Қазақстан археологиясы


Қалалар құрылымындағы өзгерістер



бет117/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   113   114   115   116   117   118   119   120   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Қалалар құрылымындағы өзгерістер. Оңтүстік Қазақстанда қала орындары көпшілігіндегі қамалдардың (цитадельдің) салынуы уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраған. Құйрықтөбе қамалын қазу мұнда ІХ ғасырдың бірінші жартысында өрт болып, соның салдарынан сарай кешені қирағаннан кейін бірсыпыра уақыт өткен соң толық қайта жоспарлау жүргізілгенін көрсетті. ҮІІ-ІХ ғасырдың бірінші жартысындағы құрылыс кешенінің іргелі дуалдары шегінде қарапайым құрылыс махалласы салынады. ХІ-ХІІІ ғасырдың басында нақ сол жерде қыш-құмырашылар махалласы қалыптасады.
Отырар алқабының оң жағалауындағы Оксус, Бұзық қамалдарында (цитадельдерінде), тау етегі өңіріндегі Бұлақ-Қоғал қаласында қарапайым тұрғын үй құрылыстары пайда болады. Кейбір қалалардың цитаделі соншалықты анық бөлектене қоймай, жалпы құрылыстармен астасып жатады, тіпті топографиясы да байқала қоймайды, мысалы Байырқұм, Төрткүлтөбе, Балықшы қалаларындағы жағдай осындай.
Қазба жұмыстарының көрсеткеніндей, қала бұрынғысынша қаланың жалпы құрылысына қатынасы жөнінен сол баяғы тұйықталуы сақталған жекелеген тұрғын үй махаллаларынан тұрады және махалланың барлық үйлерінің кірер есіктері жалпы махалла ішіндегі кішкене көшеге қаратылатын жоспарлау үрдісімен сипатталады.
Құйрықтөбедегі қазба жұмыстары қолөнердің махаллалық шоғырлануын анықтай қойған жоқ, тек бір жерден ғана құмырашылар махалласы кезіккен. Топографиялық байқаулар мен жазбаша деректемелердің көрсетіп отырғанындай, бірқатар қалаларда махаллалардың тұрғындарының атақ-даңқы мен байлық дәрежесі бойынша бөлінетіні байқалады. Әзірше қазақстандық махаллаларға қарап, оларды көрінеу кедей немесе бай деп бөлуге болмайды. Олардың бәрі де әлеуметтік жағынан араласып кеткен.
Қарастырылып отырған кезеңдегі қал құрылысының құрылымында пайда болған жаңа элемент мешіт болып табылады. ІХ-ХІІ ғасырлардағы жазбаша деректемелерде қалаларды сипаттаған кезде мешіт, оның қалада орналасуы – баяндаудың міндетті элементі болып табылады.
Егер қалаларда мұсылмандар саны аз болса, олардың қажеттілігін шағын дәстүрлі архитектуралық кешендер қанағаттандырды. Ал дінге ұстанатындар көп шоғырланған жерлерде міндетті түрде үлкен мешіттер салынды. ІХ-Х ғасырлардағы дерек көздерінен христиандық шіркеулер мешітке айналдырылғандығы белгілі, Тараз бен Меркеде осылай болған еді. Әл-Макдиси еңбегінде Кедерде үлкен мешіт соғылғандығы жайлы хабарлама сақталған. Кедермен салғастырылған Құйрықтөбедегі қазба жұмысы кезінде дәл осы мешіт қалдықтары ашылса керек. Мешіт қала орталығында үлкен көшелердің қиылысында орналасты. Ерте, «төменгі» құрылыстан көлемі 22х22х4-5 см күйдірілген кірпіш қабырғалары сақталған. Ол түгелдей бұзылып алынғаннан кейін оның орнына жаңа мешіт салынған. «Жоғарғы», кейінгі мешіт ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы мұсылмандық жерлеу орындарының кірпіштері ретінде алынғанымен, негізгі нобайы қалпына келтірілген. Оның қалыңдығы 1,5 м қабырғасы күйдірілген және қам кірпіштермен өрілген. Мешіттің сыртқы қабырғасымен айналдыра есептегендегі аумағы – 36,5х20,5 м. Ол оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Солтүстік-батыс бөлігі жақсы сақталған, бұл жерден күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 16 негізгі колонна болғаны анықталды; Қысқа қатарда бесеу, ал ұзын қатарда 10-нан. Колонналар арасы 3-3,2 м аралығында. Шеткі базалар мен қабырғалар арасы 1,5 м.
Құйрық мешіті бағаналық, немесе колонналы құрылысқа жатады. Мұндай мешіттердің аумағы колонналар мен төбенің стандартты шаршылы санына байланысты болды, олардың арасындағы кеңістік 3,5 метрден 4,6 метрге дейін жетті.
Қала өмірінде базар мен сауда орындарының құрылыстары маңызды рөл атқарды. Қала ішіндегі рыноктарды араб авторлары «сұқ» және «асуақ», парсылар «базар» деп атады. Базарлар шахристан, рабад аумғында да орналаса берді. әл-Истахри мәліметіне қарағанда Испиджабта олар шахристанда, ал ибн-Хаукал мағлұматы бойынша бұл қаладағы «рыноктар мединада да, рабадта да болады».
Дереккөздері дүңгіршіктерді де жан-жақты сипаттап беріп отырады. Оңтүстікқазақстандық қалада олар пенджаптықтарға қарағанда шағын базарларды құрамайды, бір-бірінен алысырақ орналасады. Дүңгіршік еденінде жер ошақтар болды. Дүңгіршіктерге қазылып қойылған хумдардан тұратын шағын қамбалар жасалынды.
Х-ХІІ ғасырларда Оңтүстік Қазақстан қалаларында монша соғыла бастады. Одан сәл бұрын оларды Орта Азияда соға бастаған болатын. Үлкен қалалардағы моншалар саны он-ондап есептелінеді. Қоғамдық құрылыстар арасынан моншалар көрнекті орын алды. Отырар рабадынан ХІ-ХІІ ғасырларға жататын екі монша аршылған. Сақталуы нашар болса да солтүстік рабад аумағындағы монша жоспары айқышқа (крестке) негізделгені анықталды: орталық бөлмесі төрт басқа бөлмелермен жалғасқан. Дем алатын орындары бар орталық залдан басқа жуынатын, шешінетін, дем алатын, сондай-ақ құдайға құлшылық ететін бөлмелер де болды. Суды жылытатын және суға арналған цистерналар тұратын бөлме моншаның шығыс жағында орналасқан. Ағын су құбырлар арқылы бөлмеден тысқары шұңқырға құйылды. Монша ыстық өткізетін каналдар көмегімен жылытылды.
Отырар шахристанындағы бекініс қабырғаның қиындысы оның ҮІ-ҮІІІ ғасырларда тұрғызылып, ІХ-Х ғасырларға дейін пайдаланылғандығын көрсетіп берді. Пахса блоктарынан тұрғызылған оның ені 10 м-ге, ал сақталған биіктігі 4,5 м-ге дейін жетті. Кейін қабырғасы тозып, күл-қоқыс тасталатын жерге айналады. ХІ-ХІІ ғ. бас кезіндегі аршылған телімдерден ол ұшыраса қоймады, сірә бұл Отырар бекініс қабырғасын моңғолдардың қиратқанын айғақтаса керек.
Отырар рабадының дуалына түсірілген қима оның биіктігі 1м үйінді платформасына тұрғызылғандығын көрсетіп берді. Қабырға ені 6,2 м үш қатар шикі кірпішке негізделді. Кірпіш қаламаларының жанына пахса блоктары (әр жағына екі-екіден) орналасты да, аралары құрлыс қалдықтарымен, топырақпен толықтырылды.
Х ғасырдағы Баба-Ата шахристанының екі қатарлы дуалы кірпішпенөрілгендігі анықталған. Бұрынғы жалпақ дуал мен кірпіш қабырға арасы құрылыс қоқыстарымен тығыздалып толтырылған. Дуалдың жиегіне кірпіштен жақтау жасалынған. Баба-Ата мұнаралары сегіз қырлы құйма негіз үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Мұнаралардың біреуі толық аршылды. Оның биіктігі 5,1 м, жоғарғы диаметрі 3,4 м, төменгісі 4,6 м. Мұнараның ішінде бұрыштары дөңгелетілген үш бұрыш түрінде бөлме орналасқан. Бөлменің төбесі жалпақ етіп жабылған. Мұнараның төбесінде дуалдағыдай жасалған жақтаулар бар.
Жалпы алғанда, ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде Қазақстан қалаларының құрылысында елеулі өзгерістер болған, олар рабадтардың қалыптасуынан, махаллалар көлемінің ұлғаюынан көрінеді. Сонымен бірге көптеген қалаларда қамалдар (цитадель) салудың сипаты өзгереді. Мешіттер мен қоғамдық моншалар қала құрылымындағы жаңа элементтер болды. Қорғаныс бекіністері неғұрлым мықты бола түседі.
Оңтүстік-Батыс Жетісуда да қамал құрылыстарында өзгерістер байқалады. Қызылөзен қала-жұртының қамалында, ҮІІІ-ІХ ғасырдың бірінші жартысында мықты бекіністі сарай кешенінің төңірегінде қарапайым тұрғын үй салынған. Степнинскоенің Ақтөбе қала-жұртының қамалында қалалық бай қоныс-жай (усадьба) мен монша болды. Тараздың қамалынан да Х-ХІ ғасырлардағы моншаның орны аршылды.
Солтүстік-Шығыс Жетісуда Талғар қаласының жұртын қазу жұмыстары оның құрылысында жекелеген махаллаларды анықтауға мүмкіндік берді. Көлемі 4000 шаршы метр болатын ХІ-ХІІ ғасырдың басындағы махалла толық аршылды. Ол үлкен көшенің учаскесін біріктірген және қалған құрылыстан шеткі үйлердің бүйірдегі қасбетінің саңылаусыз қабырғаларымен оқшауланған үйлерден тұрған. Үйлердің шағын көшелерге шығатын есіктері бар, ал бұл телімдегі ондай үйлердің саны 12-14.
Талғар махалласын Құйрықтөбенің уақыты жағынан сәйкес келетін махаллаларымен салыстырғанда алғашқысының көлемі үлкен екені аңғарылады. Махалладағы үйлер саны бірдей болмағанымен, Талғардағы махалла алып жатқан телім 4 еседей үлкен. Мұны Іле қалаларының ерекшеліктерімен түсіндіруге болады, олар жерге көшпелілер мен жартылай көшпелілердің отырықшылануы нәтижесінде пайда болған және олар өз құрылысында бұрынғы өмірінің көптеген белгілерін сақтап қалған, атап айтқанда, үйлердің қасында мал ұстайтын үлкен аулалар болған. Сірә, Талғар махаллалары да, жоғарыда Оңтүстік Қазақстан қаласына байланысты жазылғанындай, туысқандар үйлері тобының шоғырлануы сияқты қалыптасқан болса керек. Олар туыс және ортақ бір атадан шыққан әулеттердің үйлері болған.
Солтүстік-Шығыс Жетісу қалалаларының бекіністерін зерттеу Талғар дуалының таспалау әдісімен саз балшықтан тұрғызылғанын көрсетті. Дуал табанының ені 7 м, сақталған биіктігі 4 метрге дейін жетеді.
Сүмбе қаласы жұртының дуалдарына да осындай құрылым тән. Дуалдың табанына қойтастар қаланған. Олардың арасы балшықпен толтырылған, ал дуалдың жоғарғы жағы қалыңдығы 20 сантиметрге дейін жететін балшық қабатымен биіктетілген. Балшық дуалдың екі жағынан да алынған, бірақ көбіне ол сырт жағынан алынып отырған, мұның өзі дуал салумен бір мезгілде ор қазуға мүмкіндік берген.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   113   114   115   116   117   118   119   120   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет