Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет32/40
Дата14.09.2023
өлшемі350,49 Kb.
#107628
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   40
Байланысты:
аза тіл білімі тарихы алматы, 2016

ӘБДУӘЛИ ҚАЙДАР
 
Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы – қазақ және ұйғыр тілдерін зерттеген түркітану ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі. Ә. Қайдар ғылымға ХХ ғасырдың 50-жылдарының аяғына таман келген. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майданда болып, одан оралғаннан кейінгі жылдарын тіл ғылымын зерттеуге арнаған. Алғашқы ғылыми зерттеулерін ұйғыр тілінің қос сөздерін талдаудан бастаған ғалым кейін ұйғыр тілінің грамматикасын жазуға қатысқан, қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуын жүйелі түрде зерделеген. Ғалым атақты түркітанушы академик К.К.Юдахиннің шәкірті екенін мақтанышпен еске алады: “Шәкірсіз ұстаз тұл дегендей, ұстаз ұлағатынсыз болашағын қалыптастырған адамдар жоқ. Олай болса, өмірде өнеге тұтқан ұстаздарым көп. …Белгілі түрколог, академик Костантин Кузмич Юдахиннің есімін ерекше атаймын. Ол кісі кандидаттық диссертацияма жетекшілік етті. Докторлық жұмысыма да ақыл-кеңесін аямады. Өзі қырғыз тілінің асқан білгір маманы еді” (1. 142).
Қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде еркін жазатын академик-ғалымның “Структура односложных корней и основ в казахском языке”, М. Оразовпен бірігіп жазған “Түркітануға кіріспе”, “Қазақ тілінің өзекті мәселелері”, “Қаңлы: тарихи шежіре”, “Халық даналығы” атты зерттеу еңбектерінің түркітану ғылымы үшін мәні мен маңызы бар. Ғалым тіл білімінің бірнеше салалары бойынша қалам тартқан. Соның негізгісі – тіл тарихына қатысты зерттеулері дер едік. Өйткені түркі тілдерінің тарихын зерделеп, ілкі түбірлердің табиғатын айқындауға арналған еңбектері ұйғыртанушы авторды түркітанушы ретінде танытты. Ә.Қайдардың тіл тарихына келуінің өзіндік жолы бар. Кандидаттық диссертациясының өзінде қос сөздер құрамында кездесетін мағынасы күңгірт тұлғалардың этимологиясын ашуға ұмтылған болатын. Бұл сөзімізге дәлел 1959 жылы “Қазақ тілі мен әдебиеті” жинағында жарық көрген “Кейбір қос сөздердің этимологиясы” деп аталатын мақаласы. Ғалымның осы жолдағы ізденістері кейін “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” жасауға әкелді.
ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап, “гүлденген социализмнің” көрінісін таныту үшін, жергілікті тілдердің грамматикасын жазып, тарихи дамуын анықтауға көңіл бөліне бастағаны аян. Осы қозғалыс тұсында Мәскеуде түркологиялық орталық құрылып, түркітанушы ғалымдар шоғырланды да, нәтижесінде көптеген түркі тілдерінің грамматикалары жазылып, тарихи зерттеулер көріне бастады. Негізгі түркітанушы зерттеушілер орыс тілді ғалымдар еді де, олардың түркі тілдерін меңгеруі шамалы болды. Дей тұрғанмен, түркітанудың теориялық тұрғыдан қалыптасуы мен өркендеуінде, грамматикалық құрылымының жүйеленуінде бұл орталықтың маңызы мен мәні ерекше болғанын айту парыз. Осы тұста түркітануға келген түркі тілін ана тілі деп есептейтін бір топ ғалымдар тілдің грамматикалық құрылымы мен лексикологиясын, тарихын зерттеуде біршама ғылыми тұрғыдан қалыптасып үлгерген, құрылымдық грамматиканың дәстүрлі сипаты жасалған, түркі тіл білімінің жүйеленген, белгілі қалыпқа түскен, әртүрлі ғылыми бағыт ала бастаған білім деңгейіне келді. Мұның өзі жас буын ғалымдардың теориялық жағынан өсуіне, түркі тілдерінің деректерін сезіне отырып, ана тілі ретіндегі оның тарихи-табиғи сипатын танытуға жаңа ғылыми негіз жасауына мүмкіндік ашып берді. Ә.Т.Қайдардың қаламынан туындаған тіл тарихына қатысты зерттеулері осындай кезде туған еді де, түркі тілдеріндегі бір буынды түбірлердің тарихи сипатын анықтауда үлкен маңызға ие болды. Классикалық түркі тіл білімінде сөздердің әуелгі тұлғасы қандай болғанына алғаш рет көңіл бөлген ғалым В.В. Радлов еді. Кейін бұл мәселеге байланысты К.Гренбек, В.Банг, П.М.Мелиоранский, Н.А.Баскаков, И.А.Батманов, Г.Рамстедт, Б.М.Юнусалиев, А.Н.Кононов, Э.Р.Тенишев, Э.В.Севортян, А.М.Щербак сияқты түркітанудағы корифей ғалымдар пікір айтып, өзіндік ой-тұжырымдарын айтқанын білеміз. Бұл ғалымдардың көпшілігінен Ә.Т.Қайдардың бір ерекшелігі мен артықшылығы бар деп білеміз. Біздің пайымдауымызша, ол — ғалымның ұйғыр тілі мен қазақ тілін еркін меңгеруі; түркі тілдеріндегі тілдік материалдарды, сөз мағынасы мен мәнін сөздікке қарап түсінбей, оны терең түйсінуі, жүрекпен сезінуі.
Түркі тіліндегі бір буынды сөздердің ғажайып бір феномендік қасиеті – өзге тілдермен салыстырғанда, олардың мағыналық және тұлғалық өзгерістерге өте аз ұшырауы дер едік. Көне түркі тіліндегі бір буынды сөздердің мағыналық құрылымы мен қазіргі түркі тілдеріндегі бір буынды сөздердің мағыналық құрылымы мен таңбалануы арасында, кейбір мағыналық тарылу мен кеңеюді ескермесек, айтарлықтай өзгеріс жоқ деуге болар еді. Бұл қасиет оның ежелгі таңбалық табиғатын тануда, ілкі түбірдің көрінісін ретроспективтік зерттеулер арқылы айқындауда мол мүмкіндіктер береді, әрі дұрыс нәтижелерге бастайды.
Ә.Т. Қайдар “Структура односложных корней и основ в казахском языке” атты зерттеуінде бір буынды түбірлердің тілдік табиғатын айқындап, түбірге ғылыми анықтама берді. Бұл анықтама қазіргі таңда тек қазақ тіл білімін үшін емес, жалпы түркі тілдерін үшін толық әрі нақты ғылыми анықтама ретінде бағаланған. Автор осы еңбегінде етістік-есім мағыналы синкретикалық түбірлерді екі топқа: әуелгі (первичные) және кейінгі (вторичные) деп бөліп қарайды да, өзге зерттеушілердің көзіне түсе қоймаған 100-ден астам әуелгі синкретикалық омоним түбірлерді таниды, табады, ғылымға жаңалық ретінде енгізеді (1). Алғашқы түбірлердің таңбалық сипаты туралы ғалым өзіндік жаңа ойлар айтып, түркітануда жаңа ізденістерге жол ашты. Ә.Т. Қайдаров монографиясында бір буынды түбірлердің мынадай үлгілері айқындалып, ондай сөздердің қанша және қандай екені нақты тілдік деректер арқылы негізделіп көрсетіледі: Г, СГ, ГС, ГСС, СГС, СГСС. Ғалымның ғылыми еңбегінің құндылығын мынадай сандық мөлшерді көрсету арқылы да анықтап беруге болар еді.
Түркітанушы белгілі ғалым Н.А. Баскаков бір буынды түбірлердің 670-ін анықтаған; А.М. Щербак – 532 бір буынды түбірлердің болатынын көрсеткен, Ә.Т.Қайдар — 1352 ілкі түбірдің таңбалық және мағыналық құрылымын айқындап, олардың тізбесін берген. Осы түбірлерден тарайтын, жасалатын, туындайтын атаулар бүгінгі түркі тілдерінің негізгі сөздік қорын, сөздік құрамын құрайды. Демек, академик Ә.Т. Қайдар анықтаған бір буынды түбірлердің табиғаты бүкіл түркі тілдеріндегі атаулардың таңбалық және мағыналық жүйесінің негізгі қайнар көзін танытады. Сөздердің бұдан кейінгі даму жолдары мен олардың дыбыстық, мағыналық, ұғымдық өзгерістерін зерделеу бүгінгі түркітанудың алдында тұрған өзекті мәселе. Түркі тілдеріндегі сөздік құрамның негізі саналатын бір буынды түбірлердің бар болмысын талдаған ғалым үшін енді атаулардың этимологиялық табиғатын таныту, халық дүниетанымының көрінісін бейнелейтін этнолингвистикалық жүйені бағамдау қажет болды. Бұл тұрғыдағы зерттеулері автордың “Қазақ тілінің өзекті мәселелері” деп аталатын еңбегінде шоғырланған. Ғалымның 1990 жылы жарияланған “Тюркская этимология: проблемы и задачи” атты көлемді мақаласы кезінде әлемдік түркологтардың назарын аударғаны белгілі. Бұл мақаланың негізгі мәні, біздің ойымызша, түркітанудағы этимологиялық зерттеулердің әдіс-тәсілін анықтап, критериилерін көрсетуі еді. Ғалымның пайымдауынша, этимологиялық зерттеулер нағыз ғылыми нақтылыққа жету үшін мынадай талапты қоя білуі қажет:

  • фонетикалық;

  • морфологиялық;

  • семантикалық.

Автор ойын мынадай тұжырымдар арқылы нақтылайды: “Язык прежде всего связан с духовной и материальной культурой данного этнического коллектива, и поэтому постоянное внимание этимолога к этнокультурной перспективе иссследования, аппеляция к этнографическому фону и материальной основе языка и т.д. имеют важное значение для этимолога. Дело в том, что историческое модели словообразования и мотивы номинации национальных реалий так или иначе отражают в себе миропанимание этого народа, его многовековой опыт в оценке объективных явлений, его мировоззрение, мифологические, религиозные, идеологические, этические и эстетические и другие представления об окружающей действительности” (3.260-261).
Ә.Т. Қайдардың бұл тұжырымы қазіргі қазақ ғалымдары үшін жаңа зерттеулердің негізгі бағытындай. Этимологиялық зерттеулер жүргізуде ғана емес, жалты тіл табиғатын тануда ондағы халықтық дүниетанымды негіз етіп алу қажеттігін көрсетеді. Аталған мақаласында академик-ғалым қазақ этимологтарының алдында тұрған негізгі мәселелерді көрсетіп, ғылымның алдағы даму бағыттарын айқындаған болатын. Бір өкініштісі, қазіргі жас ғалымдар арасында ағалар ізін басып келе жатқан этимолог-ғалымдардың қарасы аз. Ғалымның ерекше мән беріп, көп еңбек еткен, әрі негізін қалаған саласы – қазақ этнолингвистикасы екенін айту қажет.
Зерттеушінің «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздігі «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш кітаптан тұрады. Әр сөздің мағынасы мен уәжділігі талданатын бұл сөздікте тіл қазынаның біраз қырлары ашылады.
Ә.Т. Қайдар – қазақ тіліндегі этнолингвистика саласының негізін қалаушы. Бұл жай айтыла салған долбар емес, ғылыми шындық. Ғалым алғаш рет қазақ этнолинвистикасының ғылыми пән ретіндегі мәнін көрсетіп, оның зерттеу нысанын, мақсаты мен міндеттерін, этнолингвистиканың өзге пәндермен байланысын ашып, этнос болмысы мен тіл арасындағы байланысты айқындады. “Тіл әлемі дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі” деп жазды. Ғалымның мынадай ойлары өзінің терең ғылымилығымен, ішкі мәндік шымырлығымен, сыртқы сұлулығымен таңдай қақтырары анық: «“Тіл тамыршысы” бола білу деген сөз – тіл байлығын өз білгенімен ғана өлшеп шектемеу. Өйткені ана тілімді бір қазақтай-ақ білемін! дейтіндердің де білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз». Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы – тіл әлемі арқылы ғана жан-жақты танып білуге болады. Этнос жоқ жерде тіл болмайды, тілсіз этнос болмайды. Қоғамдағы барша жанның қауымдаса өмір сүруіне қажетті қатынас құралы – тіл десек, сөз соның ең негізгі элементі. Тіл әлемі дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі.
Әдебиет:

  1. Кайдаров А.Т Парные слова в современном уйгурском языке. – Алма-Ата: Изд-во АН ҚазКСР, 1958. – 168 с.

  2. Кайдаров А.Т Уйгурско-русский словарь. Алма-Ата, 1961.

  3. Кайдаров А.Т Современный казахский язык. Фонетика и морфология. – Алма-Ата: Изд-во АН ҚазКСР, 1962. 452 с. (в совавт. С Р.Амировым, М.Б. Балакаевым и др.).

  4. Тағылым. –Алматы, 2004.

  5. Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. –Алматы, 1986.

  6. Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы, 1998.

  7. Қазақтар ана тілі әлемінде. Этнолингвистикалық сөздік. 3 том, -Алматы, 2009.

  8. Қайдар, Ә. Латын әліпбиі әлемдік білім мен ғылымның алтын кілті [Текст] : академик Әбдуәли Қайдармен сұхбат / әңгімелескен О.Дөңқабақ // Дала мен қала. — 2007. — 16 наурыз (№11). — С. 12-13

  9. Қайдар, Ә. Қаңлы [Текст] // Парасат. — 2005. — №1. — С. 7-10.

  10. Қайдар, Ә. Ел мәдениеті тілден басталады [Текст] / Ә. Қайдар // Егемен Қазақстан. — 2006. — 13 қаңтар. — С. 5

  11. Қайдар, Ә. Жаңа қазақ әліпбиі: /Латын графикасының қай қарпін таңдаймыз? Бұл ойланып шешетін ортақ іс/ [Текст] / Ә Қайдар // Егемен Қазақстан. — 2000. — 26 шілде.

Тапсырма:
Ә. Қайдар — ұйғыртанушы ғалым.
Ә. Қайдардың этнолингвистикаға қатысты ғылыми ойлары.
Ә. Қайдардың тіл тарихына қатысты өзіндік ғылыми пікірлері.
Ә, Қайдар – бір буынды түбірлер туралы.
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет