Қазақстан археологиясы


Орта және кейінгі кезеңдер (б.з. І-V ғасырлары)



бет56/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Орта және кейінгі кезеңдер (б.з. І-V ғасырлары). Жетісу көшпенділері тарихи дамуында біздің заманымыздың алғашқы ғасырлары келесі кезеңді бастайды.
Алайда, жаңа тұрғындар легінің келуіне және мәдениеттегі елеулі өзгерістерге қарамастан, археологиялық материалдар б.з. І-мыңжылдық алғашқы жартысындағы дамудан мирасқорлық жолды (жалғастықты) нақты көрсетеді. Мұны І-ІІІ ғасырлармен, тіпті І-V ғасырлармен де мерзімделінетін Іле аңғарындағы усунь қорымындағы кейінгі топқа жататын ескерткіштер де дәлме-дәл нақтылайды. Мола құрылысы, жерлеу ғұрпы және мүрде жанына қойылған құрал-саймандар алдыңғы уақыттарға жататын ескерткіштермен генетикалық байланыста екендігі анық байқалады.
Оба үйіндісі астынан қазылған қабірде жерлеу дәстүрі жалғаса береді. Тас плиталармен жабылған қабір шұңқырлары пайда бола бастайды. Қайтыс болған адамдар шалқасынан жатқызылып, басы батысқа қаратылған, кейде бұл бағыт солтүстікке қарай аздап ауытқып отырады. Қыш ыдыстар тұрпаты б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы кешендерге ұқсас болып келеді. Алғашқы рет шарықта жасалған жалпақ түпті көзелер мен тостағандар секілді жекелеген ыдыстар пайда бола бастайды. Кейбір ыдыстарда күйіп кеткен астың қалдықтары сақталған. Молалардан қой сүйектері (ақіреттік ас қалдықтары) жиі кездеседі. Қару-жарақтан темір семсер бөліктері, ұңғылы үш қанатты темір жебе ұштары кездеседі. Жиі ұшырасатын әшекейлер арасында темір түйреуіш, спираль тәріздес алтын сырға, каури қабыршақтары бар. Берікқара-2 кейінгі кешенінен қытай қола айнасының бөлшегі мен нефрит тостағанша шыққан. Сырттан әкелінген заттар көшпенділерде біздің заманымыздың шебінде Хань мемлекетімен байланыс орнату нәтижесінде пайда бола бастайды.
Қаратау қорымдарындағы жерлеу ғұрпы мен заттай мәдениеттің усунь кезеңіндегі Жетісу ескерткіштерімен елеулі ұқсастығын бағамдаған А.Г.Максимова Қаратаудың солтүстік беткейін усунь жерінің шеткі аймағы деп қарастырады.
Соңғы жылдары усунь ескерткіштерінің бірқатары зерттелінген.
Солардың бірі – Шаңырақ қорымы. Ол Алматы қаласының аумағында орналасқан. Қорым үш обадан тұрады, олардың әрқайсысы биіктігі 3 м-ге, диаметрі 40 м-ге дейін жететін топырақ үйінді болып табылады. Көне замандарда оба биіктігі жайылып кеткен топырағана қарағанда одан биік болған, шамамен 4-5 м-ге жеткен. Өкінішке орай, әдеттегідей археологтар тоналған обаларды қазған. Далалық ізденістер барысында әшекейлердің жекелеген бөліктері, қыш ыдыстар мен шашылған қаңқа қалдықтары аршып алынған. Обаларды тонау «мұқият» жүргізілген.
Әйтсе де Шаңырақ обаларын қазу жерлеу конструкциясына қатысты қосымша материалдар алуға мүмкіндік берген. №1 обаның тас сақинасы болған, оның диаметрі 30 м, биіктігі 2,5 м. Оңтүстік-батыс бөлікте обадан тыс диаметрі 1 м тас қаландысы анықталған, оның ғұрыптық құрылыс болуы әбден мүмкін. Мүрде батыс-шығыс бағытындағы тік бұрышты қабір шұңқырына (тереңдігі 0,85 м) қойылған. Солтүстік қабырғасынан ұзындығы 2 м-ге дейін байқалған дәліз (дромос) аршылған.
№2 оба диаметрі 32 м-ге, биіктігі 2,97 м-ге жеткен. Аршылғаннан кейін қабір шұңқырының ауданы 2,90х3,05 м, тереңдігі 67 см тікбұрышты жоспарда болғандығы анықталды. Мола шұңқырының солтүстік шетінен солтүстік-шығыс бағытта дәліз (дромос) түскен. Дромос ені 65-70 см, ұзындығы 11 м. Оба құрылысы зор қызығушылық туғызады. Қабір шұңқырының шетінен бастап саз балшықтан мола үсті құрылысы тұрғызылған, оның табанындағы ені 1,5 м, диаметрі 6х6,5 м. Конструкция үстіне топырақ үйілген, ол өз кезегінде тас сауытпен қапталған, тас сауыттың табанынан бастап есептегендегі диаметрі 28 м. Мола шұңқыры ағашпен жабылғандығын, шірік ағаш қалдықтары да аңғартады.
№3 оба үйіндісін аршыған кезде де саз балшықтан соғылған қабір үсті конструкциясының жекелеген бөліктері анықталған. Мүрде оба ортасындағы ұзындығы 3,5 м-ге, ені 3 м-ге, тереңдігі 1,5 м-ге жететін топырақ қабатынан қазылған қабірге қойылған. Мола шұңқырының еденіне өзен малта тастары төселген, қабырғалары ағашпен қапталған. Қазба барысында киімге тағылған алтын қаңылтыршадан жасатылған ромб, тікбұрыш, дөңгелек пішіндегі тоғалар (18 дана), моншақтар, қатты татталған темір тарақ, шеге, т.б. заттар алынған.
Қабірлердің бірінен алынған алтын жалатылған қола түйреуіштер (8 дана) ерекше көзге түседі, олар шашты бекітіп тұру үшін пайдаланылған. Барлық түйреуіштердің түйіршікті басы мен кесіндісі дөңгелек білігі (сабағы) бар, ал ұзындықтары 10-16 см.
Жалпы алғанда, зерттелген обалардың жалпылама сипаты (түрі, қабір шұңқырының бағыты, қабір құрал-саймандар) б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырларға жатады және де Усунь дәуірімен тығыз байланысады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет