Қазанда оқитын қазақ жастары. 1896 жыл.
Бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақтардың Ұлттық сана-сезімі елеулі түрде өсті. Неғұрлым алыстан болжап, көре білетін қазақтар өздерінің балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберетін болды. Олар білім алуды өздерінің тапталып, аяққа басылып келген құқықтарын бұдан былайғы жерде сеніммен қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ жастарының елеулі бөлігінің заң факультеттерін тандауы тіпті де тегін емес болатын. XIX—XX ғасырлар тоғысында тек Қазан қаласының өзінде ғана (императорлық Қазан университетінде, Қазан мал-дәрігерлік институтында, Қазан мұғалімдер семинариясында) 100-ге жуық қазақ жастары оқыды. Көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбұл және Варшава университеттерінде оқыды. Мәселен, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін М. Шоқай мен A. Тұрлыбаев алтын медальмен бітіріп шықты. Ал Ә. Бөкейханов Санкт-Петербург Орман институтын, С. Асфендияров Санкт-Петербург әскери медицина академиясын, А. Сейітов Томск университетінің медицина факультетін, Ж. Досмұхамедов Тарту университетінің заң факультетін, М. Ғабдолғазизов Каир университетін, 0. Тұрмағанбетов Бомбей университетін, X. Нұржанов Киев университетінің заң факультетін бітірді. Басқа да көптеген қазақ студенттері болды.
Қарқаралыдан түлеп ұшқан Дінмұхамед Сұлтанғазин (1867—1918) өте сирек кездесетін талантты студент болды. Ол 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетін, ал 1895 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін, 1897 жылы заң факультетін бітіріп шықты. 1908 жылы Петербург әйелдер медицина институтын Асфендиярова Гүлсім Жағыпарқызы (1880— 1941), одан кейін Асфендиярова Мәриям Сейітжағыпарқызы (1887—1937) бітірді. Қазақтардың жаппай білім алуға көшуі олардың патша үкіметіне қарсы Ұлт-азаттық қозғалысынын күшейе түсуіне, өз алдына автономия алуға ұмтылысына жеткізді.[1]