Қазақстан археологиясы



бет62/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Баланды-1 – жоспары тікбұрышты бекініс (80х130 м), ол кейбір жерлерінде биіктігі 3 м-ге дейін жететін шикі кірпіш қабырғамен қоршалған. Бұрыштары мен ұзын қабырғаларын бойында оқ атуға арналған орындары бар жартылай дөңгелек мұнаралар тұрғызылған. Бекініске кіретін есік солтүстік-батыс қабырғада болған секілді. Ескерткіште шағын барлау қазбалары жүргізілген, алынған нәтижелер Баланды-1 «үлкен бекіністі үй» деп қорытындылауға мүмкіндік берді, оның кешенінде түрлі-түсті сылақпен әшекейленген салтанат залдары анықталған.
Керамикалық материалдарына қарағанда ескерткіш шірік-рабат мәдениетінің екінші кезеңіне жатады.
Шірік-Рабат қаласында орналасқан үлкен обалардың бірі толығымен қазылған. Оның үйіндісінің (диаметрі 60 м, биіктігі 3,5 м) астындағы материктік топырақтан үлкен, шаршы секілді (7,5х7,2 м, тереңдігі 2,5 м) жерлеу камерасы табылған, оның оңтүстік жағындағы дәліз-дромосы ұзын (16,5 м) әрі тар (0,9 м). Алты тік текпішектер арқылы түсетін дромос түбі камера түбінен 0,5 м биік. Құрылыстың барлық қабырғалары балшықпен жұқа етіп сыланып, әктелген. Дромос пен жерлеу камерасы алты қабат қамыс төсенішпен жабылған. Оба ежелгі заманда-ақ тоналғандықтан, адам сүйегі сақталмаған. Құрал-саймандар арасынан сақталғандары – екі құмыраның бөлшектері, алтыннан жасалған кішкентай бір бұйым, ұңғылы үш қанатты қола жебе ұшы мен жүзі енді, сабы жалпақ (сірә, көбелек айқыштамалы (балдақты) және ұштығы сопақша) темір семсер (ұзындығы 85 см).
Обалардағы қатардағы қабірлер қоныстың сыртында орналасса керек, алайда олардың топырақ үйінділері сақталмаған. Бұған сірә, Баланды-4 қорымынан қазылған қабір айғақ бола алады. Қабірдің өзі қатты шайылып кеткен. Қабір шұңқырының 40 см-дегі тек төменгі бөлігі ғана сақталған, ол сопақша келген (5,3х3,8 м), оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Қабір шұңқырының оңтүстік қабырғаынан текпішек іздері сақталған, ол сірә дромостың текпішектері болған. Шұңқырдан бастары оңтүстік-шығысқа бағытталған жеті мүрде табылған. Барлығы аяқ-қолдары созыла шалқасынан жатқызылған, тек бір мүрденің ғана аяқтары ромб түрінде кездескен. Қабір құрал-саймандары 11 қыш ыдыстан, темір қанжардан, қоладан жасалған ұңғылы үш қалақты жебе ұштарынан, спираль тәрізді қола сақинадан, шыны моншақтар мен алқадан тұрады. 11 ыдыстың тек екеуі ғана шарықта дайындалған.
Тағы бір топырақ қабатынан жасалған қабір құрылысы Бәбіш-Молда-2 ескерткішінен солтүстікке қарай 800 м-ден қазылған. Ол, шағын табиғи төбешікке (қазіргі тақыр деңгейінен 2,7 м биік) орналасқан, жоспары шаршы түріндегі алаңқай (5,5х5,5 м), шеттері текпішек секілді. Алаңқай бұрыштары әлемнің төрт тарапына бағытталған.
Жоғарғы текпішектерден (ені 70-75 см)алаңқай бұрыштары жанынан және орта тұсынан сақталып қалған алты ірі көзе тәрізді ыдыстар шыққан, олар ашық отқа күйдірілген, ішінде жас балалардың сүйектері болған. Екінші текпішектен шұңқырға жерленген үш мүрденің қалдықтары анықталған. Алаңқайдан 1,5 м солтүстік-батыста жатқан бірінші қабірге ересек адам жерленген, оның басы оңтүстік-батысқа қаратылып, аяқ-қолдары бүгіліп қойылған. Ал алаңқайдан 70-75 см жатқан екі қабірдің бірі ересек адамға, екіншісі жасөспірім балаға тиесілі. Екі мүрде де арқасымен жатқызылған, бірінің басы солтүстік-батысқа, келесісінің басы оңтүстік-шығысқа бағытталған. Жас жеткіншектің бас жағынан қызыл балшықтан дайындалған құмыра секілді қыш ыдыс алынған. Орды аршыған кезде екі ұңғылы үш қалақты қола жебе ұштары, тастан дайындалған заттың бөлшектері шыққан.
Шірік-рабат мәдениетінің екінші топтағы қабірлері жер бетіне тұрғызылған кесенелер болып табылады. Мұндай құрылыстардың жиырмадан астамы белгілі. Олар бір-бірінен және қоныстарды 0,5-10 км қашықтықта орналасқан.
Сыртқы түріне қарап, оларды екі түрге бөлуге болады: жоспары – шаршы және дөңгелек.
Бәбіш-Молда-2 құрылысы өлшемдері 21х21 м, биіктігі 7 м-ге жететін монументтік қабір ғимараты болып табылады. Негізіндегі цоколь (30х30 м, биіктігі 3,5 м) алты қатар пахса блоктарынан тұрады. Ғимараттың жоспары симметриялы – жалғасқан екі күмбезді дәліз күмбезделіп жабылған жерлеу камерасының бұрыштарын шектейді. Дәліздің бүйірінде айуан (айван) түріндегі бөлмелер орналасқан, олар аркалы өтетін дәліздермен жалғасқан және өз кезегінде айналмалы дәлізге қарай ашылады, ал оның іздері ескерткіштің солтүстік беткейінен табылған. Бөлменің қабырғалары алебастрмен сыланған. «Мүрдені шығарып қою салты» еденде немесе сыпада жүзеге асқан, бәлкім қабір зембілдері мен тақтайша үстелдерге де атқарылған болар. Қайтыс болған адамджардың жанына құрал-саймандар молынан қойылған. Тіпті тоналғаннан кейін де алтын тоғалар, сырғалар, моншақтар (алтыннан және асыл тастардан дайындалған) қалған. Кесенеден табылған керамикалық кешендердің қаладан және оның екінші (ішінара бірінші де) құрылыс кезеңінен шыққан қыш ыдыстарға ұқсастығы аңғарылады. Кесене керамикаларының арасынан балшықтан дайындалған оссуарийдің немесе білік жапсырылған табыттың бірнеше бөлшектері де кездескен.
Дөңгелек қабір құрылыстарының ішіндегі ең ерте кезге жататыны Шірік-Рабат қаласының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі ғимарат (диаметрі 38,5 м, сақталған биіктігі 8,5 м) болып табылады. Оның ішкі кеңістігі ортасында кесіп өтетін екі қабырғасы (қалыңдығы 3 м) бар төрт шаршы (әрқайсысы 5,9х5,9 м) бөлікке бөлінген. Солтүстік бөлмелері дараланғанымен, оңтүстік дәліз арқылы жалғасқан. Оңтүстік-шығыс бөлмеге оңтүстік жақтан кіретін 10 метрлік дәліз жалғасқан. Қалың сыртқы қабырғадан 7,25 м биіктіктен жоспары шаршы түрінде кішкене дәліз (ені 0,5 м) өткен, оның әрбір жағынан екі тікбұрышты ұңғыма (4х1,3 м) арқылы шағын камераларға өтетін тарлау орын жасалған. Ғимараттың астынан шағын цоколь соғылған, бөлме едендеріне кірпіш қаландысы төселген, ал кіретін тар дәлізге пандус істелінген. Қабырғаны бойлай кең әрі биік сыпалар созылып орналасқан, оларға қайтыс болған адамдардың денесі мен құрал-саймандар қойылған. Одан кейін мүрдені өртеу ғұрпы жүзеге асырылған.
Жоспары дөңгелек кесенелердің (диаметрі 15-20 м) басым бөлігі пахса блоктары мен тік бұрышты шикі кірпіштерден (негізгі стандарты 50х30х12 см) тұрғызылған, және де қазіргі жер бетінен 3-5,5 м биіктігін сақтап қалған.
Кесенелерді зерттеу, олардың басым бөлігінің ішінен қайта-қайта құрылыс жасалғандығын көрсетіп берді, олардың барлығы бірнеше рет өлікті жерлеу үшін пайдаланылды, сондай-ақ бір кесененің өзінде кремация да жасалды, ағаш табыттарға, зембілдерге мүрдені қойып жерлеу де жүзеге асқан болатын.
Жоспары дөңгелек қабір құрылыстарының арасынан күмбезді Баланды-2 кесенесі (диаметрі 16 м, сақталған биіктігі 4,5 м) де айрықша көзге түседі. Оған кіретін есік ғимараттың оңтүстік бөлігінде орналасты және ол аркамен жабылған портал түрінде болды. Орталық дөңгелек бөлме (диаметрі 5,5 м) жалған күмбезбен жабылған. Ғимарат сырты үш бұрыш «күректермен» өңделген. Кесене ілкі замандарда тоналған, сондықтан да тек қабір құрал-саймандарының тек қалдықтары, соның ішінде керамикалық кешендер мен ағаш табыт пен зембілдердің бөлшектері ғана сақталған.
Шірік-рабат мәдеиетінің кесенелерін зерттеу, олардың арасындағы ең ерте кезеңге жататындары алғашқыда өртелген айналмалы дәліздері барлары деп санауға мүмкіндік береді.
Шірік-рабат мәдениетінің жалпы мерзімі б.з.б. ІV-ІІ ғасырларды қамтиды.
Сармат мәдениетінің (әсіресе аумағы жағынан жақын жатқан Оңтүстік Орал маңындағы ескерткіштерді алып қарастырғанда) материалдарындағы қару-жарақтардың ұқсастықтарына қарағанда, шірік-рабат мәдениеті б.з.б. V-ІV ғасырлар шебінде басталуы да ықтимал.
Шірік-рабат мәдениетіне жататын археологиялық нысандардан сан алуан керамика алынып, зерттелінген. Олар: көзе, қазандық, тостаған, табақша, т.б. Цилиндрлі су ағары бар көзелерді де ерекше айта кетуге болады. Қазандық секілді ыдыстар басқаларына қарағанда өте сирек ұшырасады. Қыш ыдыстардың кең таралғандарының бірі жұмыртқа тәріздес көзелер еді. Жапсырылып істелінген ыдыстардың бір бөлігі ою-өрнекпен сәнделінген. Қызыл және қызыл-қоңыр ангоб жағу да кеңінен орын алған. Шірік-рабат мәдениетіне тән қыш ыдыстардың бір бөлігі Орта Азия аудандарындағы (Ежелгі Парфия, Соғды) керамикалармен де үндеседі. Бұл ұқсастық көне байланыстардың түбі кейінгі ахеменидтер кезеңінде бір орталықтан (бәлкім, Парфия немесе Бактрия аумағанан) таралғандығын да аңғартатын сияқты.
Табылған қару-жарақтар өте аз, себебі қатардағы кесенелерде олар тіптен жоқ, ал бай кесенелер өз заманында-ақ тоналып кеткен. Әйтсе де ең көп ұшырасатындары – жебе ұштары. Әсіресе төлкесі шығыңқы және жасырынған үш қалақты және үш қырлы жебелер көп кездеседі.
Шірік-Рабат қаласындағы обадан табылған жалғыз семсер б.з.б. V-ІV ғасырлармен мерзімделген.
Сақталуы нашар бір қанжар пластиналы темір сауыт бөлшектерімен бірге Шірік-Рабаттағы дөңгелек қабір ғимаратынан табылған.
Ат әбзелдерінен тек бір бүтін екі тесікті мүйіз сулық қана ұшырасқан.
Бәбіш-Молда-2, Шірік-3 кесенелерінен, Шірік-Рабаттың дөңгелек және шаршы пішінді кесенелерінен әшекей бұйымдары көптеп табылған. Бұл ескерткіштерден алтыннан, күмістен және қоладан жасалған тоғалар, сырғалар, алқалар, сақиналар, қоңыраулар мен ахемендік халцедон мөрі аршып алынған. Әсіресе шыныдан, алтыннан, тастан (яшма, гагат, сердолик, янтарь, ляпис-лазурь, халцедон) дайындалған моншақтар сан алуандығымен ерекшелінеді.
Сән үшін бояу жағатын заттар кешені (сүйектен және қоладан жасалған қасықтар, шағын ыдыстар, т.б.) де табылған. Өрнектелген сүйек пластиналар да ұшырасады. Піл сүйегінен дайындалған ойықшалардың бірінде көк паста болған. Сүйектен дайындалған бөлшектер сәндік сандықшалар қабырғасын әшекейлеп тұрған.
Шірік-рабат мәдениетін қалдырған тұрғындырды жазба дереккөздері бойынша белгілі бір тайпамен немесе халықпен етене жақындастырудың маңызы ескерткіштердің тек географиялық орналасуынан ғана емес, сонымен бірге оларды зерделеу негізіндегі бірқатар пайымдаулардың жасалуынан да туындайды. Біріншіден, шірік-рабат археологиялық кешенінің Сырдария төменгі ағысындағы (Ұйғарақ, Оңтүстік Түгіскен) сақтар мәдениетінен бастау алуы, кем дегенде, б.з.б. ҮІІ ғасырдан б.з.б. ІІ ғасырға дейін осы аумақтағы тұрғындардың этникалық біртұтастығын жорамалдауға жетелейді. Екіншіден, шірік-рабат мәдениетінің кешендерін дай (дах) тайпаларымен немесе С.П.Толстов пікірінше, апасиактармен байланыстыруға ұсыныс жасауға толық негіз бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет