Қорыта айтқанда:
Қазақ тіл біліміндегі зерттеушілер қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген концептуалды пікір ұсынады. Ғалымдардың еңбектерінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Бұл жұмыста осы өзгешеліктер беріліп, салыстырыла қаралды.
Қазақ тіліндегі функционалдық қосымшалардың қасиеті, олардың қолданылу аясы мен мағыналық шеңбері, жанрлық-стильдік бояуы жеке зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу еңбектеріне сүйенсек, функционалдық қосымшалардың кейбірінің түбірге жалғану шеңбері шектеліп те қалған. Олар грамматикалық сипаты жағынан категориялық түрлену жүйесінің көрсеткіші болу қасиетінен айырылып, сөзжасам қосымшаларына ауыса бастағанмен, сөздің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермейді. Сондықтан ондай қосымшаларды қосымшалар қатарында қарамай, тілдің даму барысындағы жұрнақтар мен сөзжасам қосымшалары арасындағы тұлғалар деп қараған жөн.
Зерттеу барысында қазақ тіліндегі сөз тудырушы қосымшалардың функциялық мәнеде қолданылуы біркелкі емес екендігі және оның кейбірі сөйлем құрылысына, ой білдіруге қатысты болып келсе, кейбірі белгілі бір конструктивті тіркес шеңберінде ғана қолданылатыны мәлім болды. Мұндай қызметтік мәндегі ғана қосымшаларды функциялық қосымшалар деп аталады.
Бұл қосымшалар -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Қазақ тіл біліміндегі ғалымдар бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды.
Қазақ тіліндегі қосымшалардың қатары –дай, -дей, -тай, -тей, -ша, -ше, -сыз, -сіз есімше тұлғасынан кейін жалғанатын –ғы, -гі сияқты қосымшалармен толыға түседі.
Демек, мұндай қосымшалар жалғанып жұмсалған сөздер, бір жағынан, санамызда жеке тұрып қалыптасқан, сөздіктердің реестрлік сөзі болып табылатын лексикалық бүтін, туынды сөз емес, екінші жағынан, сөйлеу процесінде туатын грамматикалық мағына білдіретін сөз формасы да емес. Сөз тудырушы қосымшалардың бұндай ерекше қолданысы, яғни функциялық мәнде қолданылуы бірдей бола бермейді. Кейбірі сөйлем құрылысына, ой білдіруге қатысты болып келсе, кейбірі белгілі бір конструктивті тіркес шеңберінде ғана қолданылады. Сондай-ақ, кейбірінің, сөздерге жалғану мүмкіндігі кең болып, жасалу шегін, жұмсалу шеңберін айқындау қиын болса, кейбірі – бірлі-жарым сөзге ғана жалғана алады.
Достарыңызбен бөлісу: |