«Қазақ тілі» пәнінен 3-тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары
3. Қазіргі қоғам: миграция және зияткерлік миграция. Шешендік сөздер 4. Әлемді өзгерткен өнертабыстары. Шешендік сөздер
Тыңдалым мен айтылым Тапсырма
Мәтінді мұқият тыңдаңыз. Мәтіннің көздеген мақсатты аудиториясы кімдер? Автор мақсатты аудитория үшін қандай терминдер мен ұғымдарды, тілдік оралымдарды, қолданады? Мәселеге қатысты өз ойыңызды білдіріп, баға беріңіз және сөйлеудегі интонацияның құрамдас бөліктерін сөйлеу мәнеріне сай қолданыңыз.
Өз жұбыңызды мұқият тыңдауға тырысыңыз. Оның мәтіні бойынша маңызды деп санайтын 2 сұрақ қойыңыз. Жұбыңыздың мәтінінің басты идеясын анықтауға белсенді қатысып, пікіріңізді білдіріңіз.
[10]
1-мәтін
Біз қалай десек те, бүгінде дарындылар дамыған елдерде өз білімін жалғастыруды жөн көреді. Дегенмен олардың саны елде қалып, отандық жоғарғы оқу ордаларында білім алып жүрген студенттерден көп емес. Бірақ ақылдылар үшін ашық таластың қазір нағыз қызған шағы десек те болады. Тегін оқу, жақсы шәкіртақы беріп қызықтыра алатын Еуропа еліне аңсары ауатын жастардың елден кетуіне де осы білімдегі жағдайлар да себеп. Мәселен, бүгінде аспан асты еліне құжат тапсырып, тілдік білімін дәлелдеген қазақ жастарының қарасы қалың. Себептің тағы бірі – елде жастарға арналған шынайы бағдарламалардың жоқтығы. Бұл әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаевтың пікірі.
«Миграция Қазақстан экономикасына орасан зор кері әсерін тигізіп жатқанын айта кету керек. Көп жағдайда білікті мамандардың орны бос қалады. Сәйкесінше, адами капитал сапасы төмендеуде. Бұл – Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін жағымсыз дүние. Осы факторлар білім сапасының төмендеуіне, әлеуметтік қызмет көрсету, оның ішінде денсаулық сақтау саласының төмендеуіне әкеледі. Миграция әсерінен Қазақстанның экономикалық зардаптары туралы зерттеулер өкінішке қарай жоқ. Сондықтан мемлекет талантты, білімді жастарды қолдауға мән беруі қажет. «Жас кадрлар сыртқа кетпеуі үшін мемлекет не істей алады?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Жас мамандарға бағытталған бағдарламалар, нақты іс-әрекеттер қажет-ақ».
2-мәтін
Сайып келгенде, сарапшылар мен жастардың көзқарасы бір арнаға тоғысып тұр. Жастарды мұнда ұстап тұрудың бірінші жолы – еңбекақы, жайлы жұмыс. Оған баспананың жоқтығын қосыңыз. Жемқорлық факторы да аяқтан тартады. Бұған елдегі білім жүйесінің сәт сайын реформалануы да жастарды қыр асыруға жол ашып жатыр. Мұхит асып, жыраққа кеткен қазақ жастарының елге оралу не оралмауын әрбір түлек өзі шешеді. Алайда ел ішінде білім алып, биікке көтерілген дарындылардың өзге елдің түтінін түзу етіп, жат жердің табысын еселеуі қазақ интелегенциясын алаңдатады. Жаһанның жуан елдеріндегі жағдайға еті үйреніп қалған жастардың ішінде де Отанына оралып, адал қызмет атқарып жүргендері қаншама. Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің бірнеше жыл бұрын жүргізген статистикасына көз салсақ, жастардың 23,7 пайызы Ресейге немесе жақын шетелдерге, әсіресе ТМД елдеріне кетуге ұмтылады екен. Ал алыс шетелге шығып, сонда тұруға ықылас танытқандар қатары 13,8 пайызға жетіп жығылған.
Түйін. Жалақысы жоғары, мәртебесі биік маман иесі болуға әркімнің таласы бар. Шартараптың мойындалған білім жүйесіне мойынсұнатын қазақ жастарының білім жолында ізденіп жүргендері көңіл қуантады. Бірақ қазақ қоғамын алаңдататыны – қазақ жастарының шетелдің азаматтығын алып, сонда тұрақтап қалуы. Мықты мамандар өзімізге керек, ал оларды ұстап тұрудың тетігін табу адами капитал сапасына мән беретін кезеңнің жеткендігін ұғындырып тұр.
3-мәтін
Әлем тез өзгереді, өнеркәсіптің дамуы да солай өзгеріп тұрады. «Өнертабыс – қол жеткізбейтін және күрделі дүние» деген түсінік ескірген. Пайдалы және қарапайым өнертабыстарды жасау күнделікті өмірімізді жақсартады. Олар көбінесе біраз міндеттерді орындауды жеңілдетеді, автокөліктер мен кір жуғыш машиналар өмірді жеңілдетеді; микроскоптар ой-өрісті және білімді кеңейтеді; теледидар мен радио өмірді қызықтырақ етеді; от сөндіргіштер адамның өмірін сақтап қалады және т.с. Әдеттегідей, көптеген өнертабыстар адамның бір нәрсені оңайлату немесе пайдалануға ыңғайлы етуге деген талпынысы бойынша жасалады. Бүкіл әлемде адамдар бірдей мәселелерді бастан кешеді және олардың шешімін табуға ұмтылады.
Біз көптеген дүниелер үшін бұрынғы өнертапқыштарға міндеттіміз, себебі біз олардың шығармашылық нәтижелерін күнделікті пайдаланамыз. Дизельдік қозғауышты неміс инженері Рудольф Дизель жасаған; пастеризациялау процесін француз химигі Луи Пастер; Фаренгейт шкаласын – Пруссия физигі Габриель Фаренгейт; қуаттың өлшем бірлігі вольтты – итальяндық өнертапқыш Алессандро Вольта; сэндвичтерді – Граф Сэндвич; джинсыны – Леви Штраус ойлап тапқан.
Сонда да заманауи өнертапқыштар да бұрынғылардан кем емес. Мүмкін қазіргі өнертабыстардың атаулары оларды жасаған адамдардың аттарымен аталып тарихта сақталмаған шығар. Бірақ қазіргі заманғы компьютерлер, гаджеттер, электромобильдер және басқа да өнертабыстар аса назар аударуға және сый-құрметке лайық.
Отандық өнертапқыштарымыз да өнертабыстардың әлемдік жинағына өздерінің үлестерін енгізуде.
Мұнай-газ секторында, химия саласында, медицинада, ветеринарияда ғылымды көп қажет ететін өнертабыстармен бірге қарапайым және әлеуметтік маңыздылығы бар өнертабыстар да бар.
4-мәтін
Қазақстандық инновациялық литий-иондық күкірт аккумуляторларды әзірлеушілер экологиялық және ұзақ уақытқа жарамды батареяларды жасаған, олар сырттан әкелген баламаларға қарағанда неғұрлым арзан және жұмыста тұрақты.
Семей мен Қызылордада бие сүтінен жасалған құрғақ қымыз шығаруға дайындық жүргізілуде. Бүгінгі таңда құрғақ бие сүтінен қымыз өндірудің бірнеше әдістері патенттелген. Экспресс бесбармақты тез дайындалатын кеспеге бәсекелес ретінде Астана қаласының тұрғыны ойлап тапқан.
Таразда ғалымдар инновациялық конфеттерді ойлап шығарған, олар жай конфеттік массаға тарының талқанын қосуды ойлап тапқан. Қарағанды кондитер фабрикасы, тіпті, ұлттық дәмі бар конфеттің алғашқы партиясын дайындап оны «Таразские» деп атаған.
Жаңа өнертабыстардың жаңа шешім болуы міндетті емес. Кейбір кездерде құнды өнертабыстар бұрын жасалған өнертабыстардың жетілдірілген нұсқасы болып табылады. Статистика бойынша барлық өнертабыстардың 95-98%-ы осылай жасалады. Тек 2-5%-ы «алғашқы» деп аталатын өнертабыстар, яғни баламалары мен прототиптері жоқ өнертабыстар.
Деректерді сақтауға арналған сыртқы құрылғыларды жетілдіруді өнертабыстарды осындай жетілдірудің қазіргі заманғы мысалдары ретінде дискетаның компакт-дискіге (CD), одан соң флеш-картаға жетілдірілуін даму қадамдары ретінде айтуға болады.
Қазіргі заманда әлемде одан әрі экономикалық дамуды ынталандыру тұрғысынан үш өлшемді басып шығару, нанотехнологиялар және робототехника саласындағы алдыңғы қатардағы технологиялардың неғұрлым келешегі бар.
2015 жылғы Әлемдегі зияткерлік меншік жағдайы туралы ДЗМҰ баяндамасына сүйенсек, Жапония, АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және Корея Республикасы сияқты дамыған елдердің үлесіне үш өлшемді басып шығару, нанотехнологиялар және робототехника саласындағы барлық патенттік өтінімдердің төрттен үш немесе одан да көп бөлігі жатады. Аталған елдердің жоғары өнертапқыштық белсенділігі оларға жоғары технологиялар нарығында көшбасшылық орынды сақтап тұруға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |