Қазақ философиясының даму кезеңдері


əдiлдiк – өтiрiк-өсекпен, алдау-арбаумен қабыспайды



бет5/5
Дата09.05.2022
өлшемі36,55 Kb.
#33570
1   2   3   4   5
Байланысты:
Философия 13 такырып

əдiлдiк – өтiрiк-өсекпен, алдау-арбаумен қабыспайды;

даналық – өткен күндегi шындықты iздеу;

қорқақтық – жау мен жауыздың алдында қашқақтау; залымдық – əлсiзге жəбiр көрсету;



ақымақтық – айтқан ақылға көнбеу; т.с.с.

Асан қайғы – қазақ жерiнен шыққан алғашқы утопист. Елдiң ауыр тұрмысы, табиғат қатаңдығы, оқтын-оқтын болатын жұт, аштық т.с.с. оны қатты күйзелтедi. Табиғатқа қарсы тұру, оны өзгерту керектiгi сияқты Батыс қоғамдарында пайда болған идеялар көшпендiлерге тəн нəрсе емес едi. Сондықтан, ұлы жыраудың назары «жерұйықты» iздеуге бағытталады. Оның суы – сүт, топырағы – май, тасы – алтын, онда халық зардабы, соғыс, тартыс- қырқыс дегендер жоқ, бай да, кедей де – жоқ, бəрi де – жеткiлiктi, бəрi де – бақытты. Ол мұндай «жұпар қорығын» өмiр бойы iздедi. Ол, əрине, қай халық болмасын, бақытты өмiрдi аңсаған армандарының бiр көрiнiсi едi.

Жоғарыда көрсетiлген ой-толғаулар ХVI ғ өмiр сүрген жыраулардың шығармашылығында өз жалғасын тапты. Бұл кезеңнiң көрнектi өкiлi өмiрден жастай кеткен Доспамбет жырау болды (30 жасқа келгенде Астрахан маңын- дағы бiр шайқаста қаза табады). Оның толғауларынан өткен əскери- демократия кезеңiндегi көшпендiлердiң ерiк пен теңдiк, өз елiн қорғаудағы ержүректiк қасиеттерiн мадақтап мақтаныш еткенiн байқаймыз. Жыраудың ойынша, əңгiме бұл өтпелi фəниде ұзақ та солғын өмiр кешуде емес, оны мазмұнды өткiзуде. Яғни, ол қазiргi тiлмен айтсақ, өмiрде алу, иелену, байлыққа масаттану емес, керiсiнше, болуды аңсаған ержүрек батыр.

ХVI ғ көрнектi жырау Шалкиiз Тiленшiұлы болды. Жыраудың ой- толғаулары ел-жұртты қорғау, адамның қысқа өмiрiн той-думанмен өткiзу, əлсiзге қол ұшын беру т.с.с. əдеттегi тақырыптарға арналса да, өзiнiң ерекшелiктерiмен сипатталады. Мысалы, халықтың белгiлi бiр орталық билiкке бағыну керектiгi. Жыраудың ойынша, халықтың бiрлiгiн арттыратын жақсылық жолы, сондықтан ол «жығылғанды тұрғыз, жылағанды уат, қисағанды түзет» дейдi. Адамды аспанға көтеретiн де, құзға құлататын да – Тəңiр. «Тең атаның ұлы едiң, дəрежеңдi артық етсе – Тəңiрi еттi», - дейдi жырау. Өмiрi толығынан қауып-қатерге толы, ертеңгi күнi не болатынын бiлмейтiн көшпендiнiң дүниесезiмiне мұндай өмiр философиясы оған тiрек болып, оны батырлыққа итердi. Табиғат жəне оның ажырамас бөлiгi – адам – Шалкиiздiң шығармашылығының өзектi тақырыбы.

Тарих сахнасына келген ХVII ғ əлi басы бiрiкпеген қазақ халқына жаңа қиындықтар əкелдi. Бiр жағынан күннен-күнгi күшейiп келе жатқан Ресей мемлекетiнiң суық лебi бұрынғыдан да гөрi айқын сезiле басталса, екiншi жағынан, осы ғасырдың бiрiншi жартысында Шығыста жатқан жоңғарлардың ру-тайпалары бастарын бiрiктiрiп, өз хандығын дүниеге келтiредi. Шығыста жатқан қытай мемлекетiне бата алмаған қалмақтар өз өрiсiн қазақ жерлерiн жаулап алу арқылы кеңейткiсi келдi. Осыдан қазақ халқының басына орасан- зор қауіп туады. 1723 ж. ойраттар қазақ жерiне бас салып, бытырап жатқан қазақ руларын орасан зор күйзелiске ұшыратады – халықтың үштен-бiрi қырылып, қыруар мал жау қолына түседi. Халықтың санасында бұл апат «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама»,- деген атпен тарихқа кiрдi. Әрбiр- еуi өз жағына бұратын қазақ билерiнiң есi ендi ғана жиналып, жоңғарларға төтеп беру үшiн бiрiге бастады. Мұндай қауып-қатер туған жағдайда халық өз iшiнен ұлы саясаткер-билердi – Төле, Қазыбек, Әйтеке т.с.с. тудырды. Халық арасынан Отан үшiн өз жанын беруге даяр Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жəнiбек, Қарасай т.с.с. мыңдаған батырлар шығып, халықтың басын бiрiктiрдi, шешушi кезең де келiп қалды. 1730 ж. Балқаш көлiнiң төңiрегiндегi шайқаста қазақтар жоңғарларға ойсырата соққы берiп, күйретiп өз жерiн жаулардан босатты. Халық бұл шайқасқа Аңырақай жеңiсi деген ат қойды. Әлсiреген қазақ халқы екi жаққа бiрдей тойтарыс бере алмады. Сондықтан, осы кезден бастап, Ресей қазақ жерлерiн өзiне қоса бастады. Мiне, жоғарыдағы көрсетiлген ауыр қайғы-зардапқа толы тарих кезеңдерi халықтың өзiндiк сана-сезiмiн жаңа деңгейге көтердi. Сол уақыттағы өмiр сүрген жыраулардың, ойшыл-билердiң де шығармаларындағы халық тарихы, тағдыры жөнiндегi ойлары пiсiп-жетiлiп, жаңа сапалық деңгейде көрiне басталды. Ақтамбердi, Үмбетей, Қожаберген, Бұқар, Шал ақынды ерекше атауға болатын сияқты, себебі сол кездегi халықтың ауыр жағдайы, арманы мен мұңы бұл жыраулардың шығармаларында кеңiнен орын алды. Бұл Дүниеде ұзақ өмiр сүрiп, ХVII ғ екiншi, ХVIII ғ бiрiншi жартысын қамтыған жыр алыбы Бұқар жырау болды. Жырау өмiрiнiң жас кезiнде Тəуке ханның жанында болса, өмiрiнiң соңында – Абылай ханның ақылшысы, кеңесшiсi. Сол кездегi сұрапыл заманды жырау еңбектерінде ұтқыр суреттеген. Ендi Бұқар жыраудың əлеуметтiк-саяси көзқарастарынан өтiп оның болмыс, адам жөнiндегi ойларына келер болсақ, ол бұл Дүниенi өтпелi жалған ретiнде қарайды.

ХVIII ғ қазақ халқының ой-өрiсiне жыраулармен қатар өзiнiң үлесiн қосқан дана «қара қылды қақ жарған» билер болды. Атақты Қазыбек, Әйтеке мен Төле билердi қазақ халқы өз жадында сақтап, олардың қазақ халқының мемлекет-тiгiне қосқан үлесiн ешқашан есiнен шығармаған. Қазiргi тiлмен айтсақ, бұл билердiң шешiмдерi адамдардың «табиғи құқтарына», олардың бiр-бiрiне деген теңдiгi мен ерiктiгiне негiзделген болатын. Сонымен қатар, олардың өмiр, адамдардың қарым-қатынастары жөнiнде айтқан талай-талай нақыл сөздерi осы күнге шейiн бiздi таңғалдырады, олардың əрбiреуi үлкен кiтапқа пара-пар.

Қазақ халқының тарихындағы ХIХ ғ келер болсақ, Ресей империясының бодандығына өткен елде, сол алып мемлекеттiң шеңберiнде жаңаша, негiзiнен, жерде отырып өмiр сүру жолдарына икемделу, осы күрделi де, қиын жағдайда халықтың өзiн-өзi сақтап қалу мəселесi өмiрдiң алғышарттары ретiнде тарихи сахнаға шығады. Халықтың тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай өткiр бетбұрыс философия саласында ағартушылық ағымды туды- рады. Халық ағартушылары Шоқан Уəлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Кұнанбаев секiлдi ұлы тұлғалар халықты жаңа өмiрге баулып, оны сауаттықты ашуға, бiлiмге, еңбекқорлыққа, белсендi өмiр салтына, жасампаз- дыққа шақырды. Қазақ даласындағы ағартушылық көшiн бастаған аса дарынды ұлы тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов (1835-1865 ж.ж.) болды. Өзiнiң қысқа өмiрiнiң шеңберiнде ол өте көп iстердi тындырып, тек қана қазақ халқының өткен тарихын, əдет-ғұрпын, жалпы руханиятын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар, сол кездегi нақтылы өмiршеңдi мəселерге ат салысып, қалың бұқараның мүдделерiн аса батылдықпен қорғады. Шоқанның онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, ол күнбе-күнгi адамның тəжiрибесiнен шығатын, сол кездегi жаратылыстану ғылымдарына сүйенетiн материалистiк бағытта болды. Оның тiкелей болмыс жөнiндегi еңбектерi болмағанмен, оны бiз Шоқанның қазақтардың шамандық (бақсылық) өмiрсезiмiн талдауынан байқаймыз. Шамандықты көшпендiлер- дiң алғашқы көне дiнi ретiнде қарап, ойшыл Табиғаттың сиқырлы да үрейлi күштерiнiң осы дiнде бейнеленгенi жөнiнде айтады. Яғни, Табиғат бiрiншi де, адамның өзi сол табиғаттың төл туындысы болғаннан кейiн өзiнiң сана- сезiмiнде жағалай ортаны дұрыс, я болмаса қияли бейнелейдi. Ендi ойшылдың əлеуметтiк болмыс жөнiндегi көзқарастарына келер болсақ, ол «географиялық детерминизм» бағытын ұстағанын байқаймыз. Қоғамның дамуына жағалай қоршаған ортаның жазықтығы, я болмаса, тау-тастығы, ауа- райы, жер құнарлығы т.с.с. факторлары жатады. Олай болмақ түгiл, ол бүгiнгi таңдағы мəселелердi тереңiрек түсiнуге көмектеседi. Мысалы, реформалар- дың басында ауыл шаруашылығындағы iрi ұжымдық мекемелердi жойып, олардың орнына жеке шаруашылық қожалықтарын орнату саясаты жүргiзiл- дi. Әрине, мұндай саясатта елдiң географиялық ерекшелiктерi ескерiлген жоқ. Қазақстан АҚШ, я болмаса, Бразилия, немесе Франция емес. Ендi бүгiнгi таңда ғана бiз жiберген қателiктерiмiздi байқап талдап жатырмыз. Сонау көне заманнан бастап, Жаңа дəуiрге дейiн елдiң сайын даласында тек қана көшпендi мал шаруашылығы ең тиiмдi шаруашылық формасы болғанын Шоқаннан кейiнгi бiзге де мойындауға тура келедi. Тек қана индустриалық- машиналық өндiрiс пайда болып, өндiргiш күштер зор даму қарқынын алған кезден бастап, қана солтүстiк жəне орталық өңiрлерде жерге тұрақтану мүмкiншiлiгi пайда болып, сол кезден бастап, қазақ жерлерiне басқа мемлекеттердiң «қызығушылығы» пайда бола бастады.

Ш.Уəлихановтың əлеуметтiк-саяси, құқықтық көзқарастарына келер болсақ, ойшыл жан-тəнiмен халықтың қамын ойлап, «əдiлеттi басқару» жүйесi арқылы «парасатты реформалардың» негiзiнде халықтың хал-ақуалын өзгертуге болатынына сендi жəне оны жақындату үшiн барлық күш-жiгерiн салды. Ол 1862 жылы Атбасар аймағының сұлтан-басқарушы лауазымын жеңiп алу үшiн сайлауға түсiп жеңгенмен, Патша үкiметi оны бұл орынға бекiтпей қойды. Одан кейiн Шоқан «Сот реформалары жөнiндегi жазбалар» атты өзiнiң ғылыми еңбегiн жазады. Осы кездегi Ресей мемлекетiнде буржуазиялық-демократиялық реформалар қомақты орын алып жүрiп жатқанымен «азиаттық деспотия», пара алу, заңды бұзу, қарапайым адамның ар-намысын аяққа басу т.с.с. кертартпалықтар бұрынғыдай болып жатты. Сондықтан, Шоқан Ресей мемлекетiнiң құқықтығына зор күмəн келтiредi. Құқықтық мемлекетте заңдардың үстемдiгi əрқашанда сақталуы қажет – оны ешкiмнiң де аттап өтуiне құқы жоқ. Заңдар бұзылған жағдайда жаза əдiл сот арқылы берiлуi керек, - деп қорытады ойшыл.

Шоқан Патша үкiметiнiң Ресей сот институтын өзгертпеген, бейiмдел- меген түрде қазақ қоғамының өмiрiне еңгiзуiне үзiлдi-кесiлдi қарсы шығып, оның негiзсiздiгiн көрсетедi. Ресей заңдары қазақ қоғамындағы əлеуметтiк қатынастардың ерекшелiктерiн, халықтың тарихи қалыптасқан құқтық көзқа- растарын ескермейдi. Шоқанның ойынша, таяу болашақта қазақ даласында үйреншiктi, халық алдында абыройы бар билер сотын қалдыра тұру қажет.

Уəлиханов қазақ халқының рухани өмiрiн зерттеуге де қомақты үлес қосты. Оның даналығы – болашақтағы халықтың рухани жаңаруындағы тарихи қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жыр-дастандардың, аңыздар- дың, т.с.с. халық туындыларының маңыздылығын ұғып, олардың əртүрлi түпнұсқаларын қағазға түсiрiп, болашақ ұрпақтарға қалдыру болды. Солардың iшiнде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Едiге», «Ер Қосай», «Ер Көкше» сияқты жырлар бар. Туысқан қырғыз халқының аса көрнектi туындысы – «Манасты» да алғаш рет қағазға түсiрiп, оны орыс мəдениет зерттеушiлерiне көрсеткен де Ш.Уəлиханов болды. Егер бiз орыс ұлы ойшылы А.Ф.Лосевтың – қайсы бiр халықтың мəдениетiнiң биiктiгi мен шоқтығы оның тарихи тудырған аңыздары мен жыр-дастандарының байлығына байланысты, - деген пiкiрiне құлақ түрсек, Шоқанның бұл еңбегiн асыра бағалау өте қиын жұмыс болар. Осы ойларға сəйкес, бiз қазақ халқының мəдениетiнiң əлi талай-талай шыңдарға жететiнiне күмəнiмiз жоқ, өйткенi оның iргетасы мықты – ғажап iнжу-маржандармен безенген, мыңдаған жылдарды артына тастап, бiздiң өмiрiмiзге дейiн жеткен – халық мифологиясы. Ол қазiргi қазақ тiлi мен мəдениетiне ерекше өзiндiк сипат беретiн сарқылмайтын бұлақ, рухани тiрек (под редак. проф. Габитова Т.Х., 2000).

Ш.Уəлиханов халықтың дiни өмiрiн де терең зерттеп, оны ағарту жолында көп еңбек етедi. Ол шамандықты (бақсылықты) көшпендiлердiң Табиғатқа табыну жолында тудырған дүниесезiмi ретiнде қарайды. Бұл iзденiс жолында халық осы Дүниенi жаратқан «Тəңiрдi», адамдарды əрқашанда қолдап отыратын бабалардың рухы – «аруақты» табады. Ислам дiнiнiң Орта Азия мен Қазақстанға тарауы көшпендiлердiң рухани өмiрiнiң өзгеруiне əкелгенiн айтады. Дегенмен де, қазақ дүниесезiмiнде ислам қағидалары шамандықпен араласып, бiр жағынан, Аллаға тағзым етумен қатар, екiншi жағынан отқа табынумен жалғасып жатты, - деп қорытады ойшыл. Жалпы алғанда, ойшыл ислам дiнiне терiс көзбен қарайды – молдалар халықты қараңғылық пен надандықтың шырмауынан шығармайды, сол кездегi қазақ жерiндегi мешiттердiң көп салынуына алаңдаушылықпен қарап, оларды халықты бодандаудың бiр құралы ретiнде қарайды (Валиханов Ч. – Алма-Ата, 1967).

Ағартушылық ағымының көрнектi өкiлi Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 ж.ж.) халықты аман сақтап қалудың, жаңа қалыптасып жатқан ақуалға сай келуiнiң бiрден-бiр жолы – оның сауаттығын арттыру, бiлiмiн жетiлдiру, орыс мəдениетi мен тiлiн игеру деп есептедi. Сондықтан, ол өзiнiң барлық күш- жiгерiн жаңа мектептер ашуға, балаларға арналған қызықты оқулықтар жазуға жұмсады. Өзiнiң Дүниеге деген көзқарастарында ол дiни бағытта болып құдайды мойындағанымен, дiни фанатизмге қарсы шығып, шала- сауатты қазан мен Бұхарадан келген молдалардың халыққа тигiзетiн терiс əсерлерiн əшкерелейдi. «Кел, балалар, оқылық!», «Жаз», «Өзен» т.с.с. оның өлеңдерi осы күнге дейiн өзiнiң эстетикалық əсемдiгi, гуманистiк идеялары, тəрбиелiк мүмкiндiктерiмен бiлiм беру саласындағы жас ұрпаққа оң əсерiн тигiзуде. А.Құнанбайұлы (1845-1904 ж.ж.) – тек қазақ халқы емес, сонымен қатар бүкiл дүниежүзiлiк руханиятта өзiнiң өшпес iзiн қалдырған ұлы ғұлама.

Абайдың онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, оны ғажап та терең, өзiнiң ерекшелiгi мен маңыздылығын ешқашанда жоймайтын дiннiң шеңберiндегi философиялық антропология деп бағалауға болатын сияқты. Жаратқан, Дүние, Адам – осы үш категория Абай филосо-фиясының iргетасын құрайды. Абай өз философиясының осы негiздерiн өзiнiң 38-шi қара сөзiнде егжей-тегжей талдайды. Дүние Жаратқанның құдiреттi күшi арқылы пайда болып өмiр сүрiп жатыр жəне онда белгiлi бiр заңдылықтар, мақсатқа лайықтылық бар – соңғылардың негiзi – Ғылымда. Жаратқанның үшiншi сипаты – Хаят, яғни Тiршiлiк. Ендi Абайдың филосо-фиялық антропологиясына келер болсақ, жаратылған адамның ақыл-ойы, күш-қуаты бар, ал ол Алланың ғылыми-құдiреттiлiгiнен шығатын қасиеттер. Бұл арада ұлы Абай рақымшылдыққа аса көп көңiл бөледi (С. Мырзалы, 2008).

Адам – Ғарыштың өзегi, ерекше пəнде. Бiрақ, соған қарамастан, ол шектеулi, өлшемдi, ал Алла-тағала өлшеусiз, шексiз. Абайдың саяси- құқықтық көзқарастарына келер болсақ, онда да өнегелi көп терең ойларды табамыз. Абай отарлық саясатты əшкерелей келе, «бөлiп ал да, билей бер» деген саясаттың негiзiнде халықтың iшiнде iрiткi пайда болып, жеке адамның құқықтарының өрескел бұзылғанын əңгiме қылады. Абай бүкiл болмысымен, жан-тəнiмен өз халқын сүйген, сол себептi оның тарихи қалыптасқан кемшiлiктерiн əшкерелей бiлген. Өз кемшiлiгiн сезiну – одан жартылай құтылумен тең емес пе, қалған жартысын бiлiм алу, қажырлы еңбек ету жолында жоюға болады. Абай «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалды талдай келе «Ардан кеткен соң, тiрi болып жүргенiң құрысын», - деп қынжылады. «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе, перiште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тəттi, алтын үйден жан тəттi», - деген мақал-мəтел- дерге сындық көзбен қарап, қазақ дүние сезiмiнде қалыптасқан терiс кертартпа қылықтарды қатты сынға алып, оларды түзеуге шақырады. Абайдың ойынша, Жаратқанның тудырған бұл Дүниесiнiң кiндiгi – адам. Олай болса, «Адам бол!» – дейдi. Яғни, əрбiр кiсi əрқашанда өзiнiң тұлға- сының адам ұғымына сəйкестiгiн өлшеп өмiр-бақи соған жетуге тырысуы қажет. Тек сонда ғана адам өзiн жан-жақты дамытып, бойындағы ашылмаған табиғи дарындарын сыртқа шығарып, гүлдетiп, бұл өмiрде ерекше орны бар тұлғаға айналып, өзiн бақыттымын деп сезiне алады (Құнанбаев Абай. Қара сөздер – Слова назидании – Алматы, 1995. – 47 б.)

Шəкəрiм Құдайбердiұлы (1858-1931ж.ж.) – ХIХ ғ аяғы – ХХ ғ басында өзiнiң терең де жан-жақты рухани еңбектерiмен тарихта қалған, қазақ руханиятында ерекше орны бар ұлы ойшыл-философ, тарихшы, ағартушы, ақын. Оның философиялық көзқарастарының қалыптасуына ағасы, тəлiм- тəрбие берушiсi – Абайдың ықпалы өте зор болды. Өзiнiң аса дарындылы- ғының арқасында Шəкəрiм бес жасынан бастап сауатын ашып, араб, парсы, түрiк, орыс тiлдерiн өзiндiк жолмен оқып-бiлiп, соның нəтижесiнде Батыс жəне Шығыс философиясы, əдебиетi мен поэзиясынан сусындап өзiне тəн ерекше дүниеге деген көзқарасын дүниеге əкелдi.

Шəкəрiмнiң онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, оны рационалдық дiни философияға, нақтылай келе деизм (құдайды Жаратушы ретiнде мойындағанмен, табиғат əрi қарай өз заңдылықтарының негiзiнде өмiр сүре бередi) бағытына жатқызуға болатын сияқты. Терең философиялық мəнi бар ерекше мəселе – жан мен тəннiң арақатынасы, өзара байланысы. Ақынның ойынша, жан мен тəннiң арақатынасында басымдылық бiрiншiде, тəуелдiлiк екiншiде, яғни, сана, ақыл тəндi билейдi.

Ендi танымдық мəселелерге келсек, Шəкəрiм өзiнiң «Анық пен танық», «Мұсылмандық шарттар» т.б. еңбектерiнде ол адамдарға қоршаған табиғи ортаның жұмбақ-сырын ұқ, танып-бiл, оның ашылған сырларын мақсат- мұратыңа жарат,- деген ой тастайды. Оның ойынша, тану, бiлу, нану, ұғыну – бəрi ақыл iсi, ал оның iргесi мида жатыр. Бiрақ, ол үшiн адам дүниеден белгiлi ақпараттар алуы қажет. Оны жеткiзетiн түйсiктер.

Ғалымның этикалық, ағартушылық идеяларына тоқталсақ, ойшылдың негiзгi еңбегi – «Үш анық» – алғашқыда ақын екi анықты сөз қылады. Бiрiншi – ол ғылымдағы ақиқаттар, оған адамзатты мыңдаған жылдар бойы iзденiп, зерттеп жеттi. Екiншi – дiннiң берген аяндары. Бұл, əрине, философия саласында мыңдаған жылдар созылып келген ақыл-ой мен сенiм ақиқаттары, олардың ара-қатынасы. Осы «екi аныққа» ойшыл үшiншi – ар-ұжданды қосып оның iргелiлiгiн баса айтады (Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. – Алматы, 1991. – 30 б).

Шəкəрiм Абайдың «жүрек», «нұрлы ақыл» категорияларын əрi қарай тереңдетедi. Оның ойынша ар-ұжданға ынсап, əдiлет, мейiрiм кiредi. Шəкəрiмнен кейiн жарты ғасыр өткен шақта Австрияның ұлы ғалымы В. Франкл ар-ұжданды «адамның iшкi құдайы», - деген болатын. Мұның өзi де бабамыздың өз заманын озған ғұлама екенiн дəлелдемей ме? (Құдайбердіұлы Ш. Талап пен ақыл // Шығармалары. – Алматы, 1988. – 267, 488 бб).

ХХ ғасырдың басындағы аласапыран заманда Ресей империясы терең күйзелiске ұшырап, оның құрамындағы халықтардың ұлттық сана-сезiмi өсiп, олар өзiндiк мемлекет құру, төл мəдениетi мен тiлiн, əдет-ғұрпын сақтап қалу мəселелерiн күн-тəртiбiне қоя бастады. Бұл көштен қазақ зиялылары да қалысқан жоқ. Қазақ халқы ХХ ғ басында өз iшiнен талай-талай дарынды, өз халқының бостандығын армандаған, сол үшiн жан-тəнiн берген азаматтарды тудырды. Солардың iшiнен ерекше тұлғалар ретiнде Ж. Аймауытов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Х. Досмухамедов, М. Жумабаевты атап өтуге болар едi. Аталған тұлғалардың көбi өз талпынысының арқасында жан-жақты бiлiм алып, орыс, басқа тiлдердi игерiп, шын шығармашылық деңгейге көтерiле бiлдi (Сегизбаев О. Алматы,1996).

Кең түрде алғанда, аталған ұлы тұлғаларды қазақ халқының бостандығын арман еткен ұлттық демократиялық қозғалыстың белсендi де, абыройлы жетекшiлерi деп бағалауға болады. Осы жолда олар «Алаш» партиясын ұйымдастырып, халықтың ұлттық сана-сезiмiн оятып, өз заманының дəреже- сiне көтергiлерi келдi. Олардың бəрi дерлiк 1917 ж. болған екi революцияны да қабылдап, олар қазақ елiне шын бостандық, теңдiк, бақытты өмiр əкеледi деп ойлады. ХХ ғ ғұлама ойшыл, саясаткер А. Байтұрсынұлы (1873-1937 ж.ж.) кейпi бүкiл сол кездегi ұлттық-демократиялық ағымдағы тұлғалардың бəрiн бейнелегендей. Халықтың Жаңа дəуiр келген кездегi аянышты да мұңды ақуалын терең ойға салып, оның бостандығынан айырылған себептерiн ойшыл халықтың негiзгi бөлiгiнiң су қараңғылығы мен надандығынан, ұйқылы-ояу салғырттығынан, жоғарғылардың сатқындығы мен iрiп-шiруi, патша үкiметiне ой-қамсыз берiлiп қызмет етуiнен т.с.с. себептерден көрдi. Олай болса, көп уақыт «ұйқыда жатқан халықты ояту керек, ол үшiн басқа амал болмаса, оны маса» сияқты шағу керек, ал М. Дулатовқа келсек, ол тiптi «Оян қазақ» деген ашық ұран тастаған болатын. Мұндай жағдайда халықтың бостандыққа жетуi – алыста жатқан, стратегиялық мақсат-мұрат, ал сол кездегi нақтылы-тарихи жағдайға байланысты – Ресей мемлекетiнiң шеңбер- iнде Қазақстанның автономиялық дəрежесiне, өзiн-өзi басқару мүмкiндiгiне жетiп, халықты ағарту, мəдениеттi жаңарту арқылы көптен берi созылған халықтың ауруы – қараңғылық пен ерiншектiк, енжарлықтан құтқару мақсатын қойды, оның ойынша ондай жаңару жолына жетудiң негiзгi жолы – демократиялық үрдiстi дамыту, адам құқтарын сақтау, «Мемлекеттiк Думаның» мүмкiншiлiктерi қандай шолақ болса да бəрiн заңды жетiлдiру арқылы жету деп есептедi. «Тағы да халық соты жөнiнде» деген «Қазақ» газетiнде 1911 ж. жарық көрген еңбегiнде ол «Сайлау» деген ұғымның мəн- мағынасын егжей-тегжей талдайды – ол рулардың, я болмаса, қалталылардың арасындағы тартыс емес. Өкiнiшке орай, қарапайым халық дəл солай деп ойлайды. Соның нəтижесiнде билiкке тайыз, арсыз адамдар өтiп кетедi де, ойларына не келсе соны iстеп, пара алып, жемқорлық жолына түседi. Сондықтан, халық сотына сайлағанда бiлiмдi, таза, əдiлеттi, халыққа адал қызмет ететiн адамдарды таңдай бiлу керек деп қорытады ұлы ойшыл. Қазақ жерiн қазынаға өткiзiп, одан жерi жоқ орыс шаруаларына жер беруге байланысты, соның нəтижесiнде əлеуметтiк-саяси ақуал шиеленiсе түсті.

А.Байтұрсынұлы жердi тартып алу, халық бостандығының жойылу себептерiне тоқтала келiп, көп жағдайда халықтың зардап шегуi оның надандығы мен заңдағы белгiленген өз құқықтарын қорғай алмауында деген тұжырымға келедi. Сондықтан, ол «қазақ жерлерiн алу тəртiбi» заңын егжей- тегжей талдап, халыққа өз құқтарының қандай екенiн, жерлерiн заңды жолмен қалай сақтап қалуға болатыны жөнiнде айтады. «Жердi жалға алу жөнiнде» деген мақаласында ойшыл қазақтар құқықтық надандығы мен келтелiгiнiң нəтижесiнде өз жерлерiнен айырылып жатқаны жөнiнде қамыға, қиналып жазады. Әрине, мұндай ағарту жұмыстары халықтың оянуына, саяси-құқтық санасының өсуiне өзiнiң пайдасын тигiздi (Құр. Т.Ғабитов; ауд. Б. Сатершинов. Алматы: 2002).

Қазақ жерiн отарлау барысында, мал жайылымы тарылса да, бұрынғыдай көшiп-қонып мал бағып өмiр сүргiсi келген адамдарға ол жаңа ақуал өмiрге келгенiн, сондықтан, жаңа шаруашылық түрлерiн игеру керек екенiн айтады. қазақтар өмiр-бақи мал баққаннан кейiн, кейбiреулер бiз оны жақсы бiлемiз, басқалар ол жөнiнде бiзге не айтады деп лепiредi, - дейдi ойшыл. Шынына келгенде, мал шаруашылығы өте төмен деңгейде, ол тек қана үлкен жайылым бар жерлерге икемделген. Жер көлемi қысқарған сайын оның мүмкiндiгi сарқыла түсуде, - деп қорытады ойшыл. М.Жұмабаев, М.Дулатов сияқты зиялылар оның тетiгiн қазақ əйелдерiнiң эмансипациясымен (теңдiгiмен) тығыз байланыстырады. Ж.Аймауытовтың «Ақбiлек», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романдарында, М.Жұмабаевтың көптеген өлеңдерiнде қазақ əйелiнiң аянышты жағдайы шынайы да нанымды суреттелген. Сонымен қатар, «ұлттық дəстүрдi» сақтап, «мұсылмандық жолына» түсiп, еркектерге көп əйел алуға заңды жол ашу керек, - деп лепiрген надандар да бiздiң қоғамда жоқ емес.

А. Байтұрсынұлы халықты сақтап қалу мен оның санын өсiрудiң негiзгi жолдарының бiрi – сайын далада кең етек жайған жұқпалы аурулармен күрес деп бiледi. Ол үшiн ғылыми бiлiмi бар кəсiби дəрiгерлердiң көмегi қажет, неше-түрлi халықты алдайтын бақсы-балгерлерден бас тарту керек. Қоғам өмiрiнде кең тараған аурулар жөнiнде қызықты да қысқа көлемдi кiтапшалар жазылып, халық арасында таратылуы қажет,- дейдi ұлы ойшыл. Бүгiнгi өтпелi қоғамдағы халықтың ауыр жағдайына байланысты туберкулез, бруцеллез т.с.с. жұқпалы аурулар тағы да бас көтерген жағдайда демократиялық үрдiстi пайдаланып медицина жөнiнде күңгiрт «бiлiмi» бар мыңдаған жаңа бақсы- балгерлер пайда болды емес пе? Ол алға жылжу ма, əлде керi кетушiлiк пе ?, - оны оқырман өзi-ақ шешер. Ұлттық демократия бағытын ұстаған ойшылдар қоғам жаңаруы, түлеуiнiң қайнар көзiн ұлттық интеллигенциядан (зиялылардан) көрдi. Сондықтан, А. Байтұрсынұлы зиялыларды бiрлiкке, олардың бiлiмi мен жалпы мəдениет деңгейiн көтеруге шақырады. Қазақтар адамның екi тiлсiз жауы бар - ол от пенен су, - дейдi ойшыл, үшiншi жау, оның ойынша, зиялылардың арасында кең тараған «менмендiк», «көре алмаушылық», «алыс-тартыс», «бiрлiктiң жоқтығы», «сатқындық» т.с.с. шендi қуып, патша қызметшiсiнiң жарқыраған түйме мен жапсырмасына ие болуға тырысу, өз халқына тəкəппарлықпен қарау, пара алу сияқты жоғарыдағылардың терiс қылықтарын ақын қатты сынға алады. Ол зиялыларды халық мүддесiне жан аямай iзгi ниетпен адал қызмет етуге шақырады (Молдабеков Ж.Ж. Қазақ осы мың өліп, мың тірілген. – Алматы: Санат, 1998. – 200 б.).

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет