Қазақстан халқы ассамблеясы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер пәндер кафедрасы


Діни норма мен құндылықтар ретінде жемқорлыққа қарсы қоғам мәдениеті қағидалары



бет9/9
Дата02.12.2023
өлшемі145,33 Kb.
#132275
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ НЕГІЗДЕРІ ПӘНІ БОЙЫНША ЛЕКЦИЯЛАР ТЕЗИСІ

9. Діни норма мен құндылықтар ретінде жемқорлыққа қарсы қоғам мәдениеті қағидалары
1. Сыбайлас жемқорлық үшін әр түрлі діндердегі жауапкершілік

Жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамымызды бей-жай қалдырып отырған жоқ. Зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын жазушылар, мемлекет қайраткерлері, депутаттар өз ойларын- пікірлерін, бұл індеттен жалпы халық болып күресуге үндеп-ақ жатыр. Алайда бұл жағымсыз құбылыс үдемесе, бәлендей азайды, тамырына балта шабылды деуге ауыз бармайды.


Белгілі саясаттанушылардың бірі, әбден шарасыздықтан болуы керек, жемқорларды жетінші ұрпағына дейін лағынеттеп қарғыс жаудыру керек, оның түрмедегі өмірін жұртшылыққа көрсету қажет деген ұсыныс айтуға барып жатыр. Бұл әрине қате пікір, өйткені әкесінің теріс әрекеті үшін ұрпағы жауап беруге тиіс емес.
Біздің ойымша, әрбір адамның ішкі ар-таразысы оның иманына байланысты, ұяты бар адамның иманы бар болып саналады. Сондықтан, Елбасының ««Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты халыққа жолдауында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттеріміз. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХI ғасырда өмір сүруге дайындайды»-деген болатын.
Яғни, діни сауатты адам бұл дүниеде арам жолмен табылған дүние-мүліктің оған қайырлы болмайтынын, ал ақиретте осы заңсыз әрекеттері үшін Аллаһ Тағала алдында жауап берерін анық түсінсе, тәубеге келіп, арам пиғылынан қайтып, ізгі амалдар жасауға ұмтылар еді деп ойлаймын. Өйткені кейбір азаматтарымыз обал- сауапты ойламай қазынаның мүлкін, не өзге азаматтардың мүлкін еш қымсынбай жымқыратыны, және бұл құбылыстың кең етек алып отырғаны баршаға аян.
Сондықтан, дүниенің құлы болып адасып жүрген бауырларымызды, жас ұрпақты жанұямызда, өзара қарым-қатынаста және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы рұқсат етілген, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған діни кітаптарды, Муфтият КZ, Муслим KZ сайттарын оқып, шариғи білім алсақ Елбасы айтқан діни сананы қалыптастыруға қосқан үлесіміз болар еді. Бұл ретте «Отау TV» жер серіктік көрсетілім арқылы «Асыл арна» діни танымдық бағдарламасының маңызы өте зор екенін айта кету керек.
Айтқанды қорыта келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу оңай шаруа емес, ол ұзақ мерзімге бағытталған мемлекеттік шара екені рас. Адам затының рухани әлемін ескере отырып әр азамат алдын ала жемқорлыққа жол жоқ деген сипатпен өз-өзімен күресті бастау қажет және ең бастысы осы кеселді жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейде жауаптылықпен іске асырылуы тиіс, сонда ғана егемен еліміз бұл кеселді ауыздықтайтынына үміт етуге болады.
Дін тек намаз оқу, ораза тұту емес екенін қазіргі таңда көпшілік жұрт біле бастады. Дін тек мешіт аумағымен шектелмейді. Ол өміріміздің барлық саласын қамтиды. Мұсылман тек жайнамаз үстінде ғана мұсылман емес. Оның мұсылманшылығы адамдармен сөйлесуден бастап, барлық қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынасында сезілуі және көрініс табуы тиіс. Ал, мұсылманшылық адал да әділ қарым-қатынасқа негізделеді. Кісі ақысын жеу, біреудің ала жібін аттау күнә. Күнә болғанда да үлкені. Үлкен күнә дегеніміз не? Ең ауыры Аллаһ тағалаға серік қосу. Сосын бұл тізім жазықсыз және бейкүнә адамды өлтіру, сиқыршылықпен айналысу, намаз оқымау, рамазанда ораза тұтпау, мал-дүниесі жете тұра зекет бермеу, қаражаты болса-дағы қажылыққа бармау деп тізбектеліп кете береді. Ұзын саны жетпіске тарта.
Имам Құртубидің үлкен күнәға берген анықтамасында: – Құран аятында, пайғамбар сөзінде немесе ғұламалар ижмасында бір әрекетті үлкен немесе ауыр іс яки болмаса ол іс үшін ауыр жаза бары айтылса немесе ол істі жасаушыға жаза бар делінсе немесе қатаң айтылса, ол – үлкен күнә,-деп көрсетілген. Тағы бір анықтамада: Бір істі істеушіге лағынет (қарғыс) немесе азап яки болмаса тозақ бар деп айтылса, ол – үлкен күнә,-делінген.
Үлкен күнәлардың қатарына жемқорлық та жатады.
«Ислам – жемқорлықты айыптайды», ислам діні парақорлықты қатты айыптап, оның шариғаттағы үкімі харам екенін айтады. «Асыл дініміз – ислам адалдық, адал амалдарға сүйенеді. Бақара сүресінің 188 аятында, араларыңызда малыңызды арам жолмен жемеңіздер делінген. Арам жолға не кіреді? – Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, алдап-арбау. Осы сүредегі тағы бір ой салатын жазба, әділ үкім немесе шешім шығару үшін, мал апармаңдар, яғни пара бермеңдер делінген». Сондай-ақ, Ұлы Пайғамбарымыз да параны беруші де, параны алушы да лағынеттелген деп, өз заманында теріс батасын беріп қойған, – дейді дін өкілі. Осы арада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңымызда пара берушінің де, пара алушымен бірдей жауапқа тартылатынын айта кету керек.
Бақара сүресінің 188-аятында: «Араларыңдағы малдарыңды (дүниені) бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар»,-деп айтылған. Мұның мағынасы: би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер,-дегенді білдіреді.
Жемқорлық пен парақорлық Құранда харам және қылмыс іс ретінде көрсетілген. Маида сүресінің 42-аятында: «Олар өтірікке құлақ салушы, харам жеушілер…»,-деп айтылған. Бұл аят – пара алып, арам табыспен күнелтетіндер жайында.
Сонымен бірге, парақорлық хадиспен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзімен де тыйым етілген қылмыс. Әбу Дауд және Термизиде сахаба Абдулла бин Амрдың (р.а.): «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен»,-деген риуаяты бар.
Әбу Бәкір Кердери: «Паралы кісі кез келсе, Иманын сатқан секілді. Осындай болса, би емес, Абыройын жойған секілді. Доңыз сойып, ас етіп, Етіне тойған секілді»,-деген.
Жемқорлықтың зардабын жеке адаммен қоса жалпы қоғам да тартады. Жемқорлықпен кім айналысады? Мал бағып қой артынан жүрген жан ба? Әлде, көкөніс сатып күнелткен саудагер ме? Көп жағдайда жемқорлықпен қолында құзырлы қызметі, белгілі бір билігі бар біреу айналысуы мүмкін. Жемқор мемлекеттің өзіне жүктеген қызметін құлқыны үшін пайдалады. Нәтижеде «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші мемлекет мүлкін талан-таражға салады. Иттің ісін жасаған бейбақты ар-ождан мазаламайтыны мәлім. Өйткені, оның парақорлығы салдарынан көптеген адам зардап тартатынын біледі. Сөйте тұра, осындай қылмысқа барады.
Мәселен, жемқорлық жайлаған қоғамды елестетіп көріңізші. Қылмыскер жемқор сотқа пара беріп жазадан құтылса. Жемқор дәрігер қалтасы жұқа науқасты емдемей қойса. Мектеп директоры тек пара берген мұғалімді ғана жұмысқа қабылдаса. Құрылысшы бөлінген қаржынын біразын өз қалтасына жымқырса. Кеденші қомақты қаржы үшін ел ішіне беймәлім жүк тиелген көліктерді лек-легімен өткізіп жатса. Мұндай мемлекеттің болашағы бұлыңғыр емес па?
Ал, енді жемқорлық атымен жоқ елді көз алдыңызға келтіріңіз. Бұл елде «көке, жәке» деген жүрмейді. Бай мен кедейге заң ортақ. Бұл елдің соты тек әділдікке жүгінеді. Кеденшісі ақшаға сатылмайтын адал. Барлығы заң бойынша. Мемлекеттен тасжол төсеймін, тұрғын үй саламын деп қаржы алған құрылысшы жоба бойынша жұмысын істеуде. Бөлінген қаржыдан шашау шығармай, кереметтей етіп мектеп пен ауруханалар көтеруде. Жылдар өтсе де, бұл әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Бұл елдің тұрғыны әділдікке сенеді. Өз құқығы толықтай қорғалатынын біледі. Айтыңызшы, сіз және отбасыңыз қай мемлекетте өмір сүруді қалар етіңіз? Ендеше, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам болып жемқорлықтың тамырын ортамыздан жұлып тастайық.
Пара қомақты және бағалы болуы шарт емес. Бір тиын болса да, ақысыз берілген болса ол пара. Имам Әбу Амр әл-Әузағи (Аллаһ тағала оны рақымет етсін) Бейрутта өмір сүретін. Күндердің күні оған бір насаралық кісі көмек сұрап келді. Ол Бағлабакка әкімінің өзіне зұлымдық жасап жүргенін айтып, ғалымнан араға түсіп хат жазуына өтініп келген екен. Насаралық бір құмыра балын (әселін) да ала келген еді. Сонда табиғин-ғұлама әл-Әузағи (р.а.): қаласаң, құмыра балды өзіңе қайтарып, әкімге хат жазып, саған көмектесейін. Ал, егер қаласаң әкелген құмыра балыңды алайын. Бірақ әкімге хат жазбаймын,-деп әкелген балының өзі пара екендігін ұқтырады. Сөйтіп ғұлама Бағлабакка әкіміне бұл насаралықтың салығын жеңілдету жайлы хат жазып өтінеді. Насаралық құмыра балын алып, хатпен әкімге барды. Әкім де табиғин ғұламаның құрметіне насаралықтың салығынан 30 дирһамды алып тастаған көрінеді.
Жоғарыдағы хадисте «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен»,-деп айтылған. Бұл жөнінде Заһаби («Кабаир» кітабының авторы): «Ғұламалар – хадисте пара беруші және пара алушы жайлы айтылған. Беруші пара берумен мұсылман баласына зиян тигізу немесе өзіне тиесілі емес затты қолды етуді мақсат етсе хадистегі лағынетке ұшырайды. Ал, егер пара берумен өзінің ақысын қорғау немесе өзін бір зұлымдықтан, жамандықтан сақтандыру себепті болса хадистегі лағынетке кірмейді. Ал, сотқа (би мен қазиға) ақиқатты бұрмалау үшін де, бір жамандықты тоқтату үшін де пара алуы харам»,-деп пәтуа берген.
Әбу Дауд сунанында Әбу Умамадан (р.а.): «Кімде-кім бір кісі үшін араға түссе, сол үшін оған сыйлық берсе, ол қабыл етсе, өсімнің (параның) ең үлкенін істегені»,-деген.
Қазиға (сотқа) дауласушының екеуінен немесе екеуінің бірінен сыйлық алуы харам болып табылады. Ал, дау мәселесімен қази алдына келмеген болса және ең жақын туысқаны немесе жора-жолдасы болса сондай-ақ, әуелден бір-біріне сыйлық жасау әдеттерінде болса оқасы жоқ.
Сыйлық беру немесе алу әдетінде болмаған болса, демек қазиға сыйлық алу дұрыс емес. Ең дұрысы дау мәселесіне қатысы жоқ кісі сыйлық беріп жатса, қазидың да оған сыйлық жасағаны жөн. Бұл әрекет сыйлықты қабылдау есігін ең көркем түрде жапқаны болады. Өйткені сыйлық – берушіні даңдайсытып, ал алушыны лажысыз кейбір жайттарға көз жұмып қарауына итермелейді.
Жақын туған-туыстан сыйлық алу бұған жатпайды. Өйткені туысқаннан дау мәселесі бойынша сыйлық алмайтыны белгілі. Бұл туысқандық қарым-қатынас болып саналады. Керісінше, туысқаннан сыйлық алмау туыстық қатынасты үзу болып табылады. Ал, туыстық байланысты үзу харам.
Ал, парақорлық Әбу Даудтің жеткізген: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен»,-деген хадисі негізінде ешбір даусыз харам іс болып саналады.
Қази (сот) бір істі пара алып төрелік етсе, сол іс бойынша әділ шешім шығарған болса-дағы қазилығы өтпейді. Сондай-ақ, өзінің әділ сот ретіндегі мәртебесі де жойылады. Ал, егер параны қазидың баласы немесе хатшысы немесе кейбір көмекшілері алған болса. Және де, олар параны тікелей қазидың тапсырмасымен алған болса, бұл қазидың өзі қолма-қол алғандай болып есептеледі. Бұл жағдайда да қазидың төрелігі заңсыз болып есептеледі. Ал, қази параны баласы немесе хатшысы яки көмекшілерінің бірі алғанынан бейхабар болса, оның шешімі заңды болады да, алынған параны кері қайтарып беруі тиіс.
Ибн Масуд (р.а.): «Харам табыс (сухт) – бауырыңның бір шаруасын бітіріп бергенің үшін, ол саған бір сый-сияпат жасаса соны сенің алуың»,-деп түсіндірген.
Масруқ (Аллаһ тағала оны рақымет етсін) Ибн Зиядқа барып бір жәбірленуші үшін араға түседі. Ибн Зияд та жәбірленушінің ақысын қайтарып береді. Сонда риза болған жәбірленуші Масруққа бір қызметшіні сыйға тартады. Бірақ Масруқ: мен Ибн Масудтан (р.а.): «Кімде-кім мұсылман баласының дауын шешіп берсе, сол кісі аз болсын, көп болсын бір нәрсе берсе ол харам табыс (сухт) деген»,-деп қабыл етпейді. Сонда әлгі кісі: «Ей, Әбу Абдурахман (Масруқ)! Біз харам табыс деп тек пара алуды ойлаушы едік,-дейді. Масруқ: пара алу күпірлік қой, Аллаһ одан бізді сақтасын!»,-деген екен.
Шариғатта харамның анықтамасы: Аллаһ тағала Құранда қатаң тиым салған, оны істеуші күнәһар. Харамды істейін деп тұрып райынан қайтқан адам сауап алады. Ал, харамның харамдығын мойындамайтын немесе менсінбейтін кісі кәпір деп айтылған.
Харам табыстан сақ болу әрбір мұсылман баласына парыз. Әрбір отағасы өз бала-шағасын тек адал табысымен асырауы қажет.
Имам Ахмад кітабында Саубан (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні, пара алушыны және пара алуға (екі адам арасында) дәнекер кісіні қарғыс еткен»,-делінген.
Міне, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) параға қатысты үш адамның қарғысқа кіріптар болатындығын ескертуде. Беруші де, алушы да және екеуінің арасында шапқылап жүрген шабарман да лағынетке ортақ. Параны ұсынған да, оны шімірікпей алған да қылмыскер. Олар бұл әрекетіне қоғам алдында жауапты. Ең бастысы өз ар-намысы алдында кінәлі. Мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шариғаттағыдай қатаң шаралар қолдануда. Бұл қылмысқа қатысты кез келген азаматты қатаң жазалау. Түрлі деңгейлерде жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастыру. Жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын өткізу. Жемқорлықты болдырмау үшін түрлі тәсілдерді енгізу. Бұл өз кезегінде оңды нәтиже беруде. Оған баршамыз куәміз. Алайда, жемқорлықпен күрестің ең тиімді тәсілі иман. Иман адамды қылмыстан тиюшы әрі ең үлкен бақылаушы.
Сондай-ақ, Ұлы Пайғамбарымыз да параны беруші де, параны алушы да лағынеттелген деп, өз заманында теріс батасын беріп қойған, – дейді дін өкілі. Осы арада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңымызда пара берушінің де, пара алушымен бірдей жауапқа тартылатынын айта кету керек. «Шариғатта Ихсан деген дәреже бар. Ихсан деген Алла тағала көріп тұрғандай құлшылық жасау делінген. Демек, әр адамның істеген жақсы және жаман амалдары оң жақ және сол жақтағы періштелерімен жазылып, Жаратушымыздың алдында есеп беру барысында алдыңнан шығады. Әр адамның істеген әрекеті төбемізде Алланың құдіретімен бейнекамераға түсіріліп жатқанын, сондықтан адал амал жасауға көп болып жұмылуымыз керек. Сыбайлас жемқорлықтың диагнозы қанағатсыздық, ашкөздік, сабырсыздық. Ата-бабамыз «Қанағат қарын тойғызады» десе, Құран Кәрімнің ИбраҺим сүресінің 7-аятында: «Бастарыңа қандай қиындық түссе де, шүкіршілік етсеңіздер, жаман жолға түспей, сабыр етсеңіздер мен сендерге берген жақсылығымды арттыра түсемін делінген», – деп сыбайлас жемқорлыққа барғандардың екінші дүниеде азабы қатты болатынын шариғат тұрғысынан айтып берген
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы, біз, өркениетті ел қалыптастырамыз десек, жемқорлыққа қарсы күресте бір атаның баласындай жұмылуымыз керек. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жазасын біреулер бұл дүниеде алып жатса, екіншілері екінші дүниеде алатынын шариғат айтып отыр. Демек, жақсы мен жаманды, арам мен адалды балаларымыздың бойына жастайынан сіңіріп, дін өкілінің уағыздарын мектеп жасынан айтып өсірсек, балаларымызды да, өзімізді де жемқорлық сияқты жегі құрттан сақтауға, ертеңімізге алаңдамауға болар ма еді?!
Бақылау сұрақтары:
1. Ислам дініндегі сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік
2. Христиан дініндегі сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік
3. Будда дініндегі сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет