Қазақстан археологиясы


Шипов мәдениеті (б.з. ІІ-VІ ғасырлары)



бет78/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   74   75   76   77   78   79   80   81   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Шипов мәдениеті (б.з. ІІ-VІ ғасырлары). Аталмыш археологиялық мәдениетті зерттеуге әр кездері Б.Н.Граков, К.Ф.Смирнов, А.Х.Пшеничнюк, М.Г.Мошкова, А.С.Скрипкин, С.Ю.Гуцалов, т.б. археологтар мол үлес қосты. Бұл мәдениет б.з. ІІ-ІV ғасырларында Еуразияны бірнеше рет дүр сілкіндірген «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезеңімен тығыз байланысты. Қазақстан мен далалы Орал маңы осы кездері хунну (ғұн) мәдени ықпалына түседі. Бұл көшпенді тайпалар шығыстан батысқа қарай жылжыған кезде мәдениет пен этникалық тарихқа да жаңа леп әкелген болатын. Мұнда археологиялық материалдар көрсеткендей, жергілікті сармат және алан тайпаларының ықпалымен жаңа ғұрыптар қалыптасты. Осы кезеңмен көне тайпалар физикалық кейпінде моңғолоидтық элементтердің таралуы да байланысты болған еді.
Сыртқы ықпалдардың әсерінен осы кездері жерлеу ғұрпы да өзгереді. Егер жүзжылдықтарға созылған жерлеу ғұрыпында азап батысқа не шығысқа қарай ауытқыған оңтүстік бағыт үстем болса, біздің заманымыздың бас кезінде, ІІ-ІV ғасырларда солтүстік немесе солтүстік-батыс бағыт үстемдік құра бастайды.
Көшпелілердің мүрделері оба астына қойылды. Көп жағдайда обалар топырақтан тұрғызылды. Олардың орташа диаметрі 8-20 м, негізгі бөлігінің диаметрі 8-15 м болды. Биіктігі 0,15-1,0 м аралығында. Оңтүстік Орал маңындағы қорымдардан (Лебедевка, Магнитный, Атпа, Басшилі) батыстан шығысқа қарай бағытталған ұзын үйінділер, яғни екі ұшында оба тәрізді үйіндісі бар (гантель секілді) ескерткіштер де анықталған. Сонымен қатар жерлеу ескерткіштерінің жаңа түрі – оңтүстік жақтан кіретін есігі бар тікбұрышты және шаршы түріндегі топырақ сағаналар жасалынды. Бұл сағанлардың орталық бөлігінде немесе оңтүстік-батыс бұрышына кейінгі сармат стандарттары бойынша мүрделер жерленген.
Біршама таралғандарының қатарына тар үңіме шұңқыр, топырақ қабатынан қазылған тар шұңқыр және кең шұңқырлар да жатады деуге болады.
Молалардың басым бөлігінде бір адам жерленді, одан көбірек адам саны өте сирек ұшырасады. Молаға күкірт пен шақпақ тас жаңқаларын қою ғұрпы да кеңінен таралды. Мал сүйегін қою алдыңғы дәуірлерге қарағанда біршама азая түседі.
Мүрде жанына қыш ыдыстарын қою бұрынғыдай сақталынады. Кең таралған өрнек – кертпе түсіру мен мойын тұсын сызу. Ою-өрнек салудың жаңа түрі қалыптасады, ендігі жерде дөңгелек және аздап шығыңқы жапсырмалар симметриялы түрде орналасады. Оңтүстік Орал маңындағы қолдан жапсырылған ыдыстардың денесі жұмыртқа тәрізді, өзі биік, әдетте иық тұсы бірден айқын, мойыны қайырылып немесе тік болып келеді. Сонымен қатар керамика жиынтығына қазандық секілді көзелер жаңадан келіп қосылды. Құмыралар батыстық үлгіде жасалынды. Саптыаяқтар мен құмыралардың ұстағыштарына зооморфтық бейне түсірілді.
Қаңқалардағы деформацияланған сүйектер де бұл кезеңде жиі табылған болатын (Мамай қорымы, №2, 4, 5, 7, 8; Барбастау-3 қорымы, №3, 14 обалар, т.б.). Кейінгі сармат қабірлерінен алынған құрал-саймандар сарматтық ескерткіштерден алынған заттардан өзгешерек. Ерекшелік осы жоғарыда айтылған керамикадан да қатты байқалады. Айта кететін бір жайт, ендігі жерде ыдыстар қарая жалтыратылды, ал құмыра секілді ыдыстарда ернеуі мен шар тәрізді денесінің жоғарғы бөлігін жалғастырып тұрған Г-тәрізді тік ұстағыштар жасалды. Қазандық тәрізді ыдыстар пайда бола бастады.
Кейінгі сарматтардың қабірлерінен Қара теңіздің солтүстік өңірлерінен әкелінген ыдыстар да кездеседі. Бұлар қызыл балшықтан дайындалған шүмекті құмыралар мен миниатюралы амфоралар еді.
Шығыста өндірілген, жетіасар мәдениетіне тән ыдыстар да ұшырасады. Қара теңіздің солтүстік жағалауларынан әкелінген шаршы, ромб және сопақша пішіндегі қалқаншалы түйреуіштер кейінгі сарматтар қабірінен кездесетін әдетті жағдай еді. Алайда қыш құмыраларда хорезмдік дәстүр кеңінен байқалып қалады.
Ер адамдардың қабірінен әдетте қару-жарақ пен еңбек құралдары алынады. Қару-жарақтар алдыңғы уақыттардағыдан өзгеше. Айталық, семсерлердің ұзындығы 1 м-ге дейін жетті. Олардың барлығы екі жүзді. Найза өте сирек кездеседі. Жебе ұштары алынатын қабірлер саны да азая түскен. Ал жебе ұшы мол салынған қорамсақтардың кездесуі өте сирек, тіптен жоқтың қасы. Молалардан 3-15 дана жебе ұштары алынады. Сірә, ғұн типіндегі күрделі садақтың шығуынан болар, олардың барлығының көлемі ұлғая бастаған.
Ат әбзелдері алынатын қабірлердің де саны арта түседі. Біздің заманымыздың бірінші ғасырынан бастап, әсіресе ІІ-ІІІ ғасырларда атты әскерлердің қабірінен қамшылар көптеп шыға бастайды. Бізге жеткен бөліктері көбіне металл бөлшектері мен ағаш сабының бөліктері ғана. Лебедев қорымындағы кейінгі сармат уақытына жататын обалардан балта, ожау, т.б. тұрмыстық заттар алынған.
Әйел адамдардың қабірінен алынатын әшекейлер, еңбек құралдары мен сәндік заттар, бойтұмарлар да ерекше танытады. Әсіресе кішкентай қола айна-алқалар (диаметрі 4,5-5 см) көп, сонымен қатар түйреуіштер мен түрлі тастан дайындалған (сердолик, янтарь, тау хрусталі, халцедон, т.б.) моншақтар, сырғалар мен жүзіктер, түтіндеткіштер, металл қоңыраулар, т.б. заттар алынады. Полихромдық стильде жасалынған әшекейлер көптеп табылған.
Сипатталған қабір құрал-саймандары кейінгі сарматтар батыс пен шығыс арасындағы саудада белсенді түрде делдалдық жасағандағын толық айғақтайды. Келесі кезекте нақты қабірлерге тоқталып өтелік...
Мамай-1 қорымындағы №12 оба мола алаңқайының орта тұсында орналасқан, оның диаметрі 4 м, биіктігі 0,2 м.
Қабір шұңқырының ұзындығы 2,2 м, ені 1 м, тереңдігі 0,8 м; оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. 0,7 м тереңдіктен, батыс қабырғаның астынан үңгіп қазылған қуыс анықталған, оның ұзындығы 2,2 м, батыс қабырғасындағы тереңдігі 0,8 м, биіктігі 0,8 м. Қуыстан ер адамның қаңқасы табылған, ол шалқасынан жатқызылған, басы солтүстік-шығысқа қаратылған, қолдарының сүйектері денесінің қасында, аяқ сүйектері шұқырды бойлай орналасқан.
Шұңқырдың солтүстік шетінде құмыра-кіреңке пішінді қыш ыдыс тұрған, оның биконусты денесі аздап созылыңқы, ұзын мойыны біршама тік болып келген. Денесінің жоғарғы бөлігі мен мойынының ортаңғы бөлігіне зооморф бейнелі ілгек тәрізді ұстағыш жасалынған, ұстағыштағы шағын үшбұрыш түріндегі шығыңқы кертпешіктер қасқырдың немесе иттің құлағын еске түсіреді. Қаңқаның оң жағында ұзындығы 60 см, жүзінің ені 4 см-ге дейін жететін семсер жатқан. Екі жүзі қиылған жерінде линзаға ұқсас, оның жоғарғы шетінде ұзындығы 7 см, айқыштамасы (балдағы) жоқ сабының бөлігі сақталған.
Шипов мәдениеті бірнеше этномәдени негізде өрбіп, отандық археология тарихнамасында өз орнын қалдырды деуге болады. Кейінгі сармат мәдениеті хунну мәдениетімен немесе ғұн мәдениетімен тығыз байланыста дамыды.
ІІ-ІV ғасырларда Арал-Каспий өңірі ғұн бірлестігі қалыптасқан негізгі өлке болса керек.
Сөйтіп, І-мыңжылдық алғашқы жартысында Қазақстанның батыс өңірлері ғұн-сармат тайпаларының жарқын мәдениетін сақтаған ірі аудандардың бірі болып қалды. Заттай және рухани мәдениет дәстүрлі түрде жалғаса берді. Мұндағы бірқатар тайпалардың басым бөлігі батысқа қарай жылжығанымен, жер-жерлерде олардың топтары, бөліктері қалып отырды, уақыт өте келе бұлар басқа халықтармен кірігіп кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   74   75   76   77   78   79   80   81   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет