Байланысты: Қазақ халқының үйлену және үй болумен байланысты салтдәстүрлері мен әдет ата - ана тәрбие
Аушадияр. Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар, көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.
Жасау. Жасау (салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң
асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.
Жігіт түйе. «Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.
Сүт ақы. Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады. Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.
Өлі-тірі. «Өлі-тірі» (дәстүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі-тірі» яғни кәделі мал жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген «өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызды жол-жоралғы, құдалық бекіді деген сөз.
«Өлі-тірі өткен соң өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.