Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Қазақ тіліндегі МЛ-ның этномәдени құрылымының негізгі қырлары



бет57/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

2.2 Қазақ тіліндегі МЛ-ның этномәдени құрылымының негізгі қырлары.
Этнолингвистикалық қағиданың тінін құрайтын «ұлт пен тіл біртұтас» немесе «тіл мен мәдениет сабақтас» деген ұстындар.
Осыған сәйкес зерттеу нысанын ұлттың рухани мәдениетін айғақтайтын таза этнографизмдер (иткөйлек, бойтұмар т.б.) ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, айналысатын төл кәсібі мен еңбегіне т.б. қатысты сан ғасырлық тәжірибесінің тұжырымы іспетті сан-салалы мәдени жүйе атаулары да деректеп, дәйектейді. Мысалы, мал шаруашылығына қатысты лексика мен зоолексика негіз болған мақал-мәтелдер, жұмбақтар, фразеологиялық тіркестер т.б. қазақ этносының көп ғасырлар бойғы таным-тәжірибесінің нәтижесі, ұлт болмысымен сабақтастығы қарастырылды.
Соған сәйкес ассоциативті-бейнелі танымның арқасында ұлт өкілінің белгілі бір болмыстық сипаты (мінезі, түрі т.б.) сол ұлт мәдениетіне, тұрмыс, кәсібіне сәйкес қалыптасқан мал шаруашылығына қатысты белгілермен тілде белгіленгені нақты көрсетіледі: жылқы мінез, қой аузынан шөп алмас, жон терісін сыдыру, ақ қаптал, құтпан айғырдай, қарақшылы түйедей, ат жақты, бүйрек бет, бота көз, бие сауым, құрық бойы, тай қазан, ат басындай алтын, қамшының сабындай қысқа өмір, ақ түйенің қарны жарылды т.б.
Тілдің тарихи-лексикалық жүйесіндегі ұлттың мәдениеті, тұрмысының айнасы іспетті қабаттарының бірі ретінде тағам және тамақ атаулары қарастырылады: Заттық мәдениеттің басқа салаларына қарағанда ұлттың ерекшелігі ұзағырақ сақталатын осы жүйені арнайы зерттеген А.Жылқыбаеваның еңбегінде тамақ атаулары ұлттың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен контексте қарастырылып, этнолингвистикалық астары анықталады [35]. Мысалы, дайындау, сақтау технологиясына сәйкес сүр ет, қақтаған ет, ыстаған ет, іркіт, құрт, бауырсақ т.б., ал қонақасыға берілетін: қазы, қарта, жал-жая, қуырдақ т.б.; қонаққа ұсынылатын мүшелер: бас, жамбас, омыртқа т.б. Көлемі мен түріне қарай: би қазы, дөңбек қазы, шере қазы; сықпа құрт, ақірімшік т.б. Қымыздың өзі дайындалу әдісі, құрамы, ашыту уақыты, дәмі т.б. сапалық қасиеттеріне қарай: саумал, сары қымыз, бесті қымыз т.б. деп жіктеледі. Піскен еттің ішіндегі мүшелерді үлестірудегі салт-дәстүрлердің сақталуы: басты кімге беру керек немесе төсті, желкені т.б. Немесе ас қайыру, жарысқазан, құйрық-бауыр асату, наурыз көже, жеті күлше нан т.б. – бәрінің өзіндік мәні бар рухани мәдениетпен астасқан көріністер.
Сол сияқты ұлттың рухани мәдениеті туралы құнды мәліметтерді айқындауға көмектесетін ­– космоним (аспан әлемі) атаулары. Олардың астрономия пәні негізіндегі ғылыми түсініктемелерін толықтырып, ұлт болмысына сабақтас сипаттайтын, солармен байланысты қалыптасқан фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар. Себебі олар халықтың күнделікті тұрмысында ұзақ уақыт бойы аспан денелерін бақылауы нәтижесінде немесе мифтік негізде қалыптасқан: Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Күзетші, Сұлусары, Сүмбіле, Жетіқарақшы, Есекқырған, Құс жолы, Құйрықты жұлдыз, Қызыл жұлдыз т.б. Осымен байланысты фольклор мен мифология, фразеология, паремиология т.б. деректері космонимдердің этнолингвистикалық астарын айқын ашады: жаңа ай, толған ай, ескі ай, жұлдызы жоғары, жұлдызы жану, жұлдызы оңынан туды, ұлыстың ұлы күні (наурыз), күн тоқырау; Босаға батса, таң атады; Үркердің алды тоқ, арты жіңішке; Сүмбіле туса, су суыр; Таразы туса, таң суыр т.с.с.
Қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми негізі қаланған ономастиканың бір саласы – антропонимика. Дегенмен, ұлттық ұжымда қалыптасқан әртүрлі тілдік жағдаятқа қатысты коммуникативтік қызметтің ерекше сипаты ретіндегі антропонимдік аталымдар этнолингвистік тұрғыдан жеке қарастыруды қажет етеді. Олар «тек тілдік фактор ретінде ғана емес, сонымен қатар этнолингвистика тұрғысынан қаралып, ұлттың менталитетіне, салт-дәстүрге, экспрессияға байланысты» сипатталады [45]. Мысалы, құрметтеуге байланысты: Мәке, Телаға, Ғалеке т.с.с.; еркелетуге байланысты: Сәулеш, Күләтай, Төлеш, Мұқаш, Баянжан т.б.
«Тамыры тіл даму тарихының тереңінде жатқан, кейбірі көпшілік жадынан шыға бастаған, түркі тілдеріне ортақ боп келген, төрт түліктің жасына қатысты атауларды, солар негіз, ұйытқы болып қалыптасқан фразеологиялық тіркестерді «тіл мен ұлт біртұтас» қағидасына сәйкес этнолингвистикалық сипатта қайта жаңарта қараудың да мәні ерекше» [46]. Атап айтқанда, төрт түліктің жас мөлшеріне қатысты атаулардың қалыптасуына себеп болған уәждерді этнолингвистикалық тұрғыдан сипаттау – ол жүйенің ұлттық болмысқа қатыстылығын көрсетеді. Мысалы, жылқы төлінің жас мөлшеріне қарай жіктелуі: құлыншақ, құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, байтал, айғыр, бесті бие, азбан айғыр, ат, қысырақ, сақа бие, қасабалы бие т.б. Түйенің төлі жасына қарай былайша ажыратылады: бота, көшек, тайлақ, торым, кенже нар тайлақ, нар тайлақ, жайлақша, құнанша, дөненше, тығыршын, буыршын, бұлдіршін, бура, атанша, атан т.б. Сиыр төлінің жас мөлшеріне қарай атаулары: бұзау, торпақ, баспақ, тана, тайынша, құнажын, дөнежін, сиыр, ту сиыр, тұмса сиыр, азбан бұқа т.б. Қой малының жас мөлшері былайша сипатталады: қошақан, сырбаз, марқа, бағлан, тоқты, тұсақ, ісек т.б. Ешкіге қатысты жас мөлшер былайша сипатталады: лақ, шыбыш, туша, теке, серке т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет