Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет18/40
Дата14.09.2023
өлшемі350,49 Kb.
#107628
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   40
Байланысты:
аза тіл білімі тарихы алматы, 2016

КӘКЕН АХАНОВ
 
Қазақ тіл білімінің жаңа теориялық сатыға көтеріліп, әлемдік тіл біліміндегі қалыптасқан жаңа бағыттармен қатар дамуына игі әсер еткен ғалым — Кәкен Аханов.
Грамматиканың басты теориялық қағидаларының тереңдетіп, маңызды ғылыми тұжырымдар жасау арқылы қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық деңгейін көтерген ғалым ретінде бағалауға толық негіз бар.
Профессор К. Аханов көпмағыналылықтың шығуы мен дамуын қоғам дамуымен байланыстыра қарастыра келіп, мынадай тиянақты ой айтады: “Жаңадан танылған заттар мен құбылыстардың тілде сөзбен аталу қажеттілігі әр уақытта жаңа сөз туғыза бермейді. Олар, көбінесе, тілдің негізгі сөздік қорында бұрыннан бар сөздермен аталады да, ол сөздердің бұрынғы қалыптасқан негізгі мағынасының үстіне қосымша мағына үстеледі.” Автор сөздің көпмағыналылыққа икемділігі олардың жалпылық мән иеленуімен байланысты деген ойды айта келіп, мұның өзі тілдік дамудың басты көрсеткіші екеніне ерекше назар аударады (Тіл білімінің негіздері, 1993, 97-98 бет). Жалпы тіл білімінде жазылған кейінгі ғылыми зерттеулерде көпмағыналылық тілдегі ассиметриялық құбылыс ретінде де танылады, яғни таңба мен мағына арасындағы теңсіздікті көрсетеді деп пайымдалады.
Қазақ тіл білімінде дыбысталуы бірдей, мағыналары әр бөлек сөздер туралы айтылған ғылыми пікірлер мол болғанымен, ол туралы терең ғылыми зерттеу жүргізген ғалым – К. Аханов. Ғалымның 1958 жылы жазылған “Қазақ тіліндегі омонимдер” атты еңбегінде омонимдердің тілдік табиғаты, жасалу жолы мен ерекшелігі егжей-тегжейлі талданған. Сөзжасамдық омонимді жалпы омоним сөздерден бөліп қарастырған жөн. Лексика-семантикалық омонимдер бір бүтін қалпында қарастырылады. Сөзжасамдық омонимдер тек сөзжасам процесінде, яғни аффикстің жалғануымен, болмаса субстантивтеніп, семантикалық өзгеріске түсу барысында пайда болады. Тұлға жағынан бірдей, бірақ мағыналары бір-біріне мүлде келмейтін, өзара мағыналық байланысы жоқ сөздер сөзжасамдық омонимдер бола алады. Омоним сөздердің қалыптасуында көп мағыналы сөздердің рөлі үлкен екенін зерттеушілер аз атап өтпегені белгілі. К. Аханов «Тілдің даму барысында көп мағыналы сөздердің мағыналарының арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, олардың нәтижесінде басқа екі сөз – омонимдес сөздер жасалуы мүмкін», — деп жазады [1972. 114].
Фразеологиялық бірліктердің теориялық тұрғыдан жүйеленуіне негіз болған зерттеудің бірі К. Ахановтың “Тіл білімінің негіздері” атты еңбегі. Мұнда фразеологиялық бірліктердің негізгі белгілері ретінде – даяр қалпында жұмсалуы, мағына тұтастығы, тұрақтылығы аталып, “фразеологиялық оралым түрлерін” орыс ғалымы Н.М. Шанскийдің ізімен фразеологиялық тұтастық (жүрек жұтқан, қол қусыру, ит өлген жерде т.б.), фразеологиялық бірлік (ауыз жаласу, түймедейді түйедей ету, мақтамен бауыздау), фразеологиялық тізбек (асқар, тау, атамекен, шалқар көл, ата жау, аталы сөз, қыпша бел), фразеологиялық сөйлемше (Айдағаның екі ешкі, ысқырығың жер жарады. Көрпеңе қарап көсіл. Жоғарғы оқу орны, социалистік жарыс т.б.) деп бөліп, ғылыми талдау жасайды (1993, 170-178 бет).
Фразеологиялық бірліктердің ішкі терең мағыналық құрылымында, К.Аханов атап көрсеткендей, даяр қалпында жұмсалу, мағына тұтастығы, тұрақтылық қасиеті болатыны анық. Ал бұл қасиеттер тек атауға тән қасиет. Олай болса, фразеологиялық бірліктер – ерекше номинативтік белгісі бар, жеке мағына беретін атаулар. Атау сөз болғандықтан, олар лебізде даяр қалпында жұмсалып, тұтас бір ғана мағына беріп, бір ғана сөйлем мүшесі болып, бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөз тіркесінің ғана сыңары болып, сөйлем ішінде түрленгенде, жеке сыңарлары арқылы емес, бір сөз ретінде тек соңғы мүшесі арқылы ғана түрленіп, тіркесімділік қабілетін таныта алады. Бұл тұрғыдан фразеологиялық бірліктер күрделі сөздің грамматикалық, номинативтік сипатымен ұқсас, тіпті бірдей деуге келеді. Бұлардың бір-бірінен ара жігін ажыратудың тамаша ғылыми жолын, жүйесін К. Аханов өзінің “Грамматика теориясының негіздері” атты зерттеу еңбегінде дәлелдеп көрсеткен. Олар: 1) күрделі сөздер тек номинативтік қызмет атқарады, ал фразеологизмдерде “образдылық қасиет пен экспрессивті қызмет бар”; 2) “фразеологиялық сөз тіркестері функционалдық жақтан жеке сөздерге эквивалент болады, осыған орай олар сөздермен ауыстырыла алады”, ал күрделі сөздердің барабар мағына беретін мұндай сыңарлары жоқ; 3) “фразеологиялық оралымдардың сыңарлары сөз түрлендіруші формаларға ие болып, ажыратыла тұлғаланса (шашбауымды көтерді, шашбауыңды көтерді, шашбауын көтерді), күрделі сөздердің сыңарларының әрқайсысы әр басқа формаларға емес, бүтін күйінде сөз түрлендіруші формамен тұтаса тұлғаланады” (1996, 73– 77)
К. Аханов “Грамматика теориясының негіздері” атты зерттеу еңбегінде күрделі сөз бен сөз тіркесінің бір-бірінен ара жігін ажырату, олардың әрқайсысының шегін айқындау тіл білімінің ең күрделі проблемаларының бірі екенін ашық жазады. Ғалым күрделі сөз бен еркін сөз тіркесінің ара жігін ажырату мәселесі лексикология мен грамматиканың қарастыратын принципті мәселесі деп бағалайды (1996, 51).
К. Аханов көрсетілген зерттеуінде жалпы тіл біліміндегі қалыптасқан негізгі теорияларға сүйене отырып, күрделі сөздердің басты белгілерін “семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық” деп көрсетеді. Сөйтіп, ғалым күрделі сөздің негізгі айырмашылығы мен ерекшелігін морфологиялық және синтаксистік тұтастықтан іздейді. Бұл дәстүрлі құрылымдық тіл білімінің негізгі ғылыми жетістіктерінің бірі еді.
“Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан (бүтін) күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің морфологиялық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді”- деп жазуында үлкен мән бар деп білеміз (Сонда, 60-бет). Сөздің парадигматикалық қатарға мүше болып, бір бүтін күйінде жұмсала алуы дегеніміз, түптеп келгенде, жаңа ұғымды айқындайтын жаңа атаудың яғни туынды сөздің пайда болғанын анықтайтын негізгі фактор. Сондықтан да мұндағы ғалымның көрсетіп отырған сипатын сөзжасамдық аспектіден де терең түсініп, бағалау орынды болмақ.
К.Аханов сөз тіркесі мен атау сөзді бір-бірінен ажыратуда ең маңызды фактор ретінде “сөздің құрылымдық тұтастығын” көрсетеді. Автор тіл біліміндегі морфологиялық тұтастық туралы ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Сөйтіп күрделі сөздің құрылымдық тұтастық белгісінің мәнісін былайша түсіндіреді: “Күрделі сөздің, әсіресе идиомалық мағынасы бар күрделі сөздің сыңарлары орын алмаспайды, қалыптасқан күйінде басқаша түрде тіркесе немесе біріге я қосарлана алмайды. Егер күрделі сөздің сыңарлары орнын алмастырып, қалыптасқан күйінен басқаша тіркесе алса, онда ол өзіне тән мағынасынан да айрылады, күрделі сөз болудан қалады” (Сонда, 62-бет). Яғни автордың пайымдауынша, құрылымдық тұтастығы мен құрастырушы сыңарларының орнының бекемдігі жағынан күрделі сөздер тұрақты тіркестермен ұқсас келеді. Кейінгі зерттеулерде тұрақты тіркестің өзі де атау ретінде соның ішінде туынды сөз ретінде қарастырылып жүргені белгілі.
К.Аханов зерттеуінде “Күрделі сөз бен синтаксистік (еркін) сөз тіркесі және олардың бір-бірімен жігін ажырату мәселелері” атты арнайы тарауша бар. Мұнда осы мәселеге қатысты негізгі теориялық тұжырымдар айтылады. Біз өз зерттеуімізде осы ғылыми тұжырымдарға сүйенеміз. Күрделі сөздерді синтаксистік еркін сөз тіркестерінен ажыратудың қиындығы барлық күрделі сөздерге тән емес, тек күрделі құрамды сөздерге ғана тән екенін автор ашық айтады. Автор “боз торғай, қара торғай, ащы шек, тоқ шек” деген сияқты сөздерді мысалға келтіре отырып, мұндағы боз, қара, ащы, тоқ сөздері соңғы сыңарлардың анықтауышы емес, олардың сынын да, сапасын да білдірмейді, тұтас атау ретінде жұмсалады деп нақты тілдік дәлелдер арқылы айқындап көрсетеді.
Әдебиет:
Аханов К. Қазақ тілі лексикасының мәселелері, А., 1955;
Аханов К. Омонимы в казахском языке. Алматы. 1956
Аханов К. Грамматика теориясының негіздері, А., 1972;
Аханов К. Тіл біліміне кіріспе, А., 1965;
Аханов К. Қазақ тілі грамматикасы, І бөлім. Фонетика мен морфология, 5-6 класс, А., 1961, 1974;
Аханов К. Тіл білімінің негіздері, А., 1973.
Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. –Алматы, 1996.
ЫБЫРАЙЫМ МАМАНОВ
 
Қазақ тіл білімі мен әдістемесіне өзіндік үлес қосқан әдіскер ғалымның бірі. Маманов Ыбырайым 1907 жылы 10 мамырда Талдықорған облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Ыбырайым — “Айман-Шолпан” жырында айтылатын атақты Маман байдың ұрпағы.
Ы. Маманов 1927 жылы Алматы қаласындағы оқу-ағарту институтын бітірген соң, 1927-1928 жылдары Талдықорған облысындағы Сарқанд ауданы, Коммуна мектебінің директоры болып қызмет етеді. 1929-1932 жылдары Орал қаласында орта мектеп мұғалімі, 1932-1938 жылдары Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. 1938-1940 жылдары Алматы пед. училищесінің оқытушысы. 1940-1991 жылдар арасында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы, доцент болып қызмет еткен.
“Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Ғалымның “Етістік”, “Қазіргі қазақ тілі. Лекциялар курсы” атты зерттеулерінің қазақ тіл білімінің теориялық тұрғыда дамуы үшін маңызы ерекше деп білеміз.
Ы. Мамановтың Д. Әлімжановпен бірігіп жазған “Қазақ тілін оқыту әдістемесі” деп аталатын оқулығы орта мектеп мұғалімдері мен Жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналып, 1965 жылы жарық көрген. Еңбек “Орта мектепте қазақ тілін оқытудың жалпы мәселелері”, “Қазақ тілінен білім берудің методтары мен оқу жұмыстарын жүргізудің жолдары”, “Грамматиканы оқыту методикасы” деп аталатын үш тараудан тұрады.
Мектепте қазақ тілін оқытудың негізгі міндеттері мен мақсаттары анықталатын бірінші тарауда әдістеменің өзге пәндермен байланысы көрсетіліп, орта мектептерде қазақ тілін оқыту бағдарламаларының негізгі принциптері баяндалады. Мұнда оқытудың бағдарламалық негізіне терең мән беріледі, оның теориялық та, практикалық та маңызын белгілейді: “Әрбір класта қазақ тілінен өтілетін материалдардың көлемін дәл белгілеу; тілді оқыту жұмысын тәртіпті және жүйелі жүргізуге бағыт беру; мұғалімнің тілді оқытуға арналған жылдық, тоқсандық, айлық және жеке тақырыптарға арналған сабақ жоспарларын творчестволық тұрғыда жасауына ұйытқы болу; мұғалімдердің методикалық шеберлігін арттырып, әр тақырыптың мазмұнына қарай пайдалы әдістерді қолданып отыруға, өз білімдерін толықтырып отыруға міндет жүктейді; мұғалімдердің сабақтарын ұқыпты дайындалып, оған керекті материалдарды күн ілгері әзірлеу құнттылығын арттырады; мұғалімдердің оқушылармен кластан тыс жүргізетін жұмыстарын жақсартуды, оларды өтудің әдістерін белгілейді; тілдік материалдарды бір-бірімен ұдайы байланыстырып, ұдайы қайталап отырудың әдістерін үйретеді т.б.”/41 б./.
Ғалымдар қазақ тілін оқытудың ең ұтымды әдістері ретінде фонетикалық, грамматикалық, морфологиялық синтаксистік тәсілдерді атайды. Шынында да, дәстүрлі грамматикада сөз тұлғаларының формалық деңгейін анықтауда мұндай тәсілдердің оңтайлылығын, әрі мазмұннан формаға принципі бойынша талдау үшін, мұның қажеттілігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондай-ақ, анализ-синтез, салыстыру, индукция-дедукция, баяндау, әңгімелесу тәсілдерін пайдаланудың тиімді жолдары көрсетіледі. “Мұғалім индукция-дедукциялық методты жақсы білсе, біріншіден, индукциялық тәсіл мен дедукциялық тәсілдің ара жігін ажыратып, оларды бір-бірімен шатастырмайтын болады; екіншіден, индукциялық тәсіл мен дедукциялық тәсілді практика жүзінде байланыстыра біледі; үшіншіден, оқушыларды өздерінің белгілі бір білім шындығы мен зат танытудағы ойлау қабілеттілігімен дұрыс қорытындылар шығарып үйренуге шеберленеді” /80/.
Зерттеушілердің пайымдауынша, әңгімелесу методы оқушылардың сабақ үстінде білім алу талабын арттырып, белсенділігін күшейтеді. Олар жауап беріп, өз пікірлерін дәлелдеуге тырысады, бірінің айтқанын екінші толықтыра түсіп, тілдерін дамытады, үйге берілген тапсырманы жақсы орындауға үнемі талаптанады.
Еңбекте көрнекілік пен оны пайдаланудың жолдары нақты көрсетіледі. Көрнекі құралдардың түрлері ретінде: таблицалық көрнекілік, схемалық көрнекілік, плакаттық көрнекілік, сурет көрнекілігі, диаграммалық көрнекілік, модельдік көрнекілік, альбомдық көрнекілік, диапозитивтік көрнекілік, символикалық көрнекілік, тақта көрнекілігі, кескінді әріптер мен буынға бөлінген сөздіктер көрнекілігі, карточкаларды пайдалану көрнекілігі, зат пен нәрсенің өзін көрсету көрнекілігі. Бұл көрнекіліктерді қазіргі кезде де ыңғайына орай қолдана білген жөн.
Еңбекте фонетиканы, грамматиканы, орфографияны оқытудың әдістемесі де берілген. “Оқушылардың грамматиканы жақсы білуінің бір шарты – анықтамалар мен ережелерді саналы түрде толық меңгеруі” деп пайымдаған ғалымдар оларды оқытуға, ережелердің құрылысы стильдік жағынан бір-біріне ұқсас, бір жүйеде болуына басты назар аударады. Сондай-ақ, “грамматика сабағында грамматикалық талдау жасаған кезде, үй тапсырмасын тексерген кезде, грамматикадан жаңа материал түсіндірген кезде болсын, әйтеуір қисынын тауып, оқушыларға тиісті сөздердің емлесін үйретіп, керек жерінде есіне салып, грамматика мен емлені ұдайы байланыстырып отыру керектігін” мақсат тұтады.
Морфологияға байланысты бағдарламаға енген бесінші сыныптан бастап, алтыншы, жетінші сыныптарда жалғасатын теориялық материалдардың барлығына әдістемелік талдау жасайды. “Мұғалімнің ең бірінші мақсаты – оқушыларға сөз негіздерін (түбір сөз) саналы түрде өздері таба алатын етіп дағдыландыру” – деп жазады зерттеуші әдіскер ғалымдар /139/. Мұның да мәні ерекше. Әсіресе, жас мамандар өздері түбірін таба алмайтын негіздерді мысалға алмауы керек екені анық. Мысалы: көтер, тышқан т.б. сияқты тұлғаларды мысалға келтіріп, ұятқа қалған жас оқытушылар бар. Ғалымдар осыдан сақтандырып отыр. Ең дұрысы, “оқушыларға сөздердің құрамындағы негізгі түбір, туынды сөз, жұрнақ және жалғауларын тапқызып, дағдыландыру үшін, мұғалім арнайы сөйлемдар дайындап келіп, тапсырмалар беріп отырғаны” дұрыс екенін ғалымдар ескертеді.
Әдебиет:
 
Маманов Ы. Қазақ тілі (оқулық). Алматы, 1949;
Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы (оқулық), Алматы, 1965;
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы, 1966;
Маманов Ы. Сопоставительная грамматика. Алматы, 1966 (авт. бірі);
Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы, 1965;
Маманов Ы. Бақылау жұмыстары (сырттан оқушылар үшін). Алматы, 1955;
Маманов Ы. Пединституттың сырттан оқу бөлімінің оқу жоспарына түсінік. А., 1964;
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілінің бақылау жұмысы. А., 1958.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет