Сырдария қалалары. Енді қайтадан оңтүстікке оралайық. Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа, Ясы-Түркістанға одан соң Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне, Орал өзені бойындағы қалаларға, Еділ арқылы Еуропаға өткен.
Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шауғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен. Отырар жанында Кедер қаласы орналасқан, ол Х ғасырда Отырар жазирасының басты орталығы болған.
Отырар Сырдария орта ағысындағы ірі қала ретінде кеңінен танымал. Ол көптеген дереккөздерінде айтылады. Қала Жетіму қалалары қатарында да, Испиджаб қалалар тізімінде де аталынады. Тіпті бірнеше Отырар болған сияқты. Алайда Отырар біреу ғана болды. Оның дереккөздерінде жиі кездесетіндігін, қаланың сауда жолының бойында орналасуымен де түсіндіруге болады.
Былайша айтқанда, Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шауғарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа (Весидж) қаласына баратын болған. Весидж қаласы Әбу Насыр әл-Фараби сынды шығыс ғалымының туған жері ретінде белгілі. ХІІІ-ХІV ғасырларда бұл қала Зернук аталса керек. Қаладан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай – Жентке кеткен. Жент ХІІ ғасырда Сығанақ секілді Қыпшақ мемлекетінің маңызды орталықтарының бірі болды. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Үргенішке қарай жол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Қара теңіз жағалауына, Кавказға асып кететін болған. Бұл жөнінде кеңес археологы А.Н.Бернштам «Орта Азияда бұдан қолайлы және одан қауіпті жағдайды таба қою қиын» деп жазған еді.
Қазіргі таңда Отырар қаласының орнында қирандылар ғана қалған. Отырар жазирасына кіретін қалалар мен қоныстардың замоктар мен қарауыл мұнараларының қалдықтары да сақталған. Құрғап қалған егістіктерді каналдар кесіп өтеді. Бұрын қала-жұрты болған әрбір төбешіктің бүгінгі таңда өз атаулары бар: Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Құйрықтөбе, Күйік-Мардан, Пшақшытөбе. Бұлардың бұрын өз атаулары болған. Қазіргі күні тек екі-үш қаланың өз атаулары археологтар еңбектерінің арқасында қайта жаңғыртылып отыр. Олар – Құйрықтөбе орнындағы Кедер мен Оқсұз орнындағы Весидж; сонымен қатар Бұзұқ қаласы мен Шілік бір елді-мекен болған.
Отырар алқабы 2500-ден астам шаршы шақырым аумақты алады, ол 200 шақты тарих пен мәдениет ескерткіштерін біріктіреді. Бүгінгі таңда алқаптың орталық туристік өзегі 4 қаланың, Арыстанбаб кесенесі мен көптеген ежелгі суландыру жүйелерінің аумағын қамтиды. Отырарда жыл сайын қазба жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қаланың өзін зерттеу, оның келбеті Орта Азия мен Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға ұқсайтындығын анықтап берді. «Орталық қирандылары» жоспары бойынша бес бұрышты төбешік, оның биіктігі 18 м, алаңы 20 га. Жан-жақтары тең: оңтүстігі – 380 м, оңтүстік-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солтүстік-шығысы – 380 м, шығысы – 350 м. Төбешікті бойлай дуал қалдықтары қоршап тұр. Оның мұнаралары бар. Қабырға сыртында жыра түріндегі ордың іздері сақталған, оның тереңдігі 2-3 м, ені 10-15 м. Қалаға адамдар үш жақтан кірген. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы оңтүстік және солтүстік-шығыс дуалда, үшіншісі батыс қабырғада орналасқан. Орталық көше оңтүстік көшемен жалғасып, қаланы бөліктерге бөлген. Одан бірнеше шағын көшелер тарамдалып кеткен.
Орталық қирандыларға бекіністі рабад жалғасады. Оның ауданы 150 га. Рабадты қоршаған дуалдың кейбір бөліктері ғана сақталған.
Отырардың біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында қалыптасқан, яғни ІХ ғасырлардан бастап Отырар-Фараб атауымен жазба дереккөздерінде кездеспей тұрып-ақ негізі қаланған болатын. Алайда одан да ерте кездердегі қала атауының нұсқалары туралы мәліметтер бар.
Бұл сауалды шешуде Отырар мен оның жазирасындағы қалалардан алынған анэпиграфиялық монеталар маңызды рөл атқарады. Осындай монеталардың беткі жағында түргештердің садақ түріндегі таңбасы бейнеленген, ал сыртқы жағына арыстанның бедері түсірілген. Екінші типтегі монеталарда шырағдан белгісіндегі таңба бедерленген. Жетісу, Шаш, Соғды монеталармен салыстырған кезде, бұлардың мүлдем жаңа типтегі монеталар екендігі анықталған. Оны ең алдымен жергілікті билеуші шығарған деуге болады. Монеталарды орталығы Отырар болған, Сырдарияның бойындағы түріктер иелігіндегі Кангу Тарбан билеушілері соққан деген топшылау да кездеседі. Бұл иелік астанасы Тарбан, Тарбанд болған, сірә одан Отырар-Фараб атауы келіп шықса керек.
ІХ-Х ғасырлардағы дереккөздері Отырарда Испиджаб қалалары қатарына жатқызады.
ІХ-ХІІ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінде қала мәдениеті жанданады. Осы кездері жаңа қалалар пайда болады, көне қалалар аумағы ұлғаяды. Қалалар рабад, сауда-қолөнер қоныстары есебінен ұлғая түседі. Бұл уақыттарда отырар аумағы 200 га-ға жетеді.
ІХ-Х ғасырларда Оңтүстік Қазақстан қалаларында исламдану басталады. Жаңа дін қалалық арасында тез тарайды. Соған байланысты мұсылман бейіттері, кесенелері, культтық ансамбльдер тұрғызылады. Қалаларда мешіт салынады. Ерте кездегі мешіттердің бірі Құйрықтөбе қаласынан қазылған. Ол Х-ХІІ ғасырларда жұмыс істеп тұрған.
Отырардың өркендеуін моңғол шапқыншылығы тоқтатады. Оған дейін Отырар Хорезмшах мемлекетінің құрамына өткен болатын. 1218 жылы Шыңғысхан хорезмшах Мұхаммед сарайына сауда керуенін жіберген болатын, алайда керуен Отырарға келген оны Отырар билеушісі, Иналшық Қайырхан тонап алады. Шыңғысхан кінәлі адамдарды жазалауды және Қайырханды беруді сұрайды, бірақ хорезмшах моңғол елшісін өлтіріп тастайды.
1219 жылы күзде моңғолдар Отырарға келді. Оған дейін Үргеніште хорезмшах Мұхаммед әскери кеңес өткізеді, сол жерде қолбасшылардың бір барлық күшті біріктіріп, шайқасайық деп ұсыныс тастады. Алайда Мұхаммед басқа жол таңдады, ол әскерлерін қала гарнизондарына орналастырып, әрбір қаланы жеке-жеке соғысуға мәжбүрледі. Отырарды жаулап алу бірқатар дереккөздерінде айтылады. Алты айдай қорғаннан кейін Отырар күйрейді.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Отырарда өмір қайтадан жанданады. Сөйтіп, қала біртіндеп Сырдариядағы саяси және экономикалық орталыққа айнала бастайды. ХІІІ ғасыр орта тұсында Батыс пен Шығысты жалғастырған ірі сауда орталығына айналады. Ол арқылы Алмалыққа қарай Үргеніш жолы өтті. Отырар монета соғатын орталық ретінде де кеңінен танымал. ХІІІ-ХІV ғасырларда қалада медресе, ханака, мешіт секілді ірі құрылыстар салынады.
ХІV ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан Темір державасының құрамына кіреді. Темір дәуірінде бұрынғы моңғол иеліктеріндегі жағдай біршама тұрақталды. Оның кезінде Түркістанда Ахмед Ясауи кесенесі тұрғызылды. Отырарда Ахмед Ясауи ұстазы Арыстан-баб моласына кесене салынды. Темірдің кезінде қалада орталық мешіт те тұрғызылған болатын.
ХV ғасыр ортасында «Көшпелі өзбектер мемлекетінің» ханы Әбілхайыр Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрды. Оған қазақ хандары қарсы тұрды. Оның ұрпақтары мен қазақ хандары Сырдария қалалары үшін ұзақ жылдар бойы соғысты. 1510 жылы Мұхаммед Шәйбани қайтыс болғаннан кейін оңтүстік өңірлердің біраз бөлігі мен Сарыарқа қазақ хандарына өтеді. Қасым хан тұсында хандық нығайып, шекарасы кеңейе түседі. ХVІІ ғасыр ортасынан бастап Қазақстан жеріне жоңғарлар шапқыншылық жасай бастайды. Олар бірнеше рет тонаушылық жорықтарын жасап, Сайрам, Түркістан және тағы басқа қалаларды қиратады. Мұнымен бірге қазақтар ішінде де алауыздықтар басталады. Мұның барлығы бұрын гүлденіп тұрған Сырлария өңіріндегі қалалардың құлдырауына алып келді. Отырар қаласының қазба жұмыстары ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қала өмірінің кейбір тұстарын нақты сипаттайды.
Орта ғасырлардағы хаммам типіндегі ортағасырлық моншалар шығыста кеңінен таралған. Олардың құрылысы, архитектурасы, атрибуттары - әмбебап. Бұл құрылыстардың таралу кезеңі аймақтардың өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты. Қазақстан аумағында моншаның мұндай типін 1977-1978 жылдары археологтар зерттеді. Соңғы жылдары да Отырардан моншалар зерттелінді. Монша қабатымен жабылған тегістелген алаңда салынған. Оның өлшемдері солтүстік-оңтүстік желі бойынша - 11,5 м, шығыс-батыс желісі бойынша - 16,5 м. Бұрыштары әлем тараптарына қаратылған. Іргетасы жоқ қабырғалары 22-23x22-23x5 см өлшемдегі күйдірілген кірпішпен қаланған. Қабырға қалыңдығы 0,7-0,9 м. Моншаның жобалау негізінде айқыш сұлбасы анық байқалады. Орталық бөлмежай төрт басқа бөлмемен қиылысатын осьте орналасқан. Моншаның құрамында уқалау-ысқылауға (массажға) арналған лоджиясы бар орталық залдан басқа жуынатын бөлмелері болған. Батыс бөліктің үш бөлмесі киініп-шешінуге арналған, демалыс бөлмесі және намаз оқитын бөлмесі де болған. Шығыс жағында от жағатын орын және су құйылғаи цистерна қойылған бөлме орналасқан. Бұл жерде құдықтың аузы аршылды. Оның қабырғалары күйдірілген кірпішпен өрілген. Пайдаланылған су құбырлар арқылы сырттағы шұңқырға құйылған. Моншаны жылыту ыстық ауа жүретін каналдар арқылыжүзеге асырылған. Қазба кезінде қабырғалардың жылыту жүйесінің орны мен бағаналарының қалдықтары табылды. Моншаның жоспарлануы жағынан Орта Азиядағы, Кавказдағы, Таяу және Орта Шығыстағы моншаларға ұқсайды.
Ежелгі Отырардың фортификациялық жүйесінің тарихи құндылығы жоғары. Қаланың мүжілген қабырғалары ерекше әсер туғызады. Бұл жүйе біршама жақсы дәрежеде. Қалыңдығы 2 см болатын қабырғалардың сылағы сақталған. Шикі кірпіштен өрілген қаланды көзге түседі. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ортағасырлық Отырардың бірнеше бекініс жүйелері болғаны анықталды. Сыртқы қабырға рабадты қорғаған, ол қаланың солтүстік-батысында және батыс бөлігінде жақсы сақталған. Сондай-ақ, шахристанда да қуатты қала қабырғасы қоршап жатқан. Әсіресе, ХІV-ХV ғасырлар мешітіне жақын жердегі қабырға бәрінен де жақсы сақталған. VІІІ-Х ғасырларға жататын қабырға анықталған, онда жарты метрге ішке қарай ауысқан ХІ-ХІІ ғасырлардың қабырғасы тұрғызылған. Ол тығыз шикі кірпіштен қаланған. Негізіндегі сақталған биіктігі 6 метрден астам, қалыңдығы 4 м және тармағы бойынша 1 м. ХІV ғасырдың бас кезінде бұл қабырға 1 метрге қалыңдатылған және ашық сұр түсті шикі кірпішті пайдалану арқылы құрылыс салынған. ХІV ғасырдың аяғында және ХV ғасырдың басында бекініс қабырғасы қайтадан жөндеуден өткен. Қалыңдығы 1 м жаңа қабырға бұрынғы қабырғаларының үстіне салынған. Отырартөбенің солтүстік және солтүстік-батыс бөліктеріндегі жүргізілген қазба жұмыстары қаланың жаңа қабырғасы XIII ғасырдың аяғында – ХІV ғасырдың басында салынғанын көрсетті.
Бірнеше мұнаралары да зерттелінген. Солардың бірі – қақпа мұнарасы. Ол тікбұрышты пішінді, бекіністің қабырғасына тіке орналасқан, дуал сызығынан 4,4 м шығыңқы орналасқан. Мұнара 2 м биіктікте сақталған, оның өлшемі 3,7x3,7 м. Мұнара шикі кірпіштен қаланып, сұрр түсті сазбен сыланған.
XII-XII ғасырларға жататын махаллалар аршылған. Отырар аумағында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қаланың шахристанының үйіндісі аршылды. Отырар мәдениетінің гүлдену кезнің бірі ХІ-ХІІ ғасырлардағы қараханид кезеңі тарихымен тұспа-тұс келеді.
Отырар мешіттері де ғылымда кеңінен белгілі. Қазба жұмысының бірі XIV ғасырда тұрғызылған мешіттің солтүстік бұрышында жүргізілген. Қазбаның жалпы алаңы - 32x18 м, телімнің 576 шаршы метрі аршылған. Қазба кезінде мешіттің солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларының жалғасы анықталған. Қабырғалардың негізгі бөлігі сақталмаған. Қазіргі кезде күйдірілген кірпіштен салынған солтүстік-шығыс қабырғаның (биіктігі 6-7 м) бөлігі сақталған. Солтүстік-батыс қабырғаның қалдықтары екі қатарда ғана сақталыпты. Қазба жұмысын одан әрі жүргізуде қабырғаның жалғасы табылды, бұл мешіт құрылысын тұтастай анықтауға мүмкіндік берді.
Отырар қаласының тұрғындары шахмат ойнаған. Оны қазба кезінде табылған осы шахмат фигуралары нақты көрсетеді.
Керуен жолының торабындағы Отырар үнемі жанданып отырды. Бұл жол көпке мәлім болды. Жібек жолының осы бөлегі XIII ғасырда өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сығанақ, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шаһарлар үстімен жүретін болады. Шауғар VIII ғасыр деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шөйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Қазіргі Түркістан тұрған жерде, Шауғармен қатар X-XIII ғасырларда Ясы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Ясауи сол шаһарда тұрып, діни уағыз-насихатын жүргізген.
Түркістан қаласының іргетасы б.з. І-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Алайда оны одан да бұрын қаланған деп есептейтін ғалымдар да жеткілікті. Қалай болғанда да ол ХІІ ғасырлардағы деректемелерде Ясы атауымен Шауғар округінің орталығы ретінде кездесе бастайды. ХVІ ғасырдан бастап қазіргі атауын иемденеді. ХVІ-ХҮІІ ғасырларда Ясы-Түркістан Қазақ хандығының саяси, экономикалық және мәдени орталығы болды. Ұзақ жылдар бойы хандық астанасы болып тұрды. Қазақтың игі-жақсылары осында жерленді. ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы қаланы құлдыратып жіберді. 1819-1864 жылдары Түркістан Қоқан хандығының қол астына қарады. Сол кезеңде Түркістан қаласының аумағы 70 га-ға жуықтады. Ол балшықтан соғылған қамалмен қоршалды. Қабырғада 12 мұнара мен 4 қақпа болған. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Түркістанда 20 шақты мешіт, 2 медресе және өзге де ірі қоғамдық құрылыстар жұмыс істеп тұрды.
ХІІ ғасырда діни уағыз айтқан Ахмед Ясауи тұрған жер ретінде қала кеңінен танылды. Ахмед Ясауи қайтыс болғаннан кейін Ясы діни-культтық идеологиялық орталыққа айналды, оған жер жаһаннан адамдар ағылып келіп жатты. Бұл уақытқа жататын ертедегі кесененің сыртқы қабаттары ғана сақталған.
Ясы-Түркістан орта ғасырлық қаласы қазіргі Түркістанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.
Қаланың Ясы атауымен ХІІІ ғасырдың басында болғандығын күміс монеталардың олжалары да растайды. Бұл монеталар хорезмшах Мұхаммед ибн Текеш атынан соғылған. Олар Сырдарияның біраз қалалары хорезмшахқа бағыннан кейін 1210, 1216-1218 жылдары осында соғылған болатын. Қаланың Асон атауымен кездесуі армян патшасы І Гетум жазбаларында сақталған. Ол Оңтүстік Қазақстан арқылы ХІІІ ғасыр орта тұсында моңғолдардың ұлы ханы Мөңке бара жатқан сапарында соққан еді. Кейінірек, ХVІ ғасырдағы шығармаларда, Түркістан қаласы «Ясы қамалы», бірде «Түркістан қамалы» атаулар қолданылады.
Ясы-Түркістан қаласы Түркістан аймағындағы басты қалалардың бірі екендігі «Бұхара мейманының жазбалары» атты шығарма қалдырған Фазаллах ибн Рузбихан Исфахани еңбегінде де айтылады. Ол Ясы қаласында тауарлар мен бағалы бұйымдар өнірілетіндігін, мұнда саудагерлер мен саяхатшылар көптеп келетіндігін жазып қалдырған.
Қаланың тарихи дамуы оның планиграфиясын күрделендіріп жіберген. Онда цитадель, дуалдары, махаллалар сақталған. Цитадельден батысқа және оңтүстік-батысқа қарай 23,5 га аумақта қала орналасқан. Бұл жердегі микрорельефте әлі күнге дейін махалла құрылыстарының іздері байқалып қалады. Шахристанның батыс жағында өзеннен келетін үлкен су алабы жасалған. Бұл бөлікте бұрыштарында мұнара орындары бар дуал қалдықтары сақталған.
Қазіргі Түркістан аумағындағы Күлтөбе қаласында қазба жұмыстары кеңінен жүргізілген. Ол ахмед Ясауи кешенінен оңтүстік-шығысқа қарай 300 м жерде орналасқан. Бұл орынды аршыған кезде кейінгі орта ғасырлардан бастап қауыншы мәдениетіне дейінгі уақытты қамтитын мәдени қатпарлар анықталған. Сөйтіп, алынған материалдар қала іргесі б.з.б. І ғасырда және б.з. І ғасырында салынғандығы нақты анықталып отыр.
Жібек жолының трассасы Түркістаннан шыққаннан кейін Сырдарияны бойлай оның бойында орналасқан Сауран, Сығанақ, Жент, Янгикент қалаларына соғатын.
Сауран Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан. Қаланы ХІХ ғасыр екінші жартысында А.К. Гейнс, П.И. Лерх зерттесе, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1967 жылы Жетісу археологиялық экспедицисы (К.A.Ақышев) зерттеді, 2004 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.М.Байпақов) зерттеуде. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қаланың өлшемі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай – 800 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай – 550 м, мәдени қабатының биіктігі 2 м.
Сауран қаласы жазба деректемелерде Х ғасырдан бастап кездеседі. Әл-Мақдиси ол туралы «Сауран (Савран, Сабран) үлкен қала, оны жеті қатар қамал қоршаған, рабады бар, мешіті қаланың ішінде орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтарға қарсы тұрғызылған шекаралық қамал» деп жазған.
ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум Сауранды Савран деген атпен Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харчук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атаған.
Кейіннен қала Сырдарияның оң жағалауымен өтетін керуен жолының бойындағы ірі саяси-экономикалық, мәдени және халықаралық сауда орталығы ретінде белгілі.
ХІV ғасырдағы деректемелерде Сауран Ақ Орданың астанасы болғаны айтылады. Онда Ақ Орда ханы 1320 жылы қайтыс болған Сасы Бұқа жерленген. Оның ұлы Ерзен хан Сауран мен басқа қалаларда мешіт, ханака, медресе тұрғызған. Астаналық орталық рөлін Сауран ұзақ уақыт сақтап тұрған. ХV ғасырдағы Сауран Рузбихан еңбегінде сипатталған. Ол қала көркін, ауасын, табиғатын, қабырғаларын, дуал сыртындағы орларын сипаттап жазып кеткен.
ХVІ ғасырдағы дереккөздерінде сыртында биік дуалы мен айнала қазылған оры бар әсем қала ретінде айтылады. Сол кездегі мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб осы қалада туылған. Ол кейіннен туған қаласына екі кәрізді су жүйесін салған. 1514-1515 жылдары осында тұрған ақын әрі жазушы Васифидің айтуынша, «мұндай кереметті су мен құрлық арқылы әлемді айналып шыққан адамдар да көрмеген» дейді. Бастауын қаладан 7 км жерден алатын кәрізді салуға 200 үнді құлы пайдаланылған. Кәріздің басына бекініс салынып, оның ішіне құдықтар қазылған. Суды шығыр арқылы шығарған. Шығырды өгіздер айналдырған.
Қалада тұрған Васифи мұндағы ерекше құрылыстардың бірі ретінде шайқалып тұратын екі мұнарасы бар медресе туралы «Оның айванының иығына салынған өте биік және аса көрікті екі мұнараның «гүлдастасына» шынжыр байланып, олардың әр күмбезінің астына (кубба) бөрене (чуб) бекітілген, егер біреу күшпен бөренені қозғаса, шынжыр дірілдеп, қарсы мұнарада тұрған адамға мұнара құлап бара жатқандай көрінеді, бұл әлемнің таңғажайып кереметтерінің бірі» деп жазған.
Сауранның ортағасырлық мықты бекіністі қала екендігі туралы көп авторлар жазған.
1598 жылы Сауранды қоршаған әскерлер қорғаныс қабырғасын Бұхарадан алдырған тас атқыш қондырғымен атқылап, қамалдың астын қазып, су жіберген. Сауранда өмір ХVІІІ ғасыр соңына дейін жалғасқан, алайда бұл кезде қала «Түркістан маңындағы кішкене елді мекенге» айналды.
Сауран қаласының жанында, одан шығысқа қарай 3 км жерде Қаратөбе қаласы орналасқан. Ол біздің заманымыздың алғашқы ғасырларынан ХІІ ғасырға дейін мерзімделінеді. Қала топографиясы дамыған ортағасырлық қалаға белгілері бойынша өте жақын, онда цитадель, шахристан мен рабад анық байқалады. Алғашқы кезде Қаратөбе орнында Сауран болған, кейіннен қала қазіргі орнына көшірілген. Қалада жүргізілген қазба жұмыстары екі қаланың бір екендігін айқындап берген.
2004-2006 қазба жүмыстарын жүргізу маусымында Сауран қаласының орталық алаңынан медресе орнын аршылды. Үйінді қабатының астында солтүстік мұнараға келіп қосылатын телім мен медресе құрылыс орнының оңтүстік-батыс бөлігі жатыр, онда 2007 жылы маусымда іздестіру жұмыстары жалғасқан. Медресенің оңтүстік-батыс бөлігіндегі қазбаның алаңы 206 шаршы метрді құрайды. Үйіндінің астында 7 құжыра және медресенің оңтүстік-батыс қанатының дәлізі көміліп қалған. Оны тазалау кезінде күйдірілген кірпіш сылақ бөліктері және төбе жабынының бөлшектері кездесті. Құрылымдардың сақталуы өте нашар, өйткені ғимарат кірпіштері құрылыс салуға бұзылып алынған. Бөлме-жайды бөлетін кейбір қабырғалар түбіне шейін бұзылған. Олардың орналасқан жерін еден іздері нақты көрсетеді. Бөлме-жайдың өлшемі 3,20x2,75 м. Бөлме-жайлар мен дәліз солтүстік-шығыс қанатқа қарама-қарсы бөлме-жайларға қатаң симметриялық түрде орналасқан. Тар дәліздің жанында көшеге шығатын есік бар. Өтетін жердің ені - 85 см, барлық бөлме-жайларда кіреберісте әртүрлі деңгейде сақталған тереңдетілген ташнау алаңы, ошақ-сандалдар болғаны айқындалды. Жақсы сақталған бөлме-жайларда да оңтүстік бұрыштан пештер табылды. Пештердің аузы ташнауы бар алаңға қаратылған. Түтін жолдары бөлмеге тікесінен орнатылған құдық арқылы жүргізілген.
Медресеге кірер жердің солтүстігіндегі үйінділерді тазалау кезінде солтүстік мұнараның негізі табылды. Қазба жүмыстары нәтижесінде цокольдің үстінен шығатын мұнара негізінің төрт жоғарғы қатары анықталды. Цокольдің астында биіктігі 1 м 11 қатар кірпіш өрілген. Мұнара негізінің диаметрі шамамен 3,3 м. Мұнараның төменгі бөлігі доға күйінде қаспеттік қабырғадан шығады. Екінші бөлігі қаспеттік қабырғаға орнатылған және портал тұтас қалауымен өрілген. Мұнараның сұлбасы төбеге дейін жеткен, ал одан кейін бұранда баспалдақ көтерілген.
Қала құрылыстарына сазға күл (қыр) қосылып, құйылған күйдірілген кірпіштер пайдаланылған. Олардың көлемі 23-25x23-25x5-6 см. Бірқатар құрылыстар осындай кірпішпен тұтастай қаланып шыққан.
Орталық үйіндіден 1400-1600 м радиуста жекелеген қоныс-жай (усадьба) қалдықтары көптеп кездеседі. Әрбір қоныс-жай үйден, телімнен және қоршалған дуалдар тұрады. Телімдерде бау-бақша өсірілген.
Қоныс-жайлардың өлшемдері әрқилы. Ең ірілері 150х110 м; 180х90 м және де 1,5-1,8 га аумақты алып жатыр. Орташа қоныс-жай ауданы 1 га шамасында, ал ұсақ қоныс-жайлар 0,5 га. Алдын-ала есептеулер бойынша Саураннан 350-дей қоныс-жай анықталған.
Алынған материалдар (керамика, монета) Сауран маңындағы қоныс-жайлардың ХІІІ-ХІV ғасырларға және ХV-ХVІІІ ғасырларға жататындығын дәлелдейді.
Сауран кәріздер арқылы суғарылғандығы жоғарыда айтылды. Оны іздестіру кезінде (аэрофототүсірілім және көзбен жобалап қарау) диаметрі 5 м, аралары 12-15 м құдық орындары Міртөбе қаласы маңынан анықталған.
Сауран қаласы қазіргі күні сақталып қалған биік қабырғаларының бөліктерімен бірге, сондай-ақ қала махалласы мен кәріздері, көне егістік телімдері бойынша Қазақстанның баға жетпес археологиялық және архитектуралық ескерткіші болып табылады.
Сырдария өңіріндегі келесі ірі қала – Сығанақ.
Сығанақ жайлы алғашқы дерек Х ғасырдағы «Худуд әл-Алам» шығармасында кездеседі. Сығанақ үшін қыпшақтар хорезмшах мелекетімен ұзақ уақыт күрескен. Кейіннен Сығанақ өңірі хорезмшахқа бағынады. 1219 жылы Сығанақ жеті тәулік бойы Шыңғысхан әскерлеріне төтеп береді. Сығанақты Жошы бастаған моңғол-түрік әскерлері басып алып, қарсылық көрсеткені үшін қала халқы қырып тастайды. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қала қайтадан жанданады. Мұнда монета соғатын сарай жұмыс істеді, құрылыс қарқынды дамыды. ХІІІ ғасырда Сығанақ армян патшасы Гетум жазбаларында аталады. ХІV ғасыр екінші жартысында қала Ақ Орда астанасы болады. Мұнда өз астанасын Әбілхайыр хан да көшіріп әкелген. Қала жайлы шәйбанидтік деректемелер мол мағлұмат береді. Онда қазақ хандары мен шәйбанидтер арасындағы соғыстармен қатар, Сырдария бойындағы қолдан-қолға өтіп отырған қалалар тағдыры кеңінен баяндалынады. Мұндай қалалар арасында Сығанақ та болған еді.
ХVІ-ХVІІ ғасырларда Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі қала болып тұрды. Біршама уақыт жаңадан құрылған Қазақ хандығының астанасы да болған еді. Оның базарларында 500 түйеге артылған тауарлар бір күнде сатылып отырды; айналасындағы халық егіншілікпен де айналысты. Сырдариядан Ордакент, Қызылтал, Бозғылаяқ, Төменарық, т.б. каналдар тартып, жерді суландырды. Осы кездері сығанақты «Дешті Қыпшақ гаваны» деген де болатын. ХVІ ғасыр тарихшысы Рузбихан қала жайында мол мағлұматтар қалдырған. Ол қаланың бұрын көркейіп тұрғандығын, ірі құрылыстарымен және өңделген егістік алқаптарымен қоршалып жатқандығын, сан алуан тағам өнімдерін шығарғандығын, қазақ халқының сауда пункті болғандығын айтқан.
Сығанақ қирандылары Төменарық темір жол стансасының маңында. 2003 жылдан бастап мұнда археологтар (С.Жолдасбаев, Б.Нұрханов, т.б.) қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі таңда мешіт пен кесенелер аршылған. Қала орнындағы зерттеу жұмыстары алғаш реті ХІХ ғасырда басталған. 1867 жылы оның орнын П.И.Лерх көрген. 1906-1907 жылдары И.А.Кастанье, 1927-1928 жылдары А.Ю.Якубовский, 1947 жылы А.Н.Бернштам зерттеу-барлау жұмыстарын ұйымдастырған. Қаланың қазіргі орны Сунақата деп аталады. Ол 10 га жерді алып жатыр. Жоспары бес бұрышты төбе. Қазба барысында ҮІ-ХҮІІІ ғасырлар аралығындағы уақытқа жататын тұрмыстық-шаруашылық бұйымдар жинастырылған. Олардың барлығы қала өмірінің басты деректік негізін құрайды.
Сығанақтан шыққан жол оғыздар астанасы – Янгикентке қарай тартатын. Жанкент (Янгикент) қаласы да соңғы жылдары қазыла бастады. Зерттеу қаланың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан цитадельде жүргізілді. Ескерткіштің сыртқы түрі және параметрлері С.П. Толстовтың сипаттамасы мен жобасына сәйкес келеді. Ол өткен ғасырдың ортасында қалада зерттеулер жүргізген және оның аэрофото суреттерін алған болатын. Қала-жұртының өлшемі 100x100 м, жобасы шаршы пішіндес. Бүгінде жайылып, үйінді тәрізді пішінге айналған қабырғаның биіктігі 7-8 м. Төрт қабырғаның әрқайсында кішігірім жайылған төмпешік түрінде мұнараның орындары сақталған. Қазба ішкі секторда, солтүстік-шығыс бұрышта атқарылған. Қазба барысында кірпіш бөліктері, керамика сынықтары, ғұрыптық кешен қалдықтары, т.б. материалдар алынған. Бұл материалдар Янгикент қаласының алыс-жақын елдермен кең түрде байланысқа түскендігін айғақтайды.
Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге, Үргенішке баратын. Әуелі, Шауғардан, кейінірек Ясыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутухчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін.
Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі қалалар да ғылыми әдебиеттерде кеңінен белгілі. Олардың көпшілігі ортағасырлық өз атауларын сақтап қалған; мәселен, Созақ – Созақ, Құмкент – Құмкент. Ал Сүгілкент – Саудакент, Ұрысоған – Қарасауын.