Ж.Баласағуни – Орта ғасырдағы шығыстық
сөз туралы мәдениетті, түркілік сөз
өнерін әлемдік деңгейде таныта алған біртуар ғалым – Жүсіп Баласағуни. Ғалымның эпика-дидактикалық туындысы “Қутадғу білік” туралы жазылған ғылыми еңбектер түркітануда баршылық. Зерттеулердің дені еңбектің әдеби-көркемдік сипаты мен тілдік жүйесін зерттеуге арналған. “Құтты біліктегі” фонетикалық, лексикалық және грамматика-лық ерекшелік туралы, қазіргі түркі тілдерімен байланысы т.б. мәселелер ғылыми әңгіме арқауына айналғаны белгілі.
Ж.Баласағунидың тіл жайында, сөз туралы айтқан ойларын талдаудың танымдық мәні бар. Ғалымның тіл туралы айтқан ойлары жай нақыл сөз ғана емес, атаудың табиғатын, номинативтік сипатын, қызметін, болмыс-ұғым-атау үштігінің аралық аясын тануға да мол мүмкіндік береді.
“Сөз – ойдың көрінісі” деп жазады ақын. (Ж.Баласағунидың толғамды ойлары профессор Әбжан Құрышжанұлының аудармалары негізінде беріледі). Қысқа да нұсқа айтылған бұл сөз – қазіргі ғылымда сан түрлі ғылыми зерттеулер жазып, дәлелін жеткізе алмай жүрген теориямыз. Сөз бен ойлаудың арасындағы байланыс тіл мен философияның, тіл мен логиканың арасын жақындататын мәселе де, қазіргі ғылымда терең зерттеліп жүрген күрделі проблема. Сөз – ойдың көрінісі болатынын номинация теориясы да терең зерделеуге ұмтылатыны белгілі. Ақын мұнда тілдің ойдың мазмұнын таңбалау қызметін айқындап береді.
Жоғарыдағы ойды ғұлама “ақыл мен білімнің тілмашы – тіл” деуі арқылы тереңдете түседі. Ақыл мен білім ойда қорытыла келе, тіл арқылы халыққа түсіндіріледі дейді. Ақыл мен білім-біліктің өзі өздігінен пайдалы бола алмасы түсінікті. Ол сөз арқылы құйма құлаққа жеткенде ғана халықтың керегіне жарайды. Сондықтан да, мүмкін, тілдің тілмаштық қызметінбаса көрсетіп отырғандай.
“Көрінеді тілден түйсік, білім де, Біле білсең, жарылқаушы – тілің де” деуі арқылы ұлы дидактик-ақын адам түйсік-танымының, білім-білігінің тілде өзгеше көрініс табатынын айтады. Адам баласы өзге де өнер мен мәдениет түрі (би, музыка, сурет, живопись, қол өнері, архитектура, скульптура т.б.) арқылы өзінің түсінік-түйсігін, білім-парасатын белгілі дәрежеде жеткізе алуы ықтимал. Ондай мысалдар да мол. Десек те, заманалар бойында халық жадында жинақталған дүниетанымдық терең білікті, білімді жеткізудегі тілдің ролі мен маңызы, Ж.Баласағуни айтқандай, ерекше мәнді. Мәдениеттің өзге түрлері тілдің орнын алмастыра алмақ емес. Өзге мәдениет түрлері тіл сияқты адамдардың қоғамда өмір сүруінің маңызды факторы саналатын қарым-қатынас құралы бола алмайды. Сондықтан тіл – жарылқаушы. Ақын тілдің “жарылқаушылық”, қарым-қатынас жасау қызметіндәл көрсеткен деп пайымдаймыз.
“Адамға екі нәрсе тірек-тегі: Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі” деуінің де мәні тереңде жатса керек. Саналы адам баласын өзге он сегіз мың ғаламнан өзгешелеп, ерекшелеп тұратын қасиеті оның тілі мен ділі десек қателеспеспіз. Жүсіп Баласағуни тілдің ерешелігі мен оның адам баласының өмірі мен қызметіндегі, қоғамдағы орнын танудағы мәні мен маңызын осылайша айқын танытады. Яғни адамның адам болуы үшін тірек – тіл мен діл. Қазіргі уақыт сұранысына сай адам сөзінің орнына жекелеп, ұлт десек, бүгінгі қазақ халқына айтылар ақыл-нақыл шығар еді. Қазақ халқы қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық келбетін сақтау үшін, Ж. Баласағуни ойларын түйсіне оқып, парасатын бағамдай түсуі қажеттей. Яғни, тіл мен жүректегі ділді сақтау ұлттың екі тірек-тегі.
Бұл ойлар ХІХ ғасыр басында Вильгельм фон Гумбольдт айтқан “Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык, и трудно представить себе, что-либо более тождественное” деп айтқан ойымен үндес, мәндес. Тек батыста ХІХ ғасырда айтылып, бүгінгі тіл білімі ғылымында афоризмге айналған бұл ойды түркі ғұламасы Ж.Баласағуни ХІ ғасырда, сегіз жүз жыл бұрын айтып кеткен. “Тіл – елшінің қызметі” дейді ақын. “Сөзде де у болады” деп тағы бір түйеді. “Бақытыңды қорғасаң – жаман сөзді қолданба” деп те ақыл айтады. Соңғы екі ақыл бірінші ойдың жалғасы, таратылып-түсіндірілуі болса керек. Тілдің елші қызметіндей болуы – жақсы сөз, жарым ырыс; жаман айтсаң да тағы да өз сорың дегенді меңзеп тұр. Тілге мұншама маңыз беру Ж.Баласағуни ұлылығының бір ғана белгісі. “Сөз адамды ұлы да қылады, масқара да қылады” деп жазады. Түркі тілін мейлінше сүйген, менсінбегендердің көкірегін басып, "түркі тілінде де жазуға болатынын” ұқтырған, ”Құтты білікті” жазып, үлкен мәртебеге ие болған, Сөз қадірін мейлінше терең түсініп, түсіндіріп, бағалап, бағалатып өткен Жүсіп Баласағуни ұлағатын әлі де бойымызға дарыта түсу парыз. Ғұлама-ғалым айтқан терең парасатты ойлар өз биігінде, өз дәрежесінде талдана түсуі абзал.