Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу



Дата03.10.2024
өлшемі19,52 Kb.
#146722
Байланысты:
Қазақстан Республикасы



Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу
1-бап. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастар
1. Азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар реттеледi. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер болып табылады.
2. Мүлiктiк қатынастарға байланысы жоқ мүлiктiк емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледi, өйткенi олар заң құжаттарында өзгеше көзделмеген, не мүлiктiк емес жеке қатынастар мәнiнен туындамайды.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгiлерге сай келетiн отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөніндегі қатынастарға азаматтық заңдар бұл қатынастар тиiсiнше отбасылық, еңбек заңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы заңдармен реттелмеген жағдайларда қолданылады.
4. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, бiр тараптың екiншiсiне әкiмшiлiк немесе өзге де билiк жағынан бағынуына негiзделген мүлiктiк қатынастарға, соның iшiнде салық жөніндегі және басқа бюджеттік қатынастарға азаматтық заңдар қолданылмайды.


2-бап. Азаматтық заңдардың негiзгi бастаулары
1. Азаматтық заңдар өздерi реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергiсiз жүзеге асыру, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделедi.
2. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актiлерде өзгеше белгiленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi.
3. Тауарлар, қызмет және ақша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында емiн-еркiн орын ауыстырып және айналысқа түсiп отырады. Егер қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғат пен мәдени қазыналарды сақтау үшiн қажет болса, заң құжаттарына сәйкес тауарлар мен қызметтiң орын ауыстыруына шектеулер енгiзiледi.
3-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары
1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлықтарынан, Парламенттiң қаулыларынан, Парламенттiң Сенаты мен Мәжілісiнiң қаулыларынан (заң актілерінен), сондай-ақ осы Кодекстiң 1-бабының 1, 2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулыларынан тұрады.
2. Осы Кодекстiң 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актілерінде қамтылған нормалары осы Кодекстiң ережелерiне қайшы келген жағдайда осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерістер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.
Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негiзгi бастауларына қайшы келмейдi.
3. Банктер мен астық қабылдау кәсiпорындарының құрылуына, қайта ұйымдастырылуына, банкроттығына және таратылуына, банк қызметiн бақылау мен оны аудиторлық тексеруге, астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бақылауға, банк операцияларының жекелеген түрлерiн лицензиялауға, банктерді қайта құрылымдауға, банктерді лицензияларынан айыру салдарларының туындауына, астық қабылдау кәсiпорындарының қойма куәлiктерiмен операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастар банк қызметiн және астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттейтiн заң актілеріне қайшы келмейтiн бөлiгiнде осы Кодекспен реттеледi.
Банктер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша реттеледi.
4. Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар, соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн.
5. Министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заң актілерінде көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады.
6. Азаматтар мен заңды тұлғалардың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарында белгiленген құқықтарын мемлекеттік басқару органдары мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құжаттары шектей алмайды. Мұндай құжаттар қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және қолданылмауға тиiс.
7. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi.
8. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар тiкелей қолданылады.
4-бап. Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы
1. Азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.
2. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар бойынша ол өзi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн жасалған шарт бойынша тараптардың қатынастары осы Кодекстiң 383-бабына сәйкес реттеледi.
5-бап. Азаматтық заңдардың ұқсастығына қарай қолданылуы
1. Осы Кодекстiң 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келісімiмен тiкелей реттелмеген және оларға қолдануға келетiн әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәнiне қайшы келмейтiн болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтiн қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы).
2. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары негiзге алына отырып белгiленедi (құқық ұқсастығы).

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет