«Қазақ солдаты» романының композиция мен сюжет шеберлігі



Дата06.01.2022
өлшемі36 Kb.
#11697
Байланысты:
«Қазақ солдаты» романының композиция мен сюжет шеберлігі


«Қазақ солдаты» романының композиция мен сюжет шеберлігі
Романның күллі құрылысы – сюжеті мен композициясы жетекші кейіпкер – қарапайым қазақ баласының замана қаһарманына айналу жолындағы жан дүниесінің өзгерісін бел – белесімен қадағалай суреттеп, тұтас бір ұрпақтың тағдыр – талайын, рухани қасиетін бейнелеп беруге бейімделген. Уақыт пен адам бейнесі оқиға-новелла арқылы «Қазақ солдатының» өн бойында қатар өріледі. Бұл – негізгі көркемдік тәсіл.

Қайрош өмірінің он үш жылын – балалық балауса шағын қамтитын романның бірінші бөлімі, шекараны суреттейтін екінші бөлімінің алғашқы тараулары негізгі оқиға-соғыс алдындағы жағдайды баяндайтын кең түрдегі экспозиция да, ал небары үш жылды қамтитын екінші, үшінші бөлімдегі қатерлі шайқас, қаһарманның ерлігі мен сезімі, етігімен су кешкен жалынды жауынгерлер қимылы – екінші дүниежүзілік соғыстың жанды панорамасы.

Әдебиеттану ғылымы роман композициясының үш негізгі түрін белгілейді: сюжеттік жүйе алма-кезек ауысып, қатар тартылған параллельді, жарыспалы композиция; айналмалы композиция және біртіндеп өрбіп, сатылап көтеріліп, тура дамитын композиция. Бұлар өзара араласып, қосылып, композицияның басқа да түрлерін жасауы ықтимал. Бұл – өнерде кездесе беретін құбылыс.

«Қазақ солдаты» – сатылы композициялық роман. Оның құрылысы, мысалы, «Оянған өлке» күмбезіндей кіріс-шығыс, қалтарыс қабаты мол, күрделі емес. Кең тынысты «Оянған өлке» романында әлденеше сюжеттік желі тартылып; оқушы бірде бай, бірде кедей үйіне барып, бірде қала, бірде далаға шапқылап, бірде саудагер, бірде чиновникпен араласа жүріп, кейіпкердің мән-жайына әбден қанық болады. Бұл көрініс «Оянған өлкенің» құрылыс – композициясын айқындайды.

Сөйтіп, «Оянған өлкеде» сен әлденеше кейіпкер, әлденеше қоғамдық топтың арасында қабаттасып жүрсең, «Қазақ солдатында» Қайрош қасынан қалмайсың. Қайрақтыдан қашқан қара табан баламен бірге алқына дем алып, ащы теріңді шинеліңнің жеңімен сүртіп, кейде рақаттана күліп, ал тағы бір сәтте жанарында кектің шоғы ойнап, өмір сатысымен көтеріле бересің, көп нәрсені көресің, көп ой түйесің, ақырында жаңа биіктен өткен тіршілік жолына көз жібересің. Жылдар бойы замандасымен қол ұстасып, ауыр сапар шеккен азаматты көресің.

«Қазақ солдатының» құрылысы да өзгеше. Орталық қаһарман шығарманың бел ортасында тұратын Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романының композициясы туралы профессор Л. Тимофеев: «Бұл роман 250 эпизодтан құралған және ол бір кадрдан соң екінші келіп отыратын киносценарий тәрізді», – деп көрсетеді. Киноның кейбір тәсілін көркем прозаға енгізу жиі кездесетін құбылыс болып барады. Н. Степановтың айтуынша, Ю. Тыняновтың роман, повестерінде киномонтаж принципі қолданылған: ондағы сюжет оқиғалардың сыртқы желісі бойынша тізбектелмей, «ірі пландағы» жеке көрінісі оқиғаны лирикалық шегініспен алма-кезек ауыстырып отыру; майда көріністі «ойнату» арқылы өрбіген. Осы принципті С. Ерубаев та қолданған. «Менің құрдастарымның» көлемі көп повестен кіші, не бары 170-ақ бет. Бірақ ол қазақ халқының жиырма жылдық тарихын қамтиды.

Романда 125 кейіпкер, 150-ге тарта эпизод бар.

Ғабит Мүсірепов пен Саттар Ерубаев романдарының архитектоникалық ұқсастық-жақындығы: аз өрнекпен уақыт тынысын шебер суреттеу, көлеңкедегі кейіпкердің рөлі, новелла көріністің мән-мәнісі, жағымды кейіпкердің сезім-толғанысын тебірене бейнелеу. «Қазақ солдатының» құрылысы шебер өрілген: көрініс-новелла арасындағы жік ыдырамай, сезілмей қиысып, оқиға табиғи дамып, жүйелі сюжет құрған.

«Қазақ солдатында» оқырманға бетпе-бет келмей-ақ немесе еңбек етіп, ерлік жасап, елді дүрілдетіп жатпай-ақ, жетекші кейіпкерге айналған есімдер мен атыс-шабыссыз сюжеттік соқпаққа айналған бірнеше желі бар. Мысалы, оқырман қауым Қайроштың анасы Қаракемпірмен екі-үш рет-ақ кездеседі, бірақ ол романның тербеліс қылында, бас қаһарман санасында ерекше орын алатын мәнді образ. Елін, Қазақстанның келешегін ойлап толғанғанда мейірлі ана бейнесі қатар еске түсіп, шығарманың мәнді ой-образына айналады.

Жас жүректің арманы – Ақбота да солай; оқырман екі-үш мәртебе асығыста көріп қалған Ақбота – толғамды тұлға. Ол – Қайроштың алғашқы махаббаты, көңіл күйі. Қайрақтыдан зытып бара ма, әлде балалар үйінде Шеген, Борашпен құшақтасып жата ма, болмаса шалғай шекарада сақшы болып жүре ме, соғыс өртінің ішінде ме, қас қағым тыныштықта ма, – қайда жүрмесін Ақботасы, Қайроштың көз алдында, небір ыстық елес, ыстық ықыласты құштарлық сезім туғызады.

Сөйтіп, Қайрақтыдан қашқан жалаң аяқ бала нардың жүгін көтерген көркем образ биігіне көтеріліп, төнірегіне Отанымыздың бұрыш бұрышынан келген ондаған жандар топталып, ұлы майданда өрт кешіп, өлмес ерлік жасайды. Сөйтіп тарих жүгін елімен бірге көтерген Қайрош тағдыры – көптің тағдыры, ұрпақ тағдырына айналған. Бұл – романның негізгі ой арнасы. Көрініс-новелла, оқиға-суреттің баршасын осы тұрғыдан сараласақ қана роман маңызы толық ашылады.

Мыңдаған адам тар көпірден өте алмай, бомба астында қалып жатқан сәттегі құбақан өгіз жеккен кемпірдің ұстамдылығын, шыдамдылығын еске түсіріңіз. Бұл бір жай эпизод. Барлаушы Смағұловпен дәл мұндай оқиға болды ма, болмады ма – мәселе онда емес. Мәселе – көріністегі кемпір бейнесі халықтың кең пейілін елестетуінде.



Сөйтіп, романның ішкі бітімі, образ жүйесі, қисын логикасы бар кейіпкердің өмір бел-белесін белгілеумен бітпейді, сонымен бірге Қайрош замандасының қаһармандық тұлғасын жасауда туған көркемдік қасиет бар.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет