Қазақстанда АҚШ капиталының қатысуымен 350-ден астам кәсіпорындар жұмыс істейді.
"ШевронТексако", “ЭксонМобил”, “КонокоФиллипс”, “Орикс/КеррМакГи” сияқты америкалық компаниялар еліміз экономикасының дамуына көмегін беріп, алдыңғы орындарды иеленуде. Америкалықтардың қатысуымен құрылған “Теңізшевройл”, “Аджип ККО”, “Каспий тұрба құбыры консорциумы”, “Қарашығанақ интеграциялық ұйымы” сияқты компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар еліміздегі ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, энергетика саласындағы Қазақстан мен АҚШ әріптестігі жөніндегі арнаулы комиссия 7-8 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бұл комиссия алты отырыс өткізіп, оларда мұнай-газ, электр және атом энергетикасы, ядролық технологияларды таратпау, қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды мәселелердегі әріптестік қатынастарды одан әрі дамытудың жолдары қаралды.