Аялдап оқыту



Pdf көрінісі
Дата27.04.2023
өлшемі76,71 Kb.
#87575


“Ердің бақыты-əйел” Төле би
(аялдап оқыту)
Төле би: «Балама əйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын,
бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» деген. Келінім ақылды
болса, балам дана болады. Ердің бақыты — əйел деген. Ел сыйлайтын ерді
ақылдылықпен адам етіп тəрбиелейтін — əйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын
шығаратын да əйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді
асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт та,
қызырда əйелде. Əйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі
үйге кім келмейді? Жақсы əйелдің арқасында ердің елге даңқы кетеді. «Би бол, би
болмасаң, би түсетін үй бол» деген. Би түскендей үй болу — əйелден. Ол əйелді халық та
жақсы көреді, кембағал, қайыршы да жақсы көреді. Жақсы кісіні жұрт жек көре ме? Əйелі
жақсы болмай, ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де əйел, ерге бақыт əперетін де əйел.
Осындай ой құшағында жүрген Төле биге түрікмен елінен елші келіп:
— Бір жылдан бері бітпей жатқан дауымыз бар еді, соған билік жасаңыз, — деп өтініш
айтыпты. Жер шалғай болса да, Төле би түрікмен еліне барып, дауласқан екі жақты
татуластырып қайтады.
Бірінші аялдама бойынша бекіту сұрақтары:
● Сенің ойыңша би деген кім?
● Төле би неліктен келінінің ақылды болуын қалады?
● “Əйел жақсы болмай,ер оңбайды” деген сөздің мағынасын қалай түсінесің?
ЕКІНШІ АЯЛДАМА
Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты
қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. Жалғыз
көк шолақ атына мініп, байдың қыздарымен тойдан қайтқан беті еді деседі:
— Əй, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар
аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтіп кетпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту
дұрыс болмайды. Олар — ел қорғайтұғын, жер қорғайтұғын ерлер. Кім біліпті араларында
ақылы асқан ақылды, данышпан қариялары бар шығар, ашулы, арынды батырлары бар
шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Əлі-ақ бəріміз де бір-бір үйдің иесі боламыз.
Шарапат, жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар,
аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты ер кісілер алдымыздан кесіп
өтсін! Сонан соң жүрсек те аулымызға жетерміз, — деді Данагүл.
Қызыл-жасыл киінген қыздар жол кеспей, иіріліп тұрып қалды. Топ алдындағы Төле би
мұны алыстан көріп, байқап келе жатыр. Қызыл-жасыл киінген қыздардың деңгейіне жетіп,


алдарынан өтіп, ат ала кел дерліктей жерге ұзап кеткен соң, қасындағы жолдасының
біреуіне:
— Анау алдымызды кеспей кейіндеп қалған балаларды шақырып келші, — деді. Ол шауып
барып, қыздарды шақырып келді. Жақындай бергенде Данагүл атынан түсіп, жаяулап:
— Апалар, бəріңізде аттарыңыздан түсіңіздер. Жаяу барып сəлем берейік. Үлкен кісілерге
атпен тасыраңдап жетіп барып сəлем бергеніміз ұят. Бұл кісілер ешуақытта да
кездеспейтін кісілер. Жолымыз болады екен, — деді.
Барлық қыздар аттан түсті. Жаяу жүріп келіп, бəрі басын иіп сəлем берді. Төле би:
— Балалар, өркендерің өссін, бақытты болыңдар, — деді қуанып, — шырақтарым, қай
ауылдың баласысыңдар?
— Сыйқым ауылының баласы едік.
— Балалар, алыстан бізді көріп, тосып тұрдыңдар. Əлдеқашан өтіп кететін уақыттарың
болып еді. Не себептен тостыңдар, соны айтыңдар?
Қыздар жауап таба алмай Данагүлге қарады. ол:
— Аталар, біз сіздерді алыстан көріп, аталарымыз бен ағаларымыз шығар. Араларында
ел бастаған батыры бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар. Əкеміздей
үлкен, қызырлы адамы бар шығар деп алдарыңыздан өтпей тосып тұрдық. Үлкен
кісілердің батасын алалық, жақсыны көрмек үшін, көрмеген аталарымыз, ағаларымыз
болса, көрелік. Аты-жөнін білелік деп тосып тұрдық, — деді.
— Қарағым, балам, атың кім? — деді Төле би.
— Атым — Данагүл, ата.
— Əкеңнің аты кім?
— Əкемнің аты — Алакөз.
— Жақсы, шырақтарым, өркендерің өссін, Құдай тілеулеріңді берсін! Жарайды енді,
аттарыңа мініңдер, — деп Төле би батасын беріп, жүріп кетті.


— Тарт сыйқымның аулына, — деді былай шыға бере жолдастарына. Сыйқым аулына
жақындап келгенде, бір серігін шаптырды. — Бар Алакөзге, ауқатты адам ба, нашар адам
ба екен? Қандай адам екен? Хал-жайын біліп, біз жеткенше қайта орал!
Екінші аялдама бойынша бекіту сұрақтары:
● Данагүл жанындағы серіктерін не себепті тоқтатты?
● Данагүл қай ауылдың қызы?
● Төле би не себепті Данагүлдің отбасын білуге адам шаптырды?
ҮШІНШІ АЯЛДАМА
Шапқыншы бəрін біліп қайта оралды.
— Ой, биеке, Алакөз деген кедей адам екен. Байдың жылқышысы көрінеді.
— Үйі қайсы?
— Үйі анау шетте тұрған қараша үй.
— Жүр, мені ертіп барғын.
Шапқыншы ертіп барды. Алакөздің үйі — қырық жамау, тесік-тесік, ішінен қараса, сырты
көрінетін қараша үй.
— Алакөз қайда?
— Анау құдық басында мал суғарып жүр.
— Шақырып кел!
Орта жастағы əйел шапқыншыға шидің ішінен бір тостаған айран ұсынды. Шөлдеп келген
адам айранды тұщына жұтып, басын көтере бергенде, үйге ұзын бойлы отыз
бес-қырықтың ар жақ бер жағындағы жігіт ағасы кіріп келді.
— Ассалаумағаликүм!
— Уəликүмсəлам. иə, Алакөз деген сен боласың ба?
— Мен боламын.
— Сен болсаң, аулыңа мейман келеді. Төле биді білесің бе?


— Ойбай, білмегенде ше? Оныңыз не дегеніңіз? Төкеңді кім білмейді. Ол кісіні бүкіл қазақ
түгілі, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен түгел біледі емес пе?
— Ал енді сол Төкең мына түрікмен жақтан келе жатыр еді. Бүгін сенің үйіңе қонақ болады.
Қонақты қарсы алуға жағдайың бар ма, батыр?
— Ойбай, бар жағдайым. Ол кісіні Құдай айдап біздікіне келсе, одан артық бақыт бар ма?
Байларға бармай, біздікіне келгеніне мың мəрте шүкіршілік етеміз. Ал, қатын, қамдан.
Байдан бір мал сұрап əкелейін.
Шапқыншы қайта шауып кетті. Алакөз де атына мінді. Келіп сəлем беріп, Төле биді
серіктерімен үйіне əкеп түсірді. Алаша, киіз жетпеген жерге қамыс төседі. Үй кісіге толды.
Жалғыз сиырының айранына суды қосып жіберіп шалап жасап, бір-бір тостағаннан сусын
ұсынды. Біреулерді жүгіртіп, байлардың үйінен самауыр, қарызға нан алдырды. Ауыл
хабарланып, жиналып қалды.
— Ой, Алакөздің үйіне Төле би келіп түсіпті. Қасында бір топ жолдасы бар, — деген хабар
байға да жетті. Домаланып ол да келді. Келіп «о, Төке» деп сəлем беріп, шұрылдасып
жатыр.
— Төке, біздің үйге неге түспедіңіз? Мынау балаңызды ұялтқаныңыз қалай?
— Халқым үшін мен Төле би болып тұрып байға ғана, барға ғана түсіп, кедейлерді есіме
алмасам, онда əділет бола ма? Байға жақ боп кедейдің ақысын жіберсем, онда мені жұрт
əділетті деп айтар ма еді? Мейірімім түсіп мына Алакөздің үйіне қонақ болғым келді. Ал
енді бəрің бірдей ағайынсыңдар ғой, құрметтерің болса істей беріңдер.
Лездің ішінде-ақ киіз де келіп қалды, текемет те, жастық та келіп қалды. Алакөздің үйінде
жоқ болғанымен елде бар. Мал сойылып, ауыл адамдарының бірсыпырасы жиналып,
əңгіме тыңдап, Төкеңмен бірге отырды.
Үшінші аялдама бойынша бекіту сұрақтары:
● Төле би неге бай үйіне емес,Алакөздің үйіне түсті?
● Бидің əділеттілігі деп нені айтар едің?
ТӨРТІНШІ АЯЛДАМА
Бір кезде Төле би сыртта жүрген Алакөзді шақырып алды.
— Алакөзім, балаң бар ма? Қанша балаң бар?
— Уа, би аға, менің балам емес, Құдайдың баласы деп айтайын, бір қыз балам бар.
— Осы үйде жүрген келіннен бе?


— Иə, осы келініңізден.
— Мм... Жақсы екен. Келін қай елдің баласы еді?
— О, би аға, келініңіз мынау қожа атамның тұқымы еді. Тектұрмас деген əулиенің
əулетінен.
— Ə, жақсы екен. Жарайды, келінім. Балам, əлгі қызыңды, Данагүлді шақырып кел! Үлкен
кісілердің əңгімесін есітіп отырсын. Бала ғой...
Данагүл көрші ауылда қыздармен отыр еді. «Əкең шақырып жатыр» деп бір келіншек
барып, шақырып келді.
— Атаңменен амандас, — деді оған шешесі ақыл айтып.
— Ол кісілерді мен көргенмін. Бағана күндіз сəлем бергенмін. Мені таниды, — деді
Данагүл. Бір кезде тамақ пісті.
Төле бидің алдына бата сұрап бас келді.
— Əлгі Данагүл баламды шақыршы?
Табаққа бата беріп болғаннан кейінгі жерде Төле би басты қасқалап пышақпен кесті де, бір
ұртын алып өзі аузына сал- ды. Бір құлағы мен таңдайын алып;
— Қарағым, Данагүл, келші, өз қолымнан ұсынайын. Құлақ бергенім — екімнің бірі бол!
Таңдай бергенім — айттырмай біліп, құпия, жұмбақ сырымды шешіп, өсиетімді жұртқа
жайып жүретін балам бол, міне, — деп ұсынды.
Данагүл келіп еңкейіп, қолына алып:
— Рахмет, ата. Айтқаныңыз қабыл болсын! — деді басын иіп.
Жолаушылар қонақ болып жатты. Таң атты. Шай ішіп отырғанда, жұртқа Төле би:
— Оу, жігіттер, мына Алакөз мырзамен құда болғым келіп отыр. Данагүл балама мейірімім
түсті. Бұйрық болса, бала етіп алсам деп отырмын. Мен де кедей адаммын, Алакөз де
кедей адам. Қоралап айдап беретін малым жоқ. Сондықтан мұныкі — менікі, менікі —
мұныкі. Екеуімізге екі бала ортақ. Ниетім қалыс. Қабыл көрсең, Алакөз қарағым,
тапқанымыз екі баланікі, — деді. Алакөз əйелі екеуі орнынан ұшып түрегеп, жылап қоя
берді.


— Би аға, біз бүйтіп дүниеге келіп, бізге бала бітіп, ол баламызға сіз секілді адамның
мейірі түсіп, үйімізге келіп құда болады, қызырға ие боламыз деген жоқ едік. Би аға,
өле-өлгенше баламыз сіздікі. Ерлі-байлы екеуміздің малжанымыз да осы баланың
жолында. Сіздің бізді елегеніңізге, осынша мейірбаншылықпен бізге мейіріңіздің түскеніне
ризамыз. «Рас па, өтірік пе» деп келініңіз екеуміз қуаныштан жарылып кете жаздап
тұрмыз.
— Ал, ендеше, олай болса, мінеки, бабам Бəйдібектің батасы болсын. Əумин, қолыңды
жай. Ақылды, абыройлы, мейірлі, рақымды, кішіпейіл, киелі, айтқаны əділ, тілегі қабыл,
өмір жасы ұзақ, халқына қадірлі, жұртына сүйкімді, əке-шеше, туыс-туғанына жағымды,
арты үбір-шүбірлі, алды қоқырлы, нəсіпті болсын! Аллау əкпар! — деп бата берді.
Төртінші аялдама бойынша бекіту сұрақтары:
● Алакөздің неше баласы бар?
● Данагүлдің анасы қай елдің қызы болып шықты?
● Төле бидің “ өсиетімді жұртқа жайып жүрер балам бол” деген сөзінің мағынасын
түсіндір.
Бесінші аялдама.
Арада ай өтпей Төле би Данагүлді ауылына келін етіп түсірді. Келіні өзінің ойынан шығып,
күткендегідей болды.
— Балам, Данагүлім, өзімнің ұлым қандай болса, сондай болып жүре бер! Атаға көрінбей
қашып кетуді қой. Ол — ескірген əдет. Мен болсам, халық үшін жүрген адаммын. Көбінесе
түзде жүремін. Үйдің, ауыл-абаннын, бəрінің ақылшысы өзің бол, шырағым. Шаруаны да
өзің басқар. Тізгін-шылбырды қолыңа ал! — деп келінін баласындай көріп, титтей нəрсе
болса, ақылдасып отыратын болды. Бір жақтан жолаушылап келсе, үлкен кісідей келініне
көрген-білгенін айтып, сұрақ қоя сынап, ауылдағы шаруаның жайын əңгімелетіп, үнсіз
тыңдап отырады екен.
Бірде Төле би алыстағы жекжатына барып, атқосшысы екеуі ғана қайтады.
Екеуі шөлмен тартты. Елден шығып, екі қонып, үш қонып келе жатты. Бұлар келе жатқан
шөлді қырық қарақшының жайлап жүрген кезі еді.
Олар — кезіккенді тонап, елден мал ұрлап, ешкімге теңдік бермей жүрген қарақшылар.
Үшінші күні Төле би жолдасы екеуі қырық қарақшыға тап болды. Бас салып, сөз сөйлеуге
де мұрша бермей, қолға түсірді. Ақсақалды қарттың Төле би екенін олар білген жоқ. Атын
тартып алып, киімін тонап, екеуін шөлге тастайтын болды.
Төкең өзінің кім екенін айтпады.


— Əй, батырлар, сендер бəрің де батырсыңдар. Сендерге мал керек пе, жан керек пе?
Жан керек болса, бір шал мен бір жігітті өлтіріңдер де, ат-тонын алыңдар. Ал енді мал
керек болатын болса, мен саған бір қора мал берейін. Екеумізді босатыңдар.
Қырық қарақшынын бастығы:
— Бізге, əрине, мал керек. Біз осы шөлде не үшін жүрміз? Мал үшін жүрміз. Қара басың
қалқиып малды қайтып бересің? — деді.
— Менің малым көп, мен бір бай адаммын. Жүз түйем бар, жүз жылқым, қатын,
бала-шағам бар. Жасым алпыстан асты. Маған жанымнан мал артық па? Өлсем, артымда
қалмай ма? Ауылға барып мал əкеліп беремін дегенге сенбессіңдер. Оның ебін өзім
айтайын. Ақылыңа сыйса, тыңда! Мен ауылыма хат жазайын. Кенже ұлыма құда түсіп
біреудін қызын əпермек болдым. Соған қырық құнан, атан, жиырма буыршын, сегіз ақбас
атаным бар еді. Соны берсін. Он босағамда көмген алтыным, сол босағамда күмісім бар
еді. Өзімнен басқа адам білмеуші еді, — деп Төле би қарақшының бастығына қарады.
— Алтын қадірлі ме, күміс қадірлі ме?
— Ой, алтын қадірлі. Алтыныңыз болса, алтыныңызды жіберсін деңіз, — деді қарақшының
бастығы.
— Онда оң босағамдағы алтынымды тұтас берсін. Дүниені жиғанда қайтемін, жанымнан —
садаға. Біз екеумізді де жібермей ұстап отырыңдар. Біреуің менің атыма мініңдер. Аттың
тілі жоқ қой. Атыма мініп, хатымды алып барсаңдар, осы малды айдатып жібереді, — деп,
хат жазып, атын, шапанын беріп, екі қарақшыны жұмсап, өздері құдықтың басындағы
қарақшылардың шайласында қалды.
Бесінші аялдама бойынша бекіту сұрақтары:
● Төле би “ескірген əдет” деп нені меңзеді?
● Төле бидің “бай адаммын” деп айтуына не түрткі болды?
● “Алтын қадірлі ме, əлде күміс қадірлі ме” осы тіркес бойынша не айтар едің? Төле
би нені меңзеді деп ойлайсың?
Алтыншы аялдама.
Екі қарақшы Төле бидің ауылына келді.
— Тосқауыл деген кісі осы қағазды беріп жіберді. Кенжеұлына қыз айттырған екен, мына
малды берсін дейді. Қағазды оқып ауыл-абасы болып ақылдасты.
— Бұл қалай? Төкең өз қолымен жазыпты жəне атын мінгізіп, шапанын кигізіп жіберіпті.
Төкеңде мұндай мал жоғын кім білмейді. Бұл не? — деп таң қалысты жұрт. Біреуі оны
айтты, біреуі мұны айтты.


— Құда болған шығар. Осы малды тауып берер деп елге сенген болар, — десті. Ойласып
келіп мал жинамақ болып, жұртқа салық салмақ болды. Сонда Данагүл:
— Сіздер түсінбей отырсыздар. Атам қырық қарақшының қолына тұтқын болып түскен
екен. Қырық құнан атан берсін дегені — қырық мықты жауынгер жігіт берсін дегені.
Жиырма буыршын берсін дегені — жиырма палуан берсін дегені. Сегіз ақбас атан берсін
дегені — сегіз ақсақал берсін дегені. Он босағадағы алтыны мен едім, сол босағадағы
күмісі баласы еді. Атам мені артық көруші еді. Жұмбағымды шешер деп ойлаған екен.
Алтынымды түгел берсін дегені — мені алып келсін дегені, — деді ой толғап.
отырғандардың бəрі Данагүлдің даналығына таң қалысты.
— Жарайды, мал береміз, — деп екі қарақшыны бір-екі күн қонақ етті. Үшінші күні малды
жинап, екеуінің көзіне көрсетіп, жолға шықты. Екі қарақшы жол бастап келеді. Бірнеше күн
жол жүріп кұмның шетіне іліккен соң
Данагүл:
— Ал, енді жақындап қалдық қой. Сіздер алдымен барып, хабарын айта беріңіздер, —
деді.
Алпыс жігіт, сегіз ақсақал соңдарынан жасырын ілесіп келе жатқан еді. Ойларында дəнеңе
жоқ екі қарақшы оза шауып, шайлаға барды:
— Біз бардық, айтқаны рас екен. Малды берді. Бай шал екен. Екі-үш малшысы малды
айдап келеді. Біз хабар айтқалы бұрын жеттік.
Қарақшылар қуанып, жаймашуақ болып, аттарын қоя беріп, жайғаса жатты. Бəрінің
басында «мал келе жатыр, олжаға қарқ болдық» деген ой. Күн батысымен қалың қол сау
етіп, құдықтың басында қаннен қаперсіз жатқан қарақшыларды тырп еткізбей қоршап
алды. Қырқын да матап байлады. Ауылына əкелген соң Төле би бəріне арнайы сөз
сөйледі.
— «Ғұмыр — біреу, кезек — екеу» деген. Сендерге өлім керек пе, өмір керек пе? Кешегі
күні тұтқынға мен түсіп едім, бүгін сендер түстіңдер. «Дүние кезек» деген осы болады.
Маған сендердің аттарыңның керегі жоқ. Менің атым — Төле би. Адамның баласына
əділдік айтып, таласқан, тартысқанын, жауласып айтысқанын анықтап, өмірімше істеп келе
жатқан кəсібім — жұртқа жақсылық жасау, болысу. Біреуге біреу зорлық істесе, біреуге
біреу қиянат жасаса, оған əділ жаза кесемін, əділ үкім айтамын. Жəбір шеккен жанға
болысып, оны ажалдан, азаптан құтқаруға асығамын. Сендердін қарақшылық кəсіпке ден
қойғандарыңа қанша уақыт болды? Содан бері не малды, не жанды болған жоқсыңдар.
Бұларыңнан не пайда? Əлде болса мен сендерге болысайын. Тілімді алсаңдар,
өлтіртпейін. Сендер бұл кəсіпті қойыңдар. Тəубаға келіңдер. Мына менімен бірге жүріңдер.
Қатының жоғыңа қатын, малың жоғыңа мал, үйің жоғыңа үй алып беремін. Халық- пен


бірге өмір сүріп, адал кəсіп істеңдер. «Салмай жортқан ерден салмай құлындаған бие
артық табады» деген. Таза, адал еңбек істесеңдер, қарның тояды, біреуді жылатып,
тартып алғаннын берекесі болмайды. Менің айтар ақылым осы. Осы екі жолдың қайсысын
таңдайсыңдар?
Қарақшының бастығы:
— Айналайын, ататай, айтқаныңыздын бəрі рас. Онан қашқан, мұнан қашқан қырық
руданбыз. Қанша уақыт болды ел тонап, малды алдық. Керуенді де тонадық. Ішкен
тамағымыз болмаса, ешқайсысы жұққан жоқ. Біз секілді қарақшыны кім ұнатсын. Құдықтың
сасық суын ішіп, құм даланы кезіп жүруші едік. Біз сіздей ақыл- ды, қамқоршыны қайдан
табамыз? Айтқан сөзіңізге мың бір рет құлдық. Айтқаныңызды істелік. Бір туысыңыздай
болалық, биеке. Сыртыңыздан естуші едік, Біздің де адам болатын күніміз бар екен.
Көрген пенде шошушы еді. Ешкімге жолай алмаушы едік. Біздің əкеміз де, бабамыз да сіз
екенсіз, айтқаныңызды істелік.
Бастықтарының сөзін қоштап бəрі шу ете қалды. Төле би толқи сөйледі:
— Балаларым, мен құда-жекжатыма барып, қайтып келе жатыр едім. Он күндік жолмен
жүргенше, бес күндік шөлмен жүрейік деп сендерге кездестім. Халық үшін туған адам едім,
менің де сендерге шарапатым тиді. Мен бір жетім емес, қырық жетімді ажалдан құтқарып,
адам қатарына қосып отырмын. Осы əділетшілігіме ризамын.
Төле би қырқын да ауылына алып келді. Біреуі қой бақты, біреуі түйе бақты. Əркім қолдан
келген ісін істеді. Бəріне əйел алып берді, ешкімге тигізген жоқ.
Қырқы да өсіп-өнді. Жұрт оларға «қырық ағайынды» деген ат қойды. Бастарына мал да
бітті, жан да бітті.
Алтыншы аялдама бойынша бекіту сұрақтары:
● Төле бидің жұмбағын кім шешті?
● Төле би қарақшыларға əділ үкім берді ме?
● Данагүлдің даналығы сенің ойыңша қай оқиғада көрінді?
● Данагүл сияқты қазақ даласындағы тағы қанлай мықты қыздарды білесің?


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет