температура жоғарылаған сайын стерилдеу уақыты азаяды. Микробтар бірнеше секундта жойылғанымен, материалды өңдеу уақыты ұзағырақ, себебі жоғары температура стерилденетін материалдың ішіне енуі керек. Автоклавта таңу материалдарын, төсек, коррозияға төзімді металды құралдар, қоректік орталар мен инфекциялық материалдарды стерилдейді.
Жоғары температурамен стерильдеудің бір түрі – бөлшектеп стерильдеу.Стерильдеудің бұл түрі 100С-тан жоғары температураға шыдамайтын материалды өңдеуге қолданылады. Су моншасында оларды 80С-та 30-60 минут бойына қыздырады, нәтижесінде бактериялардың вегетативті түрлері жойылады.
Жалпы алғанда жылулық стерилизация – тиімді, экологиялық қауіпсіз, арзан және жақсы бақыланатын тәсіл. Бірақ та заттар жоғары температурада бұзылатын болса, оны қолдану мүмкін емес. Мұндай жағдайда басқа тәсіл қолданылады.
Стерильдеудің химиялық түрі– токсикалық газдарды, этилен оксидін, этилен тотығы мен бромды метильдің қоспасын және формальдегидті қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл заттар алкилдеуші агент ретінде микроорганизмдердің ДНҚ, РНҚ-сын, ақуыздарын, ферменттерінің активті топтарының белсенділігін жояды.
Газдармен стерильдеу арнайы камерада 18-80С температурада бумен жүргізіледі. Ауруханаларда формальдегид, тұрмыстық жағдайда этилен тотығы қолданылады. Химиялық стерильдеудің алдында барлық өңделетін заттар кептірілуі керек. Бұл стерильдеу түрі қызметшіге, қоршаған ортаға және науқасқа қауіпті болып келеді.
Соңғы кезде медициналық практикада оптикалық қондырғылармен жабдықталған термолабилді материалдардан жасалған құралдар кеңінен қолданылатындықтан, мысалы эндоскоптар, оларды химиялық ерітінділер көмегімен залалсыздандырады. Тазалап және дезинфекцияланған приборлар белгілі уақытқа стерильдеуші ерітіндіге салынып, кейін стерильді сумен жуылады.Одан соң стерильді сүрткішпен құрғатып, стерильді ыдысқа салады. Барлық манипуляция асептикалық жағдайда, стерильді қолғаппен жүргізіледі. Бұл заттарды 3 тәуліктен аса сақтамайды.Стерильдеуге арналған химиялық заттар қатарына сутегі тотығы мен « Дезоксон-1 » ерітінділері жатады.
Сутегі тотығы – стерильдеуге арналған химиялық зат болып табылады. Стерильдеу үшін медициналық құралдарды 180 минутқа 6 %-тік сутегі тотығының ерітіндісіне салады, ал полимерден, резинадан, шыныдан жасалған бұйымдарды 18С температурада 360 минутқа ерітіндіге салады.Стерильдеу аяқталғаннан кейін құралдарды стерильді сумен жуып, стерильді контейнерлерге салады.
Дезоксон-1 – сірке қышқылындай иісі бар,суда және спиртте жақсы еритін түссіз сұйықтық. Стерильдеу үшін 1%-тік ерітіндіні сумен араластырады да дайын ерітіндіге бұйымдарды салады. Стерильдеу аяқталғаннан кейін құралдарды стерильді сумен жуып, стерильді контейнерлерге салады. Стерильделген құралдарды 3 тәуліктей сақтауға болады.
Сәулемен стерильдеу – гамма сәулелермен немесе жеделдетілген электрондар көмегімен жүргізіледі. Гамма сәуле көзі – арнайы гамма қондырғылардан алынатын радиоактивті изотоптар болып табылады. Электронды сәулеленуді алу үшін электронды жылдамдатқышты қолданады.
Гамма сәуле мен жылдамдатқыш электрондардың әсерінен микробтардың жойылуы, ондағы нуклеин қышқылының зақымдануымен байланысты. Көпжасушалы организмдерге қарағанда , микробтар сәулеленуге төзімді болады.