А/И 9.4.1 – автор стиліне сүйене отырып, шығармашылық жұмыс жазу.
Сабақ мақсаттары:
автор стиліне сүйене отырып, шығармашылық жұмыс жаза білу.
1-тапсырма:
Үзінді мазмұнына сай Сырым батыр туралы өз пайымыңызды жазыңыз.
Апырай! – деп, ол енді міне Сырымның сыртынан әрі сүйсіне, әрі қимастықпен әлі қарап тұр. – Адам түгілі, астындағы атының, жағы түкті жылқы айуанның, жақсылығын ештеңеге айырбастамайтын, дәті берік мұндай жігіт соңына ерген кісіге сенімді серік, айнымас жолдас болмағанда, кім болады! Асылы, ел де осындай ердің соңынан ереді ғой! Тіпті, түптің түбінде бәріміз де, бәлкім, осының қасынан табылармыз, сірә!
Дескриптор: -үзінді мазмұнына сай Сырым батыр туралы өз пайымын жазады.
Өзіңді тексер: Сырым – досқа адал, қас қылмаған адамына қиянаты жоқ, сөзіне де, ісіне де берік жан. Оның осы қасиеттері жұртқа жағып, ел оның соңынан ерді. Жолдас болып, соңына ерген жан баласының бәріне бірдей қамқор, бағыттаушы қолбасы, жанашыр аға бола алды. Ол жақсылықты ұмытпайтын, текті, адал екенін іспен дәлелдеді.
Оның бойындағы жақсы қасиеттерінің ең ізгісі – айналасына қамқорлығы. Ол адам түгілі жануардың жағдайына асқан жауапкершілікпен, үлкен жанашырлықпен қарайтын. Автор романда батыр әрі би Сырымның бойынан осындай ізгі қасиеттерді көрсете отырып, оқырмандарына ой тастайды, қамқорлық пен қарапайымдылықты үлгі етеді.