Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Сілтемелер және ескертпелер



Pdf көрінісі
бет97/115
Дата16.02.2023
өлшемі2,12 Mb.
#68529
1   ...   93   94   95   96   97   98   99   100   ...   115
Байланысты:
e185fe133cb926283d53f1af83c8f984

Сілтемелер және ескертпелер:
 
1. 
Қараңыз: Андреев Н. П. Указатель сказочных сюжетов по системе Аарне. Л., 1929



196 
БАТЫРЛЫҚ ЕРТЕГІ 
 
 
Батырлық ертегілердің басты тақырыбы – ерлікпен үйлену, неше түрлі 
құбыжықтармен, адам жегіш жалмауыздармен соғысу, рудың, елдің намысын 
қорғау. Қаһармандық үйлену болашақ батырдың өзіне қалыңдық іздеп, ұзақ 
жолға сапар шегумен байланысты болып келеді. Бұның арғы түп негізінде өз 
руластарының ішінен қыз алуға тыйым салатын экзогамия заңы жатыр. Оның 
үстіне көне заманғы эндогамия заңы бойынша болашақ батыр тек тиісті ғана 
рудан қыз алуға міндетті. Міне, осы қызды іздеп, ол алысқа аттанады. Ұзақ 
сапарда ұшырасып оның жеңетін неше түрлі мақұлықтары, сөз жоқ, ерте 
кездегі адамдардың табиғат күштері туралы түсінік-пайымдарын көрсетеді. 
Қиял-ғажайып ертегіге қарағанда мұнда қаһарман тек құбыжық 
жалмауыздармен ғана қақтығысып қоймайды, ол тарихи жаулармен де 
соғысады, соның бәрінде ол жалғыз өзі жүреді. 
Батырлық ертегі – өзінің стадиялық тегі жағынан қиял-ғажайып ертегі 
мен қаһармандық эпос аралығындағы жанр, ол осы екеуінің де жанрлық 
белгілерін бойына сіңірген. Түптеп келгенде, батырлық ертегінің бір бастауы 
көне миф пен хикая, ал, екінші көзі – қиял-ғажайып ертегі. Соған қарамастан, 
ол өз бетінше, өз жолымен қалыптасып, дамыған. Батырлық ертегіде жеке 
адамның рулық ұжымнан дараланып шыға бастағаны және ол өзін жеке адам 
ретінде сезіне бастағаны көрініс тапқан. Табиғатқа толық тәуелді «әйтеуір, 
бір адамнан» басқа, керемет күш пен қасиеттердің иесі – алып батыр тұлғасы 
пайда болады. Ол – алып батыр ғана емес, небір сиқыр сырларды білетін 
ерекше адам, сол себепті ол өзінің іс-әрекеттерінде керемет көмекшілерге 
емес, қара басының қасиетіне, білегінің күшіне сенеді. Егер қиял-ғажайып 
ертегіде керемет көмекшілер дәріптелсе, мұнда елден асқан батыр 
мадақталады, оның күші мен қимылы, ерлігі әсірелене баяндалады. 
Батырлық ертегілердің тақырыптық диапазоны соншалықты кең емес. 
Мұнда екі сала түрлі топ бар. Бірі – болашақ батырдың некелік сынақтан 
өтуі: қыздың немесе әкесінің қиын-қиын тапсырмаларын орындау, 
балуандық пен мергендік сыннан сүрінбей өту, жаяу жарыста жеңіп шығу, 
т.т. Екіншісі – әртүрлі ғажайып мақұлықтармен және жау елдің қолымен 
соғысу. Осы екі тақырыптық цикл кейін қаһармандық эпосқа көшеді, бірақ 
онда кейіпкердің бала кездегі ерлігі жеке тақырып болып қалыптасады. 
Батырлық ертегілердегі сюжеттің өрілуі осы екі тақырыптық циклге 
сәйкес. Яғни бұл жанрдағы шығармалар екі үлкен бөлімнен тұрады деуге 
болады. Бірінші бөлім – некелік сынақ (немесе ерлікпен үйлену) – қиял-
ғажайып ертегіде бар, демек, сол жанрда қалыптасқан. Олай болса, бірінші 
тақырып стадиялық жағынан екінші тақырыптан бұрын шыққан. 
Ал, екінші тақырып туған елдің намысын қорғау актуальді болып 
тұрғанда пайда болған, яғни қаһармандық эпостың аз-ақ алдында немесе 
сонымен бірге қалыптасқан. Сол себепті бұл тақырып екі жанрға бірдей 
ортақ. Батырлық жыр барлық жанрдан басым түскенде бұрынғы ертегідегі 
аңшы-мерген енді батырға айналады. 


197 
Батырлық ертегінің стилі де өзіндік белгілерімен сипатталады. Мұнда 
асықпай баяндау басым, біраз эпикалық тыныс бар. Батырдың жаумен 
айқасы шабытты түрде баяндалады. Осы қасиеттері мен тақырыбы (ерлік пен 
үйлену, жаумен соғысу, мақұлықтармен шайқасу) батырлық ертегіні 
қаһармандық эпосқа барынша жақындатады. Қаһармандық эпостағы 
батырдың образы, оның мінезіндегі ерлік пен қайсарлық, сөз жоқ, батырлық 
ертегінің негізінде дамиды. Халық прозасының бұл жанры батырлық 
жырдың, яғни эпос жанрының аса маңызды қайнар көзі, көп бұлағының бірі. 
Алайда, қаһармандық эпоспен салыстырғанда батырлық ертегіде 
оқиғалардың баяндалуы кең құлашты эпикалық түрде емес және ерлік 
істердің пафосы батырлық жырдағыдай ұжымдық, бұқаралық сипатта 
болмайды. Мұнда ел тағдыры, халық өмірі қаһармандық эпостағы деңгейде 
әңгімеленбейді. 
Қазақтың батырлық ертегілері шығу тегі мен сюжетінің сипатына қарай 
үлкен екі топқа бөлінеді. Бірінші топта – көне батырлық ертегілер де, екінші 
топта кейінгі дәуірде, XVІІІ-XIX ғасырларда жырдан туған ертегілер. 
Архаикалық батырлық ертегінің сюжеті кейіпкердің бүкіл өмірбаянын 
қамтиды: а) пролог, яғни кейіпкердің туу тарихы; ә) кейіпкердің үйлену 
тарихы (некелік сынақтан өту); б) кейіпкердің үйленгеннен кейінгі өмірі 
(жаумен соғысы, оны жеңуі, қартаюы, т. т.). 
Екінші топтағы ертегілердің сюжеті мұндай кең емес, яғни ғұмырлық 
тұтастану түгел болмайды. Бұл ертегілердің негізгі тақырыбы – рулар мен 
тайпалар, қалмақтар мен қазақтар арасындағы ұрыс, жанжал, бір ру 
батырының екіншіден кек алуы. Кейде ертегі сюжеті кейіпкердің ұрпағы 
туралы эпилогты да қамтиды. Екінші топты құрайтын ертегілердің дені – 
батырлық жырдың прозалық түрі. Бірақ кейбірі батырлық жырдың мазмұнын 
түгел қайталамайды, олар басқа, қосымша оқиғалармен қаһармандық 
эпостың сюжетін толықтыра түседі. Ал, енді біреулері қиял-ғажайыптан 
батырлық ертегіге, әйтпесе, батырлық ертегіден эпосқа айналып үлгермеген
шығармалар. Мұнда кейіпкер тек құбыжықтармен ғана кездеседі, я болмаса 
дұшпан елдің батырымен шайқасады. 
Енді мысал үшін «Керқұла атты Кендебай» ертегісін сипаттап 
көрсетелік. Бұл – қазақ батырлық ертегілердің ішіндегі ең көнелерінің бірі. 
Бұл ертегінің сюжеті – кейіпкердің өмірбаяны да, тақырыбы – ерлікпен 
үйлену және жаудан кек алу. Демек, бұл нағыз классикалық түрдегі көне 
ертегі. Осы ойымызды ертегінің мына белгілері толық дәлелдейді. 
Біріншіден, көне батырлық ертегіге тән қаһарманның тууы мен ғажайып 
өсуі: «Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті; алты күнде күліпті, алпыс 
күнде жүріпті; алты жылда алып жігіт болыпты», – дейді ертегі. 
Екіншіден, бала кезінен өте күшті, асқан мерген болып, керемет ерлік 
көрсетеді: «алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау 
құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті, көкжалды 
құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберіпті». 
Үшіншіден, батырға лайық керемет аттың туып, өте жылдам өсуі. Ол 
адамша сөйлей біледі, алдағыны болжап, өткенді біліп отырады. Желден де, 


198 
құстан да жылдам, ақылды да айлалы ат – кейіпкер-батырдың жан серігі. 
Төртіншіден, батыр ел намысын қорғаушы. Ол тыныш жатқан елді 
шауып кеткен ханның еліне барып, оның қиын тапсырмаларын орындап, 
тұтқынға түскен халқын, малын алып қайтады. 
Бесіншіден, ол кәдімгі батырға лайық ерлікпен үйленеді, яғни ертегіге 
тән «қаһармандық үйлену» салтын орындайды. 
Алтыншыдан, батыр жеті басты дәумен де, алып арыстанмен де, жәдігөй 
сиқыршы жалмауыз кемпірмен де жалғыз өзі шайқасады, оған бұл жерде 
ешкім жәрдем етіп, араласпайды. Міне, бұл батырлық ертегі жанрының ең 
басты белгілері. Бұл жанрдың тағы да басқа қасиеттері бар.
Ал, енді «Керқұла атты Кендебайда» бір ғана сюжет баяндала ма? Жоқ. 
Мұнда сюжеттік желі бірыңғай дамымайды, бір ізбен жүрмейді, яғни ертегіде 
екі сюжет бар және ол екеуі бір-бірінен шықпай, кірігіп тұр. Бірінші, әрі 
басты сюжет – Кендебайдың тұтқын болған елді іздеп, жау ханнан оларды 
босатып алуы. Ал, осының ішіне жеке сюжет енген: елді шапқан жау ханның 
тапсырмасын орындау. Шынтуайттап келгенде, бұл өте көне сюжет, тіпті, 
осы ертегіні көнелендіріп тұрған да осы. Бұл сюжет болмаса Кендебай жау 
елді тауып алып, шайқасқа түсіп, оларды ойсырата жеңіп, тұтқындағы 
халқын босатып алар еді. Ал, мұндай сюжет желісі кейінгі дәуір ертегілеріне 
тән. Оның үстіне жаңағы қосымша (екінші) сюжеттегі эпизодтар мен 
мотивтер бұл ертегіге қиял-ғажайыптық та сипат беріп тұр, себебі олар көне 
хикая мен қиял-ғажайып ертегілердің компоненттері. Бұл заңдылықты көне 
батырлық ертегілерінің бәрінен көруге болады. 
Қазақ батырлық ертегілерінің екінші тобында рулар мен тайпалардың, 
тарихи адамдардың аттары кездеседі, кейбір тарихи оқиғалардың эпизодтары 
баяндалады. Мұндай ертегілердің көпшілігі қаһармандық эпостың әсерімен 
пайда болған немесе жырдың өзінен туған. Мысал үшін «Әлеуке батыр мен 
оның ұлы Орақ» атты ертегіні алуға болады. 
Бұл ертектің тақырыбы – қазақ пен қалмақтардың жауласуы, ал, 
мазмұны түгелімен осы екі халықтың соғысына құрылған. Ертектің сюжеттік 
желісі ұзақ, бірнеше ішкі сюжеттен тұрады, сонымен бірге сюжет бірнеше 
стадиялық қатпарды қамтиды. Сюжеттің схемасы мынадай: 
I. Пролог: 
1. Әлеукенің тоғыз баласы қалмақтармен соғыста қаза табады. 
2. Баласыз қалған Әлеуке әулие-әнбиелерді аралап, Тәңірден бала 
сұрайды. Түсінде оған Баба Түкті Шашты Әзіз әйелің бір ұл, бір қыз табады 
деп аян береді. 
3. Дүниеге Орақ пен Қарлығаш келеді. 
II. Негізгі оқиға. 
1. Әлеукенің Әліби деген досы жаудан кек алуға аттанады. 
2. Жеті жасар Орақ бірге шығады. 
3. Ол қалмақ қолымен жалғыз соғысады. 
4. Орақ алданып, тұтқынға түседі: 
а) қалмақтар оны зынданға салып тастайды, содан кейін аралға апарып 
тастамақ болады; 


199 
ә) Орақ қайықтағы қарауылды суға лақтырып, аралға шығады; 
б) елсіз аралда өлермен болған Ораққа Баба Түкті Шашты Әзіз Қарақұс 
бейнесінде келіп, оны еліне апарып салады. 
5. Орақтың елін Қодар құл билеп алған. Орақ Қодарды өлтіріп, елін 
жауыздан құтқарады. 
6. Қалың қолмен қалмаққа барып, жалғыз өзі бәрін қырады, тоғыз 
ағасын өлтірген қалмақ батыры Көбіктіні жекпе-жекте жеңеді, онымен 
достасады. 
ІІІ. Аяқталуы. 
Жауды жеңіп келген Ораққа әкесі тағын береді.
Міне, бұл ертектің сюжеттік желісі жалпы батырлық ертегінің сюжеттік 
қалыбынан алшақ емес, көне батырлық ертегі мотивтері де ұшырасады 
(перзентсіз кәрі ата-ана, болашақ батырдың кереметпен тууы, оны елсіз 
аралдан Қарақұстың алып шығуы), қаһармандық эпостың да сарыны бар 
(қалмақпен соғыс, тұтқынға түсу, Баба Түкті Шашты Әзіздің көмегі, 
ағаларының кегін қайтару). 
Жалпы, бұл ертегіде батырлық жырдың әсері басым және айқын 
сезіледі. Ертегінің мазмұнына қарағанда, бұл бір кезде жыр болған болу 
керек. Демек, «Әлеуке батыр мен оның ұлы Орақ» – жырдың батырлық 
ертегіге айналған үлгісі. Олай дейтін себебіміз: біріншіден, эпосқа тән 
шежірелік тұтастану бар (алдымен кейіпкердің тоғыз ағасы туралы айтылып, 
олар орындай алмаған істі Орақ жүзеге асырады); екіншіден, ертегі бірден 
жаугершілікпен басталады, ал, жауы – қазақтың тарихи жауы (қалмақ); 
үшіншіден, жеті жасар Орақтың жауға аттануға дайындалуы, оған 
қарындасының ат таңдауы, жас Орақтың қалың жау қолымен жалғыз 
соғысуы; төртіншіден, Орақтың жау қолына түсуі; бесіншіден, батыр жоқта 
құлы тақты тартып алып, қарындасын алмақ болуы, Орақтың келіп, оны 
жазалауы; алтыншыдан, тұтқыннан босаған Орақтың қайтадан қалмақты 
шабуы. Міне, осының бәрі – қаһармандық эпостың жанрлық сипатын 
көрсететін белгілер. 
Бұл ертектің жырдан пайда болғанына тағы бір дәлел – кейіпкерлердің 
есімдері: Көбікті – «Қобыландыдағы» қалмақ ханы, әрі батыры; Қодар –
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» тоқсан құлдың басшысы; Қарлығаш – 
Алпамыстың қарындасы. Ал, Баба Түкті Шашты Әзіз – қаһармандық 
эпостағы батырлардың пірі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Бір деректерге 
қарағанда, оның шын есімі – Баба Түклас. Оның әкесі – Керемет Әзіз. Баба 
Түкластың өзі Меккеде патша болған. Енді бір деректер бойынша, Баба Түкті 
Шашты Әзіз – Ахмет Яссауидың арғы бабасы, ислам діні Орта Азияға 
тараған кезде жасаған кісі, Қорқыттың замандасы (VIII-IX ғ). Тағы бір 
мәлімет бойынша, Баба Түкластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның 
Құтлу-Қия деген ұлынан Едіге туған [1]. 
Кейінгі дәуірлерде туған батырлық ертегілердің бірі – «Таласпай 
мерген». Оның қаһармандық эпоспен байланысы жоғарыда талданған 
«Әлеуке батырдан» да тығыз. Бірақ соған қарамастан мұнда көне батырлық 
ертегінің элементтері көп. 


200 
Ертегі бірнеше сюжеттен құралған: 1) Қобыланды мен Қараманның 
шайқасы, Қараманның опат болуы; 2) таланған елдің жұртында кішкентай 
Таласпай мен кәрі шалдың, тайдың аман қалуы, аққулардың шалды сүйреуі, 
оларды Таласпайдың іздеуі; 3) Таласпайдың үш аққудың еліне келуі, 
малшыны өлтіріп, тазша кейпіне енуі, ханның кіші қызына үйленуі, қайын 
атасының тапсырмаларын орындауы; 4) алып Қарақұстың жаңа туған 
құлындарды ұрлауы; 5) құлындарды іздеген жолда өрттен жыланды 
құтқаруы, одан жан-жануарлардың тілін үйренуі; 6) Қобыландының елінен 
кек алу үшін жорыққа шығуы, онымен достасуы; 7) әкесінің кегі үшін 
Қосайдың Қобыландыны өлтіруі; 8) Таласпайдың Қосаймен соғысуы, 
артынан достасуы; 9) Қарақыпшақ еліне көшіп барып, хан болуы. 
Сюжеттік схемадан көріп отырғанымыз: 3-ші және 4-ші сюжеттердің 
көне батырлық ертегіден екендігі. Оның үстіне мұнда қиял-ғажайып 
ертегілердің де белгілері кездеседі. Мысалы, алып Қарақұспен кездесу мен 
өрттен қашқан жыланға жәрдем етіп, одан керемет қасиет алу сарындары, 
сондай-ақ жалмауыз кемпірдің қайырымды болып көріну эпизоды – бұлар 
қиял-ғажайып ертегілерін даралайтын жанрлық ерекшеліктер. 
Алайда, осының бәріне қарамастан, «Таласпай мергенде» қаһармандық 
эпостың компоненттері айырықша. Мысалы, ертегінің ә дегеннен 
жаугершілікпен басталуы, батырлардың өз руларының атынан соғысуы, бір-
бірінен кек алуы, жеңілген батырдың достықты ұсынуы, т.т. Ал, 
батырлардың жекпе-жегі кәдімгі эпостағыдай суреттеледі: олар алдымен 
атысады, содан соң шабысады. Одан ештеңе шықпаған соң, найзамен 
соғысады, бұл жолы да бірін-бірі жеңе алмайды. Ең ақыры, аттан түсіп, жаяу 
күреседі. Жеті күн, жеті түн алысқаннан кейін ғана біреуі жеңеді. 
Ертегідегі кейіпкерлер түгелімен дерлік – қаһармандық эпостың 
батырлары: Қобыланды, Қараман, Ер Көкше, Ер Қосай. Бұлардың тарихта 
болғандары да мәлім. Демек, «Таласпай мерген» ертегісінде тарихи 
элементтер бар. Мұнда баяндалатын батырлар қақтығысынан, әскери жорық 
пен ұрыстардан XIV-XVI ғасырлардағы феодалдық дүрбелең мен шет 
жауларға қарсы соғыстың тынысы сезіледі. Қаһармандық эпос ширатқан 
сюжеттік линияны дамыта отырып, ертегі эпикалық батырлардың тарихын 
тәмамдап шыққан, яғни ғұмырнамалық және шежірелік тұтастануды толық 
сақтаған: батырдың өмірін түгел қамтыған және әке кегін бала, аға кегін іні 
қайтарған. 
Рулар қақтығысы мен кек қайтару тақырыбы «Ер Көкше мен оның ұлы 
Ер Қосай» ертегісінде барынша толық дамыған. Қақтығысқа мұнда да 
эпикалық қаһармандар қатынасады. «Таласпай мергендегідей» бұл ертегі де 
Ер Қосайдың қарақыпшақ Қобыландыны жеңуімен аяқталады. Әйелін 
құтқару үшін Ер Қосайдың жапалаққа айналатын жері болмаса, мұнда 
фантастикалық элемент шамалы ғана, ал, көптеген ұрыстар мен жекпе-
жектер, ру аралық тартыстар бірінші орынға қойылады.
Жалпы, эпикалық қаһармандар бейнеленетін ертегілердің өте көне 
батырлық ертегілерден айырмашылығы сол – мұнда ру аралық тартыстар 
тақырыбы ерекше орын алады. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені, мұндай 


201 
тартыстар патриархалды-рулық қатынастардың ыдырау процесі күшейіп, 
феодалдық қоғамға көшу жағдайында жиі болып тұрған. 
Батырлық ертегілер қиял-ғажайып ертегілердің көркемдік жүйесінің 
көптеген қасиеттерін өзіне қабылдаған, бірақ сөйте тұра, қаһармандық 
эпостың да бейнелеу құралдарын бойына сіңірген. Бұл жанрдың халық 
прозасының басқа жанрларынан айырмашылығының бірі – кейіпкердің 
белсенділігі мен күштілігі. Аса күшті, әрі тапқыр болғандықтан ол сиқырлы 
күштердің көмегіне сирек сүйенеді. Батырлық ертегінің қаһарманы – 
эпикалық қаһарман, оның ерлік істері қиял-ғажайып ертегілеріндегідей 
сиқырлы көмекшілерсіз-ақ жасалып жатады. 
Батырлық ертегілердегі қаһарманның айнымас серігі мен көмекшісі – ат. 
Көшпелі-бақташылық 
тұрмыс 
жағдайындағы 
түрік 
пен 
моңғол 
халықтарының батырлық ертегілерінде адал көмекші ретінде атқа айрықша 
орын беріледі. Ұшып бара жатқан құстарды тісімен қағып түсіретін, «алты 
айлық жолды алты аттайтын», желден жүйрік жануар, тамаша тұлпар 
Керқұла ержүрек иесі Кендебайға қапысыз қызмет етеді. Ер Төстіктің 
Шалқұйрығы бұдан асып түспесе, кем емес. Мұндай ғажайып аттар адамша 
сөйлейді де. 
Батырлық ертегілердің қаһармандық эпоспен байланысы олардың рухы 
мен сюжеттік оқиғаларының бірлігінде ғана емес, баяндау мәнерінде де. 
Тіпті, әрбір батырлық ертегіде дерлік жырға жақын өлеңмен берілетін 
эпизодтар кездеседі. Әдетте, олар қаһарманның достарымен, не қастарымен 
айтысатын диалогы болып келеді. Мәселен, қойшы бала жүрген алқапқа 
арнайы ұшып келген алты қаз Кендебайды былайша іздейді: 
- Кендебай сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма? 
Кендебай да жауапты өлеңмен қайтарады. Алайда, ертегілердегі өлеңдер 
қаһармандық жырға қарағанда әлдеқайда қарапайым келеді, бірақ солай бола 
тұрса да, ертегіге өлеңнің енгізілуі оның қаһармандық эпоспен туыстығын 
тағы бір дәлелдемек. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   93   94   95   96   97   98   99   100   ...   115




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет