Қазақ прозасындағы психологизм (Ж. Аймауытов «Ақбілек» романы)



Дата15.11.2023
өлшемі30,03 Kb.
#123977
Байланысты:
stud.kz-120020


Қазақ прозасындағы психологизм (Ж.Аймауытов «Ақбілек» романы)
Қазақ прозалары жеткізетін оқиғалар көбінесе басты кейіпкердің, яғни адамның төңірегінде орын алады. Көп факторлар авторға, оның жазу стиліне тәуеллді болса да, шығармаларда кейіпкедің портреті, сырт келбеті бейнеленеді. Бірақ, барлығы мұнымен шектеліп қана қоймайды. Адам баласы әрқашан қоршаған ортамен, бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, шығарма оқырманды қызықтыру үшін кейіпкердің басынан өтіп жатқан оқиғаларды, оның жан дүниесіндегі сезімдерді, мінезің, іс-қимылдарын баяндайды. Бұл – кез келген шығарманың басты құраушысы деп ойлаймын.
Психологизм туралы алғашқы ойлар, әдебиетте қолданысы грек шығармаларынан бастау аады деп айтылады. Алайда, оны дәлелдейтін нақты деректер жоқ. Сондықтан, психологизм әлі күнге дейін толық зерттелмеген, толықтай таңылмаған. Көптеген ғылымдар бір-бірімен байланысын табады. Прозада орын алатын жағдайлар кейіпкерлердің ойларнан, іс-әрекеттерінен туйындайтындықтан, әдебиет пен психолгизм де бір-бірімен өзара байланысады деп айтуға болады.
Қазақ прозаларында психологизм орын ала бастаған уақыты – шамамен XX ғасырдың басы. Осыған дейінгі туындыларда көбіне орын алатын оқиғалар ғана сипатталып, сол кездегі кейіпкерлердің жан дүниесіне аса терең үңілмегендіктен, біздің қаламгерлердің өз шығармашылықтарына психологизмнің сипатын енгізу үшін жан-жақты ізденістерге сүйене отырып, зерттеу қажет болды. Мысал ретінде, Л.Гинзбургтің «О психологической прозе» жұмысын атап өтуге болады. Сонымен қатар, бізден әлдеқайда ертерек психологизм аспектілерін өз шығармаларына қолдана бастаған шетелдік жазушылардың да еңбектері негіз болды.
Қазіргі таңда психологизм нақты терминге ие болып, толықтай зерттелмесе де, қазақ әдебиетінде орын алып, даму үстінде. Біздің қаламгерлеріміздің арасында осы ұғымға ең алғаш көңіл бөле бастағандар А.Байтұрсынов пен Ж.Аймауытов болып табылады. А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиеттантқыш» еңбегінде психология ғылымына қатысты жиі кездесетін ұғымдарға, мысалы «ес», тоқталып, оларға түсіндірме беріп кеткен. Ж. Аймауытов өзі мұғалім болып қызмет еткен және балаға берілетін тәрбиенің болашақта қаншалықты маңызды рөл атқаратындығы жайлы жиі жазған, бұдан оны психолог ретінде тануымызға болады. Сонымен қатар, ол көптеген орыс ғалымдарының, жазушылардың психология ғылымына қатысы бар еңбектерін оқыған, аударған. Және де оның өзінің ауқымды еңбегін атап өту қажет. Ол – «Психология» атты еңбегі, бірінші тарауын педагог жолын таңдаған мамандарға арнаған, келесі бөлімдерінде адамның жан дүниесіне, оның заңдылықтарын анықтауға, кейін басқа да психологиялық ұғымдарға дәлелдермен түсінік берген.
Қазақ ғалымдары арасынан, осы бағытта зерттеулер жүргізіп, психологизмнің дамуына орасан зор үлесін қосқандар қатарынан Б.Майтанов, Г.Ержанова, Г.Пірәлиеваларды атап өтуге болады. Б. Майтанов психологизм ұғымын реализмге әкелетін жол деп бағалаған: «Психологизм, сөз жок, реализмге апарар сүрлеу екені мәлім. Рас, ол әртүрлі көркемдік әдістер шеңберінде көркемдік-эстетикалық қызмет атқарады. Әйтсе де, нағыз реалист әдебиетте ғана психологиялық талдау нақты мазмұн тауып, жүйелі стильдік міндет атқарады. Бұған дүниежүзілік әдеби процесстің даму заңдылықтары мен тарихы куә» (Майтанов Б., 1996 жыл, 6-бет). Ғылыми зерттеулерді негізгі ала отырып, психологизм ұғымын үш жақты талдауға болады: синтетикалық, аналитикалық және динамикалық тұрғыда. Синтетикалық бағытта талдау ежелден бері қазақ шығармашылығында қолданылып келеді деп айтуға болады, себебі оның негізгі құраушылары кейіпкердің портреті жәгн іс-қимылдары болып табылады. Яғни, сыртқы факторлар арқылы кейіпкерді оқырманға танытады. Ал егер ішкі факторлар жағынан қарастырсақ, кейіпкердің жан дүниесіне үңіліп, оның сезімдерін жеткізуге тырысу – аналитикалық тұрғыдан алғандағы талдау. Динамикалық тұрғыда талдау кейіпкердің қозғалысы мен іс-әрекеттерін, сырт көзге көрінетін заттарды негіз етіп жүзеге асады. Аталған талдау түрлеріне өз анықтамасын зерттеуші Г. Пірәлиева «Көркем шығармадағы психологизм» еңбегінде келесідей берген: «Демек, психологиялық талдаудың көркемдік тәсілдері сан алуан. Атап айтсақ, автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы ішкі монолог, ішкі сөз, сана тасқыны, түс көру т.б. аналитикалық принцип арқылы берілсе, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері – ым мен ишараттар, сыртқы қимыл көріністері, көркемдік деталь, заттық әлем, психологиялық орта т.б. динамикалық принцип ретінде көрінеді» (Пірәлиева Г., 2004 жыл, 14-бет). Осы талдау түрлерін шығармада дұрыс қолдану үшін әртүрлі бейнелеу құралдары пайдаланылады.
Психологизм ұғымы адамның іс-әрекетімен тығыз байланыста екендігі жоғарыда айтылды. Осы арқылы біз шығармадағы кейіпкедрдің өмір сүрген кезеңімен, сол кезеңнің ерекшеліктерімен таныс бола аламыз. Сонымен қатар, шығармада көбіне оқиғалар бірнеше адам арасында орын алады. Олардың арасындағы қарым-қатынас, іс-қимылдары да оқырманға қосымша мәлімет береді. Мысалы, Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Күлән мен Ақбаланың бір-біріне деген сүйіспеншілігі үстел үстінде, бір лампаның негізінде байқалады. Күлән екеуінің ортасында тұрған лампаның орнын бір жерден екінші жерге ауыстыруы, Ақбаланың бұл істі Күләннің араларында тұрған кедергіні алып тастауы ретінде бағалағаны, сонымен қатар қазақ қызының қызаруы, ұялуы – осының барлығын автор екі адам арасындағы жылы сезімдерді бейнелеу үшін қолданған. Ж.Аймауытов осы жердегі кішкентай бөлшекі, яғни лампаны сүйіспеншілік сезімін жеткізуде өте шебер пайдаланды.
Өз шығармасында психологизмге назар аударатын қаламгерлер заттарға қатысты жасалған іс-қимылдардан бөлек, сонымен қатар кейіпкердің айналасындағы орын алып жатқан табиғат құбылыстарына, ауа-райына көңіл бөледі. Және осы көріністерді адамның көңіл-күйімен, оның жан дүниесіндегі сезімдермен байланыстырады. Б. Майтанов мұны психологиялық параллелизм деп атаған. Мысалға, кейіпкер келе жатып, айналасына қарап, «көгілдір ашық аспанды» байқаса, оның көңілі тыныш, уайымсыз деп тұжырымдауға болады.
Ауа-райы мәселесіне ұқсас түстердің шығармада колданысы оқырманға кейіпкер туралы қандай да бір ақпарат береді. Яғни, бұл теория бойынша адамның таңдайтын, көзіне түсетін түстері өзінің көңіл-күйіне байланысты. Мысал ретінде тағы да Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Күлән мен Ақбала төңірегінде болған бір жағдайды қарастыруымызға болады. Олар Ақымның үйіне қонаққа келгенде, Ақбала қасындағы ер жігіттердің талқылап жатқан әңгімелерін елемей, араласпай, бар назары Күләнда болды. Оның бірінші болып көзіне түскендері – Күләннің бұйраланған шаштары мен үстіне киген қызыл киімі болды. Мұнда автор Күләннің таңдап киген киімінің түсін ерекшелеп атап тұр. Қызыл түс адамдардың назарын бірден өзіне аударатындығы анық, солардың бірі Ақбала болды. Сонымен қатар, қызыл түс жиі адамдар арасында махабатпен байланыстырылады, мүмкін сондықтан да адамдар жүректі (адам анатомиясында бейнеленгендей емес) салғанда, оны қызыл түспен бояйды. Бірақ, осы жерде қыз бала мен ұл баланың әрқайсысына тән болатын түстер жайлы туралы да ұмытпауымыз қажет. Мүмкін, Күләннің осы киімге тоқтау жасағанының себебі сүйікті түсінде жатқан болар. Алайда, егер автор оның киімінің түсін басқа етіп суреттегенде, мысалы қара делік, қазақ арасында «қара жамылды» ұғымы бар, яғни адамдар бірден мұны қайғымен немесе аурумен байланыстырар еді.
Адам көбіне белгілі бір жағдайларда шешім қабылдағанда, қандай іс-әрекет жасау қажеттігін ойланғанда өз санасына жүгінеді. Менің ойымша, адамның ойлары мен оның әрекеттерін бөлек қарастыру мүмкін емес. Бұл екеуі – адам өмірінің ажырамас бөліктері. Шығармада осы екі негізгі құрушысы болып табылатын адам өмірін әр жазушы әрқалай сипаттайды. Осыған байланысты көркем шығармаларда орын алатын психологизмді екі жақты қарастыруға болады: кең және тар типті психологизм. Бұл екі бағыт туралы түсінікті қазақ әдебиетінің көрнекті зерттеушілерінің бірі Г. Ержанованың «Қазақ прозасындағы психологизм» атты еңбегінен таба аламыз: «Тар типтегі психологизм деп жеке адамның жан дүниесіне ерекше көңіл бөлетін, оны неғұрлым тереңірек, дәлірек, толығырақ сипаттайтын шығармаларды айтамыз. Кең типтегі психологизм деп адам өмірін, оның әлеуметтік тұрмысын ішкі жан сарайы арқылы жалпылама сипаттайтын әдебиетті айтуға болады» (Ержанова Г., 1994, 35-бет).
Психологизм кез келген көркем шығарманың түрінде қолданыла алады. Оны қазақ әдебиетін жан-жақты зерттеп жүрген Б.Майтанов өз еңбектерінде айтып өткен. Алайда, қазақ прозасындағы психологизмнің жеткізулі деңгейі басқа көркем шығармалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Себебі, прозада автор өзіне тиімді суреттеу стилін таңдап, шығармада кейіпкердің басынан кешіретін сезімдерін, оның әрекеттерін тереңнен зерделей, құрамына адамдар арасындағы диалогті немесе бірнеше монологті қосып, толықтай ашып жаза алады. Бұл жағынан, мысалы, поэзия түрінде жазылған шығармаларға мұндай бейнелеу құралдарын қолдану қиынға соғады. Сондықтан, әр жанрдың да өз ерекшеліктерін, жазылу кезіндегі сақтау қажет ережелерін ескеру қажет.
Психологизм ұғымын әр автор өздігінше жеткізгенімен, оны негізгі екі түрге бөліп ажыратады: ішкі және сыртқы психологизм. Бұл түрлердің түсіндірмелері өздерінің атауымен тығыз байланысты. Сыртқы психологизм адамның іс-әрекетіне негіз болады, мысалы адамның мимикасы, көзқарасы. Ал ішкі психологизм болса, ол оның ішкі жан дүниесінің жағдайын сипаттайтын ойлардың жиынтығы болып табылады, мысалы жалғыздықты сезіну, мұңаю. Бұл екі түр шығармаларда бірге де, бірегей де қолданыла алады.
Псизологизмнің жан-жақты әлі толықтай зерттелмегені жайлы жоғарыда айтылып өтілді. Ұғымның ең алғаш грек әдебиетінде кездесе басталғаны туралы да пікірлер бар. Мұны негізінде грек еліне тән театр өнерімен, яғни драматургиямен байланыстырады. Олар осы өнері арқылы адамдардың алдында комедия және трагедия жанрында көріністер қойған. Осылайша, психологизмнің екі негізгі құраушысы пайда болды деп айтуға болады. Оның бірі адамдарға көңілді, қуанышты болып жеткізілсе, екіншісі кейіпкерлердің бастан кешіретін қайғысын, мұңын сипаттап жеткізеді. Біздің әдебиетіміздің бастауларында бұл аспектілер күлкімен және жылаумен байланыстырылды. Ал оның түпкі себептерін, кейіпкерлердің сезімдерін тереңнен, кеңінен аша бастау XX ғасырлардың басында жазылған шығармалардан бастау алады. Осындай шығармалардың арасында тұңғыш психология ағымында жазылған еңбектердің бірі болып бағаланатын – Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы.
Ж. Аймауытов «Ақбілек» романында өзінің кейіпкерлерінің, әсіресе басты кейіпкерінің басынан кешірген оқиғаларын, жан дүниесіндегі сезімдерін өрнектеп, шебер жеткізе білді. Осылардың негізінде қазақтардың қай кезеңдегі өмірі сипатталып тұрғанын, қандай қиындықтарды бастан кешіргенін анықтауға болады. Автордың сипаттайтын кезеңі Азамат соғысы болған жылдармен сәйкес келеді. Сол уақытта екіге бөлінген ақ пен қызыл әскерлердің арасындағы қарым-қатынас, адамдардың олардың барлығын теңдей орыс етіп көруі, ақтардың өз басына алғандағы құқықтары шектеулі болғандығы кесірінен қазақ ауылдарына, қазақ халқына көрсеткен қиянаттары, қатігездіктері сипатталады. Ақтар әскері қашқындар қатарында болып, әйел затын аңсағандықтан, көптеген қазақ қыздарының тағдырын аяқтарымен таптады, соның құрбандарының бірі – Ақбілек. Автор мұнда әйел психологизмін негіз етіп ала отырып, оқырманға көптеген жағдайлардың сипатын жеткізеді. Б. Майтановтың реализмге байланысты айтқандары осы романмен де байланысын табады, сонымен қатар ол Ж. Аймауытовты С.Сейфуллин сияқты шыншыл, реалист қаламгерлердің қатарына қосады.
Шығарма басында басты кейіпкерлердің портреттері нақты әрі ерекше, яғни монологті қолдану арқылы суреттеледі. Басты кейіпкерлер өздерінің өткен өмірлерін әңгімелеп, оқырманға өз бейнелерін жеткізеді. Мұнда бай мен кедей арасындағы қатынастардың салдарлары да көрініс табады. Халық арасында бай мен кедей болып бөліну кеңінен тараған шақта, байлар қауымы өкілдерінің көпшілігі өз қарамағында қызмет етіп жүрген тұрмысы төмен адамдарға аяушылықсыз, өздерін биік ұстап, езгілеріне алғандығы белгілі. Сол себептерден, Кеңес Одағының билігі күшейе түскенде, кедейлердің де күші көбейеді. Солардың бірі – Мұқаш, өзінің малшы болып жүрген кездерін есінде жақсы сақтап қалып, сонымен қатар Ақбілектің әкесі Мамырбайдың баласының арызы кесірінен болыс болып сайланбай қалғандығынан байларға деген өшпенділігі арта түсті. Мамырбайға қарсы көрсеткен әрекеті – өзінен көмек сұраған Ақбілекке қол ұшын бермей, өз қолымен ақтарға ұстатып жіберуі болды.
Ақбілек өз сұлулығымен ауылының арасында ғана емес, тіпті ақ әскердің жауыздарына белгілі болды. Оның бейнесін автор ай мен күнге теңеп, пәк, болашағы зор етіп суреттейді. Ақбілек өмірінің тыныштығы ұзаққа созылмайды. Олардың ауылдарына ақ әскерлері төңіп келіп, сонымен қатар оның сұлулығы туралы білгендіктен бірден Мамырбайдың үйіне қарай беттейді. Анасы жалғыз қызын сақтап қалғысы келсе де, өз қазағына қиянат жасаудан тайынбаған Мұқаш кесірінен, орыстар Ақбілекті қолға түсіріп алып кетеді. Осындай жағдайлар сол кездерде қазақ ауылдарында жиі орын алатын.
Ақбілекпен болған жағдай тек Мамырбайдың ғана емес, бүкіл ауылдың қайғысы болды. Ал Ақбілектің өзінің бастан кешірген қайғысының жүгі бұдан да ауыр болды. Ақ әскер адамдары оны өздерінің ортасына әкелген соң, барлығы оның сұлулығына қызығып, бас салғылары келгенде қара мұрт араға түсіп, оны басқалардан сақтап қалады. Әрине ол Ақбілекті бірден босата салмаса да, оның қызға деген қарым-қатынасы жылы болды. Әңгімеде аталған Ақбілек пен Тілмаш арасындағы диалог арқылы, автор осында қазақ пен орыс әйелдерінің қандай айырмашылықтары бар екенін атап өтеді. Мұнда қазақ әйелдерінің өздеріне қарамай, байларының айтқанын істеп, солар тарапынан соққыға шыдап жүретінін айтса, орыс әйелдерінің жағдайында аталған әрекеттер мүлдем орынсыз, олар жолдастарымен қолтықтасып театрге барып, әрқашан сәнденіп, әдемі болып жүретіндігі бейнеленеді. Осыны Ақбілектің өзі де қара мұрттының оған деген қамқорлығынан байқайды. Ол қазақ даласында өскендіктен, қара мұрттының қылықтары қазақ ерлерімен салыстырғанда мүлдем ерекше екенін аңғарады, көрсеткен қамқорлығына қарсылығын білдірмейді. Алайда, Ақбілектің көрген қорлығын ештене де ұмыттыра алмайды. Оның білетіні қазақ қызының тұрмыс құрмағанша ешкімге етегін ашпайтындығы, енді осындай қорлықтан кейін не болатынын ойлағанда, жауап таба алмай, ішіндегі қасіретінің ауырлығы еңсесін одан бетер баса түсетін. Кейін орыстардан қашып шыға алған соң, қасқырларға кезігеді. Осы жолы оны от ажалдан сақтап қалады, Ақбілектің сонда өмір сүруге деген үміті қайта жандана түседі. Бұл оқиғада автор адамның өлім аузында тұрған шақтағы жағдайын, іс-әрекеттерін егжей-тегжейлі сипаттап көрсетеді.
Келесі жағдайларда автор әйелдердің арасындаға қарым-қатынасты суреттейді. Ақбілек аман-сау қайтып келгенін естіп, оны көргілері келгендердің саны біраз еді. Көпшілігінің көкейін мазалағаны Ақбілектің орыстардан кейін қалай өзгергені болды. Солардың бірі Бозінген еді. Сонда оның өзі Ақбілектің сұлулығына тәнті болды. Осы жерде автор әйелдерге тән бірін-бірі сынау, көре алмау сияқты сезімдерді көрсетеді. Мұны Ақбілектің киген көйлегін Бозінген қызының көйлегімен ұқсастығын айтып салыстырғанда, Бозінген айтып отырғандарды ештене біліп, түсінбейтіндер етіп шығарып, Ақжанның көйлегі бес есе артық екендігін айтады. Осындан Бозінген Ақбілектің болмысына қаншалықты қызықса да, сұлулығын мойындаса да, өз қызынан артық қылып, жоғары қойғысы келмейді.
Ақбілектің болашақ жары деп атастырылған жігіті Бекболат – Ақбілектің тірі екендігін естіп, қайтып оралғанына қуанған аз адамдардың бірі болды. Ол ата-анасының, туған-туыстарының Ақбілекпен болған қорлықты біле тұра, оған маңдайына күйе жағылған Ақбілекті алуына қарсы болатынын түсінді. Бірақ, Бекболат Ақбілектің болмысын елестеткенде, оған деген сүйіспеншілігі барлық болған жайтты басып кететінін түсінді. Сондықтан, ол аман-сау оралған Ақбілекпен көрісу үшін қуана жөнеледі. Осында, Бекболат Ақбілекті есіне түсіріп, елестеткенде автор қыздың қаншалықты сұлу, дауысының сыңғырын тағы да әсемдеп жеткізеді.
Ақбілектің осы кезде басына түскен жайттардың ауыртпалығы қатты әсер етеді. Өзінің бастан кешірген қорлығымен қоса, аяулы анасын жоғалтқаны, сонымен қатар оны қарсы алған әкесінің суықтығы жанына батады. Мамырбай өз қызының аман оралуына қуанышын білдірмей, оның бар-жоқтығына көңіл аудармай, өз тіршілігін етіп жүре береді. Әкесінің тарапынан көрген бұл салқындық, анасын жоқтауы Ақбілекті психологиялық күйзеліске ұшыратады.
Ж. Аймауытовтың әйел психологизмінің тағы бір бөлігі ретінде көрсеткені – Ақбілектің жан дүниесін ұялаған жалғыздық сезімі, қара мұрттымен бірге болған кездерді еске алып, ер құшағын аңсауы болды. Өзінің Бекболатқа деген сезімдері адал болғанымен, өз ойларынан ұялса да, Ақбілек өзіне қарсы ештене істей алмады. Бұны да автор әйел болмысына тән әрекет ретінде суреттейді.
Осындай қиын кездерде, психологиялық тұрғыда ауыр қысым сезілгенде, адамның қасында жалғыз болсын, бірақ қолдаушысының болғаны өте маңызды деп ойлаймын. Романда Ақбілектің қолдаушысы, жалғыз сырласы ретінде жеңгесі Ұрқия бейнеленеді. Екеуінің арасындағы қарым-қатынас, әйел затының нәзік жандарын ұялаған сезімдерін өзара түсіну, Ұрқияның Ақбілекпен бірге қайғысын да, қуанышын да бөліскені әйел психологизмінің ерекше бөлшегі болып табылады. Осыны терең түсініп, оқырмағанға автордың жеткізе алғандығы – оның шеберлігінің тағы да бір дәлелі.
Психологизмге тән екі сипат, яғни қайғы мен қуаныш, бар екендігі жоғарыда айтылды. Осы «Ақбілек» романында орын алған екі сипатқа тән оқиғаларды автордың қалайша, қандай тәсілдермен жеткізгеніне тоқталып өтелік.
Шығарманың басында Ж. Аймауытов Ақбілектің жақындап келе жатқан жамандықты сезгенін сол көзінің тартқандығы арқылы білдіреді. Осында автор сыртқы факторларды қолданып, дәлірек айтқанда мимиканы қолданып, жақындап келе жатқан қайғының белгісі ретінде көрсетеді. Бұл романдағы басты қайғы – ақ әскерлердің Мамырбай ауылына төңіп, Ақбілекті өздерімен алып кетіп, абыройына дақ түсіруі. Ақбілек орыстардың қолына түскенде, өзінің басына түскен жағдайды ой кезегінен өткізіп, саралап отырғанда, анасының қазасын, өзінің атастырылған күйеу жігітін есіне алғанда, маңдайында екі сызық пайда болып, көзінен мөлдірлеп жасы аға бастайды. Осы уақыттағы жан күйзелісін автор баяндау арқылы және ішкі монологті пайдалана отырып жеткізеді. Кейін Ақбілек орыс тұтқынынан құтылып, өз елін аңсап келе жатқандағы ішіндегі ойларын, сезімдерін автор табиғатпен байланыстыра, яғни психологиялық параллелизмді қолданып суреттейді: «Бұлттар-ау, серпілмейсіңдер ме? Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы! Ызғырық-ау, ызылдағанша, жапанда жалғыз қалған баланың әкесіне хабар берсеңдерші!» (Аймауытов Ж., 2003 жыл, 106-бет). Бұл жерде автор күз мезгілін таңдаған, жапырақтардың сарғыш болып, жерге үзіліп түскені сипатталады. Ақбілек өз жолында өз қайғысын табиғатпен бөліседі. Ол алдынан жылан мен торғайды кезіктіреді. Ақбілек торғайды өміріне қауіп төндіріп тұрған жыланнан құтқарып қалады. Сол кезде Ақбілек өзін де әлсіз торғаймен теңеп, өзінің де жау қолына еріксіз түскенін айтып, оны да құтқарар біреу табылар деп өзін-өзі жұбатады. Осы оқиғадан Ақбілектің өмірден әлі үміт үзбегендігін және болашағының жарқын болатынына сенімі бар екенін байқауға болады. Автор осылайша адам мен табиғаттың бір-бірімен өзара байланысын көрсетті.
Ж. Аймауытов романда ұлттық психологизмнің де көрінісін суреттеген. Ақбілек үйіне қайтып оралғанда, анасын жоқтап, жеңгелері үйреткен жоқтау үзінділерін айтып, сұңқылдап қоятын болды. Мұның барлығы адам өмірден өткендегі халқымыздың орындайтын салты, ұлттық сарынның бейнесі болып табылады.
Кейін әкесінің өзіне деген қарым-қатынасының өзгергенін аңғарған Ақбілек одан да бетер қайғыға батады. Сол кездегі сырласы, жанашыры Ұрқиямен өзінің қайғысымен бөліседі. Ақбілек басынан өткізген қиыншылықтарына қарамастан, әлі жас, әкесінің қолдауына, жылулығына зәру болды. Ол әкесінің неліктен оның жағдайын түсіне алмайтындығына қайран қалып, өз-өзіне жауапсыз қалған көп сұрақтар қойды. Оларды жеңгесінен де сұрады. Ұрқия өзі де әкесінің баласына деген суық лебізін сезсе де, Ақбілекті барынша қолдауға, жұбатуға тырысты. Осындағы Ақбілектің қайғысын автор қыз бен жеңгесінің арасындағы диалогті қолдана отырып, оқырманға жеткізеді.
Ақбілек жастайынан тап болған қасіретке толы өмір сынақтарына қарамастан, олардың барлығынан қайратпен өте алды. Бірнеше рет өлімге жақын болса да, соңына дейін берілмей, үмітін үзбей, қазақ қыздарына тән қайсарлықты көрсете білді. Әкесінің, ауыл тұрғындарының көзқарасына, қарым-қатынасына қарамастан, өмірін әрі қарай жалғастыра білді, болашағына үміттенді, сенді. Кейін оқу оқып, көзі ашылып, өзінің теңіне, оны бар жанымен сүйген Балташқа тұрмысқа шықты. Соңында Ұрқияның асырап алған бала жайлы айтқан сырын естіп, Ақбілек бақытқа бөленеді.
Ж. Аймауытов «Ақбілек» романында басты кейіпкердің басынан кешірген қорлығын, бар қайғысын әртүрлі тәсілдерді, құралдарды шебер қолдана отырып, оқырман кейіпкер оқиғасын өз жанымен сезетіндей етіп жеткізді.
Қазақ прозасы, тіпті қазақ әдебиетіне тән кез келген жанрдағы шығарма, жиі адамдардың төңірегінде болатын оқиғаларға негіз болып құралады. Ал адам өмірі оның мінезімен, іс-қимылдарымен, қоршаған ортасы мен айналасындағы басқа адамдармен қарым-қатынасымен тығыз байланысты. Оларды шығармаға қоспаса, оқырманға терең ойды қызықтыра, ұштастыра жеткізу қиынға соғады. Адам өмірін құраушы жиынтықты зерттейтің ғылым салаларының бірі – психологизм. Психологизм ғылым ретінде толықтай зерттелмесе де, бізге белгілі аспектілері мен оларды шығармада жеткізу тәсілдері таныстырылып өтті, мысалы психологиялық параллелизм, монолог, диалог, сыртқы факторлар, т.б. Қорытындылай келе, қазақ прозасы мен психологизмнің өзара байланысты екенін және бір-бірінен ажырамас бөлшектер деп айтуға болады.

Қолданылған әдебиеттер:



  1. Аймауытов Ж. (2003). Ақбілек. Алматы: Атамұра.

  2. Байтұрсынов А. (1989). Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. Алматы: Жазушы.

  3. Ержанова Г. (1994). Қазақ прозасындағы психологизм. Алматы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.

  4. Майтанов Б. (1996). Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: Санат.

  5. Пірәлиева Г. (2004). Көркем шығармадағы психологизм. Алматы: Алаш.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет