Содержание:
Қазақ-жоңғар қатынастарының әр қырын зерттей түсудің өзектілігі бірқатар ерекшеліктермен айшықтауға тұрады. Біріншіден, кезең бойынша да бұл уақыт орта ғасыр мен жаңа заман кезеңінің түйіскен аралағында жатыр. Екіншіден, оқиға орын алған аймақ – Орта Азия, күллі Орталық Азияны түгел қамтыған. Бұл – соғыс тарихы, халықаралық қатынастар тарихы, қос көшпелі өркениеттің, мысалы, діндер тарихы. Сондықтан қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің шетелдік тарихнамасының өз орны бар. Соның ішінде мақаламызда Жоңғар және Қазақ хандықтарымен іргелес орналасып, қатынастарға түскен мемлекеттердің қосқан үлесі зерттеу нысаны болды.
Зерттеудегі тарихнаманың хронологиялық шеңберіне түсініктеме беріп, нақтылап өтсек. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің іргелес орналасқан елдердегі тарихнамасында дербес, тәуелсіз Ресей мен Қырғыз мемлекеттері бұрынғы кеңестік елдер қатарына жататындықтан, олардың тарихшыларының еңбектері 1991 ж. бастап қамтылды. Ал Қытай тарихнамасы негізінен ХХ ғ. 80-жж. бастап ерекше серпінмен дамуына байланысты елдің сол уақыттан бері қарайғы зерттеулеріне көңіл бөлінді.
Қос көшпелі мемлекеттің байланыстарының тарихнамасы халықаралық қатынастар тарихы сияқты маңызды болып табылады. Жоңғарияның болмысының өзі және оның сыртқы саясаты өз заманында Орталық Азиядағы геосаяси ахуалға серпінді ықпалын тигізді. Осыған орай, Жоңғарияның сыртқы саясатына қатысты проблеманың тарихнамасының ауқымы айтарлықтай кең. Сонымен қатар проблема Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия және Орталық Азия елдері үшін өзекті болып саналады.
Қазақ пен жоңғар соғысы мәселесі төңкеріске дейінгі кезеңде, кеңестік тұста, сонымен қатар бүгінгі таңда да зерттелініп келе жатыр. Оған үлес қосушы ғылыми ортаның бірін Ресей және Қырғызстан елдері құрайды.
Соңғы ортағасырлардағы, жаңа замандағы Орталық Азияның геосаяси өзгерістерінде ірі державалар – Ресей мен Қытайдың рөлдері ерекше болды. Жоңғар факторы кеңестен кейінгі кезеңде де ресейлік тарих ғылымы үшін қызықты зерттеу объектісі болып қалып отыр. Қазақ-жоңғар соғыстарын зерттеуде орыс тарихшыларының қосқан өзіндік сіңірген еңбегі бар. Сол себепті қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің ресейлік тарихнамасындағы негізгі тенденцияларды анықтау маңызды.
Қазақ-жоңғар күресінің ресейлік тарихнамасына тоқталатын болсақ, қазақ-жоңғар қатынасының тарихнамасы өзіндік ерекшеліктерімен, зерттеулерінің молдығымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда тарихшылар ойраттардың тарихына қатысты тайпалық құрамның атаулары мәселесіне назарларын салуды тоқтатпаған. И.И. Дремов өзінің «Золотая Орда и возникновение этнонима «Калмак» мақаласында «қалмақ» сөзінің дүниеге келуі проблемаларын қарастырған. Автор зерттеуінде әр түрлі деректерден көптеген фактілерді келтірген. Зерттеушінің жасаған қорытындысы бойынша Өтеміс Қажының «Шыңғыс-намадағы» пікірі расталған. Улуг-Тагта, яғни Дешті Қыпшақтың солтүстік-шығысында, қазіргі Қазақстанның құмды аймағында (Сарыарқада) Алтын Орда тұсында қалмақтар мекен еткен, ал ХVI ғ. бұнда Өзбек тұсындағыдай моңғол сөздерін қолдана отырып сөйлесуін жалғастыра берген. Демек, өзінше бір этникалық топ сақталып қалған, оларды түркітілдес мұсылмандар «қалмақ» атаған [1, с. 127]. Дегенмен жоғарыда сөз болған «қалмақ» атауының пайда болу мерзімі мен нақты мағынасы туралы мәселеге толыққанды нүкте қойылмаған. «Жоңғар» сөзі де осындай проблемалық мәселелердің бірінен саналатыны белгілі.
Көптеген тарихшылардың ойынша, ойрат мемлекетінің билеушілері Шыңғыс ханды өздеріне үлгі тұтқан және басқару істерінде Шыңғыс хандікіне ұқсас дәстүрді жалғастыруға тырысқан. В.А. Моисеев А.Ш. Кадырбаевтың ойын қолдай отырып, ойрат билеушілерінің бойындағы ұлы қаханға ұқсап бағуға тырысушылықты байқаған «…ойратский хан намеревался возродить практику великих монгольских императоров, править завоеванными странами с помощью администраторов из мусульманских народов и прежде всего уйгуров» [2, с. 18]. Бұндай тенденцияларды басқа да ел авторлары да алға тартқаны өзге зерттеулерден мәлім.
Қазіргі Ресей тарихнамасында жоңғар проблемасын зерттеген белгілі тарихшы В.А. Моисеевтің ұсынған тұжырымдарының көп тарағанын байқауға болады. Ол өзінің монографиясында КСРО тарап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланғаннан кейін Ресейдің Орталық Азиядағы саясатын бағалауда қарама-қарсы бағытқа өзгергенін атап өткен. Әрмен қарай ол: «русское государство предстало на страницах работ казахских историков и публицистов «кровожадным северным хищником», таким же историческим врагом казахов, как и Джунгария, - деп көрсете келе, - более того, царское правительство якобы провоцировало джунгаро-казахские войны, снабжало ойратов оружием и натравливало их на казахов», - деп ойын қорытады [3, с. 6]. Автордың негізгі ойына сәйкес КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін Ресейдің Орталық Азиядағы саясатын бағалау қарама-қарсы бағытқа өзгерген. Орыс мемлекеті қазақ тарихшылары мен публицистерінің еңбектерінде «қанды жыртқыш», қазақтардың ата жауы жоңғарлар тәрізді етіп көрсетілген. Оның үстіне автордың түйіндеуінше, патшалық үкімет қазақ-жоңғар соғысына май құйып, ойраттарды қарумен қамтамасыз етіп, қазақтарға қарсы қойып отырғандығы туралы пікірлер орын ала бастаған. М.О. Акишин жоғарыдағы автордың пікірін қостай отырып, сөзбе-сөз былай жазады: «в 1990-х гг. в Казахстане стало развиваться «новое» направление, в работах историков и публицистов Россия стала представляться «кровожадным северным хищником», таким же историческим врагом казахов, как и Джунгария» [4]. Тарихшы Л. Бобров та өз ойын осылай жеткізген: «в постсоветский период некоторые авторы поспешили выступить с «сенсационными» заявлениями, согласно которым Россия якобы целенаправленно снабжала оружием джунгар и поощряла их вторжения на территорию Казахстана» [5, с. 46]. Алайда Ресей оқымыстылары нақты фактілер келтірмеген, яғни қазақстандық зерттеушілердің белгілі бір жұмыстарына сілтеме көрсетпеген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарих ғылымындағы бағыттар, көзқарастар өзгергені шындық.
Дегенмен де В.А. Моисеевтің жұмысында жоңғарларға орыс қарулары қолжетімді болғандығы жайлы факт бар. Автор Мәскеу мен Петерборда ойрат елшілері патша сарайына қонақ болып жиі келіп, бал кештері мен маскарадтарға да қатысқандығын көрсеткен. Ойраттар ойын-сауық құра отырып, керек адамдармен танысып, жасырын түрде қарулар сатып алып отырғандығын жеткізеді. Бұған анықталған қарулар дәйек екенін де көрсеткен: «в 1744 г. в доме посла в Москве, в Китай-городе, обнаружили 38 пищалей, 31 саблю, 18 панцирей» [3, с. 105]. Сол сияқты, мысалға, Мәскеудегі елшілер үйінде бірнеше қарулар анықталғандығы туралы да мәлімет берілген. Л.А. Бобров пен Л.С. Худяков бірлесіп жазған еңбегінде Жоңғар хандығының әскери жетістіктеріне кепіл болған бірнеше факторларды жекелеп көрсеткен. Олардың жазғаны: «залогом военных успехов Джунгарского государства были три основных фактора – централизация, модернизация и милитаризация, которые были теснейшим образом связаны между собой» [6, с. 204]. Авторлар еңбекте жоңғарлардың қарулармен жабдықталуына қатысты мәселелерге тоқталған. Олар жоңғарлардың орыстардан қару алып отырғандығын ашық көрсеткенмен, бұл үрдіс ресейлік үкімет тарапынан қолдауға ие болмағандығын ерекшелеген. Яғни ресми түрде тыйым салынған болса да, қарулар жоңғарларға астыртын сатылып отырғандығы көрсетілген.
Ресей әкімшілігі тарапынан қазақтардан гөрі ойраттарға деген ыңғайы туралы төмендегі болмашы дерек те куә бола алады. Р.А. Кушнерик, Ресейдегі елшілерді күту туралы айта келіп, ресейліктердің әр елдің елшілеріне деген қатынастың әрқалай болғандығын ерекшелейді. Оның ойынша, ойрат елшілері азық-түлік, шараппен қазақтарға қарағанда молырақ қамтамасыз етілген. Мәселен, 1730 ж. жазда Мәскеуде жоңғар елшілігі және Ресей бодандығын қабылдау туралы мәселемен Әбілқайырдан келген қазақ елшілері болған. Зерттеуші бұл жайлы: «несмотря на всю значимость казахских предложений, главам его (Кутлумбету Коштаеву и Сейткулу Кудайгулову), рядовым членам и слугам выдавалось продуктов на порядок меньше, чем ойратскому посольству», - деп нақты көрсетеді [7, с. 93-94].
Р.А. Кушнерик келесі еңбегінде де Ресей мен Жоңғар арасындағы қатынастың Галдан Цереннің тұсында мүмкіндігінше бейбіт түрде өрбігендігін алға тартқан. Осы кезде екі жақтың арасында ресми тұрғыда сауда немесе басқа да мәселелерге қатысты келісімшарттар жасалмағанымен, мемлекетаралық қатынас тұрақты болған және өзара келіссөздер белсенді жүргізілген. Зерттеуші: «даже подчинение Галдан-Цэреном Среднего и Младшего жузов, некоторые воинственные заявления ойратских военачальников о вытеснении русских с Иртыша и переброска в связи с этими угрозами дополнительных войск в Сибирь не привели к конфликтной ситуации», - деп өз ойын келтірді [8, с. 137].
И.А. Ноздрина соңғы ортағасырлардағы Ресейдің Орталық Азияда жүргізген халықаралық қатынастардағы геосаяси рөліне баға бере отырып, XVIII ғ. орта тұсына дейін Ресей ортаазиялық аймақтағы халықаралық қатынастар жүйесінде тұрақтандырушы фактор ретінде саналғандығын жазды. Оның пікірінше, орыс дипломатиясы Жоңғарияның, болмаса Қытайдың күшеюіне алып келуі мүмкін жоңғар-қалмақ немесе қытай-қалмақ әскери-саяси одағының құрылуының алдын алу тапсырмасын жетістікпен атқарып отырған [9].
Орталық Азиядағы күрделі халықаралық қатынастар жағдайында Ресей – Жоңғария – Қазақстан – Қытай – Қалмақ – осы аймақтағы басқа да мемлекеттердің түрлі одақтар мен бірлестіктер жасауы бек мүмкін еді. Мысалға төмендегі тұжырым бойынша, Жоңғар хандығымен күресу үшін Цин үкіметі Ресей империясынан көмек алуға, сонымен қатар ойраттарға қарсы қалмақ ханы Аюкенің атты әскерін қолдануды ойластырғаны туралы концепция бар [10, с. 119]. Автор алайда 1713-1714 жж. және 1731-1732 жж. қытай елшілігінің жоғарыдағы мәселе бойынша Ресейге елшілігінің нәтижесі Петерборды ойрат-қытай соғысына тартуға алып келмегенін көрсетті.
Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін көп ұзамай Орталық Азиядағы халықаралық қатынастарда мультиполярлық жүйе (Ресей – циндік Қытай – Жоңғария) биполярлыққа (Ресей – циндік Қытай) трансформацияланады. Ресей мен Цин империялары арасында аймақтағы саяси-территориялық және экономикалық басымдық үшін бәсекелестік басталады [9]. Сөзсіз, соңғы ортағасырлар Орталық Азиядағы геосаяси өзгерістерде доминантты рөл осы екі беделді мемлекеттерге тиесілі болғаны анық. Бүгінгі таңда да әлемдік кеңістікте аталған ірі екі елдің саяси, қоғамдық және ғылыми бағытына маңызды орын беріліп отыр.
Ресей оқымыстыларының ойына сүйенетін болсақ, Қытай бұндай жағдайларда Моңғолия, Тибет, Шығыс Түркістанды өзінің біртұтас бөлігі, ал олардың тұрғындарын қытайлықтар етіп жариялайды. «…Китай в подобной ситуации объявляет своими неотъемлемыми частями Монголию, Тибет и Восточный Туркестан, а их жителей – китайцами, издревле связанными в «единую семью» с ханьцами» [11, с. 17]. «Біртұтас қытай ұлты» концепциясының себебі Қытайдың Моңғолия, Тибет және Шығыс Түркістанға өз құқын негіздеуі сеп болған. Алайда ресейлік әріптестердің тарапынан бұл тұжырымға белсенді түрде қарсылық көрсетілген.
М.О. Акишин нақты көрсеткендей, қытайдың моңғолтанудағы жоғарыдағы бұл тенденциясын кезінде кеңестік тарихшылардың өздері байқаған. Қытайда Жоңғарияның ешуақытта тәуелсіз мемлекет болмағандығы туралы және біртұтас Қытайдың бір бөлшегі болып табылатындығы туралы концепция басшылыққа алынды. Ал Қытай империясының ойраттарға қарсы жүргізген соғыстары жоңғар ақсүйектерінің көтерілісін басу, ел тұтастығы үшін әділ күрес ретінде сипатталды. Ресейдің Жоңғария бағытындағы саясаты қытай территориясына деген шабуыл ретінде қарастырылады [12, с. 44]. Ресей тарихнамасына келетін болсақ, Жоңғар хандығы тәуелсіз мемлекет ретінде танылған. Осы проблемаға қатысты зерттеуші С.Г. Скобелев «Гибель джунгарского этноса в 1755-1760 годах: численность населения и размеры потерь» атты мақаласында: «абсолютно нет оснований говорить о поголовной гибели населения Джунгарии», - деп көрсетеді [13, с. 59]. Зерттеуші бұған дейін көп айтылып келе жатқан тұжырымға қарсы шыққан. Оның түсіндіруінше, қытайлықтардың жаулап алуына дейін-ақ жоңғарлардың кей бөлігі қытай жеріне ауып кеткен. Дегенмен бұл оқиғаның әлем тарихындағы ең трагедиялық көрініс болғандығымен келісетінін жеткізді. Автор зерттеуін қорытындылай келе: «если русское завоевание Южной Сибири стоило коренному населению лишь около 4 % населения, то завоевание цинами Джунгарии было на порядок кровопролитнее – более 60% а для ряда тюркоязычных групп и того более», - деп жазады [13, с. 60]. Оның қорытындысында қытайдың басып алуы кезінде жоңғар елінің алпыс пайыз халқынан айрылғаны көрсетілді. Автордың бұл проблемаға назар аударуы өте орынды деп санаймыз, өйткені сол кезеңдегі демографиялық нақты көрсеткіштер әлі де жіті зерттеуді қажет ететін мәселелер санатында.
Қазіргі кезде қазақ жүздерінің Ресей империясының құрамында болуының себебін ресейліктер мен қазақстандық тарихшылардың түсіндіруінде айырмашылық жоқ емес. Мысалға, отандық еңбектерде қазақ халқының Ресей қоластында отар ел ретінде күн кешкені туралы тұжырым айтылса, ресейліктер өз тарапынан қазақ елін қамқорлыққа алып, дамуына оң әсерін тигізгендігін алға тартатыны белгілі. Ресейлік әріптес Р.Ю. Почекаев: «особенностью вхождения Казахстана в состав Российской империи стало то, что, в отличие от тюрко-татарских народов Поволжья, Приуралья и Сибири, казахи признали российский сюзеренитет добровольно и даже более того – фактически они сами проявили инициативу по поводу вхождения в состав России», - деп көрсетеді [14, с. 6]. Автордың ойынша, сол себепті де ресейлік әкімшілік ұзақ уақыт бойы қоластына жаңадан енген елмен қандай байланыс орнатқан жөн екендігін толықтай түсіне алмаған. Осы секілді тарихымыздағы кейбір мәселелерді интерпретациялауда қазақстандық және ресейлік тарихшылардың бағыт-бағдары, ұстанымдары ортақ болмауы әбден мүмкін. Ондай проблемалар қатарына жоғарыда көтерілген Жоңғариямен қарым-қатынастың кейбір мәселелері де жататыны айқын.
Ресейлік зерттеуші Р.А. Кушнерик «Противоборство русской и джунгарской дипломатий в Казахстане в первой половине 40–х гг. XVIII в.» атты мақаласында Ресейдің қазақ жүздерін өз қоластына алу себептерін төмендегідей түсіндірген: «одной из важных ... было стремление создать на границе Сибири и противовес Джунгарскому ханству. Русские власти, писал в связи с этим А.И. Левшин, думали, что «добровольно покоряющиеся орды можно будет употреблять к ослаблению зюнгаров...» [8, с. 112]. Ресейлік бұл зерттеушілердің пікірлерінше, империяның қазақ жерлерін қосып алудағы себептердің бірі олардың өз жағдайын ойлағандығынан болып тұр, яғни патшалық өзінің шекаралық аймақтарында жоңғарлардан қорғаныс ретінде қазақ жүздерін пайдаланғысы келген. Қазақ жерлерінің Ресей отарына айналу үрдісі бүгінгі таңда да өте күрделі проблема болып саналады. Р.А. Кушнериктің зерттеуінде қайшылықтар кездеседі. Ол бір сөзінде В.А. Моиссевтің ойын қолдап: «ослабевало давление Китая, Джунгарские войска тут же обрушивались на казахов, вынуждая их откочевывать к границам России или в Среднюю Азию», - деп жазған. Бұл жерде жоңғарлардың қазақ жеріне жүргізген шапқыншылық соғыстары болғандығы нақты көрсетіліп тұр. Алайда Р.А. Кушнерик Галдан Цереннің саясатын түсіндіре отырып, келесі ойын былай жалғастырады: «...необходимо было обезопасить западные районы страны от губительных казахских вторжений» [8, с. 112]. Ал бұл түйіннің мағынасы бойынша қазақтар басқыншылар болып тұр. Бірақ жалпы алғанда, көпшілік ғалымдар дәлелді түрде көрсетіп кеткендей, шабуылдаушы тарап – жоңғарлар, ал қорғанушы – қазақтар болды.
Жалпы, бүгінгі таңда да соңғы ортағасырлар кезеңіндегі Орталық Азия аймағында орын алған халықаралық қатынастар, нақтылап айтсақ, қазақ пен жоңғар қарым-қатынастары ресейлік зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған. Оның себебінің бірі ретінде ресейлік зерттеуші төмендегідей көрсеткен: «джунгаро-казахские отношения оказывали большое воздействие на всю систему международных отношений в Центральной Азии, в том числе и на отношения Джунгарии с Россией» [8, с. 111].
Жоңғар шапқыншылығына қатысты қазіргі қырғыз тарихшыларының негізгі зерттеулеріне шолу жасауға болады. Тарихшы А.Ш. Махаева көрсеткендей, Қазақ хандығының тарихында тілі мен ділі бір, этникалық құрылымы және бір-біріне жақын әдет-ғұрыптары мен соғыс өнері де ұқсас болып келетін қырғыздардың алар орны ерекше екені рас. Бұл ғасырлар бойы көршілес келе жатқан қазақ-қырғыздың тығыз байланыстарын көрсетсе керек. Өз кезегінде Қазақ хандығының дәуіріндегі қырғыз-қазақ қарым-қатынастары Қазақстан мен Қырғызстан ғалымдарының еңбектерінде қарастырылып жатқандығы байқалатыны көрсетілген [15, 14-б.]. Бұл тұста зерттеушінің ойымен келіспеуге болмас. Жекелеген кезеңдерде қазақ елімен ұқсас күн кешкен бауырлас қырғыз елі де жоңғар шапқыншылығынан зардап шеккені белгілі. Сол себепті ХVII-ХVIII ғғ. жоңғар елімен күрес тарихы мәселесін ағайындас елдің ғалымдары да өз зерттеулерінің нысанына айналдырғаны түсінікті. Ол зерттеушілердің қатарына А.А. Асанканов, С. Аттокуров, Д.Б. Сапаралиев және басқаларын жатқызуға болады.
Қазақ пен жоңғар арасында орын алған алғашқы шайқастардың бірі – Орбұлақ шайқасында қырғыздардың да үлес қосқандығы белгілі. Аталған шайқаста бірнеше есе басым күшпен келген жоңғар басқыншыларына қарсы шайқаста қазақ-қырғыз қолы жеңіске жеткенін жазған А.Ш. Махаева бұл жеңістің қазақтар мен қырғыздар үшін тарихи маңызы зор болғандығы туралы қорытынды жасаған. Оның ойынша, екі жұрттың да еңсесі көтеріліп, бірліктің түбі тірлік екендігін аңғарған. Сонымен қатар Жәңгір ханның дипломатиялық көрегендігін ерекшелеген автор Орбұлақ шайқасы қазақ пен қырғыз жасақтарының өз еркіндігін қорғау жолындағы жасампаз ерліктерін алыс-жақынға паш еткізгендігі туралы ойын түйіндеген [15, 20-б.].
Д.Б. Сапаралиев Ш. Уәлихановтың жоңғарлардың шапқыншылығы туралы айтқан ойынан үзінді бере отырып, бұндағы кей тұжырымдармен келіспейтіндігін көрсетіп жазады. Ол Ш. Уәлихановтың көрсеткен 1723 ж. жоңғарлардың қазақ жеріне жасаған шабуылына орай былай дейді: «этот поход джунгарских войск на казахов и киргизов был совершен не джунгарским ханом Галдан Цереном (правившим в 1727-1745 гг.), а его братом Шуно Даба и вероятнее всего в 1722, а не 1723 году» [16, с. 58]. Жоңғар тарапынан Қазақстанға, автордың сөзі бойынша, қырғыздарға да жасалған шапқыншылықты Галдан Цереннің өзі емес, оның бауыры Шуна Даба басқарған және бұл үлкен шапқыншылық 1723 ж. емес, 1722 ж. орын алған екен. Автордың өз сөздеріне дәлел ретінде капитан Унковскийдің жазбалары мен Флорио Беневенидің жеткізген ақпараттарына сүйенгені көрсетілген. В.З. Галиев өз еңбегінде Д.Б. Сапаралиевтің бұл ойын қолдайды. Ол: «Д.Б. Сапаралиев уточнил дату нашествия джунгар на Казахстан и Среднюю Азию. «Актабан шубурунды» было не в 1723, а в 1722 году», - деп көрсеткен [17, с. 51]. В.З. Галиев өз ойын нақтылай түсіп, жоңғарлардың бүкіл Қазақстан бойынша бір мезетте жорық жасауға күші де келмейтінін әрі бұлай жасау мәнсіз болғандықтан, 1722 ж. елдің оңтүстік аймақтарына, ал 1723 ж. солтүстік пен батысқа өзге әскерімен, өзге қолбасшыларымен жорық жасағанын түйіндейді [17, с. 52].
Д.Б. Сапаралиевті келесі бір тұжырымы бойынша ХVIII ғ. орта тұсынан бастап қырғыздар, қазақтар және басқа да ортаазиялық елдер өз жерлерін жоңғар басқыншылықтарынан азат ету іс-қимылдарын белсенді түрде жүргізе бастаған: «с начало 50-х годов ХVIII в. кыргызы, казахи и другие среднеазиатские народы активизирвали борьбу за освобождение своих земель от Джунгарского ханства» [16, с. 61-62]. Д.Б. Сапаралиев қырғыздар мен қазақтардың жоңғарларға қарсы бағытталған соққыларының аса тиімді әрі күшті жүргізілгендігі турасында жазды.
Қазақтар мен қырғыздардың Жоңғарияның солтүстігі және солтүстік-батысындағы азаттық күрестерінің күшеюі елдің оңтүстік-шығысындағы мәнжүр-қытай әскерлерінің 1755 жылдардағы жаулаушылық әрекеттегі іс-қимылдарымен және 1756-1757 жж. циндердің өз өмірі мен бостандығын әділетті түрде сақтап қалуға тырысу мақсатында көтерілген жоңғар халқына қарсы жазалаушы жорықтарымен тұспа-тұс жүргендігін ерекшелеген. Бұндағы жоңғарлардың көзқарасын жазған тарихшы олардың бұл кампанияны жоңғарларға қарсы коалиция ретінде түсінгенін алға тартқан. Дегенмен де бұның шынайылыққа жат екендігін ол келесі себептермен түсіндіруге тырысады: «если Цинская империя стремилась к новым территориальным захватам, то кыргызы и казахи боролись за возврат своих исконных кочевий, занятых джунгарскими феодалами» [16, с. 62-63]. Цин империясы өз территориясын ұлғайтуды көздесе, қазақтар мен қырғыздар жоңғарлар басып алған өзінің атамекен жерлерін қайтармақшы болған. Әйтсе де бұл кезең аралығында Жоңғар хандығы қырғыз үшін де, Цин империясы үшін де ортақ жау ретінде саналғанымен, М.С. Иманалиев көрсеткендей: «однако цели и задачи их были совершенно различные» - олардың (қырғыздар мен қытайлардың – Н.Қ.) мақсаттары мен міндеттері тіптен бөлек болған [16, с. 63].
Түрлі фактілерді келтіре отырып, өз ойын дәйектей түскен қырғыз тарихшысы төмендегідей қорытындысын жасаған. Ол бойынша Ыстықкөл аймағын қырғыздардың жат басқыншылардан Цин империясының жауынгерлері Жоңғар хандығын талқандамай тұрып-ақ азат еткен. Осылайша автор қытай дерегінде көрсетілгендей «Жоңғария толықтай басып алынғаннан кейін қырғыздар өздерінің бұрынғы территорияларын қайтара алған», - деген пікірді оң санамайтындығын жеткізеді. Осындай тұжырымдарын ұсынған қытай зерттеушілерінің әрекеті Жоңғар хандығын талқандаудағы цин әскерінің рөлін асыра бейнелеп, ал керісінше, қазақтар мен қырғыздардың жоңғарларға қарсы азаттық күресінің маңызын төмендету міндетімен түсіндірілетіні қорытындыланды [16, 63-б.].
Қырғыз ұлттық университетінің аспиранты болған А. Исмаилованың «Қырғыздар мен қазақтардың Жоңғар хандығының басқыншылық саясатына қарсы бірлескен күресі» деген мақаласында жоңғарлардың шапқыншылық соғыстарының барысы жалпы түрде қарастырылған [18].
Кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде тәуелсіздік алған елдерде тарих ғылымында жаңаша түйсіну тенденциясының орын алуы заңды саналады. Қазіргі Қазақстан мен Қырғызстан зерттеулерінде жекелеген проблемаларға қатысты тарихи оқиғаларды қайта түйсінуіне, оларды жаңаша көзқараспен бағамдауға бағытталған. Ал заманауи Ресей тарихшыларының көшпелі халықтармен байланыс мәселелерін зерттеудегі бұрыннан келе жатқан тарихи позицияларын сақтап қалуға тырысатыны байқалады.
Жоңғар хандығының дамуының қытайлық тарихнамасын қытай тілін меңгермегендіктен, барынша көлемді түрде ашып жазу өте күрделі. Алайда қытай тарихшыларының проблемаға қатысты жазылған еңбектерінің орыс, қазақ тілдеріне аударылған жарияланымдарын қарастыра отырып және қытай тілін білетін тарихшы-мамандардың тиісті зерттеулеріне сүйену арқылы ондағы басты тарихнамалық аспектілерді ашуға талпыныс жасауға болады.
Қытай зерттеушілерінің Жоңғар хандығы мен қазақтардың тарихына қатысты еңбектерін, қытай деректерін, зерттеу тақырыбы бойынша негізгі концепцияларын, жалпы, қытай тарихнамасының мәселелерін өз еңбектерінде қазақстандық зерттеушілер де қарастырды.
Қазақ тарихының қытай тарихнамасына қатысты жекелеген маман- зерттеушілердің еңбектерін сараласақ. Н. Мұқаметқанұлы «Қытай және жапон тарихшылары ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихы туралы» мақаласында Қытай елі – өзінің төрт-бес мың жылдық жазба мәдениетімен әлемге әйгілі болған, ерте замандағы дүниедегі төрт ірі мемлекеттердің бірі болғанын ерекшелеп өтеді. Ол еңбегінде: «...қазақ» деген мұқым бір ұлт аты қытайдың Шинь патшалығының орда естелігінде тұңғыш рет 1697 жылы24 көкек күні жоңғар қонтайшысы Қалданға байланысты жазылған екен», - деп көрсетеді [19, 49-б.]. Зерттеушінің мәліметінше, содан бастап қазақтар туралы мәліметтер анда-санда жоңғарларға байланысты Цин патшалығының орда естелігінде хатталып отырған. Ондай деректер Цин патшалығының жоңғарға қалың қол аттандырар шағында, яғни 1750 жылдары көбейе түседі, оған себеп қазақтардан қандай қарсылық болар екен деген алаңдаушылыққа байланысты қазақтар жөнінде мәліметтерді көбірек жинауы. Әрі осы тұста Орта жүз ханы Абылай мен Ұлы жүз ханы Әбілмәмбет Цин патшалығымен тікелей қарым-қатынас орната бастайды [19, 49-50-бб.]. Цин патшалығы тұсында орда тарихшылары жазған еңбектерде қазақтар туралы арнаулы тараулар жазылып отырған. «Шинь патшалығының тарихы» көп томдық еңбектегі арнаулы тарауда қазақтардың үш жүзге бөлінетіндігі, олардың өз алдына көтерген хандарының аты-жөні, географиялық табиғи ерекшеліктері және өзге де ақпараттар келтірілген екен. Автор ойын қорытындылай келе, ХVІІІ-ХІХ ғғ. өзінде қытай тарихшылары қазақ жөнінде зерттеу жүргізе бастағанын, алайда ол тұста жазылған еңбектердің ғылымилығынан гөрі мәліметтік құны жоғары болып отырғанын жазған. Н. Мұқаметқанұлының ескеруінше, Цин патшалығы ХVІІІ ғ. орта шенінде қазақтармен тікелей байланыс орнатқаннан кейін 1911 ж. осы патшалық құлағанға дейінгі аралықта қазақтарға арнайы жазылған еңбек мақала түрінде болған. Ол «Мемлекеттік газет» бетінде 1879 ж. «Қазақтар Ресейдің қоқан-лоқысына ұшырауда» деген атпен жарияланған. Мақалада, тақырыбынан көрініп тұрғандай, қазақтардың патшалық Ресей отаршыларынан жәбір-жапа, зорлық-зомбылық көріп отырған ауыр жағдайы сипатталған [19, 50-б.]. Бұған дейін Жоңғарияға қатысты Қытай саясаты кеңес тұсындағы тарихшылар тарапынан сынға ұшыраса, қытайлар да өз кезегінде Ресейдің қазақ халқына байланысты саяси әрекеттеріне сыни тұрғыда қарағаны байқалады.
Жоңғар хандығы туралы қытай дереккөздері жалпы жоңғарлар туралы тарихи зерттеулер үшін аса маңызды ғылыми құндылыққа ие. Арысы – жалпы Моңғол ұлысы туралы деректерден бастау алып, XV-XVI ғасырлардағы ойрат тайпаларының тарихы туралы, берісі – Жоңғар хандығының саяси, әлеуметтік, экономикалық және дипломатиялық тарихы туралы мағлұматтар қытайдың тарихи жазбаларында молынан кездеседі. Әсіресе XIV-XVII ғасырлардағы Миң империясы мен XVII-XIX ғасырлардағы Цин империясының тарихи жазба деректері Жоңғар тарихын зерттеуде таптырмайтын дереккөздер болып есептеледі [20].
Қытайдың тарихи мұрағат қорларында Жоңғар хандығына тікелей немесе жанама қатысы бар өте көп тарихи жазба материалдар сақтаулы. Жоңғар тарихын зерттеуде маңызды тарихи және ғылыми құндылыққа ие болып табылатындары да жеткілікті. Бұл тарихи дереккөздер Қытай және шетелдегі қытай тілді тарихшылардың Жоңғар тарихы туралы зерттеулеріне негіз болуда. Қазақстандағы жекелеген тарихшылар да Жоңғария туралы зерттеулерінде осы аталған тарихи материалдарды қолданып келеді.
Жоңғар тарихы туралы арнаулы зерттеулер Қытайда кешірек басталды деуге болады. 1949 ж. ҚХР құрылғаннан кейінгі 20-30 жылда да Қытайда тарих ғылымы айтарлықтай белсенді түрде дамып кеткен жоқ. Бұған Қытайдағы коммунистік жүйенің тар шеңбері себеп болды. Әсіресе 1966-1976 жылдар арасында Қытай ғылымын тас-талқан еткен «Мәдениет төңкерісі» тарих ғылымының аяғына тұсау болған еді. Тек 1978 ж. Қытай «сыртқа қарата есік ашу» реформасын жүргізгеннен кейін тарих ғылымы қайта жанданды. Қытай тарихшыларының 1978 жылға дейінгі зерттеулерінде ойрат немесе жоңғар тарихы жалпы моңғол тарихынан негізінен бөлек қарастырылған жоқ десек болады. Ойрат-жоңғар туралы ең алғашқы арнаулы тақырыптық зерттеу ретінде Жин Жуизоңның «Ішкі Моңғол университеті журналында» 1964 жылы жариялаған «Цин патшалығының алғашқы кезіндегі ойрат пен қытай арасындағы сауда базары» атты ғылыми мақаласын атауға болады [21].
Уақыт жағынан осы кезеңді де салыстырмалы түрде екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші, 1970 жылдардың соңынан 1980 жылдардың соңына дейін Қытай тарихшылары «солшыл» саясаттың ықпалынан толық айығып кетпегендіктен, олардың Жоңғар туралы зерттеулері көбіне Жоңғарлардың қоғамдық құрылымына және билеуші тап арасындағы талас-тартыстарына арналды. Енді бір жағынан сол кездегі қытай-совет қарым-қатынасының салқындауы салдарынан, патшалық Ресейдің жалпы Моңғол жеріне болған шапқыншылығы да көбірек назарға ілікті. Екінші, 1990 жылдардан кейін Қытайдағы тарих ғылымының жаңаша дамуына сәйкес, қытай тарихшыларының жоңғар тарихы туралы зерттеулері де сан-салалы болып, жоңғарлардың саяси, әлеуметтік, экономикалық, діни және мәдени тарихына қатысты зерттеулер жүргізілді.
Қытай тарихшысы Ма Малидың орыс тарихшыларының Жоңғар елінің тарихына қатысты жұмыстарын аударуда сіңірген еңбегі айырықша атауға лайықты. Ол 1980 ж. орыстың географ тарихшысы М.И. Венюковтың «Жоңғар шекарасындағы халықтар туралы» деген мақаласын қытай тіліне аударып, «Шынжаң университеті журналында» жариялады [22]. Сонымен бірге, Ма Мали сол жылы тағы орыстың атақты монғолтанушы ғалымы И.Я. Златкиннің «Жоңғар хандығының тарихы» атты кітабын қытай тіліне аударып баспадан шығарды [23]. Ланьчжоу университетінде қытай тіліне аударылған И.Я. Златкиннің «История Джунгарского ханства» еңбегінің ұзақ уақыттар бойы тар шеңберде қолданыста болғанын К. Хафизова ерекшелеп: «...долгое время она (книга И.Я. Златкина – Н.Қ.) распространялась под грифом «для служебного пользования», - деп көрсеткен [24, с. 11]. Б.П. Гуревичтің «XVII-XVIII ғасырдағы қытай-орыс-жоңғар қарым-қатынасы және Қытайдың тарих ғылымы» атты ғылыми еңбегі қытай тіліне аударылып, «Қытай тарихының зерттелу жағдайы» атты журналдың 1979 жылғы 9-санында жарыққа шықты [25]. Жоғарыда аталған еңбектердің аудармаларының жариялануы Қытайдағы Жоңғария тарихы туралы зерттеулерге тың серпін берді. Осыдан кейін жоңғарлар тарихы туралы, нақты айтқанда Жоңғар хандығының көршіліс мемлекеттермен, өңірлермен қарым-қатынасы туралы ғылыми мақалалар жарыққа шыға бастады. Осындай жұмыстардың бастылары ретінде Бай Суйчиннің 1979 ж. «Экономикалық тұрғыдан ойрат пен қытай қарым-қатынасы» [26], Сай Жияьидың 1979 ж. «XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың Ресейге қарсы күрес тарихының маңызды бір көрінісі» [27] және Ба Дай мен Ма Дажыңның 1981 ж. «Жоңғар билеушілерінің Оңтүстік Шынжаңдағы үстемдігі туралы» [28] атты мақалаларын атауға болады [20, б. 57].
Қытай дереккөздері және Қытай тарихшыларының Жоңғар туралы зерттеулері Жоңғар тарихын зерттеуде маңызды бір саланы құрайтыны анық. Тарихта іргелес жатқан екі ел арасы бірде тату, бірде қату болса да, жоңғар-қазақ, жоңғар-қытай қарым-қатынасының саяси, экономикалық жағынан айтарлықтай дамығаны белгілі. Жоңғар хандығы мен Цин империясы арасындағы сауда керуендері қазіргі Ішкі Моңғол арқылы жалғасып, жоңғарлардың малшаруашылық өнімдері мен қытайлардың жібек, шай және дәрі-дәрмектерінің айырбасы жүріп тұрды. Цин үкіметінің жарлығымен жоңғарлармен шекаралас аудандарда арнаулы базарлар да ашылды [29]. Жоңғар хандығының дәурені жүріп тұрған кезде, жоңғарлар Қытайдың үстемдігінде болған Тибет пен ұйғырларды да өз қоластына қаратып, қала берді Қытайға да жорық жасап тұрды. Цин императоры жоңғар қоңтайшысына қыз беріп, құдаласу арқылы ымыраласу жолын да қарастырған кездері болды. Бірақ жоңғарлар қытайлардың құрығынан бәрібір қашып құтыла алған жоқ, XVIII ғасырдың ортасында Қытайдың Цин империясы Жоңғар хандығын түбегейлі жойып тынды. Сол кездегі Қытай деректеріне қарағанда, жоңғарлардың оннан үштей бөлігі обадан қырылып, оннан үштейі орыс империясы мен Қазақ хандығына бас сауғалап қашса, оннан бес бөлігі қытай әскерінің қолынан өліп, неше мың шақырым ұлан-байтақ далада тірі пенде қалмаған [21]. Жоңғарлардың тірі қалған аз бөлігі Қытайдың мәңгілік бодандығына кіріптар болып қала берді. Бұл өз кезегінде айырықша зерделеуді қажет ететін үлкен бір тарихи тақырып. Ал, жоңғар-қытай қарым-қатынасының аталмыш тарихын ескерсек, Жоңғария туралы қытай дереккөздері мен қытай тарихшыларының жоңғарлар туралы зерттеулерінің аз болмайтыны түсінікті.
Қытайда ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу істері ХХ ғасырдың 80-інші жылдарынан кейін ғана белсенді дамығанын зерттеуші көрсеткен [19, 50-б.]. Сол сияқты жоғарыда байқағанымыздай, Қытайдағы жоңғартану саласы да осы кезеңнен бастап ілгерілеп дамыған. Өйткені ХХ ғ. 80-жж. дейін қытай тарихшыларының Жоңғария тарихы туралы зерттеулері мақала деңгейінде болып келсе, аталған уақыттан бастап ғылыми мақалалардан тыс, арнаулы зерттеулер мен монографиялар жазыла бастаған [20, 56-б.]. Оның себебін зерттеуші К. Хафизованың еңбегінен білуге болады. Ол ХХ ғ. 80-жж. қытай үкіметі қоғамдық ғылымдарды, соның ішінде саны аз халықтардың тарихын, этнографиясын, тілдерін, мәдениетін зерттеу, дамыту үшін үлкен қаражат бөлгенін көрсеткен. Бұны жүзеге асыру үшін кешенді шығармашылық топтар құрылып, кітап топтамалары жарыққа шыға бастаған [24, с. 11]. Бұндағы қарастырылған мәселелерді жалпы түрде қорытындылай келе, қазақ пен жоңғар тарихына қатысты тарихи оқиғалар қытай тарихшылары тарапынан ХХ ғ. 80-жылдарынан бастап ғылыми негізде зерделене бастағандығы туралы тұжырым жасауға болады.
Жоңғария тарихы туралы Қытайдағы тарихи деректер молдығымен ерекшеленеді, проблемаға қатысты тарихнамалық деректер де баршылық. Оларға арналған ғылыми мақалалардың саны неше мыңға жетіп жығылатыны анық, сондықтан ғылыми мақалалар туралы емес, ғылыми маңызы жоғары ауқымды еңбектердің бірқатары қарастырылды. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің қытайлық тарихнамасы – дербес ірі бағыт.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі тарихының ресейлік тарихнамасына төңкеріске дейінгі кезеңде-ақ бастама жасалды. Кеңестік тұста ортақ даму белгілері заманның тарихи және саяси факторларымен шартталған еді. Ал қазіргі Ресейде патшалық деуірден жалғасып келе жатқан тамыры бар болғандықтан, зерттеушілерде алдыңғы замандардағы тарихи көзқарастарды ақтауға және жандандыруға деген бетбұрыс байқалады. Екінші жағынан, олардың кеңестік тұстағы тарих ғылымында орнығып қалған позицияларды да сақтап қалуға тырысатыны көрінеді. Себебі олар посткеңестік елдерде жарық көрген тарихи еңбектердегі жаңаша ой мен көзқарастарға сынмен қарайды. Ресейліктер кезінде өздері отарлаған елдерге қатысты өздерінің қамқоршылық статусын насихаттайды. Орыстар қазақтармен салыстырғанда Жоңғариямен қарым-қатынасының жақсы болғандығын аса ерекшелеп көрсетуге зауықсыз. Егемендікке қол жеткеннен кейін қазақтардың жоңғарлармен өзара байланыстарына, яғни қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы күресіне қатысты орыстардың саясатының екіұшты сипатын ашып жазған зерттеушілеріміздің қорытындыларын ресейлік тарихшылар жазғырды. Десек те орыстардың іргелес орналасқан халықтарды өзара алауыздыққа ұшырату тактикасын қолданғандығы басқа елдердің тарихнамасында кеңінен көрсетіліп, ашық жазылып жүр.
Қырғыздар зерттеулерінде жоңғар шапқыншылығына қазақтармен бірлесіп тойтарыс бергендігін ерекшелеп, мәселені екі республика халқының арасындағы бұрыннан келе жатқан бауырластық, ортақ мүдде тұрғысынан қарастырып жазуда.
Қытай елі жазу мәдениеті ертеден дамыған мемлекет ретінде сан ғасырлық тарихын қаттап жинақтауымен ерекшеленеді. Бұл елдің XVII-XVIII ғғ. көршілес елдермен, яғни қытайлықтардың қазақтармен, жоңғарлармен байланысы туралы жазба деректер көп сақталған. Ал тікелей қазақтар мен жоңғарлардың өзара қатынасына XVIII ғ. орта тұсынан бастап, мәнжүрлер жоңғарларды түгелімен басып алу үрдісі барысында басым мән берілді. Зерттеу тақырыбына қатысты ғылыми жұмыстарды атқаруға Қытайда ХХ ғ. 80-жж. бастап ерекше ден қойылды. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі қамтылған XVII-XVIII ғғ. Қытайдың аймақтағы саясатының тарихнамасы жеке зерттеуге лайықты.
Жоңғар факторы тек қазақ мемлекеті ғана емес, күллі Азия халқына, яғни бүгінгі жеке-жеке мемлекет болып отырған Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан сияқты елдерге, сонымен қатар Ресей мен Қытай сияқты ірі мемлекеттерге де өзінің геосаяси т.б. ықпалын тигізді. Аталған мемлекеттердің барлығы өз тарихын зерттеу барысында Жоңғариямен болған қатынастарын тасадан тыс қалдырмайды. Дегенмен де әр ұлттың тарихи танымы, белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасы дербес жолмен қалыптасады. Сондықтан да Жоңғар хандығының кезінде халықаралық қатынаста жүргізген саясатына әр мемлекеттің тарихи зерделенуінде түрліше баға беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |