Қазақ философиясының тарихи қалыптасуының төрт тарихи кезеңін жіктемелеуге болар еді.
Бірінші кезең – ежелгі мифтер мен әр қилы әпсаналардың этностың рухани дүниесінде басымдық танытқан замандағы алғашқы философиялық түсініктер дәуірі;
Екінші кезең – түркілік және қазақ ойшылдарының көркем образдар, халықтық поэзия арқылы даналық үлгілерін өрнектеген дәуірі;
Үшінші кезең – қазақ ағартушыларының, зиялыларының саяси-әлеуметтік, этикалық және танымдық тақырыптарға арнаған еңбектерін әлеуметке ұсына бастаған кезеңі;
Төртінші кезең – кеңес Үкіметі ауқымында қалыптаса бастап, тәуелсіздік дәуірінде өзінің жалғасын тапқан қазақстандық философия дәуірі.
Әрине, кеңестік кезеңде, яғни тәуелсіздік кезеңіне дейін ұлт философиясына байланысты мәселелердің барлығы мұқият бақылауда болып, көптеген зерттеу бағыттары тыйым салынған жабық дүниелер қатарына жатты. Өйткені, социализмнің ұстындары тек бір коммунистік идеяның, марксизмнің түсініктерінің төңірегіне шоғырланғандықтан оған сәйкес келмейтін басқаша мағынадағы түсініктердің барлығын жоққа шығарылды. Тіпті, бұл тақырыппен айналысамын деген зерттеушілердің шығармашыл ізденістік әрекеттеріне өткен қоғам «ұлтшылдықтың жалауын көтерді» деген үстірт бағалаулар беріп отырғаны белгілі. Қазақ философиясы халқымыздың өмір сүруінің, дамуының және көркеюінің рационалдық сипаттағы ғылыми жүйеленген үлгісі, ұлттық философияның қайнар көзі.
Тәуелсіздік Қазақстанның сыртқы тағдырында ғана емес, оның мемлекеттік болмысында және экономикалық әл-ауқатында ғана емес, бүкіл рухани келбетінде, дүниежүзілік тарихтағы орны мен маңызын анықтауда шешуші рөл атқарды. «Зар-Заман» дәуіріндегі ақындардың философиялық мұрасының негізгі тақырыбы – азаттық идеясы, өз Отанының бақыты мен тәуелсіздігі үшін күресу, отаршылдық саясаттың жойқын күшінен қазақтың ұлттық мүддесін қорғау идеясы еді. Бостандық үшін күрес адамгершілік идеал жолында қайшылықтарға қарсы шығу қабілеті ретінде, тәуелсіздік өзінің пенделік болмысына қарсы тұру және өз пенделік әлсіздігінің шегінен шығу әлеуеті ретінде «Зар-Заман» дәуірі ойшылдарының дүниетанымының негізгі белгісі болды. Алаш ойшылдарының шығармашылық мұрасының құндылықтық парадигмасы – тәуелсіздік идеясы еді.
Қазақстан қоғамының қазіргі жағдайы үшін қазақ философиялық мәдениеті тұрақты маңызға ие.
Ішкі болмысы мен өзегі этика болып табылатын, Тәуелсіздік идеясы орталығын құраған қазақ философиясы адамгершілік теориясы ғана емес, сонымен қатар қазіргі рухани және әлеуметтік жаңғыртылатын Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар адамгершілік әрекеттер бағдарламасы болып табылады. Өзінің философиялық бастауларына, ежелгі дәуірден бастау алған тәуелсіздік пен бостандық идеясының тарихына деген шынайы қызығушылықтың қайта жаңғыруы қазақ халқының мәдени кодын сақтау және нығайту ретінде халықтың өзіндік санасының өсуіне, оның ұлттық болмысының қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |