Бекіту сұрақтары 1. Ә.Қайдардың әр кезеңде қолданылған қазақ алфавиттерін өзара салыстыру нәтижесіндегі пікірлері.
2.Алфавит түзуге қоятын талаптары.
3. Ғалымның лексикография саласына қосқан үлесі.
4. Ә.Қайдардың «Латынның болашағы зор» және «Тіл майданы» мақалалары.
5. Ғалымның латын тілі графикасының қазақ тіл табиғатына үндестігі турасындағы пікірлері.
Әдебиеттер 1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-1. Қазақ әліпбиі мен жазуының дамуына үлес қосқан ғалымдар Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары: Дәріс тезисі 1. Қазақ тіл білімінің орфография және графика саласына қатысты алғашқы пікірлер.2. Мәулен Балақаев - қазақ тіл білімінің негізін салушы.3. Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегіндегі орфография мәселелері. 4.М.Серғалиевтың қазақ орфографиясы саласындағы еңбектері. 5. Қазақ орфографиясы мен графика саласына қатысты қазіргі зерттеушілер. 6.Р.Сыздықова латын графикасына өтуде қазақ тілінің өзіне тән [ə], [ө], [і], [ұ], [ү], [қ], [ғ], [ң] дыбыстардың таңбалары әліпбиде арнайы таңбамен берілу керектігін ескертуі.
1. Қазақ тіл білімінің орфография және графика саласы 1920 жылдардан бастап мақсатты түрде зерттеліне бастады. Осы саланың дамуына сара жол салған, тың ой, сарабдал пікірлерімен, құнды ғылыми тұжырымдарымен із қалдырған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Басымов, Т.Шонанов, Ж.Аймауытұлы т.б. ғалымдардың соңын ала, әдеби тіл нормалары, орфография, орфоэпия, графика жөнінде зерттеулер легін М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Р.Сыздықова, Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Т.Қордабаев, М.Серғалиев, Б.Әбілқасымов, Н.Оралбаева, С.Хасанова, С.Мырзабеков, Ә.Жүнісбеков, Н.Уәли, Ш.Мәжітаева, Қ.Күдеринова, Г.Мамырбекова жалғастырып, бұл саланың жан-жақты, іргелі зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесi, филология ғылымының докторы, профессор Мәулен Балақайұлы Балақаев. Ғалымның негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тіл ғылымының грамматика, емле, терминология, тіл мәдениеті, стилистика тәрізді өзекті мәселелеріне арналды. Ғалым қазақ жазуы мен емлесін қалыптастыруға да мол үлес қосқан ағартушы ретінде де бағаланды. Оның 1948 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздігі» содан кейінгі жылдары баспа бетін көрген емле сөздіктеріне негіз болды. Аталмыш сөздік жазуымызда көптеп кездесетін ала-құлалықты ретке келтіруге өз септігін тигізді. Ал 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері» атты еңбегі осы саладағы ғылыми ой-пікірлерге жетекші қызмет атқарды. М.Балақаев фонетика, алфавит мәселесі, орфография, лексикология, лексикография, терминология, тіл тарихы, аударма, морфология, синтаксис, стилистика, тіл мәдениеті, қазақ тілін оқыту әдістемесі салалары бойынша ғылыми еңбектер жазды.
2. Әр елдің дамуы мен өркендеуі, экономикасының өсуі сол елдің ғылымы мен техникасына және қоғамның ақпараттану деңгейіне тікелей байланысты. Ал, ғылым мен техниканың қолданытын негізгі графикасы латын графикасы. Осыған байланысты ғалымдардың пікірлері негізінен латын rpафикасына көшу туралы болып отыр. Бұл туралы 2001 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» алғы сөзінде «Тегінде, бүгінгі саясат пен өмір талабына орай жаңа латын жазуын қабылдау идеясы жүзеге асатыны даусыз шындық (жаңа жазу заңды түрде күшіне енгеннен кейін де 5-6 не 6-7, тіпті 51 жыл ішінде бірте-бірте орнығатындығы, бұл кезеңде бұрынғы жазудың да тәжірибеде орын ала беретіні белгілі) деп жауапты редакторлығын басқарған ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық (Сөздіктің төртінші басылымын құрастырушылар - А.Алдашева, А.Әбдірахманов, Б.Қалиев, А.Қалыбаева, Қ.Ниета- лиева, Ұ.Салиева, Н.Уәлиұлы) жазды.
Кезінде акад. Р.Сыздықова латын графикасына негізделген қазақ жазуының орфографиялық тәртібін түзуде ең басты назар аударылуға тиіс мынадай тұстарын (ұсыныстарды) атап көрсетеді. Алдымен ғалым латын графикасына негізделген ереже жүйесінің баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілуі керек дегенді баса айтады. Р.Сыздықова қазақ тілінің өзіне тән [ə], [ө], [і], [ұ], [ү], [қ], [ғ], [ң] дыбыстардың таңбалары әліпбиде арнайы таңбамен берілу керектігін ескертеді. Ғалым латын және кирилше жазуымен бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары сақталады, яғни қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жалғану ретіне байланысты және бөгде тілдік сөздерді қазақыландырып жазуға байланысты бірнеше емле баптары енгізілуі керек дегенді ескертеді.
Р.Сыздық орфография қосамжар болмауы үшін қазіргі қазақ әліпбиіндегі щ, ц, ë, я, ю әріптерінің және ь, ъ белгілерінің таңбасын әліпби құрамынан мүлде алып тастап, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптарын қарастыру керек,- дейді.
Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде бірқатар қағидалар айқындала түсті, біріккен сөздердің жазылуын реттейтін баптар қосылды. Әсіресе, ғылым мен техниканың әр алуан саласына қатысты теминдік мағынаға ие болған сөз тіркестерінің қосылып жазылатындығы баса көрсетілді. Екі түбірден құралып, техника, шаруашылық, мәдениет, өнер, спорт сияқты салаларға қатысты зат, құрал- жабдық, ұғым атаулары мен мамандық, кәсіп пен қызмет иелерін атайтын сөздер бірігіп жазылады деген ереже заңдастырылады. Кісі аттарының емлесіне де ескертулер қосылды: екінші сыңары к, қ дыбыстарынан басталатын есімдердің естілуінше жазылатыны айтылады. Бұл өзгеріс, жаңалықтардың әрқайсысы өзіне тиісті ережелер ішіне енгізіліп, толық көрсетілді. Сондай-ақ еңбекте орфографиялық сөздік берілген. Оның өзге орфографиялық сөздіктерден айырмасы - мұнда сөз тіркестері реестр ретінде ұсынылады (қазақ тілінің толық орфграфиялық сөздігінде немесе мектепке арналған емле сөздіктерінде құрамындағы сөздер бір-бірінен бөлек жазылатын тіркестер сөзтізбеге шығарылмай, ұяда беріледі). Оның үстіне, мұнда өзге емле сөздіктерінде орын алмаған кейбір көне, жаңа, жергілікті сөздер мен сирек жұмсалатын тұлғалар қамтылды. Сондай-ақ хисап /есеп, ертегі/ ертек сияқты бірқатар жарыспалы тұлғалардың емле сөздіктерінде қатар орын алу себептері және қазіргі қазақ әдеби тіліндегі варианттар жайы түсіндіріледі.
тапсырмалар. 1. Мәулен Балақаевтың «Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері» атты еңбегінің маңызы қандай? 2. Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» еңбегіндегі күрделі сөздер мен кісі аттарының жазылу емлесіне байланысты ережелер» тақырыбына реферат жазыңыз. 3. Қазақ тіл білімінің орфография саласының дамуына үлес қосқан ғалымдардың еңбектерімен танысу, библиографиялық көрсеткіш даярлау.