1-тапсырма. Мәтінді оқып, құрылымы мен рәсімделуі, жанрлық және тілдік ерекшеліктерін талдап, берілген кестенітолтырыңыз. Мұнай-химия саласы – дүниежүзіндегі ең табысы мол әрі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Дамыған елдерде соңғы 5 жылда мұнай-химия өнеркәсібіндегі өнімдердің өсімі 7 пайыздан асып түсіпті. Демек «қалауын тапса...» қыруар пайда әкелетіні күмән тудырмайды деген сөз.
Жалпы сарапшылардың пайымына салсақ, мұнай-газ өндірісінің күні батты деуге әлі ертерек. Аталған сектордың әлеуеті әлі де жеткілікті. Ол үшін саладағы басымдықтың бағытын аздап бұрған жөн. Атап айтқанда, мұнай-химия саласын дамыту керек. Адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келтірмейтін қуат көздері табылып жатқан тұста, құр қара майға қарап отырудың жөні жоқ. Мамандардың көпшілігінің пікірі осы төңіректе түйіседі.
Рашид Жақсылықов, Мұнай-газ компаниялары одағының алқа төрағасы:
– Қазіргі таңда отандық мұнай-газ өндірісінде «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Осы компаниялардың шикізат күйінде өндіріп, кейін шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарларын қолданбайтын қазақ кемде-кем. Қысқасы, өзіміздің шикізатты қара бақырға өткізіп, әлденеше есе қымбатқа қайта сатып алуды әдетке айналдырдық. Яғни импорт өнімдері үшін төленген қыруар қаражат шетелдердің экономикасына жұмсалып жатыр, – дейді.
Рашид Жақсылықовтың айтуынша, мұнай-химия саласын жолға қоя алсақ, қыруар тауардың бәрін өзімізде өндіреміз. Шикізат өзімізден шықса, оны өзіміз терең өңдесек, елде тұтынып қана қоймай экспортқа шығарсақ, мұртымызды балта шаппайтыны түсінікті. Импорттан үнемделетін қаржы мен экспорттан түсетін табысыңыз көл-көсір пайданың көзі. Жұмыс орындары көбейетінін де ескеру керек. Оған қоса мұнай-химия саласы ғылым саласымен қатар дамитынын да ұмытпаған жөн.
Бүгінде әлем жұртшылығы ағаш қолданудан да қалып барады, оның орнын түрлі пластиктер алмастыра бастады. Мұнайдың қалдығынан жасалатын басқа құрылыс материалдары да толып жатыр. Пластик құбырлар, жылу бергіш материалдар, есік-тере- зенің бөлшектері дейсіз бе, барлығына көмірсутегі шикізатын пайдалануға болады. Яғни мұнай-химия кешенін дамыту денсаулық сақтау, құрылыс және басқа да салаларға оң ықпалын тигізеді деген сөз.