АқТӨбе 2023 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет1/2
Дата19.10.2023
өлшемі315,35 Kb.
#119293
  1   2
Байланысты:
№2 дәріс ұлттық рух. қалыптасуы пед ойлар


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІ
ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МЕНЕДЖМЕНТІ КАФЕДРАСЫ
ПӘН: ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ
Доцент
Елеусинова Гүлім Елеусінқызы,
Eleusinova71@mail/ru

АҚТӨБЕ
2023
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІ


Дәріс тақырыбы:
Ұлттық руханияттың қалыптасуындағы педагогикалық ой-пікірлер генезисі
Жоспары:
1. Түркі әлеміне ортақ тарихи санадағы руханият. Ұлттық руханият бастаулары.
2. Қазақ хандығы кезіндегі дәстүрлі тәрбиенің ұлттық руханияттағы орны
3. Ұлттық тәрбиенің қалыптасып, дамуына Ресей және Батыс, Еуропа мәдениетінің ықпалы
4. Кеңестік дәуірдегі ғылыми-педагогиканың дамуы.
5. Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық тәлім-тәрбие.
Әдебиеттер:
1. Cәрсембин Ү.Қ. Қазақ интеллигенциясы мәдени феномен ретінде. Ақтөбе: Жұбанов университеті – 2018.-170 бет.
2. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. Алматы: Санат- 2012 -270 б.
3. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері. Алматы: Әл-Фараби – 2012 – 310б.
4. Әбілова З.Ә. Этнопедагогика. Алматы: Қазақ әлем тілдері университеті -2013 – 340б.
5. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы (І-ІІ том). Құрастырған: Қ.Жарықбаев, С.Қалиев Алматы: Рауан, 2012- 240б.
ҚОРҚЫТ АТА ІЛІМІНЕН БАСТАУ АЛҒАН…
«Түркілік этикалық ойлаудың бастау көзі аты аңызға айналған атақты ойшыл және жырау Қорқыт Ата болып табылады.Сырдариялық өзен алабын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихындағы оның алатын орны айрықша. VIII ғасыр – халық абызының өмір сүрген кезеңі – ежелгі тәңірге табынушылық, шамандық мен зороастрашылдықнаным-сенімдерден исламға өту кезеңі болған еді»(Сүлейменов П.М., Молдабек Е.Б. «Ежелгі түрік руханияты мен Әл-Фарабидің қоғамдық ой-пікірінің сабақтастығы» мақаласынан, Шығыстану сериясы №2(105) 2023).
Түркі тілдес халықтардың XI ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі бүкіл шығыс елдеріне мәлім болған данышпан ойшыл, белгілі қоғам қайраткері Жүсіп Баласағұн ұлтты кемелдендіру үшін ең әуелі отбасындағы әдептілік қарым-қатынасты қалыптастыру керек дейді. «Әкені сыйламаған ұлдан без, ананы сыйламаған қыздан без», - дейді ол. Әдеп - отбасындағы тәрбиенің алтын арқауы екенін айта келіп: «Кісілік - қымбат емес, кішілік - қымбат», «Ұлық болсаң, кішік бол», - деп түйіндейді. Ел-жұртты басқарып, кемелдендіретін - ақыл-парасатты, ниеті түзу, сөзі қисынды, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын, иманды да, инабатты, әдепті де әділетті азамат болуы керек деген ойын ғұлама ғалым Ахмет Иүгінеки «Ақиқат сыйы» деген дастанында жырмен жеткізеді.
XI - XII ғасырда өмір сүрген, есімі ислам әлеміне мәлім болған ойшыл қайраткер Ахмет Яссауи мәдениеттіліктің тірегі әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, рухани өмірдің таза болуы, жан тазалығы мен тән тазалығы деп көрсетеді. Ахмет Яссауи ұлтты мәдениеттілікке тәрбиелеудің басты құралы - дін деп көрсетеді, «Имандылық мәдениеттілік екенін дәлелдеп, бір алланы сүю шынайы махаббат»,-деп атап көрсетеді. Ұлы тәлімгер Мұхаммед Хайдар Дулати (1499 - 1551) "Тарихи и Рашиди" атты тарихи және көркем шығармасында ұлттық мәдениеттің негіздерін ел басшысы қастерлеп, елге өзі үлгі көрсетуі керек деп түсіндіреді. Ел басшысы қарапайым, қамқоршы, жаны мен тәні таза, кішіпейіл көреген, көпшіл, адал, шыншыл, талап қойғыш, аңғарымпаз болу керек дейді.
Қазақ хандығының құрылуы - XIV-XV-ғасырларда, Алтын Орда мемлекетi мен Ақсақ Темiр империясының өзара бақталастықтарының нәтижесiнде әлсiреп, ыдырай бастаған кезеңдерге тура келедi. Қазақ хандығы - сөзсiз, кешегi ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндардың, ежелгi түркiлердiң, Шыңғыс хан мен Алтын Орда империяларының заңды мұрагерлерi болып саналады. Алтын Орда империясының ыдырауы - Русь мемлекетiнiң отаршылдық бұғаудан босанып, өз тәуелсiздiгiн алуына әкелiп соқты. Шыңғысхан мен Алтын Орда империяларынан саяси тәжiрибе жинақтаған Русь мемлекетiнiң тәуелсiздiк алуы - қайта өрлеу дәуiрiне (XIV-XVI ғ.ғ.) дөп келдi. Тарихтың бұл бетi Шыңғысхан империясының тарихымен бiрге өрбидi. Бiр кезде Шыңғысхан, Бату, Жошы, Тоқтамыс, Ақсақ Темiр империясының отар елi болған Ресей, кейiн сол империядан ыдырап, бөлiнiп шыққан халықтарды (өзбек, татар, ноғай, Сiбiр (Көшiм), Қырым, Астрахан хандықтарын) өз империясының отар елiне айналдырды.
Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасуы барысында (1470-1718 ж.ж.) 250 жылдай тәуелсiз ел болып, дербес өмiр сүрдi. Бiрнеше ауыр қасiреттердi, жойқын соғыстарды басынан кешiрiп, тiптi жер бетiнен жойылып кете жаздады. Қазақ жерiнiң байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келiсiм-шарт жасасып, қытай - жоңғарларды, ал Ресей - қалмақтарды бiзге қарсы айдап салды. Осындай саяси оқиғалар қазақ халқының әлеуметтiк-экономикалық дамуын тежедi. Көне ғасырлардан берi қалыптасып келе жатқан ғылым мен бiлiмнiң, тарих пен мәдениеттiң одан әрi дамуына қажеттi жағдайлар туғыза алмады.
XV-XVII ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерiнiң тәлiмдiк идеяларымен Асанқайғы, Шалкиiз, Жиембет, Бұқар жырау секiлдi дала философтары ерекше көзге түскен едi. Халқының қамын жеп, оның береке-бiрлiгiн, келешектегi бағытын, келер күнiн аңсаған Асанқайғы (XV ғ.) өз отандастарының алдағы тағдыры не болмақ деген толғаныспен күн кештi. Содан да болар, ел аузында оның есiмiне “қайғы” деген ат қосақталып, аңызға айналды. Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы iргетасының қалана бастауына негiз болған Асанқайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қазтуған, Шалкиiз, Үмбетей, Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марғасқа т.б. көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Шоқан, Ыбырай және Абай сияқты ұлы тұлғалардың да тәрбие мәселесіне ерекше назар аударғанын атап айтуымыз керек. Жастайынан еуропаша білім алып өскен Ш.Уалихановтың қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениет тарихын жетік білуіне бірден-бір себебші болған әжесі Айғаным (Шыңғыстың шешесі, Уәлидің тоқалы) екенінде дау жоқ. Шоқан 1858 жылы Қашқарияға бару сапарында Ыстықкөл бойындағы қырғыз ағайындардың ауылдарын аралай жүріп, "Манас" жырының "Көкетайдың асы" деген бөлімін жазып алып, орысшаға аударып, Еуропа ғалымдарына ұсынуды мақсат еткенін айтады. Шоқан: "Манас" - бір кезеңде және бір адамның төңірегіне жинақталған қырғыз жұртының, барлық ертегілерінің, аңыздарының, ескі нақыл сөздерінің, салт-дәстүрлерінің энциклопедиялық жиынтығы», - деген ой түйеді. Ол Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін, фольклорлық шығармаларының шығу тарихы мен өзіндік ерекшеліктерін зерттеуге арнап «Жоңғария очерктері», «Қырғыздың Манас жыры туралы», «Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдығы», т.б. еңбектерін жазды.
Қазақтың тұңғыш ағартушысы және жазушысы Ыбырай Алтынсарин де: "Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде", - деп түсінген. Ол өз ойын іске асыруда екі бірдей кертартпа күшпен алысып бақты. Оның бірі - қазақ даласындағы ислам дініне негізделген татарша оқу болса, екіншісі - патша үкіметінің отарлау саясатына негізделген қазақ балаларына христиан дінінің заңдарын оқытуды көздеген миссионерлік саясат еді. Миссионерлік саясатты қолдаушылар мүмкін болғанша қазақ жастарын орысша оқыта отырып, өз ұлтының тілінен, дінінен, мүлде бездіріп, орыстандыруды, шоқындыруды көздеді. Ыбырайдың жаттамалы діни оқу жөніндегі ойы және оны қазақ арасында таратушылар туралы көзқарасы өзінің замандасы Ш.Уәлихановтың "...Мұсылман діні әзірге біздің қан тәнімізге сіңіп кете қойған жоқ. Бірақ ол болашақта халқымызды тоздырып жібере ме деген қауіп туып отыр. Татарлардың сатылғыш дін басшыларының адалдығына сенуге болмайды", - деген пікірімен қабысып жатыр.
Шоқан да түсініксіз жаттамалы діни оқудың орнына жастарға еуропалық білім беруді бір табан прогреске қадам басу деп қараған болатын. Ыбырай "адам мінезін түзеп болмайды, сүйекке біткен мінез, сүйекпен бірге кетеді" дейтін теріс көзқарасқа қарсы адамның жақсы, я жаман болуы тәрбиеге, өскен ортасының игі әсеріне байланысты деген қағиданы қуаттап отыр. Ы.Алтынсарин жастарды оқытып тәрбиелеу ең басты мәселе деп қарады. Ол: «Халық үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын көбейту арқылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып тәрбиелеу ісінен артық ешнәрсе жоқ», - деп ой түйді. Адамның мінез-құлқымен жеке басының қалыптасуы тәрбиеге байланысты деп қараған Ыбырай Алтынсарин өзінің осы пікірін «Бақша ағаштары» әңгімесінде өте орынды келтірген.
Абай Құнанбаев Шығыс халқының әңгіме, аңыз, ертегілерін шығарма арқауы еткенде, біріншіден, өнер мен ғылымды, адамгершілікті, достықты паш етсе, екіншіден, халық қамын ойлайтын парасатты азаматтар қай елде болмасын бар, ұлтына, дініне қарамай, солардан үлгі алу, өнеге тұту, дос ету, сөйтіп "адам баласының бәрін бауыр тұту" гуманистік ұлы қасиет жас ұрпақтың бойынан табылса екен деген ақынның аңсау арманы көрініс беріп отыр.
ХХ ғасырдың басында қоғам қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Ш.Әлжанов, Ә.Диваев және т.б. өздерінің ағартушылық ой-пікірлерін "Айқап" журналы мен "Қазақ" газетінде жарияланған мақалалары арқылы айқын көрсете бастады. Мысалы, А.Байтұрсынов өзінің 1911 жылы жарияланған "Қазақтың өкпесі" атты мақаласында: "Өзге жұрттар өнер білім қуғанда, қазақтың хандары да, халқы да ғылым-өнерді керек қылмаған. Бірімен-бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойламаған.
Өзге жұрттар алға басқанда, қазақтар кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекет жанында өз алдына хандық құрып тұра алмайтын болғандықтан, хандарымыз халқыменен Ресейге қосылған," -деп, тарихи шындықтың бетін ашқан. Қалың елі қазағына ұлы ақын Абайша өсиет айтып, "Шаруаңды түзет. Жалқаулықтан арыл, адал еңбек ет, кәсіп үйрен, тер төкпей, телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды. "Қараған қармап қалар" деген қазақтың мақалын ұмытпа! Дүниеде елге теңдік, кемге кеңдік беретін, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді үйренейік, ағайын! - деп көпке жар салады.
Қазақстан үкіметі қабылдаған «Білім туралы» заңның «Білім жүйесі» аталатын екінші бөлімінде білім беру жүйесінің басты міндеттері: Қазақстан Республикасына шын берілген, адал патриот азамат даярлау... олар мемлекеттік белгілердің мәні мен маңызын терең түсінген, халықтық дәстүрлерді қастерлейтін... халықтар достығының негізінде тәрбиеленген, халық, Отан, отбасы алдындағы жеке бастың міндеттері мен құқықтарын сезінген... Қазақстанда тіршілік етуші қазақ халқы мен басқа да халықтардың тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қадір тұтып игеруге пейілді азамат болуы делінген. Олай болса, бүгінде этностық мәдениеттің өткені мен келешегіне көз жіберу үшін этностардың шығу тегін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қарастыру қажеттігі туып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет