Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе



бет37/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

МАНКЕЕВА ЖАМАЛ АЙТҚАЛИҚЫЗЫ
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЭТНОМӘДЕНИ АТАУЛАРДЫҢ
ТАНЫМДЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Жауапты редактор – ҚР ҰҒА-ның академигі Ә.Т.Қайдар.


Рецензенттер – филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Н.Жанпейісов, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.М.Уәли.

Қазіргі қазақ қоғамындағы ұлттық рух жаңғырып, салт-дәстүрлер қайта жанданып жатқан кезеңге сай рухани-әлеуметтік құбылысты дұрыс бағалап, бағдарлайтын, негізін түсіндіретін заңдылықтар адамның рухани дүниесімен байланысты екенін қазіргі қазақ тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулері дәлелдеп отыр. Осымен байланысты ұлтты рухтандырып, оның ішкі-сыртқы келбетін өрнектеп көрсететін сипаттардың бірі – тіл.


Ұлттың рухани дүниесі, сонымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі – халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени-тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс. Оның бар сипаты ана тіліміздің бойына сіңіріліп, ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Осы сипатта халық көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы этномәдени атаулардың ұлттық болмыс-мазмұнын анықтау – еңбектің негізгі мақсаты. Осыған байланысты монографияда халық ауыз әдебиетінен, XV-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулардың жырларынан, тарихи шығармалардан, т.б. рухани көздерден жинақталған ұлт мәдениетін сипаттайтын тілдік деректерге тарихи-танымдық талдаулар жасалған.
Кітап тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеумен айналысатын тілші-ғалымдарға, студенттер мен аспиранттарға арналған.


АЛҒЫ СӨЗ

Ана тіліміздің құдіреті – сан мыңдаған жылдар бойы халқымызға тән рухани қазынаны бойына сіңіріп, сақтауы. Ол – халқымыздың асыл мұрасын өз бойына сақтап келген, оны бүгінгі күнге жеткізген, келешек ұрпаққа жеткізетін тілдің кумулятивтік қызметіне байланысты. Бірақ тілдің осы ерекше қызметіне көңіл бөлінбей, тілдің, негізінен қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметіне баса назар аударылуы тілдің танымдық, мұрагерлік рөлінің әлсіреуіне, төмендеуіне әкеліп соқты. Бұл көзқарас тілді оқыту процесіне, тіптен тілді зерттеу жұмыстарына да өз әсерін тигізді.


Әрине, ғасырлар бойы халықтың көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы сөздердің тарихына үңіліп, тілдік тұрғыдан табиғатын барлап, жасалу және сақталу жолдарының тілдік құралдарын анықтау, мағыналық даму заңдылықтарын көрсету мен көнеру себептерін ашу т.б. түркітану аясында ғана емес, қазақ тіл білімінің де зерттеу нысанынан тыс қалған жоқ. Дегенмен, қоғамдық сана мен жаңа бағыттағы зерттеулер деңгейі контексінде ұлттың болмысын дәлелдейтін күшті құрал – ұлттық тіл екенін сезіну тіл зерттеу мәселесіне бұрынғыдан басқаша келу талабын қойып отыр: атап айтқанда, ұлттық тіл ерекшелігінің сырын, табиғатын сол тілде сөйлеуші ұлт өкілінің рухани, психологиялық, әлеуметтік т.б. сипаттарымен біртұтастықта зерттеу.
Осы қағиданың негізгі тінін құрайтын ұлт-тіл-мәдениет контексіне байланысты сол тілде сөйлеушінің ішкі әлеміне ерекше көңіл бөлу тіл білімінің басқа да (философия, тарих, психология, логика, әдебиеттану, әлеуметтану, этнография, мәдениеттану т.б.) ғылымдармен тоғысуына әкелді. Осының нәтижесінде қазіргі тіл білімінде лингвистикалық зерттеулердің интеграциялық сипаты қалыптасуда. Солардың ішінде тілді ұлттық ой-сана, дүниетаным, мәдениет, тарих, этностық рухты бейнелейтін таңба ретінде қарастыратын – лингвомәдениеттану саласы. «Лингвомәдениеттану» деген атаудың құрамында тіл мен мәдениеттің сабақтастығы айқын көрініс табады.
Қазіргі заманғы сөздіктердегі мәдениетке берілген анықтамаларды былайша жинақтап, көрсетуге болады:
1) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;
2) мәдениет – адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеонит мәдениеті, крит-мекеныс мәдениеті, қазақ мәдениеті т.б.);
3) мәдениет – адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті т.б.);
4) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет т.б.).
Қазақ мәдениеттанушылардың ойынша, осы анықтамалардың алғашқы екеуі мәдениеттанудың мақсатын белгілейді [1, 6]. Олай болса, мәдениет арқылы өрнектелген ұлт болмысы тек тіл арқылы танылады.
Осымен байланысты тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен байланыстыра зерттеудің маңызы айқындалуда. Шын мәнінде, өткен ғасырдың өзінде-ақ Батыстың ғалымдары қазақ халқының ұлттық мәдениетін зерттеуге айрықша мән бергені жұртқа мәлім. Солардың қатарында неміс ғалымы, орыс ориенталистерінің ең көрнектілерінің бірі саналатын В.В.Радловтың орны бөлек. Оның «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деп аталатын он томдық әлемге әйгілі еңбегінің тұтас бір томы қазақ халқының фольклорлық бай мұраларын, салт-сана, әдет-ғұрпын зерттеуге арналған. Мұның сыры неде?
Көне түркі ескерткіштері, эпостық жырлар мен ежелгі жыр-аңыздар сол дәуірде өмір сүрген бабаларымыздың тек рухани дүниесін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар бай да көркем материалдық мәдениетін де бейнелеген. Ол туралы нақты ақпаратты, құнды деректер мен қажетті мәліметтерді сол дәуірдің тарихымен сабақтастырыла зерттелген, ғылыми топшылауларға негізделген еңбектерден табамыз. Сол сияқты ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, сол үшін Сібірге айдалған поляк халқының өршіл рухты перзенті А.Янушкевич те қазақ даласын аралап, халқымыздың өмірін, дәстүрін және мәдениетін зерттеді. Оның туған-туысқандарына, достарына жазған хаттарында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ даласы өмірінің көріністері, ерекше тұлғалары айшықты бейнеленген. Соның ішінде оған ерекше әсер еткен қазақ халқының сөз өнері (А.Янушкевич жазбаларындағы Құнанбайдың сипатын қараңыз).
Қазақ ұлттық мәдениетінің ерекше болмысын сипаттайтын осы белгі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сәйкес жаңа деңгейде жаңғыруы тиіс. Осы тұрғыдан сөз мәдениетін коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік және лингвомәдениеттік, этикалық, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырудың концептуалдық негіздерін айқындау, сөздің коммуникативтік сапаларын анықтау – сөзбен өрілген қазақ мәдениетін жаңғырту ісіндегі өзекті мәселе [2].
Ал, халқымыздың әр дәуірдегі материалдық және рухани мұрасын, өз бойына сақтаған этномәдениетінің әртүрлі қырларын (этнографиялық, археологиялық, өнертану, тарихи, әдеби т.б.) зерттеу Ш.Уәлиханов жазбаларынан басталып, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов, Х.Арғынбаев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов т.б. еңбектерінде өз жалғасын тауып, жан-жақты қарастырылды. Бірақ олардағы талданған тілдік деректердің сипаты, көлемі, түсіндіру-талдау принциптері, мақсаты т.б. әртүрлі, әрі жүйесіз.
Сондықтан ұлттың болмыс-мазмұнын тұтас мәдени жүйе ретінде өз бойында сақтаған құнды этномәдени дерек ретіндегі тілдік бірліктерді «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сәйкес жинақтап, жүйелеу, талдау игілікті де өзекті іс болмақ.
Себебі жарық көрген сөздіктерде ол байлық толық көрсетілмеген, кейбіреулері атымен кірмей қалған. Соның нәтижесінде орта жастағы адамдар мен жас ұрпақ әсіресе көптеген халықтық, аймақтық қолданыстағы және діни атаулар туралы білмейді де. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл салаға қатысты лексикалық қордың негізгі көзі – фольклор, өткен ғасырлар ақын-жырауларының шығармалары мен көркем мәтін тілі. Көрсетілген дереккөздердің қатарында қаймағы бұзылмаған төл мәдениетіміздің айшықты шығарма көрінісі авторларының ұлттық мүдде-идеясымен астасқан А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов т.б. шығармаларының орны ерекше.
Сонымен қатар бұл салаға қатысты құнды деректерді ел арасындағы көпті көрген қариялар, қолынан өнері тамған шеберлер, зергерлер, аңшы-саятшылар т.б. кәсіп иелерінен, өлкетану және өнер мұражайларынан, этнографиялық, тарихи, тарихи-салыстырмалы, археологиялық зерттеу жұмыстарынан, этимологиялық, фразеологиялық, түсіндірме, диалектологиялық сөздіктерден табуға болады.
Олай болса, осы бұлақтарда деректелген мәдени лексика аясын құрап, астарлайтын «қазақ мәдениеті» деген ұғымды қысқаша қалай анықтауға болады?
Мәдениеттанушылардың пікірінше, қазақ тіліне бұл термин арабтың маданият – «қала», «қалалық» деген сөзінен енген. Ал культура терминінің алғашқы мағынасы жер-анамен, оны өңдеп баптаумен тығыз байланысты болған [1, 6]. Бара-бара осымен сабақтас (жерді күту, өңдеу, баптау) адам тәрбиесі мен біліммен байланысты ұғымға айналған. Оның ішінде сонау көне заманның өзінде өмірге икемді, қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған ерекше білім беру жүйесін жасаған грек мәдениетінің орны әлемдік өркениетте белгілі. Демек, мәдениет ұғымын адам бойындағы «табиғи» рухани байлық пен шындықтағы, күнделікті тұрмыстық қолданыстағы материалдық байлықты «жетілдіру» деп түсінуге болады. Көрнекті мәдениеттанушы-этнограф Э.Б.Тэйлор мәдениетті адамның ақыл-ойы мен еңбегі жемістерінің тізбектері, яғни материалдық және рухани құндылықтар ретінде анықтады.
Тіл арқылы бейнеленіп, сақталып жеткен жоғарыда аталған рухани бұлақтарда деректелген тарихи-рухани негізде қалыптасқан қазақ қоғамындағы дүниенің тұтастығы, интеграциялық негізі және этностың рухани кеңістігі (мәдени дәстүрлер т.б.) – «қазақ мәдениеті» ұғымының негізгі тірегі, ал тілдік көрінісі мәдени лексика аясын құрайды.
Тілдің жүйелілік қасиеті жоғарыда көрсетілген рухани мұралардан жинақталған этнотанымдық тілдік бірліктерді де жинақтап, саралап, сипаттауда құрылымдық лингвистиканың қалыптасқан әдіс-тәсілдерін қолдануға негіз береді. Сондықтан этнолексика түрінде сақталған осындай ұшан-теңіз байлық кез келген жеке тілдік фактіге байланысты емес, белгілі бір жүйе бойынша, мағыналық-тақырыптық топтарға бөлініп, өзара жіктеліп, сараланып зерттелуі тиіс. Оның себебі: кез келген тілдің лексикасы белгілі бір қарым-қатынастар мен байланыстардағы тақырыптық және семантикалық топтардың негізіндегі тілдің құрылымдық жүйесінен құралады. Осыған орай мәдени атауларға байланысты этнолексика мынадай тілдік ішкі байланыстар мен ішкі түрден құралатын жүйелік құбылыс ретінде қарастырылады:

  1. Сөздің аталатын нәрсемен байланысы.

  2. Сөздің аталуының ұлттық ерекшелік, тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен байланысы.

  3. Функционалдық негіздегі аналогиялық байланыстар.

Лексиканы зерттеудің кең тараған, сөздерді тақырыптық жағынан талдау әдісі теориялық тұрғыдан Ф.П.Филиннің, Д.Н.Шмелевтің, А.А.Уфимцеваның т.б. еңбектерінде негізделген. Лексиканы, оның кейбір семантикалық топтарын зерттеудің бұл тиімді әдісі түркітануда да кеңінен қолданылуда екені белгілі.
Қазақ тіл білімінде этнолингвистика саласының негізін салушы акад. Ә.Т.Қайдаров тіл байлығына этнолингвистикалық зерттеу жүргізуді екі жүйеде қарастыруды ұсынады. Олар:

  1. Макрожүйе – «Табиғат», «Адам», «Қоғам».

2. Микрожүйе – табиғи жүйе бойынша әртүрлі топтар, салалар [3, 36]. Нақты айтқанда, микрожүйелік құрылымның негізінде сан түрлі мәдени терминдер (зергерлік, тағам, халықтық космоним, соматикалық атаулар, антропонимдер, топонимдер, фитонимдер, халықтық наным-сенімдер мен салт-дәстүрге, мал шаруашылығы, аңшылық т.б. кәсіпке байланысты фразеологизмдер мен паремиологиялық жүйе т.б.) арнайы этнолингвистикалық зерттеу нысаны ретінде қарастырылды.
Осы мақсатта ізбен мәдени лексиканың денін құрайтын, атап айтқанда, ұлттық болмыстың рухани қазынасын сипаттайтын сан түрлі сапалық ұғымдар мен тұрмыста қолданылатын зат, бұйым, еңбек құралдары, үй жиһаздары, киім т.б. атаулары, дәстүрлі кәсіпке қатысты терминдер т.б. тіл жүйесінде қарастырылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет