60-80 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ДИАХРОНИЯЛЫҚ-СИНХРОНИЯЛЫҚ БАҒЫТЫ
ҒАЙНИДЕН МҰСАБАЕВ
Тіл ғылымы өзге ғылым салаларымен салыстырғанда – элиталық ілім, сондықтан оны зерттеуші нағыз ғалымдар еңбегі ұлттық деңгейде бағалануға лайық. Қазақ тіл білімі тарихында үлкен орны бар ғалымның бірі – профессор Ғ. Мұсабаев. Ғалымның соңында қалған “хаты” — мол, сан‑салалы. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясынан бастап, тіл тарихына, әдеби тілге қатысты жазған ғылыми зерттеулерінің өресі кең, толымды, ұлттық рухқа суарылған, ғылыми–теориялық деңгейі биік. Қарапайымдылығын ұлылыққа балауға болатын көрнекті ғалымның тіл мен әдеби тіл тарихына қатысты жазған еңбектерінің құндылығы ерекше. Олай деуіміздің себебі – тіл тарихына қатысты жазған ғылыми зерттеулеріндегі ғылыми пайымның мәнділігі, тұжырымдарының дәйектілігі, ұлттық рухының биіктігі.
Қазақ әдеби тілінің даму мен қалыптасуына, қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктердің кездесу себептеріне жіті назар аударған ғалым тіл тарихын зерттеуге еріксіз келгендей. Тіл болмысын танып, ұғымды белгілеуге негіз болған уәжді айқындау үшін, сөздің мағынасы мен мәнін тереңірек түсіну үшін оның қалыпьасу жолдарын саралау қажеттігі ғалымды қиын бірақ қызық ғылыми ізденістерге итермеледі ме екен кім білсін. Сөз мағынасын анықтау үшін оны топтар мен таптарға жіктеу, синонимдігі мен омонимдігін көрсету ғана болмайтынын Ғ. Мұсабаев зерттеулерін оқып отырып көз жеткіземіз. Ғалым тілімізде қолданыста жүрген сөздер мен сөзтұлғалардың ішкі болмысы мен табиғатын тану үшін, тарих тереңіндегі қалыптасу жолы мен мағыналық жіктелісіндегі заңдылықтарды анықтауға ұмтылады.
Қазақ (түрік) тіліндегі жазба мұраларды ұлы байлық санаған ғалым “сарыла оқып, зерікпей мұқият зерттей берсе, халық тарихының қоймасы қойынындағы сан алуан асылдар мен сан қилы құпия жұмбағын ашуға шақырғандай болады” – дей келіп, ұлы Далада көз сүрінер ескерткіш жазулардың қалғанын тілге тиек етеді. Ия солай да шығар. Өйткені ғалымның айтып отырғаны, тек жазба мұралар ғана емес, көшіп-қонған ұлы жұртқа қойған атауы да: “Сонау ескі Еділ мен кәрі Каспийден бастап, бір күндерде бүкіл түркі халықтарының алтын бесігі атанған Алтайға дейін немесе заманның ұзақ сонары тоздырған аласара шөккен Орал тауының түстігінен бастап, атағы өзіне сай Хан-Тәңіріні (6995) – бүкіл әлемде белгілі биік, аспан ханына теңеген жерлерді иемденген ата-бабаларымыз болашағы бар ұрпағына өз заманынан ескерткіш етіп, атаусыз қалдырмауға тырысқан екен” [1.4 Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі тарихынан. Алматы, 1988]. Ғалымның тіл тарихына қатысты жазғандары білім көкжиегінің кеңдігін, арналы білігін танытады. Қазақ тіліндегі, көне не орта түрік тіліндегі сөздер мен сөзтұлғаларды ғана сөйлетіп қоймай, тілдік деректерді ареальдық бағытта, алтаистикалық деңгейде салыстыра, салғастыра зерттейді. Ғ. Мұсабаев салыстырған мысалдар – дәйекті. М. Қашқари еңбегінде, қазақ тілінде кездесетін тілдік деректер мен фин тіліндегі, корей тіліндегі т.б. сөздер тұлғалық және мағыналық тұрғыдан салыстырылып, жақындығы көрсетіледі: суо – болото, су, батпақ, су жер; сәрку – боль, болезнь, сырқау; олло – ловить– аулау; қаря – скот – қара (бес қара, екі қара); қалла – стена – қала (қаласы бұзылмапты, аққала соқты) т.б. Профессор Ғ.Мұсабаев тарихи грамматиканың теориялық мәселелеріне байланысты өзінің ғылыми пікірлерін, тұжырымдарын ұсынған. Әсіресе, автордың Махмұт Қашқари еңбегі туралы айтқан пікірлері көңілге қонымды. ХІ ғасыр ғұламасын “орта ғасырдағы ғылымның алыбы, әрі жетік лексиколог, асқан грамматист, тарихшы, әдебиетші, қысқасы – жоғары мәдениетті ғалым дәрежесінде танылады” – деп тани отырып, оның еңбегі туралы жазылған ғылыми жұмыстардың деңгейіне талдау жасайды (1.50). М.Қашқариды өз ұлтына меншіктеуге әрекет етушілердің барлығын, оның жауабын ғалымның өз еңбегінен іздеу қажеттігін де жақсы ескертеді. Ғалымның тарихи фонетика мен тарихи морфология туралы да айтқан пікірлері бар. Қазақ тіл білімінде бұл екі саланың аз зерттелгенін ескерсек, тұжырымдары өзінің құндылығын жоғалтпайды. “Орхон жазуы Талас өлкесінен тараған”, “жазу Монғол жерінде хандық құрған түнғюйлерге (түріктерге) Жетісудан тікелей барған”, Талас алфавиті шығысқа, батысқа, солтүстікке, оңтүстікке дейінгі түркілерге тарап, мың жарым жылдай өмір сүрген деген өткір пікірлерінің мәні бар. Осы ғылыми тұжырымдарды тереңдетіп, дамыту үшін де ғалымдарға талмай еңбек ету керек болар. Зерттеуші ғалымның жеке дыбыстар тарихына қатысты айтқан ғылыми тұжырымдарының да мәні бар. Й дыбысының тарихына қатысты мынадай ой айтады: “… й дыбысы жалаң болып, бертін келе созылып айту қасиеті арқылы қосынды дыбысқа, дифтонгойдке айналғанға ұқсайды. Сондықтан М.Қашқари й дыбысының таңбасын негізгі дыбыстар қатарында, басқа дыбыстармен оның қарым-қатынасын жазу тәжірибесінен ғана көрсетеді” [1. 67].
Профессор М.Томанов й дыбысы туралы: “қазақ тіліндегі дауыссыз й-дің негізінен үш түрлі архитипі (з, д, г) бар екенін айту керек. Жай, бій, кій сөздерінің құрамындағы й қазіргі тіліміздің заңдылықтары тұрғысынан бір ғана дыбыс бола тұрса да, тарихи тұрғыдан үш түрлі негізге қатысты болып шығады” деп қорытынды жасайды [2.72. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Алматы, 1988.] Ғ. Мұсабаев былай деп жазады: “дифтонгінің буын құрау, екі буынға бөлінуі – бұл айтылғандарға -ій, -ый,(-и), -йе (е), -йа (я), -йо (е), -йу (ю), -йу (жіңішкеру) фонетикаға қатысы бар да, қазіргі тілімізде қолданысы жоқ”. Й дыбысының фонетикалық, фонологиялық талдануының қазіргі кезде де маңызы ерекше болып отыр, өйткені әліппи өзгерісі бола қалған күнде й дифтонгісін ій, -ый,(-и), -йе (е), -йа (я), -йо (е), -йу (ю), -йу – деп жазу көп қиыншылық келтіретіні даусыз. Сондықтан бұл мәселені ғылыми талдап, практикалық тұрғыдан оңтайлы болуын ойланған да абзал.
Қашқари еңбегін жақсы қараған ғалым оның аударылуында кеткен олқылықтарды біздің сол қалпында қабылдамауымыз керектігін, әрқашан ғылыми шындықты іздеуді ұсынады: “М. Қашқари “Диуанында” т таңбасын ч:й деп оқудан гөрі ж деп оқыған дұрыс болар еді. Мұның аудармашылары оғыз тіліне жақындатып й етіп оқиды. Оны зерттеп, тарихи шындықты ашу – бәріміздің борышымыз”(1. 70). Шынында да, еңбек аударма болғандықтан, оны орындаушылардың өз тіліне сәйкестендіре жасаған аудармасына ғылыми тұрғыдан баға беріп, мұра тілін зерделеудің уақыты келді. Ғ. Мұсабаев дыбыстардың алмасуы мен түсуіне, метатеза құбылысының тарихилығына да біршама мән береді. Зерттеу жұмысын тарихи морфонология ғылымының алғашқы бастаулары деп бағалауға да болар еді. Олай деуіміздің басты себебі ғалым Орхон-Енисей бойындағы мұралар мен М.Қашқари еңбегінде кездесетін тілдік деректерді, ара-тұра Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі фактілерді салыстыра отырып, дыбыс алмасуларын анықтайды, метатезалық өзгерістерді көрсетеді. Өзі байқаған деректер арқылы ғылыми байламдар жасайды.
М. Қашқаридың үнді дыбыстар мен қатаң дыбыстардың алмасуын үнділік нормаға жатқызбай, қатаңнан басталған вариантты қолдауы ғалымға үлкен ой салады. “М.Қашқари “Диуанында” теңіз – деңіз емес, тігірмен – дірірмен емес, түз – дүз емес, тәуе– дәуе емес, теміш –деміш емес деп, қатаңнан басталған вариантты қолдауы – ана тілдің рухын түсінгендігінен еді” – деп жазады (1. 80). Ғалымның тарихи морфология туралы жазғандары да бар. Зат есім, сын есім, сан есім, есімдік және етістік тарихы жайында жазған жазбалары тілдік бірліктердің тарихи қалыптасу жолын анықтау үшін біршама құнды деректер береді. Тарихи морфология мен қазіргі қазақ тілінің морфологиялық жүйесінің шегін көрсете отырып, диахрониялық зерттеуде барлық қосымшаларды талдамай, негізгі мәселерге көңіл бөлінетіндігін айтады. Зерттеушінің жұрнақтардың шығу және қалыптасу жолына байланысты айтқан пікірлері қызықты. –Кері, -гері жұрнағы қара, қарау етістігінен шыққан, тұрғын, тұтқын, көшкін сияқты сөздердің құрамындағы -қын, -кін жұрнақтарының төркіні – түбір қон арқылы пайда болған деген т.б. пікірлері ғылыми жағынан құнды тұжырымдар. “Сөз тудырғыш жұрнақтар негізгі екі арнадан шыққанын айта кету керек. Біреуі – басқа сөздердің шылауына ере жүре мағынасын жоғалтқан түбір сөздер. Екіншісі – қос сөздердің бір сыңары мағынасын жоғалтып түрленген” (1. 93). Сөз тудырушы жұрнақтардың әуелде түбір сөз болып, кейін делексикаланғаны жасырын болмаса да, ғалым көрсетіп отырғандай, олардың “басқа сөздердің шылауына ере жүре мағынасын жоғалтқандығы” анық. Зерттеліп отырған сөз таптарының негізгі сипаты мен олардың жасалуы мен қалыптасуындағы кейбір ерекшеліктерге, сөз туғызушы тұлғалардың тарихына жақсы талдау жасайды. Қызыл (қыз), жасыл, қуқыл (қу), сушыл (су), шикіл (шикі), қақ (көк) сын есімдерінің шығуы туралы өзіндік пікір ұсынады. Ғалымның етістік туралы айтқан тұжырымдары да ерекше құнды. Түркі халықтары тіліндегі сөздердің тең жартысы етістік деп біліп, олардың мағыналық құрылымының ерекшелігін дәл таниды. “…Көптеген етістіктер әрі есім әрі етістік мәнінде дараланбай, көп мәнде қолданылғанын көреміз” – деген ойының төркіні дұрыс. Болмаса көптеген ғалымдарымыздың орыс тілді беделді ғалымдардың шикі пікіріне сүйеніп, етістіктік табиғатын бұрыс түсініп, зат есім мен етістік арасындағы көпмағыналылықты омоним ретінде көрсеткенін де білеміз. Ал Ғ. Мұсабаев “Зат, атау, әрекеттерді дара, бірінен-бірі бөлінген және жеке сияқты түсінуіміз – өзіміз тұрған дәуірдегі тілдің дамуынан туған ұғым” екенін терең түсіне отырып дәлелдейді.
Бір буынды сөздердің әуелгі сипаты тұйық буын (автор “жабық буын” терминін пайдаланған) деген пікірді қолдап, жи, ки, бу, қу сияқты сөздердің дұрысы, жый, кій, бұу, құу болуға тиіс, емле жеңілдігі үшін осылай шартты түрде жазудың дұрыстығын қуаттайды.
Қорыта айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғайнидин Мұсабаевтың жазған ғылыми еңбектері ғасырлар шаңына көмілмек емес. Туған тілдің тарихын ел тарихымен, ұлттық болмыспен қатар қарастырған ғалымның зерттеулері – бүгінгі ғылымның алға дамуы үшін де қажет. Қазақ тілінің қайнар бастауларын көне заманалардан сарылмай іздеп, ұлттық рухты биіктеткен ғалымның еңбегі ұлтпен бірге жасай бермек.