Ауыл шаруашылық экологиясы, агроэкология (грекше agros — дала, oіkos — үй, тұрақжай және logos — ілім) — қолданбалы экологияның бір бөлімі.
Ол қоршаған ортаның биотикалық, абиотикалық факторларының және агробиоценоздардың өсімдік дақылдарының өсіп-өнуіне әсерін, сонымен қатар ауыл шаруашылығы танаптарында тіршілік ететін организмдер бірлестігінің құрылымы мен өзгеруін зерттейді. Ауыл шаруашылығы экологиясының теориялық және практикалық негіздерін және зерттеу бағытын Италия ғалымы Дж. Ацци (1956) мен неміс ғалымы В.Тишлер (1965) анықтаған. Ауыл шаруашылығы экологиясының қалыптасуына Н.И. Вавиловтың, Г.Я. Бей-Биенконың, М.С. Гиляровтың, К.Фридерикстың, Т.Вермидің еңбектері, әсіресе олар ашқан табиғи және агробиоценоздардың құрылымдық ерекшеліктері мен елеулі айырмашылықтары, адам игерген жерлердегі жан-жануарлар дүниесінің өзгеру заңдылықтары үлкен ықпал етті. Ауыл шаруашылығы экологиясы бойынша зерттеулер: түрдің жеке мүшелерінің экологиясы (аутэкология); жеке түрлердің экологиясы (популяциялық экология); организм топтарының (биоценоздардың) экологиясы (биоценология) болып 3 бағытқа жіктеледі. Осы зерттеулердің нәтижесінде агробиоценоздарды игеру барысында туындайтын өзгерістердің жағымсыз зардаптарын болдырмау немесе әлсірету тәсілдерін табуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру мәселесін шешуге болады. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы экологиясы және қоршаған ортаны қорғау тәсілдерін жетілдіру саласындағы зерттеулер — Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығында, Қазақ мемлекет ұлттық ун-тінде, Қазақ мемлекеттік аграрлық ун-тінде, ҒМ ғылым академиясының ғылыми-зерттеу мекемелерінде жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы экологиясының дамуы Р.О. Оразалиев, Ғ.Т. Мейірманов, С.Әбдіраимов, А.Б. Биғалиев т.б. белгілі ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Агроэкология[1](агро… және экология) – абиотикалық және биотикалық факторлардың мәдени өсімдіктердің өнімділігіне әсерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы егістіктерінде тіршілік ететін организмдер қауымдастығының құрылымы мен өзгеруін зерттейтін қолданбалы экологияның бөлімі.
Агроэкологияның негізін В.Тишлер жасады (1965).
Дала экожүйесінің абиоталық құрауыштарына күн сәулесі, жауын-шашын, минералды қоректік элементтер, ал биоталық құрауыштарына продуценттер, консументтер және редуценттер жатады. Бұл факторлардың өзара қатынасы қауымдастықтың тіршілікке икемділігін сақтай отырып, қоршаған орта жағдайларының өзгерісіне бейімделуіне себебін тигізеді.
Белгілі бір биотоптағы өсімдік түрлерінің санын азайтқанда (мысалы, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіргенде) барлық қоректік деңгейдегі түрлер саны азаяды.
Мұндай қауымдастықта кейбір өсімдік қоректі жануарлар түрлерінің көбеюі, оларды жыртқыш аңдардың дұрыс реттей алмауынан күрт өсіп, Агроэкологияның тұрақтылығының бұзылуына әкеледі.
Биоценол. принциптерді қолдану арқылы Агроэкология мәдени өсімдіктердің өнімділігін молайту мақсатымен ауыл шаруашылығының жаңа технологияларын жасайды
Бұған ең бірінші, жер суғарудың (тамшылатып суғару) су сақтайтын технологиясы, өсімдіктерді қорғаудың биологиялық әдістері, аралас егіншілік, т.б. жатады.[2]