Қазақстан археологиясы



бет10/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Табиғат пен шаруашылық. Қалыптасып келе жатқан адам өмірі өрістеген табиғат жағдайлары өзгермелі болды. Бұл кез мұз дәуірінің аяғы еді. Қазақстанның көптеген таулы ауданда­рын соңғы мұздану басты. Оның іздері таулардың етегі мен белдеулеріндегі құлама тастар түрінде осы уақытқа дейін сақталған. Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстігінде мұз қабатының кейін еруі және Кавказ жотасының солтүстік тарамдарының жаңа тектоникалық көтерілуі Каспий теңізінің деңгейін жоғарылатты, сөйтіп, бүкіл Каспий төңірегі ойпатын қайтадан теңіз суы басты. Жоғарғы антропоген басталған кезде тау жота­лары едәуір көтерілді (жоңғар кезеңі) және жалпы климат ылғалдана түсті. Мұздықтар ерігенде судың молаюы, Сырдария мен Әмудария арналарының өзгеруі нәтижесінде Арал теңізі пайда болды.
Климаттың бірсыпыра суып, жалпы ылғалдануына қарамастан, ол замандағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі осы заманғыдан бай болды. Тянь-Шяньда, Орталық және Солтүстік Казақстанда емен, қайың ормандары әлі де өсетін, дегенмен, бұл кезде жалпы алғанда орман азайып, оның орнына мол бұталы, көделі жайылым кебейді.
Еуразияның ұланғайыр жазығында мамонттық кешен деп аталатын өзінше бір үлгідегі фауналық кешен қалыптасты. Бұл кешеннің көп өкілдерінің қазынды қалдықтары Қазақстанның әр түрлі аудандарында да табылды. Оның негізгі түрлері мамонт, жүндес мүйізтұмсық, тур-бұқа, ұсақ бизон, үңгір аюы және жолбарысқа да, арыстанға да ұқсас жыртқыш аң болды. Олармен бірге жазық далада, тау шалғынында киік, арқар, бұғы-марал, елік және басқа ірілі-уақты хайуандар жайылып жүрді. Сол дәуірдің аяғында Алтай тауларында мамонттық кешеннің өзгеше бір нұсқасы қалыптасты. Мұнда негізгі хайуандармен қатар байкалдық қодас пен бұрғымүйіз бөкен тарды; мұның өзі осы ауданның фаунасының Байкалдың сыртқы жағын қоса есептегендегі Орталық Азияның хайуанат дүниесімен ұқсастығын көрсетеді.
Жоғарғы антропогеннің екінші жартысында елеулі-елеулі табиғи-климаттық өзгерістер болды. Азияның басқа жерлеріндегі сияқты, Қазақстанның аумағында да климат құрғап, жылына бастады. Өсімдіктердің азаюы, шөлдің ұлғаюы бәрінен бұрын шөп қоректі ірі жануарлардың тіршілік жағдайларына әсерін тигізді. Мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтар қырылып бітуге тиіс болды, олар біздің заманымыздан он мың жыл­дай бұрын өліп бітті. Жайық өзенінің сол жағасындағы ең соңғы мамонттардың бірі шамасы бұдан 8000 жыл бұрын өлді.
Палеолит дәуірінде ірі жануарларды аулау адам қорегінің басты негізі болды; ал ірі жануарлардың құруы адамның тұрмыс жағдайларын өзгертті. Енді орташа және ұсақ андарды аулау үшін неғұрлым жетілдірілген жаңа құралдар қажет еді. Аңшылар топтары кейде тамақ іздеп ұзақ сапар шекті. Кезіп жүрген топ-топ аңшылар тұрақтарының негізгі түрі жеңіл күркелер мен ашық далада от жағылған уақытша қостар бола бастады.
Өзектастардан тас тіліктерін жарып алу техникасы жетілдірілді; мұның өзі тасты дәл өндеуге алып келді. Мустье дәуіріндегі дөңгелек және үшкіл өзектастарды призма секілді өзектастар алмастыра бастады. Осындай бір өзектастан бұрынғы уақыттағыдай екі-үш тас тіліктерін емес, ондаған жұқа тас тіліктері алын­ды, олар жүзі қайта өңделмей-ақ іске жаратылды; ал кейбір құралдар қысып түзету арқылы өңделді. Осындай техника арқылы, сынықтың жүзін қатты нәрсемен (таспен, сүйекпен, мүйізбен) басу арқылы көне замандағы шеберлер бітімі әр қилы құралдар жасай білді.
Құралдарды жасағанда адам отты шебер пайдаланды. Тасты бірте-бірте қыздырып, кейін суыту оның құрылымын өзгертті; мұның өзі құралдарды қысып түзету техникасы арқылы өңдеуді жеңілдетті.
Әр түрлі іске қолданылатын еңбек құралдары пайда болды. Кейінгі палеолитте жонғыштар, сүйір және доғал шетті қырғыштар, екі шеті жұқартылған тас тіліктері, бүйірлі және ортаңғы жүзді кескіштер, найза мен сүңгінің ұштары, шұңқырлы тас тіліктері, тескіштер секілді әр қилы құралдардың саны оннан асып кетті. Әсіресе тас тіліктері мен жаңқаларынан дайындалған кескіш құралдар көп еді, олардың үшкір бұрыштары кесе-көлденең келетін шетіндегі тас тілігінің жазықтығына орналасып, кесетін жүз жасап омырылды да. Трассолог мамандардың есептеуінші кейінгі палеолитте пайдаланылған құралдардың (өзектастың бірнеше түрлері, қырғыштардың бірнеше түрлері, т.б.) жалпы саны жүзге жақындап қалған.
Кескіштердің көп болуы сүйек өңдеудің рөлі өсе түскенін көрсетеді. Бұл материалдан шақпақ жүзді және сүйек сапты құрама құралдар, қилы бұрғылар, тескіштер, ауланған жануарлардың терісін өңдейтін қырғыштар, найзалар мен сүңгілердің сүйек ұштары, шанышқылар, лақтырылатын найзалар жасалды. Сүйек инелер пайда болып, адам теріден киім тігуді үйренді.
Аң аулау шаруашылықта бұрынғыдай жетекші рөл атқара берді. Бірақ аңшылық құралдарының әр қилы болуы, аң аулау­дың, жаңа әдістері (отты қолданып аңды қамау, оны ұстау үшін қамба қазу, арқанға байлап тас лақтыру, аран жасау) шаруа­шылық кәсіптің бұл түрінің өнімділігін арттырды. Алғашқы адамдар ыңғайлы жерлерде шанышқыларды, қысқа істік сүйектен жасалған долбарлы қармақтарды пайдаланып, балық аулады.
Адам бұрынғыша әр түрлі өсімдік тағамдарын: жабайы жаңғақ, жидек, жабайы сәбіз, қымыздық, жуа және кейбір өсімдіктердің түйнектерін теруді кәсіп етті.
Кейінгі палеолитте, әсіресе, оның климат суыған бірінші жартысында, адамдардың қоныстары кішігірім қырдың төбесіне жақсылап салынған баспаналар болды; бұлардың орнынан археологтар баспаналардың тіреуіштері қазылып орнатылған көптеген шұңқырларды және көп от жағылған жерлерді тауып жүр.
Жоғарғы палеолиттік адамның материалдық мәдениеті жер жүзінің әр түрлі аудандарында әр уақытта қалыптасты, сондықтан оның тарихи даму жолдары бірдей болған жоқ. Сірә, көбінесе тас құралдарды өңдеу техникасы жағынан айырмасы бар екі үлкен аймақ болды. Еуропа мен Алдыңғы Азияда ежелгі адам призмалық өзектасты өңдеудің жаңа техникасын өте ерте игерді. Африкада және Қазақстанның, Орта Азияның іргелес аудандарын қоса Орталық Азияда индустрияның негізгі форма­сы әлі көп уақытқа дейін тасты бөлшектеудің ескі леваллуалық техникасы болып қала берді. Мұнда тек кейінгі палеолиттің соңғы кезеңдерінде, мезолитке жуықтағанда ғана жаңа призмалық техникаға көшу басталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет