Қазақстан археологиясы



бет73/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Хуннулардың археологиялық ескерткіштері Қазақстан аумағынан көп кездеспейді. Хуннулар дәл солардікі деп нық сеніммен айтатын ірі қорымдар мен обалар қалдыра қойған жоқ. Ескерткіштердің жоқ болатын келесі бір себебі жерлеу ғұрпының сипатына да байланысты. Хуннулар оба тұрғызған жоқ, жерлеу орнын тас қоршаумен ғана белгіледі.
Әйтсе де бірқатар авторлар Қазақстан аумағындағы кейбір ескерткіштерді, айталық құлажорға мәдениетін (Шығыс Қазақстан), қанаттас типіндегі нысандарды (Орталық Қазақстан) хуннуларға тиесілі деп есептейді. Алайда бұл археологиялық нысандардың хронологиялық шегі жоғарыда айтылған уақыттан (ІІ-ІV ғасырлар) сәл-пәл ертерек кезеңдерге жатады. Мұны аумақтық ерекшеліктермен, миграциялық үрдістермен де түсіндіруге болатын сияқты. Сірә, хуннулардың Қазақстанға келуі, жергілікті мәдениеттермен араласуы, мәдениеттерге тигізген әсерінің отандық тарихнамада әлі ұзақ уақыт түпкілікті шешімін таба қоюы екіталай. Бұл «ақтаңдақты» кешенді археологиялық ізденістер ғана толықтыруы мүмкін. Хуннуларға көптеген халықтардың бағынуы, олар құрған мемлекет құрамында сан алуан ұлттардың болуы мәдениеттердің жай-жапсарына өзіндік әсерін тигізгендігі анық. Екі тарап та бір-бірінің мәдениетін бойына сіңіре білді, нәтижесінде хуннулардың өзіндік мәдени келбеті қалыптасты.
Оңтүстік Сібірден белгілі болған хунну қорымдарындағы бай қабірлер қимаға (лақыттарға) салынып, алдын-ала қазылған қазаншұңқырға жерленді. Қазаншұңқырдағы астау-лақытқа мүрде мен қабір саймандары қойылды. Қайтыс болған адам денесі сырты жәшікпен жабылған ішкі жәшікке салынды. Мүрде жанына тұрмыстық заттар, қару-жарақтар, киімдер, кәнизактар мен құлдар қойылды. Ақіреттік ас ретінде ірі мүйізді қараның еті пайдаланылды.
Хуннулармен салғастырылатын заттар Қазақстан аумағынан сирек әрі кездейсоқ қана ұшырасып қалады. Хуннулармен ерекше биік конструкциядағы ерді, құс мамығына (жүніне) ұқсастырылған қабыршақты өрнекті, қола қазандарды кеңінен байланыстырады. Алайда хуннулардың жарқын бұйымдары – ерекше конструкциядағы садақ пен әшекейлер болып табылады. «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» дәуіріндегі көптеген қабірлерден түрлі-түсті тастар орнатылған әшекейлер табылған. Хунну қабірлеріндегі қару-жарақтар, бас киімдер, белбеулер, аяқ киім, ер мен жүгендер алтынмен апталған, инкрустацияланған. Ерекше салтанаттылық пен байлық байқалады. Дегенмен алтыннан жасалған ірі көлемдегі заттар сирек әрі көп емес. Әдетте бұлар алтын қаңылтыршамен (фольгамен) қапталған немесе алтын жалатылған күмістен және қоладан жасалған заттар болып табылады. Металл қондырғыға салынған қызыл және жасыл түсті тастар да аса бағалы емес.
Хунну типіндегі классикалық садаққа жеті сүйек жапсырма орнатылған: екі шетіне екі-екіден сүйек жапсырма орнатылды, олардың әдетте ұзындығы біркелкі емес; ал орта тұсына үш жапсырма қойылған, олардың жалпақ келген екеуі садақтың ағаш негізінің екі бүйіріне, ал ұш жақтары аздап кеңейтіліп, өзі тарлау жасалған үшіншісі олардың ортасына, садақтың сыртқы жағына қойылған. Садақтың иық тұсындағы бөлік қосымша сүйек пластиналармен бекітілді. Бір басындағы жапсырмалар айырмашылығынан хунну садағы асимметриялы болып келді.
Әйел адамдардың қабірлерін ерекше сипатта жасалған диадемалар, сонымен қатар белбеу айылбастары, бас киімді әшекейлеп тұрған бөлшек түріндегі моншақтар дараландырады. Тері аяқ киімдерден көбіне айылбастар мен белбеу ұштары сақталған.
Қазақстан көне заманын зерттеушілер хуннулармен екі ескерткіштерді нақты байланыстырады. Бұлардың бірі Л.М.Левина қазған Ақтөбе қаласының жанындағы қабір. Аталмыш жерлеу орны су шайған құмды-сазды қабатта орналасқан. Археологиялық ізденістер барысында ағаш табыт конструкциясын анықтаудың сәті түскен. Кірпіш құландысымен тығыз жабылған су шайған шөгінді қабатындағы ағаш үгінділерінің қалдықтарынан табыт-астау тұрпаты (пішіні) орны нақты анықталған. Тіпті бос кеңістік пен су шайындысынан табыттың қиысқан жігінің нақты көрінуі, оны толық қалпына келтіруге мол мүмкіндік берген болатын.
Табыт бөлме ішіндегі батыс қабырғаны бойлай, солтүстік қабырғаға дейін жетіп тұрды.
Ұзындығы 2,1 м, бас жағындағы ені 60 см, аяқ тұсындағы ені 42 см. Оның конструкциясы шарбақ тәріздес. Қиындысы шаршы секілді төрт бағана (5х5 см) бұрыштарына орнатылған және жоғарғы мен төменгі рамаларды байланыстырып тұрады, оған өзара байланыстырылған алты жалпақ тақтай бекітілген.
Табыт түбін дәл сондай келген ені 5-6 см жеті жалпақ тақтай құрайды, олар тігінен қойылған тіреулердің астынғы бөлігіндегі төменгі раманың қиысқан жігін көлбей орналасқан. Бас жақтан табылған ағаш фрагментіне қарағанда бұрыштық бағаналардың жоғарғы бөлігі дөңгелек секілді оймышталып келген. Орта тұсынан диаметрі 1,5 см, артқы бетінде ағашқа бекітілетін сүйірі бар әшекей табылған. Табыттың қақпағын табудың сәті түспеген, ол топырақ түскеннен кейін қираған болса керек; тек қана оның шығыс жақтағы шеткі ұзынша кеспелтегі ғана сақталып қалған.
Топырақ қабатындағы сақталған іздерге қарағанда, табыттың бүйір қабырғалары ені 7 см-ге дейін жететін төрт тері жіппен оралған. Түбінен ешқандай төсеніш табылмаған. Табытқа мүрде мен қабір саймандары қойылған. Қайтыс болған адамның басы солтүстік-батысқа қаратылған, шалқасынан жатқызылған. Басының оң жағына екі ағаш ыдыс қойылған.
Бас сүйегінің қасынан күміс пен алтыннан араластырылып құйылған, көзтана мен шыны жапсырмалармен әшекейленген алқа табылған.
Мүрде денесінің төменгі бөлігін ағаш қабығынан жасалған (қалдықтары мен іздеріне қарағанда) қорамсақ пен садаққа арналған құты жауып тұрған. Оның ұзындығы 1 м-ден кем емес, ернеуіндегі ені 38 см, ал түп жағындағы ені 28 см.
Құтының ішінде сүйекпен қапталған ұзындығы 1,2 м ағаш садақ, бір жүзді темір пышақ, қой құйымшағы мен жебе салынған қорамсақ жатқан.
Қорамсақ (ұзындығы 77 см, ені 11 см) қалдықтарына қарағанда ағаш қабығынан жасалған, ағаштан орнатылған түбінің қалыңдығы 2,4 см. Қақпағының іздері анықталмаған. Жебенің қамыс секілді ағаштарының ұзындығы 70-75 см және де ұштары темірден жасалынған (20-дан астам), бірақ олардың сақталуы өте нашар деңгейде. Жебе ұштары үш қалақты, ұзындығы 5,5 см-ден 7 см-ге дейін жетеді. Ағаш сапты екі жебе қорамсақтан алынып, мүрденің иық тұсына қойылған. Олардың бірі екі қалақты, жалпақ, қалақтың шеттері аздап жоғары қарай қайтарылған, ұшы аздап дөңгеленген. Келесі жебе ұшы ұш қалақты, оның істігі аздап төмен қарай бағытталып жасалынған.
Белбеуден төмен қаңқаның жамбас сүйегінің жанында темір қанжар жатқан. Сақталу деңгейі нашар екі жүзді бұл қанжарды сабымен қоса есептегенде ұзындығы 35 см; сабында ұштығы мен айқыштамасы (балдағы) жоқ, жүзі мен сабына өтер тұсы тік бұрышты болып кертіліп жасалған. Онда ағаш қынаптың іздері сақталып қалған. Қанжардың жоғарғы және төменгі жағынан екі темір айылбас табылған. Бірінің тілі қозғалмалы және дөңгелек қалқаншалы, ал екіншісінің тілі сақталмаған, оның пішіні тік бұрыш алаңқай сияқты.
Қаңқа үстіндегі қабырғасынан төмен күйдірілмеген саз балшықтан жасалған сұр түсті, диаметрі 8-9 см, ені 2 см-ге жуық «шелпек» жатқан.
Мүрденің тізе тұсынан екі шағын темір ілгек табылған, бұлар ағаш қабығынан жасалынған сауытшаның шеттерін бекітіп тұрса керек.
Аяғындағы жіліншік (сирақ) тұсына екі қатар дөңгелек мыс тоғалар қойылған.
Сипатталған кешенге Орта Азияда Кеңкөл (Кеңқол) қорымындағы ағаш табыттарға жерленген қабірлер өте ұқсас.
Қабірлерден алынған жекелеген заттарды салыстыра келе Л.М.Левина бұл ескерткішті ІV ғасыр соңымен және ІV-V ғасырлар шебімен мерзімдеді.
Хуннулармен байланыстырылатын тағы бір олжа – Талас аңғарындағы Қызыл-Қайнартөбе қонысындағы қабір.
Қызыл-Қайнартөбенің орталық бөлігінде күмбезді дәліз типіне ұқсас екі параллель бөлмеден тұратын құрылыс қаландысы анықталған.
Батыс бөлменің солтүстік бөлігіне қазіргі жер бетінен 3 м тереңдікте түсірілген тікқазбадан (шурфтан) шартты түрде «Жауынгер қабірі» аталған мола аршылды.
Қабір күмбез астына қарай жылжытылып, қабір шұңқырын катакомба кейпіне енгізген. Қаңқа камераны бойлай ұзына бойынан шалқасынан жатқызылған, басы солтүстік-шығысқа бағытталған, қолдары денесінің жанына қойылған.
Иық тұсының деңгейінен мөлшері 4,6х3,5 см дөңгелек сүйек пластина табылған. Ол семсердің немесе қанжардың жапсырмасы болса керек.
Мойынын алтын шынжыр әшекейлеп тұрған, ол жұқа алтын жіптермен өрілген; ұзындығы 35 см.
Мүрденің бел жағынан белбеу табылған. Ол қозғалмалы тілді қола айылбастан және қоладан жасалған фигуралы пластинка бекіткіш-құлақшадан тұрған. Белбеудің теріден жасалған сыртқы бөлігі бантик түріндегі жұқа қола пластинкалармен әшекейленген.
Белбеуден төмен бір жүзді темір қанжар жатты. Жүзінің екі жағынан да қынаптан сақталып қалған ағаш қалдықтары анықталған.
Белбеуден төменірек, сол жақтан бүтін және кейбірінің белгілі бір бөліктері сақталған 8 темір жебе ұштары табылған. Олардың барлығы үш қалақты, сапты болып келген.
Белбеуден төмен қарай, оң аяққа параллель түрде темір семсер жатты. Оның сабын есептемегендегі ұзындығы 74 см. Сабы тек 2 см болып қана сақталған.
Жамбас тұсында кезінде садақтың ағаш бөлігіне жапсырылған сүйек пластинкалар жатқан. Олардың екеуі садақтың басы жағына, үшеуі орталық бөлігіне қойылған.
Осы деңгейден, қаңқаның оң жағынан алтын қаңылтыршадан жасалған зат табылған, ол жылқы мүсінінің алдыңғы бөлігіне ұқсайды.
Бас сүйегі мен мойын тұсынан алтыннан жасалған самай сырға табылған, ол көзтанамен және қызғыш-қызыл түсті шынымен әшекейленген.
Бірқатар зерттеушілер (С.Г.Боталов, А.А.Бисембаев) соңғы жылдары Қазақстанның батыс өңірлерінен табылған кейбір ескерткіштерді (Басшилі қорымындағы №10, 11, 15, 25, 26, 42 обаларды) ғұндарға тән деп есептеп отыр. Мамандардың пікірінше, Батыс Қазақстандағы 300 астам обалары бар ескерткіштердің 16 тобын ғұн дәуіріне жатқызуға болады. Лебедевка-Қалдығайты ауданында ғұн-сармат дәуіріне жататын ескерткіштердің шоғырлануына қарап, бұл жер ерте көшпенділердің маңызды орталықтарының бірі болғандығын тілге тиек етеді.
2001-2002 жылдардағы далалық жұмыстар Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Басшилі (Басшийли) кенті маңындағы қорымнан бірнеше оба қазылады. Мұндағы топырақтан тұрғызылған №10 оба бұрыс пішінді. Жалпы диаметрі 8х10 м, биіктігі 0,12 м, ішкі диаметрі 3,5 м. Қабір шұңқыры (ауданы 0,65х2,05 м) обаның орталық бөлігінде орналасқан. Мүрденің басы солтүстік-батысқа қаратылып, шалқасынан жатқызылған, қаңқа сүйектері өте нашар сақталған. Оң жақ жамбасынан түйреуіш бөлігі алынған. №11 оба қорымның батыс жағында. Үйінді диаметрі 23,5 м, биіктігі 1 м-дей. Оба ормен қоршалған, оның жалпы диаметрі 28 м, ені мен тереңдігі әр жерінде әрқалай. Ең тар бөлігі оңтүстікте. Мұндағы ені 2 м-ге жетеді. Үйінді стратиграфиясын зерттеген кезде топырақтан тұрғызылған сағана құрылысы байқалған. Сағана тікбұрышты (13х14 м) пішінде, қабырғаларының қалыңдығы 1,5-3 м-ге дейін жеткен. Оңтүстік жағынан дәліз (шамамен ені 3-5 м) өткен. Қабырғаларына құрбандық кешендері салынған (жылқы пен қойдың 12 дана сүйегі шыққан). Мола шұңқыры сағана ішіндегі кеңістіктің оңтүстігіне қарай қазылған. Тікбұрышты келген қабір шұңқырының (3,2х2 м) түбіне 6 тақта-ағаш төселген. Тақтайлардан қызыл бояу анықталған. Қабір тоналған. Қаңқа сүйектері шашылып кеткен, тіпті деформацияға ұшыраған бас сүйек астау (табыт) сыртындағы қуыстан табылған. Қазба барысында 42 дана алтын жапсырма, қаңылтырша бөлігі, күміс айылбас пен белбеу қалдығымен бірге екі құрсау-сауыт, қоладан жасалынған стержень алынған. Күміс айылбас рамкасы (диаметрі 1,5 см) дөңгелек келген, тілі аздап қана шығыңқы әрі шеттері ішке қайырылған. Ал қорымның орталық бөлігіндегі №15 оба пішіні гантель тәрізді, екі дөңгелек үйіндіден тұрады: кішісінің (шығыс) диаметрі 9 м-дей, биіктігі 0,5 м; үлкен үйінді (батыс) диаметрі 10 м, биіктігі 0,45 м. Бұл үйінділер өзара ені 3-4 м, биіктігі 0,2-0,25 м жалмен жалғасқан. Қазба барысында олардан ешқандай материалдар алына қойған жоқ. Қорымнан осындай 7 құрылыс анықталған. Бұлардың культтық мәні болғандығы анық. Оған қарағанда №25 обадан (үйінді диаметрі 8 м, биіктігі 0,4 м) біршама заттар алынған. Обаның қабір шұңқыры 0,7х2 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған. 2 м шамасында ұңғылап қазылған бөлік аршылады. Қабір түбінен басы солтүстік - солтүстік-шығысқа бағытталған әйел адамның қаңқасы аршылған. Оның оң қолы ұзынынан жатса, сол қолы білек тұсында аздап бүгілген. Сол жақ тізесінің қасынан қола айна, темір қайшы мен қабыршақтар қалдықтары, білегінен моншақтар, сол жақ қолы маңынан екі керамикалық ұршықбас, оң төсінен темір түйреуіш қалдықтары шыққан. №26 обадан (үйінді диаметрі 8 м, биіктігі 0,2 м), қола жапсырма, серіппе, қамшы табылған. №42 обадан (диаметрі 9 м, биіктігі 0,5 м) керамика қалдықтары, мал сүйектері шыққан. Обаның ортасында орналасқан (90 см тереңдіктен) тікбұрышты (0,7х2,2 м) қабір шұңқырынан түйреуіш пен тағы бір керамика бөліктері алынған. Қабір тоналған.
Қазақстан аумағында біршама түрленген хунну мәдениетін толымды түрде зерделеу үшін арнайы далалық ізденістер ұйымдастырылуы қажет. Дегенмен қолдағы материалдар ІІ-ІҮ ғасырларда Қазақстанның батыс өңірлері ғұн бірлестігі біршама тұрақты түрде толығып, қалыптасқан аймақ болғандығын көрсетеді. Мұнда бірнеше мәдениеттердің тоғысуына бірқатар объективті факторлар (географиялық, саяси, экономикалық, т.б.) өзіндік әсерін молынан тигізгендігі анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет