Қазақстан археологиясы



бет34/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Кент қонысы. Қола дәуіріндегі, беғазы-дәндібай мәдениетіндегі қызықты ескерткіштердің бірі Кент қонысы болып табылады. Оны В.В.Варфоломеев бастаған археологтар ұжымы зерттеген. Бұл қоныс Қарағандыдан оңтүстік-шығысқа қарай 220 км жердегі Кент тауларындағы мәдени шағын ауданның орталығы. Негізгі су көзі – Қызылкеніш өзені. Мұнда кейінгі қола дәуірінің 12 қонысы мен 10 қорымы шоғырланған.
Кейінгі уақыттардағы құрылыстар аумағы қамтыған мәдени қабат алаңы 150 000 шаршы метрді қамтиды. Бұл қазіргі кездегі Қазақстандағы ең үлкен қоныс. Кентпен бірге жақын маңдағы өзеннің сол жағалауындағы Алат, Алат-1-2 қоныстары да бір мезгілде өмір сүргендігі анық. Кент пен осы үш қонысты Қызылкеніш өзені бөліп тұрған. Бұлай болғанда аталған төрт қоныс ауданы 300 шаршы метрді, ал құрылыстар саны 130-ды құрағаны анық. Қызылкеніш алабындағы құрылыстардың жалпы саны – 167. Барлық үй орындарының бір мезгілде өмір сүре қоюы неғыбайыл. Шартты түрде алғанда, аңғардағы 100 баспанада ғана адамдар өмір сүрген. Әрбір үйді бір отбасы мекендеді. Олар 12-14 адамнан тұратын түрлі отбасылар болса керек.
Шаруашылық мал өсіру мен егіншілік сынды кешенді сипатта болды. Орталық Қазақстан далаларындағы егін өсіру жанама айғақтарға негізделген: қоныстар өзен жайылмасында орналасқан, қазба барысында қоладан жасалған орақ-шалғылар, ладья секілді курантты дәнүккіштер, тас келсаптар мен кетпендер алынған. Кенттен бір тас кетпен табылған. Тамаққа деген қажеттілік түгелімен жоғары қарқынды мал шаруашылығы, сондай-ақ мал өнімдерін егіншілік өнімдеріне айырбастау арқылы қанағаттандырылған.
Кент тауларын мекендеушілер, бүкіл Сарыарқада тіршілік еткен тайпаластары секілді ірі қара, қой мен жылқы өсірді.
Қарақұйрық, марал, құлан, қабан, қасқыр, бұлан, қарсақ, архар, ірі құстарды да аулады. Үй малдарының ішіндегі саны аз жануар түйе болды.
Кент тауларындағы беғазы-дәндібайлықтарда жылқы мен қойдың үлес салмағының ұлғаюы мал шаруашылығының жылжымалы бола бастағандығын аңғартады. Бұл енді андроновтықтардағы бақташылық емес еді. Ол жартылай көшпелі шаруашылық болды. Бірнеше шағын кенттерден тұратын шағын ауданның орталығы Кент қонысы еді. Оның орталықтық жай-күйі, өлшемдері, баспаналар саны мен өзге де кейбір параметрлері оны ірі елді-мекен ретінде ғана емес, жаңадан қалыптасып келе жатқан қала ретінде сипаттауға да мүмкіндік береді.
Ежелгі қоныстардың қалалық статусы бірқатар археологиялық белгілері бойынша анықталынады: 1 – ауданы; 2 – тұрғындар саны; 3 – монументтік (храмдық) архитектурасы; 4 – ауыл шаруашылық округтері; 5 – қолөнер өнімдері; 6 – айырбас; 7 - әлеуметтік стратификация.
Әдетте бұл қала формуласы археологиялық зерттеулерде абсолютті емес.
Қола дәуіріндегі Сарыарқа мал өсірушілерінің кенттері аса үлкен емес, олар 0,1-2 га шамасында. Өте ірі елді-мекендердің пайда болуы олардың рөлі ерекше болғандығын көрсетеді.
Кент қонысынан қоғамдық мәні бар құрылыс деуге лайық «Үлкен қоршау» деп аталатын кешен зерттелген. Ол жоспары бойынша тікбұрышты болып келген, ұзындығы бойынша СБ – ОШ бағытта.
Қалпына келтірілген «Үлкен қоршаудың» биіктігі 1 м шамасында. «Үлкен қоршау» қоғамдық салтанаттарды, сонымен қатар ғұрыптық жоралғыларды өткізуге арналса керек.
Қазба барысында 100-ден астам бүтін қола бұйымдары табылған.
Сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдар өте көп. Қолданбалы өнердің мұндағы тамаша үлгілерін кәсіби сүйекшілер дайындау әбден ықтимал.
Кент қонысынан алыс жатқан өңірлердің тұрғындарымен өзара қарым-қатынас орнағандығын айғақтайтын мол мағлұматтар алынған.
Кент қоныстарындағы қыш құмыралар арасынан ортаазиялық кейінгі уақыттағы Намазга-6 шарық ыдыстары, сондай-ақ қарасұқ, елов, түгіскен ыдыстары да табылған.
Қызылкент аңғарындағы 10 қорымнан 240 бейіт құрылыстары анықталған. 60-тан астам конструкциялар қазылған. Құрылыстар арасында гранит тастары жалпағынан бір қабат (І тип) етіп қойылған (бірнеше қабаты өте сирек ұшырасады) шаршы секілді келген қоршаулар басым. Қоршау ішінде тігінен орнатылған плиталардан тұратын тікбұрышты немесе шаршыға ұқсас жәшік орналасқан. Мүрде жер бетіне (материк), үстіне немесе одан 5-10 см төмен деңгейде қойылған. Мұндай қоршаулардың өлшемдері 1,2х1,4 м-ден, 4,0х4,1 м, ал жәшіктерінің өлшемдері 0,6х0,8 м-ден 1,4х1,6 м-ге дейін барады.
ІІ типтегі құрылыстар үлкен көлемділігімен ерекшеленеді (қоршаулар 9,0х8,5 м-ге дейін, тас жәшіктер 2,7х3,0 м-ге шейін); қабырғаларының қаландысы көп қабатты; мола қабырғасы жанында құрылыс ерітіндісін жасауға арналған аса терең емес шұңқырлары кездеседі; жерлеу қабірінде қыш ыдыстардың үлес салмағы ұлғая бастаған. ІІ типтегі құрылыстар өз уақытында кесене атауын иемденген және де Ә.Х.Марғұланның Беғазы, Бұғылы-3, Саңғыру-1, Айбас-Дарасы, Дәндібай некропольдерін қазуы барысында кеңінен танымал болған. Кесенелерге жоғарғы әлеуметтік деңгейдегі адамдардың жерленгендігі ешқандай күмән туғызбайды. Кейбір осы аталған кесенелерден ондаған қыш құмыралар, алтын бұйымдар, қола заттар молынан шыққан.
Осындай кесенелерге жерленген көсемдердің тұрғылықты жері қыста Кент секілді қоныстар болды, ал жазда далалық тұрақтар болған еді. Көсемдер әскери отрядтар мен сауда керуендерін жасақтады, жылқыны алысқа пайдалана отырып, экспедициялар ұйымдастырды.
Кент тұрғындарының басты экспорт көзі металл болған деуге болады. Оның өндірісі мен таралуын жергілікті элита өкілдері бақылап отырды. Бұл жағдай кен көздері мол Орталық Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі археологиялық кешендерден де анық байқалады. Жергілікті кәсіпшілер өз өнімдерін малға, мал өнімдеріне айырбастаса керек.
Бұл дала ақсүйектерінің әлеуметтік жай-күйі мал санының артуына байланысты күшейді, оған олар бақылауын орнатқан кең ауқымды металлургиялық өндіріс те өз септігін тигізді. Нәтижесінде қоғам мүшелері арасында мүліктік қатынастар күшейе түседі. Осы кездері мемлекетік құрылымның қалыптасу үрдістері жүріп жатты.
Шығыс Сарыарқа аумағында Кентке ұқсас бірнеше бірлестіктер болғаны анық. Олардың бірқатарын Мыржық, Шортандыбұлақ, Бұғылы-2, Беғазы-1 төңірегіне локализациялауға болады. Бұл ескерткіштер Кентке уақытына сәйкес және де аумағы бойынша оған өте жақын келеді, әрі сүйектен жасалған олжалары мен металл бұйымдары мол. Олардың төңірегіне қоныстар мен қорымдар көптеп шоғырланған. ІІ типтегі құрылыстар, яғни кесенелер де жеткілікті.
Мұнда да мемлекеттіліктің қалыптасуына байланысты үрдістер де жүріп жатқан болатын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет