Оқушылардың білім дағдыларын тереңдету мақсатында мынандай жұмыс беріледі:
Өлең негізінде жатқан идея, авторлық ой
|
Өлеңдегі негізгі ойды ашатын шумақтар, өлең жолдары
|
Айшықты, әдемі, образды көркем сөздер
|
Өзіңе ұнаған жолдар, шумақтар
|
Ақын стилі, әдісі
|
Мұғалімнің мәнерлеп оқуы мәтінмен жұмыстарға жол ашады, шығарма мазмұнын, астарлы сырын ұғуға жәрдемдеседі. Мәнерлеп оқу түрлі дауыс бояуы арқылы шығарманың идеясы мен тақырыбын беру екендігіне оқушы көзін жеткізе түсу қажет. Мәнерлеп оқу үшін поэзияның табиғатын, өлең элементтерін – буын, бунақ, шумақ, тармақ, ырғақ ұйқастардың қызметін оқушыларға түсіндірген жөн.
Кез келген өлеңді оқуда мұғалім бунақтар мен тармақтар аралығында және шумақ соңында дауыс кідірісі(пауза) жасалатындығын түсіндіреді. Өлең элементтерінің бірі – ырғақ. Ырғақ, яки ритм – үннің жүйелі, мерзімді қайталануы. Өлеңнің әр сөзі – ырғақты сөз. Өлеңді оқу, тыңдау, түсіну, өлеңге тұшыну, толқу, тебірену – бәрі ырғаққа байланысты.
Ы.Алтынсариннің «Өзен» өлеңінің әр тармағы үш дауыс соқпасынан тұрады. Оны бунақ дейді. Бунақтың буын өлшемі бірдей, әр тармақтың(3-тармақтан басқа) ұйқасы бірдей.
Таулардан/(3) өзен ағар /(4)сарқыраған(4)
Айнадай/(3) сәуле беріп/(4) жарқыраған(4).
Жел соқса,/ (3) ыстық соқса,/ (4) бір қалыпты,(4)
Аралап/(3) тау мен тасты/(4) арқыраған(4).
Өлең шумағының, тармақтарының буын саны мен бунақ санының бірдей болып келуі өлеңге ерекше көрік, дауыс үйлесімін беріп тұрады. Ақын өзенді қимыл-қозғалыс үстінде танытқан. Демек, оқығанда дыбыс, буын, сөз үйлесіміне, дауыс ырғағына қоса оқу темпі де ерекше екпінмен жылдамдата оқылады.
Ашық буынмен аяқталған сөздер тұйық буындармен салыстырғанда созылыңқы, әуезді оқылады. Сол себепті ашық буынды сөздер мен өлең бунақтарын өзгелерден гөрі созып әндете оқыған жөн. Мәселен, далаа, анаау, алаа, ғанаа.
Оқушылардың лирикалық шығармаларға даген қызығушылығын туғызу үшін не істеуге болады? Өлеңді мәнерлеп оқу, күйтабақтарды пайдалану, сабаққа көркемсөз оқудың шеберлерін шақырып, кездесу өткізу; Табиғатқа саяхат жасау, сол жерде табиғат жайында өлеңдер оқу, суреттер көрсету; Әндер тыңдау, алған әсерлері бойынша пікірлесу, әңгіме өткізу; Сыныптан тыс оқуларда лирикалық шығармаға көбірек көңіл бөлу; Мәнерлеп оқу үйірмесін құру; Кейде әр сабақтың алдында поэзияға 3-5 минут бөлінеді, оқушылар өздері сүйетін өлеңдерді оқуға, жатқа оқуға, өз өлеңдерін оқуға мүмкіндік алады.
Өлең оқыту күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде ғана емес, ең бастысы оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым – қатынасында.
Достарыңызбен бөлісу: |